«Аспаз» бүлігі асханадағы келісім бе?

615

Жалпы, Ресей тарихында Мәскеуге ат ойнатып кірген бірнеше қолбасшы бар. Олар Бату ханның қанды жорығы, Тоқтамыстың шаңды жорығы, Дәулет Керей ханның лаңды жорығы деп аталады. Енді оған Пригожиннің «әділет жорығын» қосуға болатын еді, бірақ «әділет жорығы» әділеттілікті баянды ете алмады. Мәскеуге жетпей, қанаты қырқылды. Әлем назарын өзіне аударған, Кремль қожайынын келісімге мәжбүрлеген әскери бүліктің астарында не жатты? Мемлекеттік төңкеріс жасау ма, әлде жеке бастың авантюристік әрекеті ме? Осы мәселе жөнінде әскери сарапшы Ерасыл Исламға бірнеше сұрақ қойған едік.

– Ресейдегі әскери бүліктің себебі мен салдарына үңілсек, нені байқауға болады?

– Себебі белгілі. Оны қайталап жатудың реті жоқ. Пригожин майдан даласындағы бүкіл әскерін («Вагнер» басшысының айтуынша 25 мың қол) жинап алып, Мәскеуге қарай шерулетіп, қысқа уақыт ішінде екі облысты (Ростов және Воронеж) басып алып, 5 мың шаршы шақырым жерге өз үстемдігін орнатты. Бұл Ресей үшін масқара жағдай. Ресейдің қорғанысының әлсіздігін, ешқандай тосын жағдайға даяр еместігін айғақтады. Осыған дейін әлемдегі әлеуеті жағынан екінші армия саналып келген Ресей қарулы күштері Украинаға басып кіру кезінде әлсіздігін бір танытса, қорғаныс жағына келгенде тағы қауқарсыздығын көрсетті. Әлем үрейлене қарап келген Ресейдің бүгінгі сиқы – осы.

– Бүлікшіл вагнершілерді Ресей Үкіметі қаржыландырып келді деген әңгіме бар…

– Жалпы, бұл әскери бүліктің себебіне үңілсек, қордаланып жатқан біраз мәселені көруге болады. Алдымен, әлемдік тәжірибеге қарасақ, жалдамалылардан құралған жеке әскери компаниялардың елдің ішкі жағдайына араласуға құқы жоқ. Мәселен, «Вагнер» секілді ЖӘК өзге елдерде, соның ішінде Түркияда да бар. «SADAT» деп аталады. Оны кейде Ердоғанның «жеке армиясы» деп те жатады. Бірақ ол мемлекеттің сырттағы миссиясын орындаушы. «Вагнер де сондай. Сирияда, Ливияда және ондаған Африка мемлекеттерінде Ресейдің тапсырмаларын орындап жүр. ЖӘК деп саналғанымен, Ресей Қорғаныс министрлігіне қарайды. Үкімет қаржыландырады. Жылына шамамен «Вагнерді» ұстап тұру үшін 10 миллиард рубльден кем бөлінбейді. Қысқасы, вагнершілер Ресей ресми түрде араласуға тиіс емес тапсырмаларды орындайды. Бір сөзбен айтқанда, Ресей билігінің «жасырын» қолшоқпары. Осындай сырттағы миссияны орындау үшін жасақталған топты Украинадағы соғысқа әкеліп кіргізді. Қорғаныс министрлігінің үлкен қатесі, жалдамалыларымен жеке-жеке келісімшартқа отырған жоқ. «Вагнер» Пригожиннің жеке армиясы секілді саналды. Қорғаныс министрлігіне бағынбайтын, ол жақтан келген жарлықты орындамайтын әскери құрылым ретінде танылды.

– Бұл бүлікті «шоу» спектакль деп атап жатқандар жетерлік. Қаншалықты шындыққа жанасымды…

– Иә, бұлғақ белгілі бір деңгейде арнайы жасалуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені АҚШ барлау қызметі әскери бүліктің болатынын жарты ай бұрын білгенде Ресей барлау орындарының «ұйықтап» қалуы мүмкін бе? Жоқ. Бұл Ресей жоғарғы басшылық эшелонындағы топтардың тартысының әрекеті. Мәселен, Ресей қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушев, Ресей Сыртқы барлау қызметінің жетекшісі Сергей Нарышкин Петербордың тумалары. Путин де, Пригожин де солай. Ал Қорғаныс министрлігіндегі Шойгу тувалық, Бас штаб басшысы Герасимов Қазан қаласының бел баласы. Бір болжам осыдан келіп шығады. Бұл Қауіпсіздік кеңесі мен Сыртқы барлау басшыларының «бөтен» адамдарды, яғни Қорғаныс саласының басшыларын оқшатайдан алып тастауға жасаған әрекеті болуы мүмкін. Жалпы, соғыс жағдайында отырған Ресейде қорғаныс саласында болған бүліктен, сатқындықтан ешкім жазасыз қалмауы тиіс. Яғни Шойгу мен Герасимовтың тағдыры қыл үстінде деуге болады. Путин ерте ме, кеш пе, қорғаныс пен қауіпсіздік саласына жауап беретін біраз адамды орнынан алары сөзсіз. Бұл бұлғақ Путинге айналасындағыларды бір «тазалап» алу үшін керек болды десек, артық айтпағанымыз.

– Демек, біраз адам «құрбандыққа» шалынайын деп тұр ғой…

– Әлбетте.Тағы бір мәселе, «Киевті үш күнде, Украинаны бір айда толық басып аламыз» деген жоспардың іске аспауы және Ресей әскерлерінің шегіністерімен жеңілістерін біреудің мойнына арту керек. Демек, бұл әскери бүлікке Путиннің де қатысы бар болуы мүмкін. Осындай бұлғақ жасай отырып, Ресейдің соғыстағы сәтсіздігін Шойгу мен Герасимовқа жабу, сөйтіп, өзі судан таза, сүттін ақ болып шығу. Ал осы жоспарды «орындаушы» Пригожинді уақытша Беларуссияға жібере отырып, бүкіл құпияны ашып қоймас үшін, уақыты келгенде көзін жоя салуы да ғажап емес. Әрине, мұның бәрі жорамал. Шындығы қайсы, жалғаны қайсы, әлі анық емес. Ең бастысы, бұл әскери бүлік Кремльдің артын ашып берді деуге болады. Путин құрған жүйе оқыс жағдайдың алдын алуға қауқарсыз екені белгілі болды. Бір авантюрист «аспазшы» азғантай әскермен мұқым Ресейді үрейде ұстап, билікті өзімен келісім жасауға мәжбүрлеп жатса, шын ниетімен мемлекеттік төңкеріс жасағысы келген топ, тозған бөздей сетіней бастаған путиндік жүйені төңкеріп тастауы қиын емес.

– Әгәрәки, Пригожин Мәскеуге дейін барса, не болар еді?

– Біріншіден, бүлікшіл Пригожиннің мемлекеттік төңкеріс жасайтын жоспары болған жоқ. Ол жеке бастың араздығын күйттеді. Иә, Пригожин қыза келе «Путин қателесті. Көп ұзамай Ресей билігіне басқа президент келеді» дегенді де айтып қалды. Бұл сөз негізсіз еді. Іштей әскери бүлікті қолдаушылар, Путин режимі құласа деген тілектегілер көп шығар. Бірақ олар Пригожинді ашық қолдап, көшеге шықпады. Екіншіден, Пригожиннің мемлекеттік төңкеріс жасауға шын ниеті болса, онда көше бойымен дабылдатып келе жатқан бүлікшілерді ұшақпен бомбалап, алыстан ататын зымыранмен соққылап, тас-талқан етер еді. Соғыстағы сәтсіздігіне қарамастан, Пригожиннің бүлікшіл әскеріне тұрақты армияның күші жетеді. Бірақ олар қантөгіске бармай, сырттан бақылап тұрды. Пригожин Мәскеуді алуға қуаты жетпесін білді. Артық қимылдаса, өлім күтіп тұрғанын сезді. Беларусь президентінің араағайындық сөзіне иланған болып, райынан қайтты. Бір анық мәселе, бұл бұлғақ, Путин жүйесінің әлсіздігін, көп ұзамай құлайтынын анық танытып кетті. Тіпті әу дегенде Пригожинді сатқын деп алып, соңында сол «сатқынмен» мәжбүрлі түрде келісімге келуі Путиннің де қауқары қайта бастағанын көрсетті.

– Бас «бүлікшінің» ендігі тағдыры не болмақ?

– Ол ұзақ тайраңдап жүре қоймас. Уақыты келгенде кездейсоқ жағдайда «көз жұмуы» мүмкін.

– Пригожинді ЖӘК «Вагнер» арқылы байыды деген сыбыс бар?

– Шындыққа келеді. Путин 27 маусым күні күштік құрылымдарымен болған кездесуінде, ЖӘК «Вагнер» толығымен мемлекеттен қаржыландырып келеді. «Конкордқа» (Пригожиннің азық-түлікпен айналысатын жеке компаниясы) әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бір жылда 86 миллиард рубль төленді дегенді айтты. Енді есептей бер, оның қаншасы Пригожиннің қалтасына кеткенін.

– Пікіріңізге рақмет!

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ