
Соңғы екі айда АҚШ-тың үш бірдей ірі банкі банкротқа ұшырады. Жағдай мұнымен шектелмейтін сияқты. «Әлі ірілі-ұсақты аймақтық 300-ге тарта банк банкрот болуы мүмкін» деседі жергілікті қаржыгерлер. Бұдан да үрейлі бір әңгіме бар. Ол дефолт мәселесі. Бүгінгі күні, АҚШ-тың қарызы 31,38 триллион долларға жеткен екен. Егерде мемлекеттік қарыздың үстемақысын қосымша 1,5 триллион долларға көтермесе, дефолт орын алуы мүмкін көрінеді. АҚШ әлемде экономикасы ең ірі мемлекет дегенді қаперге алсақ, бұл жаһан экономикасына үлкен соққы. Рас, мұндай қауіп 2011 және 2013 жылдары да болған. Конгрестегі ұзаққа созылған тартыстан кейін, қарыз шегін көтеріп, бәрі орнына келген еді. Бұл жолы қайтпек? Конгресс қандай шешім қабылдамақ? Өйткені уақыт шектеулі. Қарыздың шектік межесін көтермей, дефолттық жағдай тудырып отырған республикашылардың не ойы бар? Ол, ол ма, АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен болса, алдағы айдың басында амалсыз дефолт жариялауға тура келеді деп жұрттың үрейін ұшыруда. Бұған өзге де аузы дуалы қаржыгерлермен саясаткерлер үн қосуда. «Дефолт АҚШ беделіне үлкен нұқсан келтірмек. Әлеуеті жағынан бірінші экономика болып саналатын АҚШ-тың өзі осындай күйзеліске түсіп жатқанда, оған жіпсіз байлаулы жаһан экономикасының жағдайы тіптен қиындап кетпек» деседі олар. Рас, «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген сонда болмақ. Демек, әлемді мұндай күйге түсірмес үшін Конгресс бір әрекетке баруы тиіс. АҚШ-тың өткен тарихына көз салсақ, 1960 жылдан бері Конгресс мұндай қадамға 78 рет барған екен. Яғни 78 рет АҚШ-ты да, әлемді де үлкен дағдарыстан құтқарып қалыпты. Сайып келгенде АҚШ-тың 200 жылдық тарихында ешқандай дефолт болмаған. Ал бұлы жолы не болмақ? Конгресс 79-рет әлемді экономикалық апаттан алып қала ма? Әлде «күл болмасаң, бүл бол» деген ыңғай таныта ма? Осы орайда, өндіру бар да, өндірісі жоқ, экономикасын әртараптандыруға бойкүйездік танытып, бар байлығын доллармен бағалап, шикізат күйінде сыртқа сатып отырған Қазақстан қандай қарекет жасамақ? Дефолтқа төтеп бере аламыз ба? Осындай салмағы батпан сұрақтарды белгілі экономист Мақсат Халыққа қойған едік.
Мақсат Халық, экономист:
АҚШ дефолт болса, ұлттық қор бізді құтқара алмайды
–АҚШ-та 1 маусымда (кейбір деректерде маусым мен тамыз айының арасында) дефолт болу мүмкіндігі жайлы әңгіме айтылып жатыр. «Егер дефолт болса, ол тек АҚШ экономикасына ғана әсер етпейді, әлем экономикасында апат болады» дегенді айтады президент Байден. Бұл әлемдік қаржы дағдарысы келе жатыр деген сөз бе?
– Алдымен мынаны анықтап алайық. АҚШ-тағы дефолт мәселесі қаншалықты ақиқатқа сай келеді? Мәселен, мен оған сене қоймаймын. Неге дейсіз ғой, бұл жерде мүдде, саясат жатқан сияқты. Жалпы «АҚШ экономикасы тығырыққа тірелді, қаржылық жүйе дефолттың алдында тұр» деген сияқты әңгіме талай айтылды. 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарысты да АҚШ қолдан жасады. Онда да қазіргі сценарий қолданылды. Бірақ дефолт болған жоқ. Үнемі сыртқы қарыздың шегін арттырып отырады. Бұл жолы да солай болмақ. АҚШ үнемі әлемді үрейде ұстағысы келеді. «Егер бізде бірдеңе болса, сендерде одан да жаман болады» деген сияқты. Рас, АҚШ супердержава. Экономикалық әлеуеті өте зор. Ол елдің экономикасынан кінәрат табылса, бүкіл жаһанға әсер беріп жататыны сондықтан. Ал жаһандық экономика өзіне «байлаулы» екенін біліп алған Вашингтон ара-тұра өзге жұртты қақпақыл қылып «ойнап» отырады. Сондай-ақ бұл жерде АҚШ валютасының да орны зор. Бұрындары әлемдік сауда-саттықта доллардың үлесі 80 пайыз болса, қазір 60 пайызға төмендеді. Алдағы уақытта доллар мүмкіндігі осылайша шектеле беретін сияқты. Бұл жағдай АҚШ-тың қобалжуын тудырары хақ. Қазір АҚШ экономикасында рецессия орын алып жатыр. Инфляция жоғары. Экономикада тежелу бар. Өсім аз. Мұндай жағдай Еуропамен Қытайда да байқалады. Демек бұл дегеніміз көмірсутегі отындарына сұранысты азайтады. Мұнайдың бағасы төмендейді. Демек бұл мұнай шикізатына тәуелді Қазақстан экономикасына кері әсер беретіні шындық.
- Қазақстан қаржылық және экономикалық дағдарысқа қаншалықты даяр?
– Ақиқатқа тура қарап айтар болсақ, Қазақстан дағдарысқа даяр емес. Тіпті бір мысал, бізге пандемияның өзі оңайға соққан жоқ. Сол кезде амалсыздан ұлттық қордан 10 миллиард доллар алдық. Ол – ол ма, ешқандай дағдарыстың нышаны сезілмесе де өткен жылдардың ішінде біз сол ұлттық қордан ақша алуды әдетке айналдырдық. Бюджетте тапшылық өте жоғары, ал халықтың табысы өте төмен. Тіпті төлем қабілеті күрт түсіп кетті деуге болады. Кедейшілік бел алды. Инфляцияны ауыздақтау мүмкін емес. Өткен жылы инфляция 20 пайыздың көлемінде болды. Ал азық-түлік 25 пайызға қымбаттап кетті. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатына үлкен соққы болуда. Осындай жағдайда отырған кезде, дағдарысқа даярмыз деп қалай айта аламыз. Әрине, жоқ. Егерде әлемнің ең қуатты елі АҚШ-та дағдарыс орын алса, онда Қазақстандағы жағдайдың қандай болатынын ойлай беріңіз. Қазақстан еш нәрсеге даяр емес.
– Дедолларизация жайында көп айтылды. Бірақ Қазақстан доллардан бас тарта алмады. Неге?
– Долларға қарсы наразылық, сонау өткен ғасырдың 70 жылдары АҚШ доллардың алтынға байланып тұрғанын алып тастаған кезде басталды деуге болады. Еуропаның өзі алғашында экю деген ақша шығарды. Одан кейін 2000 жылдары еуроны өмірге әкелді. Сөйтіп, мұқым Еуропа доллардан бас тартты. Сондай саясатты қазір Ресей де, Қытай да, Иран да жүргізе бастады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл доллардың гегемониясына қарсылық. Тәуелділіктен құтылу. Әрине, мұның бәрі АҚШ-қа оңай соғып жатпағаны белгілі. Неге десең, әлемдік валюта әлеуетінің кеми бастауы белгілі бір деңгейде АҚШ экономикасына да көлеңке түсірері хақ. Ал өз елімізге келсек дедолларизация керемет жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Рас, азды көпті жетістік бар. Мәселен, бұрынғыдай көлік, баспана, киім-кешек, т.б. құны доллармен емес, теңгемен есептелетін болды. Дегенмен біз долларға тәуелдіміз. Әрине, кез келген мемлекет өзінің ұлттық валютасында сауда жасағанды жөн көреді. Сондықтан доллардан бас тарту әлем бойынша байқалады. Әсіресе Қытай осы бағытта қарқынды тірлік жасауда. Юаньды әлемдік резервтік 5 валютаның бірі етті.
– Біз тек долларға ғана емес, рубльге де тәуелдіміз. Тәуелділіктен құтылудың жолы қалай болмақ?
– Рас, Қазақстан тек долларға емес, рубльге де тәуелді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені Ресейден өте көп тауар импортап отырмыз. Ең басты стратегиялық қателігіміз – үлкен нарықты Ресейге беріп қойғанымыз. Қазақстанның импортының 42 пайызын Ресей құрап отыр. Өткен жылы 37 пайызға дейін төмендеген екен. Ол, әрине, санкцияның әсері. Бірақ ол да аз емес. Қазір Ресей рублі құнсыздану үстінде, әрі өте үлкен бюджет дефициті байқалып отыр. Оны толтырудың бір ғана жолы бар. Ол рубльді құнсыздандыру. Бұл жағдай теңгеге міндетті түрде ықпал етеді. Егер теңгеміз рубльге қарағанда құнды болып қалатын болса, онда біздің көптеген компанияларымыз банкрот болып кетуі мүмкін. Неге? Себебі рубль құнсызданса, Ресей тауарлары әлдеқайда арзан болады және ол Қазақстанға кіреді. Ал біздегі дәл сондай тауар өндіретін компаниялардың тауары қымбат болғандықтан, өтімін тоқтатады. Мұның соңы банкроттық. Осыдан-ақ теңгенің рубльге тәуелділігі көрініп тұр. Сондықтан бізде амалсыздан теңгені құнсыздандырумыз керек. Не үшін? Әрине, өзіміздің нарықты қорғау үшін. Бір көңілге түйткіл әкелетін жайт, Қазақстан экономикалық одақта кедендік баж салығының 7 пайызына ғана ие. Бұл аз. 85% пайызы Ресейге тиселі. 5% Беларусь, 1,5 пайыздық үлеске Армения мен Қырғызстанға иелік етеді. Бұл әділеттілік пе? Жоқ. Беларусь та, Ресей де санкцияның құрсауында отыр. Қазір бүкіл тауарды Қазақстан жеткізіп отыр деуге болады. Осындай жағдайда неге біз 7 пайыз ғана алуға тиіспіз деген заңды сұрақ тұр. Бұл мәселе Еуразиялық комиссияның алдына қойылуда. Шешімі қалай болады. Әзірге белгісіз. Жалпы Қазақстан үшін рубльден құтылудың бір жолы ғана бар. Ол – ішкі өндірісті дамыту. Импортқа тәуелділіктен құтылу. Болды.
– Әңгімеміздің өзегі дефолт мәселесі ғой. Ұлттық қор бізді құтқара ала ма?
– Әгәрәки, АҚШ-та дефолт бола қалса, ұлттық қор бізді құтқарады деп айту қиындау. Өйткені қорда 54 млрд доллар ғана бар. Ол небәрі екі үш жылға жетуі мүмкін. Одан ары не боларын білмедім. Неге екенін қайдам, жыл сайын ұлттық қорға қол салуды жиілеттік. Тіпті былтырғы жылы ешқандай экономикада дағдарыс сезілмесе де 6,6 триллион теңге алдық. Өкініштісі, мемлекеттік бюджеттің тапшылығын біз сол арқылы ғана жауып отырмыз. Ал тапшылықты немен толтыруға болады дегенге келсек, ең біріншісі – салық реформасын жөндеу. Екіншісі, көлеңкелі экономикамен күрес. Соңғы жылдары көлеңкедегі экономиканың үлесі біршама азайып, 19 пайызға түсті деп жатыр. Бірақ сол 19 пайыздың өзі 19 триллион теңге. Яғни осынша қаржы көлеңкеде, айналымда жүр. Ойланатын мәселе.
– Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер арасында ортақ валюта енгізіледі деген сыбыс біраздан бері айтылып келеді. Бұл қаншалықты ақиқат? Бұл тәуелсіздігімізге төнетін қауіп емес пе?
— Негізі мұндай бастама ЕАЭО комиссияның жоспарында бар. Онда 2025 жылдан бастап, ортақ валюта енгізу керектігі көрсетілген. Талай мәрте осы сұрақпен біз үкіметке шықтық, ол жақ күн тәртібінде әзірге бұл мәселе тұрған жоқ деумен келді. Бірақ ЕАЭО жоспарында тұр. Бір түйткілді дүние, бұл орган өздерін ұлттық деңгейден жоғары тұрамыз дегенді алға тартады. Осы жағынан келгенде, тәуелсіздікке төненетін қауіп бар деп айтуға болады. Жалпы кез келген интеграциялық ұйымға қарайтын болсақ, (НАТО, АСЕАН, Еуроодақ, т.б.) бұлар бірнеше кезеңнен өтіп барып қана қалыптасады. Біріншісі, нормативтік құжаттарын, негізгі құқықтық базасын әзірлеу, екіншісі, кедендік одақ деңгейі, үшіншісі, экономикалық одақ құру, төртіншісі валюталық одақ, бесіншісі ортақ үкімет, ортақ парламент. Ары қарай тұтас мемлекетке айналу ықтималдығы. Қазір тек ортақ валюта деңгейіне көтерілген бір ұйым бар. Ол – Еуроодақ. Ал ЕАЭО кіретін елдер әзірге үшінші деңгейде, яғни экономикалық одақтың көрігін қыздыруда. Ол ортақ, еркін сауда айнылымы, ортақ зейнетақы жүйесі, ортақ еңбек нарығы, т.б. Қазір біз ортақ жанар-жағармай нарығы дегенге аяқ басып отырмыз. Ал ортақ валюта мәселесі ерте ме, кеш пе көтеріледі. Біздің позициямыз айқын. Бізге ортақ валюта керек емес. Егерде ортақ валютаға кіретін болсақ, оның негізгі тетігі Мәскеудің қолына өтіп кетері анық. Мұндай жағдайда Қазақстан, немесе ұйымға мүше өзге елдер Ресей алдында тәуелді болып шыға келеді. Біз Мәскеуге қарап, алақан жайған кембағал адамға айналамыз да қаламыз. Бұл керек пе? Әрине, жоқ.