Нұрдәулет Ақыш. Үркер ауып, түйелер маңып барады

548

Мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмай қалдым да, көптеген абитуриенттердің дағдылы әрекетін қайталап, келесі жылы құжаттарымды тапсыру үшін Алматыға тағы келдім. «Соқыр тауық көргенінен жазбайды» дегендей, биыл да тұрақтаған жерім – Панфилов және Виноградов көшелерінің қиылысындағы «Есік» деген екі қабатты шағын қонақ үй.

Жуынып-шайынып болғаннан кейін, жертөледегі үтік тұратын бөлмеге кіріп, шалбарымның қырыс-тырысын жазу тіршілігіне ынталана кірісіп жатқанмын.

– Жігітім, халің қалай? – деп саңқ ете түскен дауысқа жалт қарасам, менен гөрі сәл бойшаңдау келген шықшытты, қара торы жігіт. Шашын қысқа қырықтырған, қимылы ширақ, кесектеу тістері мен жайдары күлкісі бек жарасып, көздерінен от ұшқындайды.

Екеуміз жөн сұрасқаннан кейін, алған мәліметім – журналистика факультетіне құжат тапсырып жатқан абитуриент екен. Ермек есімді бұл жігіттің мақтанышпен аузын толтыра «Университет» деп тұруының жөні бар, өйткені ол заманда бүкіл республикадағы университет жалғыз ғана.

Содан ертеңінде Коммунистік проспектісімен бойлап келе жатсам, алдымнан кешегі Ермектің шыға келгені. Төбесіне қондырып алғаны – қысқа етекті ши қалпақ, қимылы кешегісіндей еркін. Мен жөн сұрамасам да ол:

– Мынау жердегі, «Лениншіл жас» газетінің редакциясына барып, бір әңгімелер тастап келе жатырмын, – деді күнделікті істеп жүрген қатардағы шаруасындай.

Қатты таңырқағанымнан, ашылған аузыма сөз де түспей қалды. Өзі абитуриент, өзі әлден-ақ редакцияны жағалап жүр. Және жай редакция емес, атағы жер жарып тұрған республикалық газеттің редакциясы. Не деген ширақтық, не деген пысықтық! Мына қалпында жаңа танысымның ештеңеден қаймығар түрі жоқ. Сасқанымнан:

– Ондай қасиетті жерге… ондай мықты мекемеге жай адамды… сырттан келгенді кіргізе бере ме? – деппін.

– Неге кіргізбесін? Жүр, мен сені ертіп барайын.

Сөйтті де, Ермек кері қарай жалт бұрылып, келген жағына мені бастай жөнелді. Коммунистік проспекті мен М.Горький (қазіргі Абылай хан мен Жібек жолы) көшелерінің қиылысындағы үш қабатты ғимарат. Көзіме отай басылғаны – маңдайшасындағы «Лениншіл жас» газетінің редакциясы» деген тақтайша. Газеттің аты көзіме түскеннен-ақ қобалжып сала бергендей болдым. Өйткені бұл республикамыздағы, әсіресе біздің ауылдағы жұртшылық жапырлай оқитын беделді басылым.

Содан екінші қабатқа көтерілісімен, Ермек қызметкерлердің әрқайсысымен бір сөйлесті де, бізден гөрі бойы биіктеу, шашы арқасын жапқан келісті жігітті тоқтатып алды:

– Мынау – осы сіздің Шығыс Қазақстан облысынан келген абитуриент. Өзі ептеп өлең жазатын сияқты, – деді қашып кетердей мені білегімнен ұстап тұрып. Жаңағы жігіт қолындағы қағаздарын жинастырып қойып, менің көзіме шаншыла қарады да:

– Қане, оқышы бір өлеңіңді, – деді. Өзімнің туған өлкем Тарбағатай туралы жазған бір шимайым бар еді, жатқа білетін тұстарын нәшіне келістірмей-ақ оқи жөнелдім.

Әлгі жігіт мырс ете түсті де:

– Өзі биік таумын, маған ешкім жетпейді деп тұр. Бірақ тұрған тұрысы мынау төмен қарап міңгірлеп, – деп жымия күлді. Бұл азаматтың кім екендігін Ермектен көшеге шыққан соң бір-ақ сұрадым.

– Өй, сен танымадың ба? Фотосуреті осы газетте ылғи жарияланып тұрады ғой. Бұл – Оралхан Бөкеев, – деді әлдеқандай мақтаныш сезіммен. Сол сәтте Ермектің жүзінде «Міне, менің кімдермен таныс екенімді біліп қой, шырағым» деген сыңайдағы мардымсу нышаны пайда болды. Оралхан Бөкеев есімін естіген сәтте селт ете қалғаным рас. Ойбай-ау, бұл өзім кәдімгідей талантына тәнті болып, тәу етіп жүрген мықты журналистердің бірі емес пе?

Жаңа танысым Ермек Әзімбаев та мен тәрізді Оралханға еліктеушілердің бірі болып шықты. Мен сияқты болбыр, босаң емес, лыпылдап тұрған пысық. Пысықтығын қарасаңшы, өзінің республика астанасына жаңа келгеніне қарамастан, мен сырттай ғана тамсанып жүрген Оралхан Бөкеевпен танысып та үлгіріпті.

Оралхан – ұш жағы толқындана ширатылған ұзын шашы иығына қарай құлаған, сопақтау өңді, өткір, кішірек көзді, ортадан жоғары келген сымбатты жігіт екен. Даусы ашық, сөйлеген сөзі де жатық.

Жаңағы менің өлеңімді тыңдаған сол Бөкеев екен.

Қыс бойы кітапханада отырып жасаған дайындығым текке кеткен жоқ, нәтижесін беріп, сол жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп кеттім.

Содан желтоқсан айының бір күні «Қалада әдеби кеш өтетін болыпты» деген хабар дүңк ете қалды. Киров атындағы КазГУ-дың Масанчи мен Киров көшелерінің қиылысындағы ғимаратының акт залы. «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп аталатын әдеби кеш. Шығармашылық жиынды жүргізуші – осы университеттің ұстазы Сұлтанғали Садырбаев. Артынан білсек, ол кісі филология факультетіндегі әдебиет үйірмесінің жетекшісі екен.

Студент ақындар бірінен кейін бірі шығып, өлең оқып жатыр. Тамам жұрттың алдына жасқануды білместен, қолдарын сілтей өлең оқыған өңшең бір тегеурінді буын. Солардың арасында әсіресе есімізде қалғаны – Кеңшілік Мырзабеков.

Артынан ерген кейінгі толқын пір тұтып, көркем сөздің серкесі көретін Оралхан Бөкеевімізді ұнатпайтындардың да бар екендігін осы жолы көрдік. Бұйра шашты, кескінді келген бір жігіт мінбеге шыға салысымен, Орекеңнің жазғандарын түкке тұрғысыз етіп, жерден алып, жерге салсын. «Оралхан классиктер құсап жазғысы келеді, бірақ ол классик бола алмайды» деп үкім шығарып жіберді әлгі шешен.

Бұл біздей қазпилік студенттер үшін күтпеген тосын соққы еді. Сүйікті жазушымызды, шығармаларымен өзіне ғашық еткен сыпа қаламгерімізді әріптестерінің бірі осылайша тамам жұрттың көзінше қызыл ала қан қылып, сойып жатса, қайтіп тыныш отырмақпыз. Алдыңғы қатардың шетінде отырған Орекеңе қарасақ, аяғын кезек-кезек бірінің үстіне бірін қойып, қолының ұшы дірілдеңкіреп, күйзелісін баса алмағандай болып көрінді.

Біздер, ҚазПИ-дің бірнеше бірінші курстықтары жаңағы керауыз сөзбен келіспейтінімізді айтып, төралқаға записка жолдап жібердік. Бірақ ешкімнің назарына ілікпей, сол қағазымыз ұшты-күйлі жоқ болды.

Үшінші курс оқып жүрген жылдың қысында қиюы кеткен қолтаңбаммен қиқаланып жазылған «Қиянда» атты әңгімемді «Лениншіл жас» газетінің редакциясына апардым. Оны бөлім меңгерушісі Оралхан Бөкеев өзі қабылдап алды. Қолына қалам ұстап, қара сөздің қадіріне жетуді арман еткен жас талапкерлерді еріксіз еліктіріп, текті талантымен тәнті етіп жүрген кәдімгі Орекең. Қалың қатарластарына сырт нұсқасымен де ұқсамайтын келбетті жігіт артық-ауыс сөзге ауыз ауыртқысы келмейтін өркөкіректеу сияқты. Қойған бір-екі сұрағым жауапсыз қалды. Біздің көзімізге өзгеше тұлға болып көрінетін осынау жас жазушының алдына именіп тұрғаныммен, мен де икемделе қоймадым.

Сонан уәделі мерзімде редакцияға жетіп барайын. Апыр-ай, қылшылдаған сол бір таланттар енді өмірдің бірер асуынан кейін ақыл-ойлары толысқан, дер шақтарында мынау сұм жалғаннан жылт етіп өте шығар деген қатыгез ой кімнің басына келген. Оралхан Бөкеев пен белгілі сыншы Сағат Әшімбаев жұптары жарасып, қатар отыр екен. Қатар отырған себебі – екеуі де осы бөлімнің қызметкерлері. Халық тағдыры турасында толғанып, ой ортақтастырып, көзқарас жарыстырып, сезім бөліскен жігіттердің қасынан институттағы ұстазым Хасен Әдібаевты көріп, ептеп қысылып та қалдым.

– Әңгіме беріп кетіп едім, – дедім күмілжи сөйлеп. Менің аты-жөнімді естіген Орекең толқынды шашы мойнын толық жапқан басын кекшең етіп көтеріп алды да:

– Сен жазушысың, – деді жалғыз-ақ.

– Бұл менің шәкіртім ғой, – деді Хасен аға.

– Ендеше, бұл шәкіртіңіз жазушы, – деп, алды да, менің әңгімем мен өзінің жарық көрмеген бір шығармасын салыстыра сөйлеп кетті.

Бұл – есімі белгілі қаламгерлер ішінен менің шығармашылығыма берілген тұңғыш баға (ауызша болса да) еді. Әдебиет әлемінде бір кәдеге жарайтын шығармын деген үміт отын алғаш тұтатқан да осы бір ауыз сөз болған сияқты. Кейін бірер айдан соң әлгі «Қиянда» атты әңгімем «Лениншіл жастың» жарты бетін алып, жарық ете түскені. Журналистері жоқ, әдебиетшілері аз ҚазПИ-лік студенттер үшін бұл жарияланымның әжептәуір оқиға болғаны есімде.

Көп ұзамай факультетіміздегі әдебиет үйірмесінің жетекшісі, филология ғылымының докторы Хасен Әдібаев Оралхан Бөкеев және Сағат Әшімбаев екеуімен кездесуге шақырыпты. Кешті жүргізу маған тапсырылды. Екі таланттың да шешіле сөйлеп, сырларын ақтарған әсерлі жиын еді ол. Есімізде қалған – Оралханның «Шығармамның жан толқытар ауыр жеріне келгенде, қаламымды тастай салып, жылаймын» деген тәрізді сөздері, Сағат Әшімбаевтың Достоевский туралы толғаныстары…

…Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың басында Орекеңмен бір ғимаратта, бір қабатта қызмет істеуді тағдыр нәсіп етті. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінің өнер бөлімінің қызметкерімін де, Орекең – «Жұлдыз» журналы редакциясындағы проза бөлімінде меңгеруші. Бір күні жазылған кезекті әңгімемді Оралханның алдына алып бардым. Әдеттегідей қолжазбаларды ақтарып, қызу жұмыс үстінде отырған сәті екен. Үндемей алып қалды да:

  • Жауабын өзім айтамын, – деді бар болғаны.

Әдетте редакцияға немесе баспаға бір қолжазбаны тапсырғаннан кейін, тағдыры анықталғанша біраз уақытқа созылып кететінінен хабардармын. Менің қолжазбама Орекең де бірер айдан кейін жауап беретін шығар деген сеніммен арқамды кеңге салып, кабинеттегі өз орнымда отырғам.

Кенет есік ашылды да, кумирімнің өзі жедел басып кіріп келгені бар емес пе? Алдыма бір уыс қағазды әкеп тастай салды да:

– Мына соңғы жағын мен өзгерттім. Көріп шық, – деді де, есікке жете бере, жалт бұрылды: – Алып кеп таста бүгін.

Қолжазбамды ақтарып қарасам, жекелеген пунктуациялық қателері бар болмаса, ешқандай қалам ұшын тигізбеген. «Саясатқа қарсы келмейік» деп, соңғы сөйлемін ғана өзгертіпті. Орекеңнің жаңа айтып отырғаны да осы екен. Соншама шұқшиятындай ештеңесі жоқ, іле кабинетіне қайтадан апарып бердім.

Ертеңінде сүйінші сұрап жүгіріп келген – Оралханмен қызметтес Тұрсын Жұртбаев:

– Ал Қызылкөзің құтты болсын! – деді қолымды қысып.

– Құтты болғаны қалай? Орекең кеше ғана келіп кетіп еді ғой.

– Оның қашан келгенін білмеймін. Бірақ осы нөмірге жарияланып жатыр. Ал Қызылкөз, жуасың әңгімеңді.

Сонан келесі нөмірге шынында да «Көлік үстіндегі «Қызылкөз» атты әңгімемнің «Жұлдыз» журналының бетінде жарқ ете түскені. Өткенде Тұрсынның нұсқап айтып тұрған «Қызыл көзі» сол. Тұрсекең содан бері мені көре қалса болғаны «Әй, Қызылкөз» деп қалжыңдаудан бір жаңылған емес.

Жұрттан сұрастырып байқасам, Орекең ешкіммен келіспестен, менің әңгімемді кезектен тыс нөмірге салып жіберген екен және бара жатқан басқа біреулердің материалдарын алдырып тастаған да сияқты. Ол жағын естігенде өзім ептеп қысылып қалдым. Бұл – Оралхан Бөкеевтің маған шығармашылық тұрғыдан жасаған екінші қызметі еді.

Орекең екеуміз негізі сирек сөйлесетінбіз. Менің тұйықтау екенімді білетін ол анда-санда қалжыңға тізгін беріп қоятын. Бір күні екеуміз астындағы «Қаламгер» кафесіне тамақ ішуге бара жаттық. Қатар жүрген Орекең адымын кеңірек ашып, менен озып кетті де, шағын есікшені менің дәл алдымнан сарт еткізіп жаба салғаны. Мен оны ашпастан, бар күшімді салып, көлденең ағаш қоршаудан ары қарай секіріп түстім. Артымдағы біреулер сақылдай күлгенін естіп, жалт қарасам, Әуез бен тағы бір екі жігіт.

Жеңіл ғана жымиған Орекең:

– Иә, осылай қалжыңдасып жүру керек, – деді қысқа ғана. Сөйтсем Орекеңнің де мені өзінше өстіп сынаған екен.

– Дұрыс істедің. Егер есікті ашып кірсең, Орекең разы болмай қалатын еді, – деді Әуездің жанындағы жігіт. Мені сөйлеткісі келе ме, әлде қайтер екен дей ме, осындай қалжыңға бергісіз тосын әрекеттерге тізгін беріп қоятын.

Артынша мен қызмет істеп жүрген «Қазақ әдебиеті» газетіне Оралхан Бөкеев бас редакторымыз Шерхан Мұртазаевтың орынбасары болып келді. Талант иесі алғырлығының, әділдігінің арқасында ұжыммен тіл табысып, орынды жұмыс істей білді. Көңілді сәттердің де аз болмағанын айтуымыз керек.

1983 жылдың жазында Орекең мұрындық болып, «Қазақ әдебиеті» газеті редакция ұжымы Жандосов көшесінен шығатын үстіңгі жолмен көкке демалуға бардық. Аялдаған жеріміз – Ақсай өзенінің тау жақ жағалауы. Қазіргі «Мұзтау» мейрамханасының жоғарылау, бір қолайлы орын. Ол заманда бұл маңайда үй-жайдың елесі де жоқ, бос жатқан шұрайлы бөктер.

Демалушылар көңілденіп, жақсы, қызықты сағаттарды бастан кешті. Сондай сәттердің бірінде әртүрлі нәрсені ойлап-тауып жүретін Орекең редакция жігіттерін бір-бірімен күрестіру идеясын ұсына қоймасы бар ма. Бұл қызыққа бас редактор Шерхан Мұртазаев мәз болып, ыржия күліп тұрды.

Палуандарды жұп-жұбымен бөліп, төрешілік жасап жүрген бас редактордың орынбасары Оралхан Бөкеевтің өзі. Менің бірінші қарсыласым өзімнің құрдасым Дидахмет Әшімханов болып шықты.

Құрдасыммен жұлқыласып байқасам, тарамыстай мығым денесінің бойы толған қуат. Оңайлықпен берілетін түрі жоқ. Бірақ күрес тәсілінен хабары шамалылау көрінді. Сондықтан жұлқыласып, біраз байқасам да, маған алдыртар емес. Студент кезімде ептеп самбоға қатысқанымды пайдаланып, бірер тәсілді қолданып байқап едім, мығым денелі Дидахмет тіпті мизер емес.

– Ал уақыттарың бітті, – деді де, Оралхан Дидахметтің қолын көтерді: – Балл есебімен Әшімханов жеңіске жетті.

Әдетте жеңілген адам ары қарайғы күрестен шығып қалатын еді, мені Орекең жайына қалдырмай, енді келесі бір жұбымды іздеп тапты. Ол – редакцияның фототілшісі Сайлау Пернебаев есімді ағамыз. Менен мүшел жас үлкендігі бар Сәкең – редакцияда еркін жүретін жайдары қызметкерлердің бірі. Оның да әзіл-қалжыңы қалтасында. Кейде дөрекілеу сөйлеп қоятын Сәкең басында тартыншақтап тұрды да, Орекең итермелеп болмаған соң, амалсыз алдыға қарай қадам басты. Байқаймын – Сайлау ағамыздың күрестен хабары жоқ екен. Екі иығын екі жаққа кезек теңселтіп, қолдарын беталды сермей береді. Күрес пен бокстың арасындағы бір қимыл.

Етжеңді жігіттің денесі менен әлдеқайда ауыр екен. Білетін тәсілімді қолдансам да, жыға алатын емеспін. Екеуміздің қимылымыздан тамашалаушылар қыран-топан күлкіге қарық болды да қалды. Ақыры Орекең шыдамай, ортамызға кірді де:

– Сәкең белсенділік көрсете алмады. Бірақ ол сөйтіп жүрсе де, Нұрдәулет оны жыға алмады. Сондықтан ойын тең аяқталды, – деп екеуміздің қолымызды бірдей көтерді.

Өнер көрсетуден Оралханның өзі де шет қалған жоқ. Соның алдындағы ғана қазақстандық бір топ жазушы шығармашылық сапармен Якутияға барып келген еді. Сонда орынбасарының би билеп, әрі секіріп өнер көрсеткенін бас редакторымыз Шерхан Мұртазаев еске салып:

– Соныңды бір қайталап жіберсеңші, – деп қалды. Орекең тартынған жоқ. Біріміз жапырлай қол соғып, біріміз ысқырып, Ақсай өзенінің бойын думандатып жібердік.

Кейін осы газетпен есіктес «Жұлдыз» журналының редакциясына ауыстым. Сол жылдары Орекеңнің басына қара бұлт үйіріліп, қайғылы жағдайлар орын алды. Есіл ердің қабырғасын әсіресе қайыстырып кеткен – анасы мен қарындасы Мәншүктің бірінен кейін бірі өмірден өтуі еді. Сонда бас редактордың орынбасары, көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков бастаған ұжым мүшелері барып көңіл айттық.

Ауыр қайғы еңсесін жаныштаған Орекең сол төмен қарап түнерген күйі. Көзінен тамшы жас та шықпайды. Бірақ бәріміз де еріксіз аяп, қандай сөз айтарымызды білмей, дағдарысып тұрдық.

Орекеңнің тағы бір қасіретті шағы – бірінші зайыбы Айман аяқастынан қазаға ұшыраған кезде. Маңайында – өзінің жолдастары, жақсы көретін оқырмандары, зиялы қауым өкілдері дегендей алқынған алашұбар топ. Кейінгі толқын қаламдастар да топырлап жүрміз.

Мәйітті қабырға түсіріп жатқан уақыттарда Орекең өзін-өзі ұстай алмай, қаза болған жарының артынан секіргісі келгендей ыңғай танытты. Бірнеше адам жабылып жіберген жоқ.

Көп уақыт перзент сүйе алмай, уайым шегіп жүрген жазушыға ет жақын жандарының бірінен соң бірі кимелей келген өлімдері қалайша соққы болып тимесін. Сол жағынан алғанда Оралхан Бөкейдің жеке трагедиясы бір басына жетерлік еді. Бәлкім, сол қасіреттер жұлма-жұлмасын шығарып, жүрегін зақымдап өткен де болар.

Осы қаралы күндерден ұзақ жылдарды артқа салмастан, бүкіл оқырмандарына, өзін жақсы білетін, жақсы көретін жандары мен қазақ зиялы қауым өкілдеріне қара жамылғызып, Оралхан Бөкейдің өзі аяқастынан о дүниелік болып кетті. Мамыр айының сол бір жаймашуақ күнінде көк аспанымыз қарайып, көк туымыз сұрғылттанып кеткендей сезімді бастан кешірдім. Көзіқарақты оқырман үшін тәптіштей таныстыруды қажет етпейтін осынау ерекше есімнің оп-оңай өткен шаққа айналып жүре беруі сол бір қаралы күндерде әдебиет сүйер талай жүректің жүгін ауырлатып кеткені анық.

Тұғырлы таланттың қазақ әдебиетіндегі орны бүгінгі таңда да әлі толық айқындала қойған жоқ. Біз сияқты артынан ерген біраз жазушыға әсер еткенімен, оның шығармашылығын қабылдай алмайтын қаламгерлер де болды. Ондай топтағылардың айтатын уәжі – «Шығармалары жылауық. Кейіпкері бұрышты айнала беріп, жылап жатады».

Бірақ сол жылауық туындылардың логикалық, әлеуметтік, әрі психологиялық дәлелдерінің мығым болып келетіндігіне, Кеңес өкіметі тұсында да адамның жылауға құқығы бар екендігіне ондай қаламгерлер назар аудара бермейді. «Осындай совет адамы» деген девизді сүйеккке сіңіріп өскен саналы қауымның өзі кейіпкер бойындағы сезімталдықты, босаңдықты, пендешілік әлсіздікті қабылдай алмайтын болса керек. Әлде талантты күндеу ме, кім білсін?

Ендеше, ең алдымен адам жан әлемін кестелі сөздермен, келісімді де үйлесімді иірімдерімен оқырманын тебіренте білген, сөз толқынымен тербете білген Оралхан Бөкейдің есімі әдебиеттанушы қауымның аузынан сирек айтылуын, кейінгі ұрпақтың көңіл көкжиегінен көріне бермеуін әдебиетіміздің тарихындағы қалыпты норма деуге болмайды. Мен өз басым Оралхан шығармаларының басым бөлігін әлі күнге сүйсініп, тамсанып оқимын. Тебіреніске толы беттеріне аялай көз жүгіртіп, шама-шарқымның келгенінше ішкі әлеміне ене түскім, жазушы позициясын жете түсініп баққым келеді. Бәлкім, тіпті толық түсіне де алмай жүрген шығармын.

Драматизмге қаныққан пьесаларының жөні бір бөлек. Бірақ менің өзі басыма басымырақ әсер ететіндері – әңгіме, повестьтері. Неге олай десеңіз, оларда жалаң идея айтатын кеңестік реализмнен гөрі сезім құбылыстары тереңірек бейнеленгендіктен, тілінің көркемдігі айқынырақ айшықталғандықтан болар. Солай да шығар-ау.

Бүгінгі күнге дейін өзімше қабылдап келе жатқан менің түсінігімдегі Оралхан Бөкей, міне, осындай.