
Санжар Боқаев – автокөлік өндірісі бойынша зерттеу жүргізіп, үкіметтің өтірігін ашып жүрген жас саясаттанушы. Естеріңізде болса, Қазақстан үкіметі елімізде 167 түрлі көлік моделінің шығатынын айтқан болатын. Ал Боқаев көлік шығаратын алпауыт елдер – Жапония мен Германияның өзінде өндірілетін көлік түрі 30-ға жетпейтінін айтады. Сонда біз қандай 167 көлік моделін шығарып отырмыз? Бұл туралы саясаттанушының өзінен сұрадық.
–Санжар мырза, сіздің әлемжелі мен баспасөз беттерінде жазғандарыңызды оқып тұрамыз. Сандар мен деректерді жақсы сөйлетесіз. Әсіресе, автокөлік тақырыбын терең зерттеп, талдап айтып жүрсіз. Әңгімені осыдан бастасақ. Сіз көтерген темір тұлпар түйткілінің шешіліп жатқандары бар ма?
– Қазақстанда ешқандай автомобиль өндірісінің жоқ екенін дәлелдедім. Жарты жыл болды. Нақты сандармен ашып көрсеттім. 167 көлік моделін құрастырамыз деген өтірікті толығымен ашып бердім. Негізінде, біз ешқандай көлік шығарып жатқан жоқпыз. Біз шетелден дайын көлікті әкеліп, төрт дөңгелегін ғана осы жерде салып, бұрандасын бұрап, отандық өнім деп жар салып жатырмыз. Өйткені көлік өндірісіне өте көп субсидия бөлінеді. Одан бөлек, НДС, КПН сияқты салықтардың бәрінен босатылған. Осындай жеңілдіктердің кесірінен, біздің қазынаға 1 трлн теңге кіріс кірмей тұр.
Мемлекет не үшін көлік өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге көл-көсір субсидия беріп, барлық салықтардан босатып отыр? Ол халықтың ақшасы емес пе? Автокөлік шығаратындар локализация жасаймыз деген болатын. 2017 жылға дейін локализацияның деңгейін 40 пайызға дейін жеткізу керек болған. Бірақ уәделері орындалмады. Локализация дөңгелек бұраумен ғана шектелді. 2019 жылы локализация бойынша қайтадан келісімшарт жасалып, тағы 10 жылға созылды. Автоөндірістің жоқтығын жабу, өздерінің өтірігін ақтау үшін бұлар қазір БАҚ-қа өндірістен көп қаражат жұмсап жатыр.
– Мысалы, құмға құйылып жатқан утильсборды таратып айтып, қарапайым оқырманға түсінікті тілмен түсіндіріп беріңізші. Утильсбор деген не? Утильсбор бізде неге көп? Бұл кімдердің қалтасына құйылып жатқан ақша? Ал басқа көрші мемлекеттерде, шетелдерде қалай?
– Утильсбордың негізгі мақсаты – ескі машиналарды қайта өңдеу. Бұл – бірінші мақсаты. Екінші – қазақстандық автоөнеркәсіпті қолдап, ішкі нарықты сақтап қалу. Үшінші – еліміздегі автокөліктердің орташа жасын төмендету. Яғни ескі көліктерді азайту. Өйткені біздің автопарктеріміз өте ескі. Ол экологияға зиян. Әсіресе, үлкен қалаларда ескі көліктер экологияға орасан зор зиян тигізіп жатыр. Бес жыл өтті, осы аталған үш көрсеткіштің ешқайсысы өз мақсатына жеткен жоқ. Мысалы, біздің автопарктердегі көліктердің 10 жылдан асқандарының саны 250 мыңнан артқан. Ескі көліктерді утильсбордан өткізуді қатырып жатқан жоқпыз, Қарағандыда ескі көліктерді жаншып, мыжып, металл ретінде өткізеді. Болды, біздің утильсбордың түрі – осы.
Утильсбордың кесірінен, біздің халық шетелден көлік әкеле алмай қалды. Біздің автопарктеріміз 2015 жылға дейін жылдан-жылға жаңарып келе жатқан. Жапониядан, Корея мен АҚШ-тан жаңа көліктер келіп, автопарктеріміз жаңаланып қалып еді. 2016 жылдан бастап, шетелден жаңа көлік әкелу тиімсіз болды. Көлік саудасымен айналысатын қаншама компаниялар жабылды. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Қостанайдағы көлік өндіретін зауыттың басшылары «бізде мың адам жұмыс істейді», деп мақтанады. Бірнеше млрд теңге салық төлейміз деп соғады. Шындығында, олар жылына 4 млрд теңге ғана салық төлеген. Өйткені олардың жылдық ақша айналымы – 200 млрд теңге. Сонда олар 2 пайыз ғана салық төлеп отыр. Бұл өте аз, мемлекетке еш пайдасы жоқ өндіріс деген сөз. Утильсбор жоқ кезде кәсіпкерлер мыңдаған адамға жұмыс беріп, шетелден мыңдаған көлік әкеліп, мемлекетке бірнеше млрд теңге салық төлеп тұрды.
Утильсбор мемлекетке төленіп отырған жоқ. Ол салық емес. Ол жеке компанияға құйылып жатқан ақша. Бұл қандай бассыздық? Бұл барып тұрған әділетсіз саясат. Сондықтан утильсбордың көзін құрту керек. Себебі көлік адамдар үшін күнделікті тұрмысқа қажетті құрал. Қанша мың азаматтарымыз бір көлікпен бала-шағасын асырап отыр. Ал астыңдағы атың күнде бұзылса, сен машинаңды бағасың ба, әлде бала-шағаңды асырайсың ба? Біздің халық қашанғы ескі көлікпен есі кетеді?
<a href=«adata.kz-тің/» style=«font-family:»Times New Roman»,serif; color:blue; text-decoration:underline»>Аdata.kz-тің
мәліметіне сенсек, утильсбордың артында тұрған адам Әлия Назарбаева көрінеді. Президенттер мен министрлердің, әкімдер мен депутаттардың, шенеуніктердің балалары шетелде оқиды. Олар үшін АҚШ та, Еуропа да қолжетімді. Ал біз сияқты қарапайым халық үшін шетелде оқу емес, шетелді көрудің өзі арман. Сол дөкейлердің бала-шағалары шетелден оқып келіп, мына жақта қарапайым қазақтың аузындағы асты жырып жеп жатыр. Керісінше, шетел көрген соң, сол жақтың білімін әкеліп, бұл жақта бизнес ашып, елімізге ақша тартпай ма?
Еуропа елдерінде утильсбордың орташа көрсеткіші 100 евродай ғана. Ал бізде – 2 млн 500 мың теңге. Бұл 5000 евроға тең. Сонда біз Еуропа азаматтарынан 20 есе көп төлейді екенбіз. Салыстырып қарайтын болсақ, олардың тұрмысы, табысы бізден әлдеқайда жоғары. Қарапайым бір мысал. Ауылшаруашылық техникасын алайық. Мысалы, бір комбайнды 30 млн теңгеге әкелсеңіз, утильсборға 8 млн теңге төлейсіз. 25-26 пайызы. Біреудің табан ет, маңдай терімен тапқан ақшасы бостан-босқа біреудің қалтасына құйылып жатыр.
– Үкіметтің жалған сандарымен алысып, 167 автомобиль моделінің өтірігін аштыңыз. Осыны таратып берсеңіз. Сонда үкімет 167 деген санды қайдан шығарған, неге 67 емес?
– Бұл тақырыпты бір кісідей зерттедім. Жапония көліктердің әлемдік брендтерінің 14 түрін ғана шығарады екен. Ал Германия 15 түрін шығарады. Біз көлік өндірісі дамыған осы екі алпауыттан озып кетіппіз, яғни 22 түрлі көлік брендін шығарады екенбіз. 167 түрлі көлік моделі, 22 түрлі көлік бренді туралы ақпаратты көзім шалып қалған соң, мұның шындыққа жанаспайтынын ішім сезді, зерттедім, жаздым. Осы құпияны ашқаннан кейін, жалдамалы блогерлер әлемжеліде маған шабуыл жасады, мен туралы қайдағыны жазды. Тіпті, ойдан шығарылған көлік өндірушілердің атынан бейнеролик түсірді, қайшылық содан басталды. Мен де қоймадым. Көлік шығаратын өндіріс орындарын көрейінші деп, шақырған жерлеріне бардым. Ол жерде еш нәрсе болмай шықты.
Үкімет әлі күнге дейін маған 167 көлік моделінің атын атап, түрін түстеп тұрып, көрсетіп бере алған жоқ. Өйткені ондай 167 түрлі көлік моделінің тізімі үкіметтің өзінде де жоқ. Бұл жердегі ең үлкен мәселе – көлік моделінің санында емес, локализация мәселесінде. Автопром өндірушілер локализация бойынша үкіметке уәде берген. «Біз автобөлшектерді өзіміз шығарамыз, өндіріс орнын кеңейтеміз. Автобөлшектер өзімізден шықса, көлік те арзандайды, халыққа тиімді болады», деп уәде берген-ді. Керісінше, жылдан-жылға біз шетелден сатып алатын автобөлшектердің саны артып барады. Соңғы бес жылда көлік бағасы екі есе артты. Локализация қайда? Уәде қайда?
– Көлік шығармайтынымыз — айдан анық ақиқат. Ұят та болса сұрайын, біз көлік құрастыра аламыз ба? Әлде төрт дөңгелегін салып, соны құрастырамыз деп есеп беріп, ебін тауып ақша жасап отырған жоқпыз ба?
– Көлік құрастырамыз. Құрастырғанда қалай? Сіз айтқандай, бізге көліктің сүйегі, қозғалтқышы, басқа да деталдары дайын күйінде келеді. Біз соны бір-біріне қосып, бұрайтынын бұрап, жабатынын жабамыз. Біздің жұмыс сол ғана. Мысалы, бір көлік дөңгелексіз келуі мүмкін, біреуі есіксіз келеді. Біздің көлік құрастырамыз деп жүргеніміз – осы дайын бөлшектерді осында әкеліп, құрастыру деген сөз. Бірақ бұл көлік шығару деген сөз емес. Hyundai көлігін шығаратын зауытты алайық, ол үлкен өндіріс ошағы. Кез келген зауыт бір өнімді дөңгелегінен бастап, бұрандасына дейін толық шығарады. «Қазақстанға Hyundai-дың қозғалтқышы ғана керек екен» деп, кәрістер басқа бөлшектерін шығармай отырмайды. Сондықтан біздің көлік өндірушілер Кореядан Hyundai-ды дайын күйінде, тек дөңгелегін шешіп тастап, не капотын шешіп, не аккумуляторын шешіп әкеледі. Ол жақта шештіреді, бұл жақта құратады. Бұл екі шығын. Аккумулятор шығаратын зауыттарымыз бар, тіпті, солардан да аккумулятор алмайды екенбіз. Қалай көлік шығарамыз дейді осыдан кейін? Шылғи өтірік. Егер шынымен көлік шығаратын болсақ, бұл жақта басқа өндірістеріміз дамитын еді. Мысалы, дөңгелек жасайтын зауыт, пластик өнім шығаратын орталық, әртүрлі бұрандалар шығаратын цех құрылып, жұртқа жұмыс табылар еді. Мемлекетке де салық төленер еді.
– Дамыған 30 елдің қатарына енеміз деген ұранымыз бар. Бірақ неміс пен жапонның 1980-90 жылдары шыққан ескі көліктерін әлі мініп жүрміз. Қарапайым қазақ қашан су жаңа, бағасы қолжетімді көлік мінеді? Әлде кедергі бар ма? Бұған Ресейдің ықпалы жүре ме?
– Соңғы жылдары утильсборды көтеріп тастаған соң, шетелден келетін көлік бірден азайды. Көліктің көбі Ресейден ғана келеді. Монополияға айналдырып жіберді. «Астана Моторс», «Сарыарқа АвтоПром» ғана көлік әкеле алады. Олардың өздерінің жеңілдіктері бар. НДС төлемейді, бірінші тіркеуі де тегін. Бұл жерге Ресейдің лоббиі бар. Солардың ғана көлігін әкеліп сатамыз.
Жуырда «Сарыарқа АвтоПром» Ресейдің Lada көлігін толықтай өзімізден өндіріп шығарамыз, деп мақтанды. Бүкіл әлем электрлі көліктерге көшіп жатқанда, біз нарықтан қалып қойған орыстың vаz-ын шығарамыз деп мәзбіз. Дамыған елдер Еуро-5 талабына сай машина мінеді, біз Еуро-4-тің талабына толмайтын көлік шығармақшымыз. Күлкілі. Бірақ күле алмайсың.
– Жылыжай салып қияр өсірсе, соны индустриалды-инновация деп жаһанға жар салатын Мамин үкіметі «ұшақ жасаймыз, танк пен Калашников автоматын шығарамыз», деп жатыр. Сенгіміз-ақ келеді, бірақ өтірікті осыншалық қисынсыз айтуға бола ма?
– Қазақта «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген сөз бар. «Ұшақ жасаймыз, танк пен Калашников автоматын шығарамыз», деген өтірік туралы әңгіме бөлек. Сұрастырдым. Олар «біз мұны экспортқа шығарамыз», деп отыр. Ол қандай экспорт? Олардың мақсаты – KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясынан ақша алу. Бұл – бір. Екінші – мемлекеттен 30 пайыз субсидия алады. Өті жарылып кетсе де айтайын, «Калашников автоматын» біз шығара алмаймыз. Оны Ресейден сатып әкелеміз. Оны «Қазақстанда жасалған» деп шетелге сатпақшы. Қарап тұрсаңыз, біздікі алыпсатарлық қызмет, қып-қызыл сауда. Шындап келгенде, бұл қылмыстық іске пара-пар дүние. Мұндай көзбояушылық Қазақстан экономикасының барлық саласына көлеңке түсіреді.
– Биылғы қуаңшылық ауылшаруашылық әлеуетіміздің әлсіз екенін көрсетті. Аралда төтенше жағдай жарияланды. Маңғыстауда мал қырылып жатыр. Бірақ билік төтенше жағдай жарияламайтын болды. Топырақтың ылғалдығы талапқа толады дегендей, уәж айтқан көрінеді. Бұл алалаудың астарында не құпия бар?
– Маңғыстаудағы қуаңшылық Қазақстан ауыл шаруашылығы саясатының «инвалид» халін көрсетті. Сонымен бірге, бұл табиғи апат ауыл шаруашылығы министрлігінің өз саласын дамыту бойынша ешқандай концепциясының жоқтығын, ешқандай стратегиясының жоқтығын ашып берді. Жылқының шіліңгір шілдеде аштықтан, арық-тұрақтан өлуі – бұл төтенше жағдай емей, немене? Апат көріністері мамыр айында басталды. Үкімет екі айдан кейін ғана үн қатты. Бұл қалай? Уақытында шешуге не кедергі? Уақытында шешілмеген қиындықтың салдары ауыр болады. Бірақ оны түсінетін «еститін үкімет» бар ма? Әй, қайдам. Азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бағыты болып табылады. Біздің үкімет соны түсінуі керек еді.
– Осыдан 90 және 100 жыл бұрынғы жаппай ашаршылықтан 2 миллионға жуық қазақ қырылып, бірнеше жүз мыңы жансауғалап, шетелге босып кетіп еді. Қазір білімді жастар кетіп жатыр. Ашаршылық емес. Өзіңіз де осы тақырыпты зерттеп жүрген шығарсыз. Бүгінгі көштің күн санап артуының себебі не, бұл қандай «аштық»?
– Осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын бірінші ашаршылық болды. Он жылдан кейін екінші ашаршылық қазақты әбден тоздырды. Екі реткі аштықтан қазақ қырылды, шетелге босты. Мұның бәрі тарихи ақиқат. Жүз жылдан кейін сол тарих қайталанып жатқан сияқты. Қазір жастар шетел асуда. Әсіресе, солтүстік өңірдегі тұрғындар күн сайын кеміп отыр. Олардың бәрі орыстар емес. Қазақтар да бар арасында. Бұрынғы көштің себебі – аштықтан қырылып қалмау үшін жансауғалау. Бүгінгі көштің себебі – жастардың өз болашағын Қазақстанмен байланыстыра алмауы. Қазіргі жастардың көзі ашық. Алла берген өмірді кім мәнді, мағыналы, бар болып өткізгісі келмесін? Кім болса да, жоғары жалақы алып, жақсы киініп, жақсы тамақ ішіп, шет мемлекеттерді аралап, жақсы көлік мініп, жақсы үйде тұрғысы келеді. Ондай мүмкіндікті өз елі жасап бере алмаған соң, жастар жұмақты шетелден іздеп жатыр. Оған оларды кінәлай алмаймыз.
Жуырда Дубайда болдым. ПТР тестін алайын дедім, маған өзіміздің қазақ жігіттер қызмет көрсетті. Осы жақтағы медициналық университеттерді бітірген жас дәрігерлер. Қазір сол жақта жұмыс істеп жүр. Қонақүй қызметінде де қазақ қыздары жұмыс істейді. Бәрі Қазақстаннан кеткендер. Ойлану керек! Олар бұл жақтағы үйін, көлігін, жерін сатып кетіп жатыр. Былтыр Түркиядан үй сатып алғандардың ең көбі Қазақстан азаматтары екен. Демек, шетелге адам күші ғана емес, ақша, экономика кетіп жатыр. Мәскеуге көшкен орыстар да Ресейге Қазақстанның ақшасын алып кетуде. Бұл көшті адам көші ғана емес, қаржы-экономика көші, ми көші деуге болады. Ми көші – жоғары білімді дәрігерлер, экономистер, IT мамандары мен физика-химия сияқты жаратылыстану ғылымы білгірлерінің көші.
– Сіз бұрын «Жас Отан» жастар қанатында жұмыс істедіңіз ғой деймін, қателеспесем. Бір-ақ сәтте бағытыңыздан айнуыңызға не түрткі болды?
– Дәл осы сұрақ маған өте жиі қойылады. Мен «Жас Отан» жастар қанатында емес, «Нұр Отанның» өзінде қызмет еттім. Алматы қалалық бөлімінде төрағаның орынбасары болдым. «Нұр Отанда» қызмет етіп жүргенде, партияның ұранына шын сендім. Болашақ үшін дәл осы партия дұрыс жұмыс жасап жатыр деп ойладым. Бар күшімді салдым. Бір жылдан кейін қызметтен кеттім. Қайтып оралмайтынымды да түсіндім. Ол кездегі «Нұр Отан» халық үшін қызмет ететін. Қазіргісі, туралы еш нәрсе айта алмаймын. Өйткені адам өскен сайын ақылы толысады, көзқарасы айқындалады, кез келген қоғамдық-саяси реформаларға сын көзбен қарайды екен. Сондықтан бүгінгі «Нұр Отанды» қолдай алмаймын. «Нұр Отанда» жұмыс істегеніме өкінбеймін. Тек халықтың жауапкершілігін алып, соны атқара алмағаныма ұяламын.
— Әңгімеңізге рақмет.
Жарас КЕМЕЛЖАН