
Алтын Орда мемлекеті – XIII-XV ғасырларда Еуразия құрлығының шығыс бөлігінде, Ертіс өзені мен Дунай өзенінің аралығында өмір сүріп, өзінен кейін осы аумақта құрылған бірнеше ұлттық сипаттағы мемлекеттердің, ондаған халықтар мен этностардың саяси, этникалық, мәдени тарихына ерекше ықпал жасаған империялық деңгейдегі алып мемлекет болды. Қазіргі таңда осы аумақта өмір сүріп, өзінің мемлекетін қалыптастырып отырған бірнеше этнос қана өздерін Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде санайды. Солардың бірі – қазақ этносы.
Алтын Орда тарихында зерттелген тақырыптан зерттелмегені, шешілген мәселеден шешілмегені көбірек. Өйткені бұл күрделі тақырыпқа патшалық Ресей, кеңестік кезең тарихнамаларында айрықша көңіл бөлінбеді. Тек тәуелсіздік кезеңнің тарихнамасында ғана арнайы назар аударыла бастады. Бұл мәселеде ашығын айтуымыз керек, Ресейдегі татар бауырларымыздың тарихшылары алда келеді. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, олар Алтын Орда тарихын зерттеуде алдыңғы қатарға шыққандығына мақтана отыра, өздерін тікелей сол мемлекеттің мұрагеріміз деп санай бастады. Әрине, ол дұрыс пікір, бірақ толық емес.
Жалпы, Алтын Орда тарихын зерттеу жұмыстарын қолға алу ісі Ресейде XIX ғасырдың 20-шы жылдарынан бастау алады. XIII-XV ғасырлардағы моңғолдар үстемдігінің Ресейге тигізген ықпалдарын анықтау үшін жұмыстар қолға алынады. Сол мақсатта 1826 және 1832 жылдардағы Ресей Императорлық Академиясы Алтын Орда тарихын зерттеу үшін бірнеше рет конкурс жариялайды. Жарияланған конкурсқа бірнеше жылда жалғыз-ақ жұмыс келіп түседі. Ол – австриялық тарихшы, европалық тілдермен қатар араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген Йозеф фон Хаммер-Пургштальдың неміс тілінде жазылған жұмысының қолжазбасы болатын. Бірақ бұл жұмысты арнайы құрылған конкурстық комиссия талаптарға сай емес деп, кейін қайтарады. Ал автор болса 1840 жылы өзінің қолжазбасы негізінде Пешт қаласында «Қыпшақтағы Алтын Орда немесе Ресейдегі моңғолдар тарихы»( «Geschichte der Goldenen Hordein Kiptschak, dasist:der Mongolen in Russland») атты монографиясын жарыққа шығарады. Содан бергі 183 жыл уақыт ішінде Алтын Орда тарихына қатысты Батыс Еуропада, патшалы Ресейде, Кеңес Одағында және КСРО ыдырағаннан кейін оның аумағында құрылған жекелеген мемлекеттерде өте көп зерттеу еңбектері жарық көрді. Дегенменде, Йозеф фон Хаммер-Пургштальдың еңбегі Алтын Орда тарихнамасында алғашқы зерттеулер қатарынан орын алады. Екі ғасырға жуық уақыт ішінде Алтын Орда тарихының көптеген аспектілері қарастырылды деуге болады. Тек қана саяси аспекті бойынша Н.И.Березиннің, А.Н.Насоновтың, Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовскийдың, М.Г.Сафаргалиевтың, Г.А.Федоров-Давыдовтың, В.Л.Егоровтың, И.М.Миргалиевтың, Р.Ю.Почекаевтың, В.В.Трепавловтың, Ю.Е.Варваровскийдың және тағы басқа бірқатар зерттеушілердің еңбектерін атап өтуге болады.
Алтын Орда тарихнамасындағы біршама тәуір зерттелген мәселелердің біріне, оның саяси тарихының мәселелері жатады. Дегенменде, әлі де болса бұл мәселеде толық зерттеліп болмаған, өз зерттеушілерін күтіп жатқан тақырыптар баршылық. Солардың біріне – Алтын Орда тарихының соңғы кезеңі, яғни оның күйреуі мәселелері жатады.
260 жылдық тарихы бар Алтын Орда тарихын шартты түрде – құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық пен күйреу кезеңдері деп үшке бөлуге болады. Жошы Ұлысының құрылуы мен қалыптасуы -1225-1312 жылдары, күшеюі кезеңі – 1312 – 1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыдыраушылық үдерістер мен күйреуі – 1360-1502 жылдары өтеді. Ыдыраудың тереңдеу барысында бұл мемлекет – Үлкен Орда атауына ие болады. Біз төменде Алтын Орда тарихындағы ыдыраушылық пен Үлкен Орданың күйреуі кезеңдеріндегі үдерістерді қарастыра отыра, нақты бұл мемлекеттің туының құлаған күнін анықтаймыз.
1395-1396 жылдардағы Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған екінші жорығы мен тонаушылықтарының қандай ауыр болғаны белгілі. Тарихшылар бұны «Алтын Орданың омыртқасы үзілді» деп бағалайды. Осы жорықтан кейін Алтын Орда тарихында жаңа дәуір – ұзаққа созылған ыдыраушылық дәуірі басталады. Бұл дәуірдің алғашқы кезеңі 24-25 жылға созылып, Алтын Орданың саяси сахнасына жаңа тарихи тұлғаларды – Едіге биді, тұқайтемірлік Құтлық Темір ханды, Тастемір ханды, Шәдібек ханды, Орыс ханның ұлы Қойыршақ ханды (болашақ қазақ ханы – Жәнібек ханның атасы), Тоқтамыс ханның ұлдары – Жалаладдинді, Жапарбердіні, Кебекті, Кәрімбердіні, Қадырбердіні және тағы басқа тұлғаларды шығарады. Бұл тұлғалар ыдырау үдерісінің алғашқы кезеңінде жекелеген ұлыстарда хан болып, ширек ғасыр бойы орталық билікті иелену үшін аяусыз күрестер жүргізеді. Сондай-ақ орталық биліктің әлсіреуі мен ондағы саяси тұрақсыздықтар бірнеше бұрынғы ұлыстарды – Қырымды, Қажытарханды, Бұлғарды, Сібірді, Маңғыт және Өзбек ұлыстарын оқшауландыра түседі. Үміткерлер осы ұлыстарда хан боп сайланып, күшейе келе, орталық билікті иеленуге ұмтылады. Атақты Едіге бидің тарихи тұлғалық болмысы осы кезеңде айқын көрініп, ол «дүрбелең жылдар» кезеңіндегі Мамай би секілді билікке айтқанын екі етпейтін хандарды отырғызу арқылы орталық билікті сақтап қалмақ болады. 1405 жылға дейін Тоқтамыс ханның өзімен, одан кейін оның ұлдарымен күресіп, ақыры, 1419-1420 жылы, 63 жасында Тоқтамыс хан ұлы Қадырберді ханмен өткен ашық шайқаста нағыз ерлерше қаза табады.
Едіге бидің қазасынан кейін Алтын Ордадағы саяси дағдарыс одан әрі өршіп, келесі ширек ғасырда шытынап тұрған ыдысты қатты жерге ұрып сындырғандай, бірнеше дербес хандықтарға бөлініп кетеді. Алтын Орда тарихындағы 1420-шы жылдар аралығы өте ауыр болса, ғылыми жағынан өте күрделі кезеңдер қатарына жатады. Осы жылдары тұқайтемірлік, әрі Тоқтамыс ханның аталас туысы Ұлық Мұхаммед хан, Қойыршақ ханның ұлы Барақ хан және тағы бір тұқайтемірлік үміткер Хұдайдад хандар саяси күрестің отын одан әрі қыздырады. Олардың соңғылары Сарай тағын иеленгенімен онда ұзақ отыра алмайды. Ақыры, 1425 жылы Еділ өзенінің батыс жағында Ұлық Мұхаммед хан тақты иеленіп, өз атынан ақша шығара бастайды. Алтын Орда тарихының көрнекті зерттеушісі М.Г.Сафаргалиев осы жылдардағы күрес барысын былайша тұжырымдайды: «Ұлық Мұхаммедтің билікке келуімен іс жүзінде Жошы Ұлысының тек экономикалық жағынан емес, сонымен бірге саяси жағынан байланысы үзілген дербес екі бөлікке бөлінуі аяқталды. Еділдің батысында уақытша Ұлық Мұхаммед, шығысында – Шибан мен Орда Ежен ұрпақтарының билігі орнады». Осы жылдардағы оқиғалар барысы ауыз әдебиетінде де көрініс беріп, халық әндерінде «Арғы жағы Еділдің, бергі жағы…» – , деп айтыла бастайды.
Еділдің бергі жағында немесе шығыс бөлігінде 1420-шы жылдары күрес тоқтамайды. 1421 жылы Едіге бидің ұлдарының бірі Мансұр би шибанилық сұлтан Қажы Мұхаммедті Сібірде хан сайлатып, өзі би болады. Оған қарсы Барақ ханның күрескені тарихтан белгілі. 1428 жылы Барақ хан оның қолынан қаза табады. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Алаш есімді әрі батыр, әрі би, әрі әулие бастаған жергілікті әмірлер мен бектер 17 жасар шибанилық Әбілқайыр сұлтанды хан сайлайды. Өз кезегінде ол алдымен туысы Сібірдегі Қажы Мұхаммед ханды жеңіп, бытыраңқы Шибан ұлысын біріктіреді, сосын барып бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билік құру үшін күрестер жүргізеді. Ол 1469 жылы қайтыс болады да, бұл аумақтағы билік Орыс ханның шөберелері – Керей мен Жәнібек хандар бастаған ордаежендік әулеттің қолына көшеді.
Ал Еділдің арғы жағындағы немесе батыс бөлігіндегі саяси жағдайға келсек, осы кездегі ресми хан Ұлық Мұхаммедтің әр күні күреспен өтті деуге болады. Оның басты қарсыласы – тұқайтемірлік әулеттің тағы бір өкілі, Едіге заманындағы Алтын Орда ханы болған Темір Құтлық ханның немересі Кіші Мұхаммед хан еді. Оған Едігенің ұлдары Ғази мен Наурыз билер және Қажытархандық бектер қолдау көрсетеді. 1428 жылы Қос Мұхаммед хан арасындағы күрес басталып кетеді. Күреске жергілікті басқа тайпа бектері де белсене араласып, олар да билікке өз үміткерлерін араластырады. Сондай үміткердің бірі – Тоқтамыс ханның немересі Сейіт Ахмет хан болатын. Оны 1433 жылы Қырымда қоңырат тайпасының бегі Айдар таққа отырғызады.
Міне, осы үш тұлға әрқайсысы өздерін қолдаған ру-тайпа бектерімен күрес отын одан әрі жалғастырады. Күрес тағдырын хандарды қолдаған жергілікті билер мен бектердің бағыты мен ұстанымдары шешеді.
Ақыры, Едігенің ұлы, ноғай биі Наурыздың көмегімен 1437 жылы Алтын Орда тағы Кіші Мұхаммед ханның қолына өтеді. Осылайша, Сарайдағы Ұлық Мұхаммед ханның билігі 12 жылға созылып, көзі тірісінде ол үлкен тақтан айырылады. Жеңілген ол бірнеше уақыттан кейін Бұлғар ұлысына барып, Қазан шахарын иеленеді. Сөйтіп, 1438 жылы Қазан хандығының негізін қалайды. Осы кезден бастап кейбір деректерде және соларға негізделген зерттеулерде Алтын Орда атауының орнына Үлкен Орда термині қолданыла бастайды. Бұл дегеніміз Алтын Орданың өз тарихындағы соңғы кезеңге, яғни күйреу кезеңіне көшкенін білдірсе керек.
Көп ұзамай Алтын Ордадағы бай ұлыс болып саналатын Қырым да бөлініп шығып, өз дербестігін жариялайды. Сонау 1395 жылы Қырым бектері тұқайтемірлік Тастемірді хан сайласа, 1426 жылы қырымдықтар оның ұлы Дәулетбердіні тағы хан көтереді. Дәулетберді хан 1427 жылы аз уақытқа болса да Ұлық Мұхаммед ханнан Қажытарханды тартып алып, ақша шығарып үлгереді. Көп ұзамай ол тартыстардың бірінің құрбанына айналады. Жоғарыда айтқанымыздай, қоңырат бектері Тоқтамыстың немересі Сейіт Ахмет ханға тақты ұсынады, бірақ ол жергілікті билермен тіл табыса алмай тақтан қуылады. 1441 жылы бірнеше жылғы үзілістерден соң тұқайтемірлік әулеттің өкілі, Тастемір ханның немересі, Гиясаддиннің ұлы Хажы Керейді тағы да Қырым бектері Литва княздігінен шақыртып, хан сайлайды. Содан бері 1783 жылға дейін Қырым билігі осы әулеттің қолында қалады. Ал Тоқтамыс ханның ұрпағы – Сейіт Ахмет хан болса 1455 жылға дейін Төменгі Еділ мен Днепр аралығында көшіп-қонып жүріп, өзін Алтын Орданың тікелей мұрагерімін деп санайды.
Едігенің өлімінен кейін оның ұлдары құрыла бастаған жеке хандықтарда беклербек қызметтерін атқарса, 1440-шы жылдары ұлы Нұраддин Еділ мен Жайық аралығында Маңғыт ұлысы тайпаларын қайта қосып, ұлысты Ноғай Ордасына айналдырады.
Осылайша, XV ғасырдың 30-40 жылдары Алтын Ордадағы саяси дағдарыс өз мәресіне жетіп, империяны ыдыратып тынады. Оның аумағында дербес Қырым, Қазан хандықтары мен Ноғай Ордасы, Сейіт Ахмет хан Ордасы секілді мемлекеттер пайда болады. Ал орталық бөлікте Алтын Орданың мұрагері болып қалған иелік тарихта – Үлкен Орда хандығы деп аталады. 1437 жылы Алтын Орда тағына келген Кіші Мұхаммед ханды тарихшылар Алтын Орданың соңғы ханы деп есептейді. Сонымен қатар оны Үлкен Орданың алғашқы ханы деуге болады.
Сөйтіп, 1440-шы жылдардан бастап Алтын Орда тарихындағы соңғы кезең – Үлкен Орданың күйреу кезеңі басталады. Кіші Мұхаммед хан Үлкен Ордада 1437-1459 жылдары билік құрды. Бұл жылдары Еділдің арғы жағында пайда болған хандықтар халықаралық қатынастарда мойындалып, өз мүдделеріне сай сыртқы саясат жүргізе бастайды. Қырым хандығы түрік сұлтанымен, Мәскеу княздігімен жақсы саяси қатынастар орнатса, Үлкен Орда Литва княздігімен одақтасады. Ал Сейіт Ахмет хан болса, тонаушылық жорықтар арқылы барлық көршілерімен жауласады. Әр хандықтың билеушілері енді орталық билікті иеленуден гөрі, өз шекараларын көршілер есебінен кеңейтуді мақсат етеді. Өйткені бұрынғы экономикалық байланыстар мен сауда жолдарының бұзылуы оларды жаңа жерлерді иеленуге итермелейді.
1455 жылы Қырым ханы Хажы Керей мен Сейіт Ахмет хан арасындағы күресте Қырым ханы толық жеңіске жетіп, зор беделге ие болады. Хажы Керей хан өзін Алтын Орданың иесі ретінде санайды.
1459 жылы Кіші Мұхаммед хан қайтыс болып, артында Махмұт және Ахмет атты ұлдары қалады. Алғашында үлкен ұл Махмұт хан тақты иеленсе, 1465 жылы одан Ахмет хан билікті тартып алады. Ал Махмұт болса, өз жақтастарымен қашып, Қажытарханды басып алады да, жеке Қажытархан(Астрахан) хандығының негізін қалайды. Осылайша, Үлкен Орданың оңтүстік бөлігі одан бөлініп кетеді.
Үлкен Орданың билеушісі Ахмет хан – кейбір зерттеушілердің пікірінше, Мәскеу княздары саяси жағынан тәуелді болған Үлкен Орданың соңғы билеушісі. Оның билігі тұсында Үлкен Орда біршама нығаяды. Маңғыт биі, Үлкен Ордада беклербек лауазымын атқарған Темір би арқылы ол Ноғай Ордасымен жақсы қатынас орнатып, Оқас бидің бір қызына үйленеді. 1470-1471 жылдары Ахмат ханның Шығыс Дешті Қыпшақтағы саясаты нәтижелі болып, Хорезм аймағына оның үстемдігі орнатылады. Астрахан билеушісі Махмұт ханның ұлы Қасым хан оған бағыныштылығын білдіреді. Сөйтіп, Ахмет ханның Алтын Орданы қалпына келтіру жолындағы алғашқы саясаты сәтті жүзеге аса бастайды.
Бірақ та оның осы бағыттағы мақсатына жетуіне Қырым хандығы кедергі жасады. Сол себепті де 1470-ші жылдардың ортасынан бастап ол Қырым ісімен айналысады. Алғашында Қырым мен Үлкен Орда арасындағы қарым-қатынастар бақталастық сипатта жүрсе, осы жылдардан бастап ашық жаулық сипатқа ие болады. Алғашында Ахмет ханның саясаты жемісті басталады. 1475 жылы Қырым ханы Меңлі Герей ханға туған бауырлары қарсы бас көтеріп, тақтан қуады да, оның орнына ағасы Нұрдәулет отырады. Көп ұзамай олардың арасында да жанжал басталып, күресуші жақтың бірі Ахмет ханды көмекке шақырады. Сөйтіп, 1477 жылы Үлкен Орданың көмегімен қажытархандық Махмұт ханның ұлы Жәнібек хан Қырым тағын иеленеді. Еділдің арғы жағындағы ірі саяси күш – Қырымда өз адамын отырғызу арқылы Ахмет ханға негізгі мақсаты – Алтын Орданы қалпына келтіргендей болады. Бірақ оқиғалар барысы тез өрбіп, түрік сұлтанының көмегімен Меңлі Герей хан 1478 жылы Жәнібек ханды қуып, тақты қайтарып алады. Мұндай оқиғалардан кейін Қырым ханы Меңлі Герей хан Ахмет ханды өзінің негізгі жауы ретінде санайды.
1470-ші жылдардың ортасында күшейе бастаған Үлкен Ордаға қарсы Мәскеу мен Қырым арасында одақтастық қалыптасады. Ол екі жаққа да тиімді болып, өз тиімділігін бірнеше рет көрсетеді. Нәтижесінде Қырым да, Мәскеу де осы одақтастықтың арқасында анағұрлым өз мәртебелерін сақтап қоймай, одан әрі нығайтады. Тіпті, Қырым ханы Мәскеу князін бұрынғыдай, тәуелді «құлым» деп санамай, жазған хаттарында оны туыс «бауырым» деп атай бастайды. Мәскеу князі үшін бұл өте психологиялық және идеологиялық қолдау және ірі жеңіс болып саналды.
Ахмет ханның батыстағы келесі бір саясаты –Мәскеу княздігінің Үлкен Ордаға тәуелділігін қалпына келтіру еді. Ол 1472 жылы Мәскеуге сәтсіз жорық ұйымдастырған болатын. Ахмет ханның Қырымды алғаннан кейінгі Мәскеуге жіберген елшісіне III Иван тарапынан құрмет көрсетілсе, Қырымнан айырылғаннан кейінгі хан жарлығы елші көзінше жыртылады. Бұл деген – Мәскеудің бұдан былай Үлкен Ордаға салық төлемейтіндігін, тәуелді болмайтындығын көрсетеді. Оның ақыры, 1480 жылғы Ахмет ханның Орыс жеріне жорық жасауына алып келеді. Угра өзені бойындағы үш айлық «текетірес» Ахмет ханға ешқандай пайда әкелмеді, керісінше қорғаныста болған Мәскеу ешбір ұрыссыз жеңімпаз болды. 1480 жылғы жорық қорытындысының Мәскеу үшін маңызы қандай зор болса, Үлкен Орда үшін зияны дәл сондай болды. 1481 жылы қаңтарда Ахмет хан қарсыласы Сібір билеушісі Ибақ ханның қолынан қаза табады.
Жалпы, салыстырмалы түрде айтсақ, Ахмат хан тұсындағы Үлкен Орданың біршама күшеюін сөнер алдындағы оттың соңғы рет лап етуімен теңестіруге болады.
Ахмет ханның көп ұлдарының ішінде Мұртаза, Сейіт Ахмет және Шейх Ахмет атты ұлдары әкелерінің жолын жалғастырды. 1481 жылы Шейх Ахметті жергілікті тайпа бектері хан сайласа, 1485 жылы Сейіт Ахмет, ал 1486 жылы Мұртаза өздерін хан етіп жариялайды. Сөйтіп, Үлкен Орда аумағында бір біріне бағынбайтын үш хандық қалыптасады. Үш хан кейде бірлесіп, кейде араздасып жүреді. Дегенменде, негізгі хан болып Шейх Ахмет хан саналды және ол тарихта Үлкен Орданың соңғы билеушісі болып есептеледі.
Үлкен Орда тарихындағы соңғы он жылдық кезең Қырым хандығымен жүргізген саясатпен байланысты болды және оның соңғы күні қазіргі Украйна аумағында өтеді. Оқиғалар барысы сол жылдары былайша өрбиді. 1490-шы жылдары үш ханның әрқайсысы кейде жеке, кейде бірігіп, бірнеше рет Қырымға жорықтар ұйымдастырады. Тіпті, дипломатиялық қулықтарға да барады. Олардың жорықтары біршама сәтті болғанымен толық мақсатына жетпейді. Ахмет хан ұлдарының Қырымға жасаған 1486 жылғы, 1490-1491 жылғы жорықтары осыны көрсетеді.
1490-шы жылдардың ортасында ағайынды хандар арасында алауыздық болып, тіпті Шейх Ахмет хан тақтан айырылады. Бірақ көп ұзамай таққа қайта оралады. Бұл жағдай оның беделін одан әрі төмендетіп жібереді. Ол енді түпкі мақсатына жету үшін дипломатиялық жолды таңдап, 1497-1498 жылдары бірнеше рет Литва княздігіне елшіліктер аттандырады. Алғашқы елшіліктер сәтсіз аяқталса, соңғы елшілікті Литва князі тіпті қабылдамайды да. Осылайша, Шейх Ахмет ханның жағдайы толық күйреудің қарсаңында мүлде нашарлап кетеді.
1500 жыл Үлкен Орда халқы үшін өте қиын жыл болды. Көшпелі ру-тайпалар үшін ең маңызды шұрайлы жайылымдық жерлердің аздығы жаңа жерлерге көшуге итермелейді. Шейх Ахмет ханға бағынышты жекелеген рулар біртіндеп, оны қалдырып, кете бастайды. Көшкендердің көпшілігі Қырымды паналайды. Көшкендер ішінде Үлкен Орданың белгілі танымал тұлғалары да болды. Ал Қырым ханы болса оларды қуана қарсы алып отырды.
1500-1501 жылдың қысында Шейх Ахмет хан Қырымға шабуыл жасауды ойластырады. Мақсаты Днепрдің төменгі бойы мен Днестр аралығындағы жайылымды жерлерді иелену болатын. Оның үндеуіне тек бауыры Сейіт Ахмет хан ғана қосылады, ал қалған бауырлары мен өзге жақтастары бас тартады. Қырым ханы болса одан хабардар болып, әскер жиып қарсы тұрады. Екі жақ әскері Дон өзені бойында кездеседі. Осы кезде үлкенордалықтар жағында болмашы жағдайға байланысты екі хан арасында кикілжің болып, Сейіт Ахмет хан өз ұлысымен кейін көшіп кетеді. Ал Қырым ханына уәде бойынша Мәскеуден он мыңдық әскер келмейді. Сан жағынан Үлкен Орда әскері көп болатын. Меңлі Герей хан болса, әскердің азық-түлігінің таусылғанын желеу етіп, кейін шегінеді. Бұл текетірестің нәтижесінде Шейх Ахмет хан өз дегеніне жетеді.
Үлкен Орданың Қырымға жақын келіп қыстауы ол үшін өте қауіпті еді. Сол себепті де Қырым ханы өзіне төніп тұрған қатерден құтылу үшін келесі жылғы шешуші шайқасқа мықтап дайындалады. Шайқас қарсаңында Қырым жағында Осман империясы, Қазан хандығы, Мәскеу княздігі және Молдова болса, Үлкен Орданың бұрынғы одақтастары – Литва княздігі, Ноғай Ордасы және Қажытархан хандығы бұл жолы бейтараптық танытады. Басқаша айтқанда, өз заманында атағымен бүкіл әлемді тітіренткен Алтын Орданың тікелей мұрагері – Үлкен Орда өз тарихының соңғы айлары мен күндерінде ешкімге керексіз боп, жалғыз қалады.
Шейх Ахмет хан Сула өзенінің Днепрге құятын жерінде бекініс салдырып, ордасын сонда орнатады және Қырым әскерін сонда күтеді. Екі хан да қарсыластар жағында не болып жатқанынан жасырын түрде хабардар болып тұрды. Әсіресе, Меңлі Герей хан қарсыласының әр демін біліп тұрды деуге болады. Өйткені, қыстың қатты суығына тоңып, ашыға бастаған Үлкен Орданың көптеген рулары толығымен Қырымға ағылып жатқан еді. Тіпті, осы жылы қыста Шейх Ахмет ханның көп әйелдерінің бірі өз жақтастарымен Қырымға қоныс аударады. Бұл жағдай Шейх Ахмет ханды қалай әлсіретсе, Меңлі Герей ханды дәл солай күшейтеді.
Екі жақ арасындағы шешуші оқиға 1502 жылдың маусым айында өтеді. Оқиға барысы былайша өрбиді. 1502 жылдың 14 сәуірінде Меңлі Керей хан Кефеде түрік сұлтанының ұлы Мехмедпен кездесіп, Қырық Ерге қайтып оралады. Ол 27 сәуір күні, яғни оразадан он өткеннен кейін жорыққа атануды жоспарлайды. Бірақ та Мәскеу елшілігінің келуіне байланысты кешігіп, 3 мамырда ғана атқа отырады. Қырымды артқа қалдырып, Самара өзені бойында (қазіргі Днипро, бұрынғы Днепропетровск қаласы маңы) бірнеше күн аялдайды. Үлкен Одадан Қырымға қарай қоныс аударғандардың айтуынша, Шейх Ахмет ханның Ордасынан Перекопке дейін 9-15 күндік жол екенін естиді. Самара бойынан Қырым ханы Мәскеу князі III Иванға елшілік арқылы хат жазып, онда өзіне көмекке 20-25 маусымға дейін қарулы атқыштар отрядын жіберуді сұрайды.
1502 жылдың маусым айының алғашқы жартысында екі жақ тарапынан қандай оқиғалардың болғаны жөнінде ешқандай деректерде айтылмайды. Мүмкін, шайқасқа дейін Үлкен Орда тайпаларының Қырымға іш тартып тұрғанын байқаған Шейх Ахмет хан ашық майданға шығудан бас тартқан шығар. Мүмкін, тағы да ханның ең сенімді адамдары қырымдықтар жағына шығып кеткен шығар. Не болмаса, шайқас өтіп, қырым әскері толық жеңіске жеткен де шығар. Қалай болғанда да, Алтын Орданың туын құлатып, оны тарихтың көшіне қалдырған бұл оқиға жөнінде әзірге нақты жазба дерек мәліметтері табылғанға дейін біз, осындай пікірлерде боламыз.
Меңлі Герей ханға мәскеулік әскери күштің көмегі қажет болмай қалады. 15 маусымда Меңлі Герей хан одақтасы Мәскеу князіне қарсыласы Шейх Ахмет ханды жеңгені жөніндегі қуанышты хабарын баяндайды. Онда ол былай деп жазады: «А се Менли – Гиреева грамота. Менли-Гиреево слова. Великому князю Ивану, брату моему, много поклонъ. Слава богу, Шихъ- Ахметя недруга нашего, розогонивъ, орду его и весъ его улусы Богъ в наши руки далъ». Осы жеңілістен кейін тағынан айырылған Шейх Ахмет хан аз ғана жақтастарымен Киевке, одан соң Литваға кетеді. Ол сонда тұтқын – қонақ ретінде ширек ғасырдай уақыт болады. Тек қана 1520-шы жылдар соңына таман Үлкен Орда аумағына қайтып оралады, бірақ ширек ғасыр уақыт ішінде саяси жағдай мүлдем өзгеріп кеткен еді. Оны ешкім де мойындай қоймайды.
Сөйтіп, Алтын Орда тарихында бұл күн, яғни 1502 жылдың 15 маусымы – нақты айтқанда Үлкен Орданың, ал жалпы алғанда, Алтын Орданың толығымен күйреген күні, туының құлаған күні болып есептеледі.
XV ғасыр басында Алтын Ордада мемлекеттік идеологияның әлсіреуі өз кезегінде орталық билікті құлдыратса, керісінше, жергілікті өңірлердегі этностардың өзіндік идеологиясын қалыптастырып, олардың дербестікке ұмтылуын күшейтеді. Осы бағыттағы күрестер саяси өмірде анық байқалып, ақырында XV ғасыр соңында империяны әбден әлсіретіп, оны тарих көшінде қалдырады.
Осылайша, 15 маусым – тарихта Алтын Орданың құлаған күні екенін білгеннен кейін, оған алып келген оқиғалар мен саяси үдерістер ең алдымен, ортақ мақсаттың, ортақ идеологияның болмауының салдарлары екені белгілі. Кезінде Алтын Орда секілді алып мемлекет қалыптастырған этностардың бүгінгі мұрагер ұрпақтары тарихтың ащы сабақтарын одан кейінгі дәуірлерде көріп, бастарынан өткерді. Болашақта тарихтың ащы сабақтары қайталанбас үшін ауызбіршіліктің өте қажет екені айтпаса да түсінікті дейміз.
Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев
ҚР ҰҒА академигі ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы