26 тамызды иісі қазақ білуі тиіс!

ҚР президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың,

ҚР  Үкімет  басшысы  Асқар  Маминның 

                         Назарына!

Алда  келе жатқан  26  тамыз қатардағы  күндердің  бірі емес. Иісі  қазақ  үшін айрықша күн. Олай  дейтін  себебім  осыдан 99 жыл  бұрын   яғни  1920  жылдың  26 тамызы  күні қазақ  елінің  шекарасы заңды  түрде арнайы  қаулымен  бекіді. Сәл  тарихқа  шегініс  жасайтын  болсақ;

«1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жө­нінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыста­рының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. 12 тамыз күні Лениннің төраға­лық етуімен өткен мә­жілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқа­сында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді. Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды. Бұл – олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды. Ал осы ай­тулы дата бүгінде көптің наза­рынан тыс қалды. Ескерілмеді. Сондықтан мұны біз айтып, ха­лықтың есіне түсіріп қою – пары­зымыз»  деп жазады («Алаш  шекарасын  бекіткен  күн») журналист  Сейсен  Әмірбекұлы.  

Ащы да  болса  шындық  осы.  Бүгінгі Қазақстан  мемлекетінің  шекарасы  алаш арыстарының  арқасында  заңды  түрде  бекіді. Біз  осыны  ұмытпауымыз керек. Егерде  сол бір  өліара кезеңде Әлихан,  Ахмет бастаған алаштың арда  ұлдары иісі  қазақ  үшін жан  беріп,  жан алыспағанда  қазіргі  еліміздің  шекарасы  қалай  болатыны  бір аллаға  аян еді. Сол  арыстарымыздың белгілеп  берген  шекарасының аясында бүгінгі  күні тәуелсіз еліміз тұр. Сондықтан  қазақ  мемлекетінің шекарасы заңды  түрде  бекіген  26 тамызды  арнайы  дата (бұл  күн  қатардағы  мерекелердің бірі емес, бірегейі  болуы шарт) етіп белгілеп атап  өтуге тиіспіз. БАҚ  осы  күнге  байланысты  арнайы   мақалалар  ұйымдастырып,телеарналар  деректі  фильмдер  түсіріп,  тарихшылар,  ғалымдар  конференция-жиындар өткізіпгені жөн. Алаш арыстарының  жанқиярлық  бұл ісін өскелең  жас  ұрпаққа  өнеге,  үлгі ретінде  көрсетіп  отыруымыз керек.

Осы  күнге  байланысты  Президент арнайы  жарлық шығарып,  Үкімет арнайы  қаулы  қабылдап жатса  игі  болар  еді.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы