«Қандаймыз біз…». Қазақ өркениеттен кеш қалған ұлт па?

Қазақ қандай жұрт осы? Алдына келгеніне малданып, шүкіршілік айтып, қанағат етіп отыра беретін қораш ойлы, салбөксе ұлт па?..

Қолына қалам ұсаған ақын-жазушыларымыз, қылқалам иелері, суретшілер, жалпы өнер адамдарының көбі – өз ұлтына көңілі көп тола бермейтіндер. Олар «мені халық түсінбейді», деп жатады.

Мүмкін…

Кезінде қазақтан шыққан үлкен суретші, аты шет-жаһанға кеңінен мәшһүр Ерболат Төлепбай бір сұхбатында қазаққа көңілі толмайтынын айтып, өркениеттен кеш қалған, өнерді түсінбейтін ұлт деп кінәлағаны бар.

Араға біраз жыл өткізіп тағы бір айтқанында, әлі де иісі қазақтың түсінігіне көңілі хош еместігін білдіріпті. Оқып көрелік:

— «Біз өзі сондай халықпыз ғой. Кейде «қолда бар алтынның» қадірін сезіне бермейміз. Бәлкім, көш жүре түзелер. Біз де өнерді Еуропа халқындай қадірлейтін күнге жетерміз. Бұқаралық ақпарат құралдары тартқан хабарларға қарап отырсаң, шетелде өнерді керемет қадірлейтінін, сүйетінін, дәріптейтінін жиі сөз етеді.

Сөз жоқ, солай. Оны мойындауымыз керек.

Яғни, барды бар, жоқты жоқ деп айтуға тиістіміз. Өкінішке қарай, өз еліміз жайында олай мақтана алмаймыз.

Өнердің құндылығына терең мән бере бермейтін халықпыз. Неге?

Осы сұраққа өзім де толық жауап бере алмаймын.

«Неге?» деген сауал үнемі көкейімде тұрады.

Жалпы, өмірде бәрі өткінші. Адам нәресте болып өмірге келді, өмір сүрді, қартайып өмірден өтті. Ал сен өмір сүріп кеткен заманды, кейін дүниеге келген ұрпақтар қайдан біледі, қалай бағалайды? Мәселе сонда. Келер ұрпақ сен өмір сүрген дәуірді сенің қол жеткізген жетістігіңмен бағайлайды. Солай ғой. Сен салған сурет, қашаған мүсін, жазған керемет ән не болмаса тұрғызған ғажайып ғимарат сен өмір сүрген дәуірден мағұлмат береді. Ұрпақтың көңілі толса, онда «алтын ғасыр» болған екен деп дәріптейді. Көңілі толмаса, «құлдырау дәуірі», — деп тағы да бағасын береді.

Мысалы, маған біреу «өткен ғасырдың құнды дүниесі не?» десе, бірден ол өткен ғасырдың басында дүниеден өткен ұлы ақынымыз, тамыры тереңге тартқан ойшыл Абайдың бір жапырақ қағазға сиямен жазып кеткен өлеңі дер едім. Өйткені оны Абай өз қолымен жазды. Сол дәуірде өмірге келген саяси қарайткерлерді де, белгілі тұлғаларды да мен одан жоғары қоя алмаймын. Егер ғайыптан Абайдың өз қолымен сия тамыза отырып жазған бір тал қағазы түссе, оны алтын рамкаға салып, төріме іліп қояр едім. Өйткені мен үшін өткен ғасырдың ең құнды дүниесі сол. Өзгелер де құнды дүниелерді осылайша сүюін, осылайша қадірлеуін қалар едім…».