Қазақ қызы шетелдікке неге әуес немесе Қазақстан бойжеткендерді экспорттаудан екінші орында

Өткен жылы Пекиндегі элиталық «Бойдақтар клубы» Астанаға некелесу мақсатында келе жатырдеген ақпаратқа  әлеуметтік желілер дүр етіп, кейбір қыздарымыз елеңдеп қалды.    Қыздармен танысайық деген ұсыныс әу баста қытайлық бойдақтар тіркелген элиталы клубтан шыққанға ұқсайды. Сөйтіп жеңгетайлық басталып кеткен.

Осы тұста “халықаралық  неке агенттіктерінің айдың-күннің аманында құдалық мәселесіне бел шешіп кірісуі қаншалықты заңды?”  деген сұрақ туады. Себебі мұндай агенттіктер саны көп бізде.  Олардың міндеті тек күйеусізге  күйеу тауып берумен  ғана шектеледі.   Жат жерге ұзатылып барған қыздардың одан кейінгі тағдыры – Аллааға аманат.

Медициналық тұрғыдан 27-28 жастағы нәзік жандылар кәрі қыз болып есептеледі екен. Ал кәрі қыздардың орташа жасы – 40. Мамандардың айтуынша, қоғамда кәрі қыздардың көбеюіне, ең біріншіден, ер адамдардың әйелдерге қарағанда аздығы әсер етеді. Оның үстiне, ҚР Статистика агенттiгiнiң мәлiметiнше, ер-азаматтар әйелдерге қарағанда 10 жыл кем өмiр сүредi.

Қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел бұл мәселе ешқашан заңмен бір күнде шешіле салмайды дейді. Мұның ментальдық санамызға әсер етіп келген тұстары қоғамдық санада жерсініп кеткен.    Мысалы,    қазақтың оқыған азаматтары арасындағы   өзге ұлттың қыздарына үйлену үрдісі   1930 жылдардан басталыпты.   Жағдай ушығып бара жатқан соң   ел ағалары  1944 жылы   қазақ қыздары үшін Алматыдан Қыздар педагогикалық институтын ашып,   жігіттеріміздің бетін бері бұрыпты.  1950 жылдардан бергі кезеңде қазақтың оқыған қыздарының саны күрт артты. Сол  кезден бастап қазақ қыздары қазақ азаматтарын ғана емес, әлемді сұлулығымен, қылығы, ақыл-парасатымен ғана емес, білімімен, зейінділігімен тәнті  етті.   Қазақ қызының ХХ I ғасырдағы талғамы  –  қазақ жігітіне сын болып тұр. Мұқағалидың тілімен айтқанда,  «қыздарымыз қазақтың жігітінен жар таба алмай,  «мұхит асып келген жігіттерге  мұң шағып  жүр».

Біздің қазақ елі  ТМД елдерінде ғана емес, Орта Азияда қыздарының жоғары білім алуына көңіл бөлетін елдердің көшін бастап тұр. Мұндай деректі БҰҰ растайды. «Қазір 22 жас пен 64 жас аралығындағы  қазақ әйелдерінің 100 пайызы  орта білімді, 79 пайызы жоғары білімді.  Ал жоғары білімді еркектердің үлес салмағы 67, 5 пайыз».  Бұл – БҰҰ дерегі.

Мұқағали ақынның 1970 жылдары айтып кеткен «Әйел деген әдемі ғой, әдемі, әдемілік бізге көптік етпейді» деген жыр жолдары 2017  жылы өмір сүріп отырған қазаққа жұбаныш әкелмей тұр.  Мәселенің күрмеуі тым шиеленісіп кеткен.    Халықтың  44 пайызы ауылдық жерде тұрады:  Соның  ішінде, жоғары білімді 68   пайыз еркектің  22 пайызы ауылда.  Ал оқыған, көзі ашық қазақ қыздары қолына дипломын алған соң қалада қалып қоюға тырысады.  Ал қалада қалған  32    пайыз  жоғары білімді еркектер екінің бірінің уысына түсе бермейді. Сондықтан, қыздарымыз үйсіздіктен және күйсіздіктен құтқаратын күш деп шетелдіктер жігіттерге көз салады .

1940 жылдардың  өзінде үкімет басында отырғандар орыстандыру саясаты мақсатымен одақтас республикалар арасында аралас некеде тұрғандарды санамалап көрсе, бірінші орынға Латвия елі шықса, Қазақстан екінші орынға шығыпты.

  Тарих доңғалағы ХХI ғасырдың басында жүрісінен жаңылып, сол деректі тағы да алға тосты.   1990 жылдардан бастап қазақ қыздарының таңдауы  шетелдік азаматтарға  ауып,  77 жыл бұрынғы жағдайды қайталап тұр.   ТМД елдерінде бойжеткендерді экспорттаудан біз Ресейден кейін екінші орындамыз.

 

Мамандар «мұның бір­не­ше себебі бар» деп, жат жұрттық болып кеткен қыздарымызды ақтап алуға әлек болып жатыр. Олардың айтқанына сенер болсақ,  бой­же­тіп, тұрмыс құруға дайын қыздардың са­ны жiгiттерге қарағанда бiрнеше есе көп. Екiншiден, Қазақстанға келіп, нәпақасын тауып жүрген шетелдiк жұмысшылардың саны да уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Және шетелге барып, оқыған қазақ қызда­рының сол елде қалып, тұрмысқа шығып жатқандары да жиi кездеседi.

Қыздарымыздың қалағаны «жақсы жағдай» болса, шетелдік күйеу баланың көксегені не? Бұл жағына барлаған ешкім жоқ. Бізге тек қатал заң жетпейді. Мәселен, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді. Ал, арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап барып, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ доллар көлемінде салық төлеу қажет. Ал бізде ше? Бізде көлденең келген көк атты қыздарымыздың көрпесіне кіріп кете береді.

Елiмiздiң статистика агенттiгiнiң мәлiметiне сүйенсек, шетелдiктермен некеге тұрған отандастарымыздың 50 пайызы Ресей азаматтарымен некелеседi екен. Одан кейiнгi орында өзбек және қырғыз жігіттері  тұр. Соңғы жылдары олардың қатары түрiк, қытай, арабтан шыққан су жаңа «күйеу балалармен» көбейді.  Қазір нәсiлi бөлек келiндерден гөрі, күйеу балалардың саны әлдеқайда көп.

Көршi мемлекеттерден бөлек, елiмiздiң iрi қалалары мен  кәсiпорындарында  қызмет ететiн қытай, түрiк, ағылшын жiгiттерiнiң құшағында жүрген қаракөз қыздар қаншама?!

Африка құрлығы мен Үндiстаннан келген қара нәсiлдi күйеу жiгiттер де баршылық. Бұл бізде ғана емес, барлық елде өтіп жатыр. Ресей мемлекетi жыл басында орыс қыздарының қытай жiгiттерiне жиi тұрмысқа шығып жатқанына дабыл қақты. Ғалымдары мен саясаткерлерi мұның қауiптi екенiн айтып, неден сақ болудың қажеттігін ескерте бастады.  Өйткенi, Қытайдағы «бiр бала» саясатының арқасында көптеген отбасылар дүниеге қыз баладан гөрi, ұл бала әкелудi жөн көредi. Соның арқасында ұлдардың саны күрт өскен. Кейбiр деректерге сүйенсек, бүгiнде 20-30 жас аралығындағы қытай жiгiттерiнiң 30 миллионы бойдақ. Сондықтан, қытайлықтар еркектерiн «экспорттап», соғыссыз-ақ  бес құрлықта қарасын көбейтіп жатыр.    Осы тұста “шетелдіктердің назары өзбек,түрікмен  тәжік қызы  емес, қазақ қыздарына ауа береді” деген сауал көлдеңдеп шыға береді. Сонан соң, амалымыздың жоқтығынан көрші елдердегі халықаралық неке секторын бір шолып шықтық. Көрші елдерде бұл тақырып дәл біздің ел тәрізді күйіп тұрған жоқ.  Өз -ағамыз өзбектер тал бесіктен берілетін тәрбие арқылы есікте жауып қойса, түрікмен ағайындар қыздарының “ставкасын”  көтеріп,  ұлына күйеу болғысы келетіндердің  бетін бұрып жіберді. Қазақстандық басылымдарда  халықаралық құдалық саясаты, қалыңмал туралы тақырып ұмыттырып барып көтеріліп тұратын. Салық кодексіндегі өзгерістер, құны қымбат көліктерге, зәулім үйлерге көтерілген қосымша құн салығынан соң  шетелдік күйеу балалардан қалыңмал салығын заңдастыру туралы креативті ұсыныстар пайда бола бастады: Тіпті аты-жөнін айтуға жүрексінетін салқынқанды саясаткерлеріміздің бірі  жақында твитердегі парақшасында «Егер, қара халық жылай бастаса, онда тартып алуға жарайтын мүлкінің  қалғанының белгісі.  Ал күле бастаса, қалтасында түк қалмағаны» деген мақал Шыңғыс хан заманынан қалған.  Салық Кодексіндегі өзгерістерден соң  «мемлекетаралық қалыңмал саясатын заңдастыру» туралы қалжыңды түсінуге болады» деп жазыпты.

Бір қызығы, мемлекетаралық  құдалық саясаты,  қалың мал тақырыбы    әлеуметтік желілерден Парламент төріне  шығып, бүкіл халықтық сипат алған кезі де болған.

Осыдан үш жыл бұрын  Сенат депутаты Жабал Ерғалиев «Қыздарды шетелге оқуға жiберуге тыйым салу керек» деген бастама көтердi. Артынша Мәжіліс  депутаты Светлана Жалмағамбетова: «Қазақ қыздарының шетелдіктерге шығу, шықпауы өз еркі. Елімізде – демократия. Әрине, басқа  елдерде тәжірибе бар. Мәселен, Тәжікстанда, Өзбекстанда қыздары басқа елдердің азаматтарына тұрмысқа шықса, онда олардан қосымша  қаржы талап етіледі. Біз қаржы талап ететін ондай кедей мемлекет емеспіз ғой. Ал басқа дамыған елдерде ондай шектеу жоқ» деп кесіп айтқан. 

 

Сенатор мен мәжілісменнен кейін бұл тақырыпқа қайта оралған халық қалаулылары  жайлы естіген де, көрген де жоқпыз.  Кезінде тоқал тақырыбына келгенде сеңдей толқыған халық қалаулылары халықаралық құдалық саясатында үнсіздік танытқанды жөн деп тапқандай.
Қалыңмалды заңдастыру саясаты ТМД елдері үшін жаңалық емес екен.  Осыдан ондаған жыл бұрын   Түрікменстанның  тұңғыш президенті Сапармұрад Ниязов журналистермен кездескен кезде  қалың малды мемлекетаралық деңгейде заңдастыру – мемлекетаралық құдалық саясатының бір тармағы екенін жасырмаған. «Қызы бар елдің назы да бар» екенін мемлекетаралық деңгейде де ескертіп отыру керек екендігін, қызын берген елдің іштен де, сырттан да  шалатынын ескерткен.

«Қалыңмалды халықаралық деңгейде заңдастырған  мемлекеттер  тек  Сауд Арабиясы немесе Түрікменстанмен шектеліп қалмайды. Тіпті Қытай Халық Республикасы, керісінше бейресми түрде шетелден әйел алған қытай азаматтарына «қалыңмал» төлеп, сол азаматтың сол жат елде үйленіп, жер иеленіп, бала-шағалы болып, сосын арт жақтағы туыс-туғандарын шақырып алуына экономикалық жақтан көмек береді екен. Тіпті Европада, Орта Азияда, Африкада үйленіп, азаматтық алуға қытай үкіметі әртүрлі ставкадағы қаржылай көмек берілген.  Соның ішінде ең жоғары көмек Еуропа, Америка, Австралия құрлығына берілсе, ең төменгі қаржылық көмек Орта Азияға беріледі екен. Қаржылық көмек екі түрде беріледі: бірі тікелей ақшалай көмек, екіншісі  – өсімсіз несие негізінде. Осылайша,  «қалыңмал» беріп қолдап, қолпаштауының арқасында қытай азаматтары шетелдік қыздармен үйленіп, сол елде азаматтық алып, тез көтеріліп  жатыр.  Құдалықтың мұндай  халықаралық деңгейге көтерілген саясаты  қытайдың ежелгі аз ұлттарды басып алудың, өзіне қаратудың, ең бастысы қара көбейтудің сыннан өткен тәсілі болып шықты.  Қазір қытай елі иегінің астындағы Орта Азияны қойып, сонау алыстағы Африка елдерінде қызу үйленіп, азаматтық алып жатыр. Африканың қара маржандай кербез сұлулары бойы бір метрден аспайтын қытайлықтармен отбасын құрып, қытайлардың үлес салмағын көбейтіп,  генотипін өзгертіп жатыр.  1990 мен 2012 жылдар арасында дүниеге келген қытай азаматтарының 32 пайызы – аралас некеден туғандар.  Бұл – Қытайда. Ал біздің елде жыл сайын  100 мыңға жуық неке қиылады. Соның ішінде 20 пайызы – аралас неке. Қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне назар аударсақ, 18-20 жас аралығындағы қазақстандық қыздардың үштен бірі (оның 50 пайызы  – қазақ қыздары) шетелдіктерге тұрмысқа шығуға әуес.

 

Рауан Ілиясов

Сарапшы