Қазақ үшін тәуелсіздіктің құны бес тиын!

Қазақ әлі күнге тәуелсіздіктің қадірін жан дүниесімен сезіне алмай жүр. Кезегімен келіп, кетіп жатқан көп мейрамның бірі секілді, ат үсті қарайды. Бостан болудың, азат болудың не екеніне әлі бойлай алмауда. Бәлкім бұл, тәуелсіздіктің ақ найзаның үшімен, ақ білектің күшімен келмегендігінде болар-ау.
Рас, қызыл империяның озбыр саясатына қарсы Қазақстанда, Қап тауында, Балтық бойында толқулар болды. Қанды қол Кремль бәрін езді, жаншып тастады. Бірақ, сол бұлғақтар мызғымас одақтың көбесін сөккені хақ. Шаңырағын шайқалтты. Ал 1991 жылы әлем тарихындағы ең бір озбыр, рақымсыз империя омақаса құлады. КСРО-ның қанды шеңгеліне ілігіп, құрбан болған миллиондардың қарғысы, зауалы текке кеткен жоқ. Алып империяны алып жықты, ақыры. Он бес республика ұлттық байрақтарын көтерді. Бостан болды. Соның бірі, біз-қазақ. Бір өкінішті жағдай, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтседе, біз ата-бабаларымыз аңсап, қол жеткізе алмай кеткен сол тәуелсіздіктің нарқын сезіне алмай жүрміз. Тәуелсіздік өз аяғымен келгендей қабылдаймыз. Содан болар, тәуелсіздіктің құны бес тиын секілді көрінеді. Содан болар, әлі күнге ұлтымыз қандай ұранның, ұлттық мүденің айналасына топталуды білмеуде. Бұл дегеніміз, ұлттық идеологияның әлі күнге қазақ даласында бүр жармауында. Ұлтты өзіне ұйытатын іліп алар ілгектің болмауында. Бұл дегеніміз, сананың һәм рухани бостандықтың кемдігінде. Ал, рухани бостандық алмаған ел, құлдықтың шынжырынан босамаған ел. Ащы да болса шындық осы.
Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру» жер-жерде тек іс-шара өткізу деп ойламау керек. Ең алдымен әр кім өз санасын тазалау, сананы жаңғыртудан бастауы тиіс. Сонда ғана біз азат ел екенімізді, бостан халық екенімізді сезінеміз. Сонда ғана тәуелсіздіктің қадіріне жетеміз.

Қазақтың белгілі жазушысы Қабдеш Жұмаділ «Таңғажайып дүние» деген ғұмырнамалық романында Қазақстан тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін күйзеле отырып жазыпты. Содан үзінді ұсынып отырмыз. Бәлкім, тәуелсіздігіміздің қадіріне жете алмай жүргеніміздің бір үші сонда жатқан шығар…

«Біздің Қазақстан өз тәуелсіздігін қашан жариялайды деп тағат тауысқан сол бір 1991 жылдың күз айлары әлі күнге дейін көз алдымда. Республикалар топ-тобымен КСРО-дан бөлініп кетіп жатыр. Балтық жағалауындағы үш республика ерте көктемде-ақ еншілерін бөліп әкеткен. Көп ұзамай, оларға Молдова қосылды. Жаз ортасында Кавказдағы Армения, Грузия, Азербайжан да тәуелсіздік жолына түсті. Азаттық таңы енді шығысқа қарай жылжып келеді. Міне, Тәжік пен Түрікпенде өз туларын көтерді. Соларға іле-шала 31 тамызда қырғыздар, 1 қыркүйекте өзбектер тәуелсіздік жариялады. Ендігі кезек біздікі сияқты еді. Жоқ, олай болмады. Қазақстан орнынан қозғалар емес. Нені күтіп, кімге қарайлап отырғанымыз белгісіз. Егер сол күндері қырғыз бен өзбекке ілесе, біз де тәуелсіздік жаряласақ, «мұның қалай?» дейтін пенде жоқ. Әркім өз басымен әлек болып жүрген кез. Ал біздің құлдыққа етіміз өліп, көндігіп алғанымыз сонша, мүлде бос қалған, әркімдер-ақ үлесін алып жатқан бостандыққа қол созғымыз келмеді.
Нәтижесінде, КСРО-ның ескі жұртында кімдер қалды дейсің ғой? Ресей, Украина, Беларуссия және біз. Алғашқы үшеуін түсінуге болады. Ағайындас үш славян республикасы ежелден-ақ империя ошағының үш бұты боп келген. Олар қара шаңырақ астында қала береміз десе де жарасады. Ал, олардың қасындағы Қазақстан қара қосын неге жықпай отырғаны түсініксіз. Не керек, біз қырғыз бен өзбектен кейін де, үш жарым ай тапжылмай отырдық. Бұл да ештеңе емес, қызығы алда. 1991 жылы, сегізінші желтоқсанда Ресей, Украина, Беларуссия КСРО-ны өз қолдарымен таратты да,бет-бетімен бөлініп кетті.Сонымен, империяның жұтаған жұртын біз ғана күзетіп қалдық. Қара шаңырақтың иесі өзге емес, біз сияқтымыз. Арғы Романовтар әулеті, бергі Ленин мен Сталиннің аруағы қазаққа разы шығар-ау! Өзінің бодандық антына, құлдық салтына біздей адал жұрт болмас..
Енді империяның орны құр тұрмауын қарастырып жүрміз. Он бірінші желтоқсанда Ресей бастатқан бұрынғы республика басшыларының біразын (Балтық бойындағы елдер келмей қалды) Алматыға шақырып алып, тәуелсіз мемлекеттер достастығын құрдық. Тек осыдан кейін ғана, империя тарап кеткен соң сегіз күннен кейін, 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін зорға жариялады. Сөз жоқ, біздің тарихшылар кейін бұған да бәтуа табады. Әйткенмен, қолымызға өзі келіп қонған бостандықты үш жарым ай кешіктіріп, тәуелсіздік күнін желтоқсанның қақаған аязында қарсы алуға мәжбүр еткеніміз үшін, келер ұрпақтан кешірім сұрауымыз керек!
Сол 16-желтоқсанның аязды кеші қазір де көз алдымда. Мен тәуелсіздік жариялайтын сәтті күте-күте шаршап, ақыры үміт үзіп қойғанмын. Сол күні кешке таман теледидар алдында жаңалықтар тыңдап отыр едім, бір мезетте диктор әйел:

  • Бүгін республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тәуелсіздігін жариялады, – деп хабарлады.
    Жәй, көп жаңалықтың бірі ретінде сыдыртып өте шықты. Тәуелсіздік алған Қазақстан емес, айдаладағы Эфиопия ма,Мозамбик пе, біреу сияқты… Мен басында не айтып тұрғанын түсіне алмай қалдым. Қайдағы тәуелсіздік?
    КСРО баяғыда тарап кеткен жоқ па еді? Және мұндай хабарды неге диктор айта салуы керек? Мемлекет басшылары ел-жұрттың алдына шығып, неге салтанатты түрде жарияламайды? Өз халқынан неге сүйінші сұрамайды?
    Алайда, өкініштен қуаныш басым еді. Бір уақытта қарасам, көзімнен тарам-тарам жас парлап отыр екен. Ағыл-тегіл қуаныш жасы…
    Құдайдың мұнысына да шүкіршілік. Сан жылдар қан төге, тер төге жүріп, азаттықтың таңына жеттік –ау, әйтеуір!
    Дүниеде бостандыққа пара-пар келетін не бар? Сол үшін қанша адам басын берді. Осы күнге жете алмай, қазақтың қанша азаматы құсамен өтті?!
    Қалай дегенмен, дүниедегі ең жыртқыш, ең рақымсыз империяның құлағанын өз көзіммен көріп, азаттық таңына куә болған бүгінгі ұрпақ бақытты еді!».