ҚАЗАҚ НЕГЕ ҚАҒАНАТ ҚҰРА АЛМАДЫ?

Қазақтың бүгінде қолына қалам ұстағаны  да, ұстамағаны  да:  «Кеше  біз алып болдық, батыр  болдық. Жағаласқанның  жағасын жырттық. Тізеліні  тізерлеттік. Бай  болдық, бағлан  болдық» – дегенді мақтанышпен жиі айтады. Бәлкім, еңсемізді көтеріп  жүру  үшін  осылай деу қажет шығар. Рас,  өз уақытында  атам қазақ жауын бетіне  қаратпаған, әбжіл  болды. Ерсіз ат  мініп, жалаң қылышпен  жауға  шапты. Елін-жерін қорғады.  Қырды. Қырылды. Мың өліп, мың тірілді. Бірақ қазақ  деген  атты  сақтап қалды. Бұл  – жеке әңгіме. Бірақ  сол  баһадүр  қазақ   неге өзгеге  үстемдігін жүргізе алмады? Ат ойнатып келген  жоңғар, қалмақпен де, тізесін  батырған Қоқан,  Хиуа хандықтарымен де, қылбұрауға алған Ресей  патшалығымен де, мыңдаған шақырымға созылған тас  қабырғадан асып түскен  қытай-бодыхандарымен  де  қазақ  өз жерінде  соғысты. Тек азаттық үшін күресті  жүргізумен  ғана шектелді. Сауытынан  қан тамып, үзеңгісінен тер  тамып, өзге  жұртты  ат бауырына алған бұрынғы  ата-бабаларының  ерлігін қайталай алмады. Неге? Шығысы Корей  түбегі,  батысы  Карпат таулары, солтүстігі Байкал  көлінен  оңтүстігі Ордос жазығына дейінгі  аралықтағы   халықты бір  мемлекет етіп, бір ұранға тәжім еткізген,  бағзы  бабаларындай  әбжілдік қолдарынан келмеді. Қытайға  тас қабырға  тұрғыздырған сақ пен  ғұндардай,  Алтайдан  Арал теңізіне дейін аралықты иелік етіп, Қытай,  Рим,  парсы жұрты  қас-қабағына  қарап саясатын  жасаған  түркілердей, сол  көк түркінің бір  тармағы селжүк-осман  түріктеріндей  қазақ  неге ұлы  қағанат құра алмады? Қазақ  300  жылдай  өмір сүрген,  әлем  тарихында Алтын  Орда деген аты қалған Ұлы орданың  тікелей   мұрагері емес пе еді. Әлде бұған  сыртқы жау емес, ішкі  бас араздық,  жікшілдік тұсау  болды  ма?

Қазақ  хандарында  империялық   пиғылдың нышандары  сезілгенмен оны дамытпады

 

Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымдарының  докторы:

– Қазақ хандарының негізгі көздегені өзге  елді басып алып,  езіп-жаншу  емес еді. Оның  арты  түбі жақсылыққа апармасын  білді. Өйткені  кез келген империяның соңы  құрыдым.  Біз өзімізді  тікелей Алтын  Орданың мұрагеріміз деп жатамыз. Дұрыс.  Дау  жоқ. Сол  300 жылдай өмір сүрген Алтын Орда  кейіннен түрлі тарихи  жағдайларға  байланысты ыдырап, Астрахань, Қырым, Қазан, Қазақ, Өзбек  хандықтары  болып  бөлініп кетті. Қазіргі  орыс тарихшыларының өзі Алтын  Орда  жөнінде сондайлық жаман  пікірде  емес. Тіпті «Алтын  Орданың  дойыры, орыстың ұсақ князьдықтарының  бірігуіне  себепші болды. Езгіге  қарсы ымыраласуына  жол ашты. Орда билеушілері  алым-салық  алғанмен  орыстың дініне, әдет-ғұрпына тиіскен  жоқ»  деседі. Бұл – ақиқат. Иә, алаш баласының империялық ой-арманы болмаса  да, оның нышандары қазақ  даласында болды. Мәселен, Қасым ханның тұсында қазақ даласы   екі-үш есеге кеңейді. Атақты Қасымның 300  мыңға тарта айбынды әскері  болды. Орта  Азиядағы ірі  мемлекет  атанды. Хақназар  кезеңінде  башқұрттар Қазақ  хандығының  қолына қарады. Тәукенің иелігіне қырғыз, қарақалпақ, т.б  елдер тәжім  етті. Тәуке  хан дала заңы  «Жеті жарғыны» жазғанда оған қазақ  билерімен  қатар, қырғыз, қарақалпақ  билері де қатысқаны белгілі. Демек,  қазақ  хандарында  империялық   пиғылдың нышандары  сезілгенмен оны дамытпады. Оның себептері бар. Ең  бастысы,  қазақ  хандары  өзге елді жаулап, тәуелді етуге  ұмтылмады. Қоңсылас  отырған  жұртпен бейбіт саясат  жүргізуге  тырысты. Бәрін  өздерімен тең көрді. Сыртқы басқыншыларға  тойтарыс   бере отырып өз  шекарасынан  шыққан жоқ. Қорғаныс  ұрыстарын,  өз жерін азат ету соғыстарын  ғана  жүргізумен шектелді. Мұның  өзін қазақ  хандарының  көрегендігі ме  деп қаламын. Өйткені айналада болып  жатқан  оқиғалардан  һәм  өткен арғы-бергі  тарихтан  олар  хабардар еді. Кез келген  империяның  түбі күйреу екенін сезінді. Өзгенің дәргейіндегі  халық,  түбі азаттық күресін  жүргізе  отырып, бостан болуға ұмтылатыны хақ. Демек, қажетсіз қанды қақтығыстар, жазықсыз құрбандар қазақ хандарына керек емес еді. Олар өз  иелігіндегі территорияны ғана  ұстап  қалуға,  сақтауға  ұмтылыс  жасады. Лев Гумилев зерттеп, айтқанына қарағанда  көптеген империяның  дәурені  200  жылдан  аспаған. Әрине,  6 ғасырдан астам уақыт  өмір сүрген Осман империясы  секілді  алыптар да  бар. Егер де І Дүниежүзілік соғыс  болмағанда  Осман империясының ғұмыры одан да  ұзақ болар  ма еді, кім білсін? Оның күйремей  ұзақ жасауының бір  себебі, османдықтар  моральды  жолға  қойды. Яғни,  адамгершілік бірінші  орынға шықты. Осман сұлтандары қол астындағы   барлық халықты  тең  көрді. Ешкімді  күшпен дініне кіргізбеді,  дәстүріне тиіспеді. Өміршеңдіктің бір  ұшы осында жатыр. Қазақ хандарының негізгі ұстанымы – өзге жұртты басып алып, билеу емес, бейбіт саясат жүргізу.  Бұл империялық  пиғылдан ада етті.

 

Қазақтың  империя  құра алмауының  үш  себебі

 

Айдос  САРЫМ, саясаттанушы:

 

– Қазақ  хандарының  көкейінде ірі  мемлекет  құру  туралы ой болмады  десек,  өтірік айтқанымыз. Іргемізді  бөліп,  Қазақ  хандығын  құрудағы мақсат та  сол  еді. Қасым хан  мен  Хақназардың  заманында  қазақ елінің шекарасы бірнеше  есеге  кеңейді. Өзге жұртты өзіміздің бауырымызға  тарта  отырып,  күшейдік. Қазақ  жұртына  шекесінен  қарағандарға,  иық тірестіре  сөйлесетін дәрежеге  жеттік. Бұл жетістік  еді. Бірақ  оны  ары  қарай  неге  дамыта алмадық? Алапауыт империялардың қатарынан  неге  табылмадық дегенге  келетін  болсақ,  мен оның  үш  себебін айтар едім.

Біріншісі, Қазақ  хандығы құрылған кезде, осы өңірдің  шырайын сауда-саттық  арқылы  кіргізіп тұрған Ұлы  Жібек  жолы өмір сүруін  тоқтатты. Оның да бірнеше себептері бар еді. Ақсақ Темірдің  жорықтары, одан кейінгі  сауда  жолына иелік еткен Осман  сұлтандарының сауда керуендеріне  алым-салықты  көбірек енгізуі  дер едім. Бұл саудагерлерге  тиімсіз  болды. Сондықтан өзге  жолдарды қарастырды. Соның арқасында теңіз  жолдары  ашылды. Сол тұста Америка  құрлығы белгілі  болды. Еуропа саудагерлері оңай олжа  іздеп солай  ағылды. Осының бәрі қазақ  хандығының дәуірлеуіне  кері  әсер  берді. Өйткені  империялық  жобаларды  жүзеге асыру  үшін   қаражат керек. Қаражат келетін  жолдар жабылып  қалды. Көрші елдер арасындағы алыс-беріс, ірі  жобаларды  жүзеге асыруға жетпеді.

Екіншісі  технологиялық тұрғыдан арта қалу. Сол заманға  лайық от қарулардың қазақтың  қолында  болмады. Өзге жұрт мылтық,  зеңбіректі  соғысқа  пайдаланып  жатқанда, біз жалаң  қылышпен жауға  шаптық. Жанкешті батырлықтың арқасында қысқа  мерзімді соғыстарда  жеңіске жетіп жүргенмен, ұзақ  мерзімді соғыстарға шыдамасымыз белгілі еді. Өйткені   Қазақ  хандығы  құрылған тұста  тек  сойыл-шоқпармен жаһанға  атой салу мүмкін емес-ті.

Үшінші мәселе мемлекеттік құрылымға байланысты. Феодалдық бытыраңқылық  аяққа  тұсау  болды. Бір  жүйеге  ғана  бағынған орталық басқарылым болмады. Алтайдан Еділге  дейін, Ібір-Сібірден Тәңіртауға дейін аралықта  шашылып  жатқан қазақ халқын басқару оңай  емес. Осының бәрі өзге  елді жауламақ тұрмақ,  іргесі  мықты мемлекет құруға  қиындық келтірді.