Қазақ неге тарихи сериал түсіре алмайды?

Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия секілді елдер өткен тарихын, мәдениетін, жаугершілік замандарын киноға айналдырып, көрерменге ұсынуда. Өйткені қазіргі жұрт кітап оқымайды. Ащы ішектей созылған кітаптан немесе қасаң тілмен жазылған ғылыми еңбектен гөрі кино көрген әлдеқайда қызық, әрі оңай.

Осыны түсінген кәрістер мен түріктер өздерінің тарихын қалайда жастардың бойына сіңіру үшін киноны қолға алып, тарихын көгілдір экран арқылы ұлттың жадына құя бастады.

Олар ұтты

Тіпті жырақта жатқан біз де сол елдердің тарихи киноларын көре отырып, жанкешті жапон самурайы қандай болатынын білдік, үркуді білмейтін жеңімпаз кәріс батырларын таныдық, түріктің Осман империясының өркендеуі мен құлдырауынан хабардар болдық. Содан болар, қазір біз сұлтан Сүлейманның туған туысы, бала-шағасының, одан қалса құл-күңдерінің аттарына дейін білеміз.

Кәрістің батыры Там Доктың батырлығына тәнті боламыз.

Міне, бұл тарих кино тілінде сөйлегенде болатын әсер, жадымызда сақталып қалар жаңғырық.

Бірақ бізде де сондай батырларымыз болған! Өкінішке қарай, олар жайлы аттарынан басқа ештеңе білмейміз. Егер біз өз тарихымызды, текті хандарымыз бен сайыпқыран батырларымызды, қара қылды қақ жарып, әділін айтқан билерімізді көркем фильм тілімен қайта жаңғырта алсақ, болашақ ұрпақ алдында өте игі тірлік жасағанымыз. Ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білер еді.

Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды? Қалай мойындайды?» деген еді. Өткенде   ғана  Елбасы «Ұлы  даланың  жеті қыры»  атты мақаласында тарихты  жаңғырту,  кино  тілінде  сөйлету  жөнінде  тағы бір  айтып кетті. Рас,  жақында «Кейкі  батыр» сериалы  жарыққа  шықты.  Тұщымды  дүние. Бірақ Кейкі  иісі  қазақтың   ұранына айналған   батыр емес. Қазақққа Қабанбай,  Бөгенбай  секілді  үш  жүздің  ұранына айналған  батырлардың  өмірі, Қасымхан,  Абылайхан,  Кенесары  хан  секілді «алашым,  жұртым»  деп ах  ұрып  өткен, алаш  баласының бірлігі, даласының бүтіндігі  үшін  басын  құрбан еткен ел  тізгінін  ұстаған арда  ұлдардың  өмірі керек-ақ.

Шындығы сол, елдің есінде қалар, болашақ ұрпақ «мен кіммін, тегім кім, қайдан шықтым?» деп толғанғанда, «мынау менің ата-бабамның жүріп өткен жолы» деп қарайтын һәм содан рух алатын бір дүние бар. Ол – бабалар тарихын көркем фильм етіп сөйлету. Бірақ біз әлі оған жете алмаудамыз.

Рас, тарихи кино, сериал түсіруге қадамдар жасалды.

Өкініштісі, ешқайсысы сәтті шыққан жоқ. «Көшпенділер» анау күлдібадам дүние, үміт еткен «Қазақ елі» мынау бір қайнауы ішінде, шалажансар. «Жау  жүрек  мың бала»   ертегі.

Кинодағы қазақ батыры батырға тән, ханы ханға тән, биі биге тән сөз саптай алмай, қор болады. Көше баласының шатып-бұтқан тілі деңгейінде ғана әңгіме қозғайды.

Ал анау түріктің «Сүлейман сұлтаны», «Көсем сұлтаны» және қазір жүріп жатқан «Ертұғырыл» сериалдарындағы сұлтандардың, ханзадалардың, ханшайымдардың айтқандарын, сөздерін қайта-қайта ести бергің келеді. Тіпті адамға ой салар кейбір айтқандарын көкейге тоқып алып, жұрт арасында айтып жүргің келеді.

Әлде, олардың сценаристері мықты ма? Әйтеуір біздің жазғыштар

«Көшпенділерде де», «Қазақ елінде де» хандардың аузына адам ұғатын сөз сала алмай қор болған.

Жарайды, бұл басқа әңгіме.

Айтқымыз келгені, бүгінгі ұрпақ өз тегін, тарихын біліп өссін десек, кәріс пен, түрік секілді тарихи сериалдарды көптеп түсірген абзал. Қазіргі әр арна түсіріп, халыққа ұсынып жатқан бүгінгі өмір қырларынан сыр шертетін кинолар өз алдына. Тіпті олардың да жастарға керемет бір ғибрат беріп жатқандары шамалы. Әйтеуір  ақша  игеру, «тисе  терекке,  тимесе  бұтаға»  деген далбасалық.

Бір көруден аспайтын шалажансар, қойыртпақ сериалдар.

Қазір халыққа керегі «Сұлтан Сүлейман», «Көсем сұлтан», «Ертұғырыл» секілді түсірілуінде кінәрат жоқ тарихи сериалдар. Ал ондай сериалдар түсіруге шамамыз келмесе, өреміз жетпесе, жастар өзге елдің киносын көріп, солардың жетегінде кетері анық.

Бұл жөнінде белгілі режиссер Талғат Теменов былай дейді:

– «Экспансияның бірнеше түрі бар. Шетелден келетін жылдам дайындаталатын тағамдар мен газды сусындар қарын экспансиясы болса, ақпараттық экспансияға тағы жұтылып жатырмыз. Ресейдің көшірме шоу-бағдарламалары мен орыс, түрік пен корейдің,үндінің сериалдарынсыз таң атып, күн батпайды. Сериал – халықтың, анығырақ айтсақ көрермен, оның ішінде жастардың санасын, тәрбиесін, психологиясы мен менталитетін өзгертетін идеологиялық құралдың бір түрі. Осы жағынан сақтық керек. Себебі аталған дүниелер бір емес, бірнеше ұрпақты тәрбиелейтін түрі бар. Әлгі

жат елдің мәдениеті мен өнерінен, тарихынан сусындаған бала сол елдің психологиясынан арыла алмайды.

Кино туралы Заң қабылдап, шетелден сатып алынатын фильмдерді шектеу керек. Қытайда жылына 700-800 кино түсіріледі. Әлбетте, отандық фильмдерінде қытайдың мұңы мұңдалып, жоғы жоқталады. Қытай бүлдіршінінің ойы мен жүрегі тек қытай деп қана соғатыны сондықтан. Алып мемлекеттердің өзі шетелдік киноларға шектеу қойып отырады. Ал біз дамудың жолына түсіп келе жатқан енді бұғанасы қата бастаған жас мемлекетпіз. Бізге де осындай тосқауылдар қою қажет-ақ. Ондай қадамға бармайтын болсақ, түрі қазақ, бірақ жан-дүниесі өзгерген ұрпақты тәрбиелеп шығарамыз. Бұл мемелкет үшін үлкен қауіп».