Қазақтың назасы кімге?

Қазақ қазақ болып шаңырақ көтергелі сүйегі қайда шашылып қалмады?! Хандық дәуірдің алғашқы кезеңіндегі елді сақтап қалу, жерді кеңейту, жарағын сайлап келген сыртқы басқыншыларға төтеп беру үшін жүз мыңдаған боздақ жер жастанды. Қарға тамырлы қазақ «Қара қазан, сары баланың» қамы үшін жан берді, жан алысты. Қырылды, қырды. Бірақ «керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш» деп атойлап жүріп, елдігін сақтап қалды. «Жүз жылдық шайқас» деген тарихи атауға дөп келетін Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезінде қазақтың үштен екісі опат болды. Одан бергі ат үстінде атойлап өткен заман, 1916 жылғы топалаң, азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, үркіншілік жылдар, 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын -сүргін – осының бәрі иісі қазақты баудай түсірді. Мәйегін отап кетті. Бүгінгі тарихшылар мен саясаттанушылардың есебінше, 1930 жылдың жаз айынан, 1933 жылдың жазына дейін 3 миллион 379 500 қазақ ашаршылық құрбаны болған. Бұның 1 миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Демек, 2 миллион 200 мың адам аштан қырылған. Бұған 1921-22 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1 жарым миллион адам шейіт болды. 1937-38 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын -сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық алаштың арда ұлдары еді.  Бұл  жарық  дүниеде,  жүрегі  жаралы,  көзі  жасқа  толы ,  қасіреттің  мың  түрін  көрген   қазақтай  халық  жоқ  шығар,  сірә?