Ұлы даланың ұлы есімдеріне Шыңғыс хан кіре ме?

Қазақ  «Алтын Орда» базарымен әуре, ал татарлар Алтын Орда хандығының 750 жылдығын тойламақ

 

2019 жылы Қазан қаласында Алтын Орданың 750 жылдығын дүркіретіп тойлау жоспарланыпты. Оған әлем тарихшылары мен оқымыстылары шақырылмақ. «Татарстан Алтын Орданың тарихын оқып-үйрену орталығына айналған. Бұлғар қаласының гүлденуі де Алтын Ордамен тығыз байланысты. 1240-1270 жылдары бұл қала  Орданың орталығы болған» деген ол жақтың оқымыстылары көне Бұлғар қаласын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге  барынша жанталасып жатыр.

Осылай!  Қазақ Алматыдағы «Алтын Орда» базарымен әуре болып жүргенде , татарлар  Алтын Орда хандығының 750 жылдығын тойлап,  Орда иесі өздері екенін әлемге танытпақ.

Ал шын мәнінде Орда иесі, бірден-бір мұрагері  – қазақ емес пе?! Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» деп атап өтпеді ме.  Елбасы айтқан  «Ұлы даланың ұлы есімдері» ішіне Шыңғыс хан да, Жошы мен Бату да енуі тиіс. Олар кірмесе, әз Тәуке мен Абылай, Кенесарылар қайдан шықты? Шыңғыс хан – Күлтегін, Тоныкөктердің  заңды жалғасы. Ұлы дала тудырған ұлы тұлға.

Ендеше, арғы жағын айтпағанда, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы негізін салып, Бату хан қабырағасын қалаған Алтын Орда да осы қара шаңыраққа кіреді. Жошының моласы – қазақ жерінде.  Алты миллион шаршы шақырым жерде (бүгінгі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Қап тауында) қоныс тепкен, екі жарым ғасыр өмір сүрген Алтын Орда құрамында талай халық болса да, мемлекет иесі ретінде талайды дәргейіне көшірді. Құдіретті қағанатқа айналды. Дүние тарихында Алтын Орда деген аты қалды. Сол Орданың орнына  қазақ ту тікті, шаңырақ көтерді.  Рас па, рас!

Бірақ бәрі сөз жүзінде, соған сай ешқандай қам-қарекет жасаған емеспіз.  Бұл қазақтың рухсызданып,  ел болудан қалып бара жатқаны емес пе. Татарлар көзімізді бақырайтып қойып  даңқты өткенімізді  нақты иеленіп кетпек. Моғол империясын құрған Шыңғыс ханымызды  моңғол тартып алды.  Енді түбі бұлғарлар болып келетін, бертінде ғана «татар» атауын алған қазіргі Татарстан – Алтын орданың мұрагерлігін тартып алмақ. Ал өзбектер Ақсақ темірді «жеке меншіктеп» алды. Енді келіп татарлар «Алтын орданың мұрагері бізбіз» демек.

Осыдан кейін  Жошы мен оның ұлы Бату ханды әлем  көп ұзамай «татар» деп тануы мүмкін. Ал біз сақалымызды сипап әлі отырмыз…

 

Мұсабек ЖЫЛЫСБАЙ