Ақжан Машани аспаннан қалай перінің қызын түсірді?

Әл-Фарабидің қазақ екендігін мың жылдан соң дәлелдеген әрі зиратын тапқан,  фарабитанудың атасы, атақты шығыстанушы, академик  Ақжан Машани  – аспан мен жер ғылымын жаңаша зерттеудің негізін салған аса терең ғұлама  ғалым.  Ол кісінің қасиетті Құраннан  бастау алатын ғылыми ислами ілімін шәкірттері  толық меңгере алмады,  Ақжан хазірет құпиясының көбін  өзімен бірге ала кетті.

Ғұлама академик баяғының молдаларындай теріс оқуды да терең меңгеріпті.  Өмірден өтерінен екі жыл бұрын, яғни 1995 жылы  «Жынды көргілерің келе ме?» деп сұрақ қояды үйіне келген үш шәкіртіне. «Иә, көрсетіңіз» – дейді шәкірттері. «Қорықпайсыңдар ма?» дейді ол кісі. Күндізгі уақыт болған соң, шәкірттері « тәуекел» дейді. «Онда есік-терезенің пердесін жабыңдар, қорықпаңдар, мен қастарыңмын» дейді кемеңгер ғалым. Әуелі жуынып, тазаланып дәрет алған соң, ешқайсысы бір-біріне тіл қатып, бөтен сөз айтпауға және оқуды өзі белгі бергенше тоқтатпауға уағдаласады.  Сөйтіп, шәкірттеріне «Ықылас» сүресін 1000 рет, «Иасин» сүресінің үшінші, төртінші, бесінші мубинин  41 рет оқуға бұйырады. Өзі «Аятул күрсіні» 21 рет оқитын болады.  Бір жарым сағаттай уақыт өткен соң,  үй ішінде ызыңдаған дауыс пайда болады. Бір уақытта ызың орнына машинаның даусы секілді күшті дыбыс шығады. Ақжан Машани жоғары жаққа ыммен қолын шошайтып шәкірттерін қаратса, бөлменің ішкі бұрышындағы карнизді көк жасыл алау шыр айналып жүр екен. Шу содан шығып тұр екен. Шәкірттерінің зәре-құты қалмаса да, оқуды тоқтатпайды. Ақжан ата ишарат беріп оқуды тоқтатқан соң, «Астафыралла, шық, шық» деп дем салғанда, дыбыс та тоқтайды.

Шәкірттері жаңағыдай бәлені көздеріне көрсеткен соң,  құпия білімін үйренбек түгілі,  жын шақырған Ақжан атаның өзінен қорқа бастайды.

«Жын да, пері де Алла Тағала жаратқан болмыстың құбылысы. Он сегіз мың ғаламның бізге бұрын жұмбақ болып келген құпияларын ашып, заңдылықтарын білген соң, олар ғажайып жұмбақ болудан қалады. Жынның да, перінің де заңдылық негізі ашылады әлі. Сонда олар ғажайып құбылыс болудан қалады» деген Ақжан ата тағы да бір күні шәкірттеріне: «Періні көргілерің келе ме?» дейді. Бойларын үрей билесе де шәкірттері: «Көруге қарсы емеспіз» дейді. «Сендер әлденеден сескеніп оғаш қылық көрсетсеңдер жаман болады»  деген ғалым үш шәкіртінің ішінен арабшаға біршама жетік біріне   «73-ші Мүззәміл» сүресін теріс оқуға бұйырады. Теріс сүре бір сағаттай оқылғанда үйдің  ортасында бір  сұлу әйел пайда болады, жасы 35-38 шамасында. Киімі ерекше, сымбатты. Түрі адамға келгенмен, өңі, тәні қалайыға, отқа ерткен қорғасынға ұқсайды. Әйел бұларға төмен қарап күлімсірейді, ерні жыбырлайды. Академик  ымды түсінгенмен, шәкірттері дымды да түсінбейді. Он минуттан кейін көрікті қыз көзден  ғайып болады.

«Мен онымен он жыл бұрын кездескен едім, ол кезде жас шамасы 25-26-да болатын. Аты Зубатша. Ол мұсылман перінің қызы. Мұның сыры «АБЖАД» шешімінде жатыр» – дейді ғалым құпиясын сұраған шәкірттеріне және бұл сырды ешкімге айтпауға ант алады.

Дегенмен үш шәкірті Ақжан атаның оқуын қолданып, пері қызын тағы бір рет көрмек болады. Сөйтіп, 1996 жылы үш күн ораза ұстап, «Мүззәміл» сүресін 21 күн оқығанда, қатты күн күркіреп, аспаннан перінің қызы жасы қырыққа таяған Зубатша келіп түседі. Ыммен тілек-талаптарын сұрайды. Бұлар ыммен тілектерін айтады. «Біз де Алланың мақұлығымыз, талаптарыңды жеткізіп, орындауға, жәрдем беруге уәде етті деп түсініңдер, сау болыңдар»  дегенді ыммен білдіріп  ғайып болады.

Ақжан атаның  бұл үш шәкірті де  өмірде белгілі адамдар, олар:  Әшім Әріпбайұлы және Шалқар Аймаханұлы мен Әмірбек қажы.  Үш тақуа адам көзімен көргеніне куәлік етсе, бұған қалай сенбессің.  Өмір бір орнында тұра бермейді, бұл күнде шәкірттері Ақжан атаның артынан кеткен, ең соңғы шәкірті, белгілі  ғалым, қаламгер Шәмшиден Әбдіраман да өмірден өтіп кетті.

 

                       Төреғали ТӘШЕНОВ