Әлемдік Үкімет

Біртүрлі естілетін бұл сұраққа біреу ойланып қалар, екінші біреу «е, әлемнің қожасы мыналар ғой» деп АҚШ бастаған бірнеше алпауыт мемлекеттердің атын атары хақ. Бірақ ешқайсы да нақты ешкімді сұқ саусағымен көрсете алмайды. Өйткені жалпақ ғаламға дирижерлік жасап отырған мемлекет немесе нақты адам көзге көрініп тұрған жоқ. Алайда әлемнің алға жылжыған арбасының алдыңғы доңғалағын ыңғайына қарай бұрып отырған «империя» бар екені шындық.

Ол топтың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып келетіні де ақиқат. Дүниенің бар билігі сол топтың уысында. Бір сөзбен айтқанда ешқандай ұлттық шекара дегенді мойындамайтын әлеуетті, қуатты топ, жалпақ дүниедегі барлық банк қызметін, сақтандыру жүйесін, көмірсутегі шикізаттарын, өнеркәсіптерді бақылауына алған. Оларды көзге көрінбейтін, қалқада тұрып жұмыс істейтін «әлемдік Үкімет» деп атайды. Ең алғашқы көлеңкеде жұмыс істейтін «Үкімет» «Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес» деген атпен 1921 жылы құрылды. Оны құрған америкалық банкир Морган еді. Ол құрылым АҚШ федералдық қорына, Нью-Йорк қор биржасына және ірі бұқаралық ақпарат құралдарына бақылау жасады.

Бұдан кейін америкалық және еуропалық элиталық топтардың басын біріктірген, 1954 жылы «Бильдерберг клубы» дүниеге келді. Ал 1968 жылы «Рим клубы» пайда болды. Бұл ұйымға миллиардер Дэвид Рокфеллер жетекшілік етеді. Бұдан кейін 1974 жылы «Үшжақты комиссия» деп аталатын жаңа топ пайда болды. Бұл топқа АҚШ, Еуропа және Жапонияның қаржылық топтары, жекелеген айтулы тұлғалар, саясаткерлер, елшілер т.б. түрлі деңгейдегі ықпалды адамдар енді. Топтың алға қойған мақсаты – «әлемді жаңаша жобалау, стратегиялық ұзақмерзімді ресурстарды қайта бөлу». Бүгінгі күні аты әлемге әйгілі қаржыгерлер Джордж Сорос, Жак Атталидің пікірінше, әлемнің алға дамуы алдағы уақытта Әлемдік Үкіметсіз, Әлемдік Парламентсіз, Әлемдік біртұтас қарулы күштерсіз және Әлемдік деңгейдегі полицейсіз мүмкін емес. Тіпті жақында ол жұмыр жердегі аса ірі қаржыгерлер, экономистер, қоғам қайраткерлері және банкирлермен кездесу өткізіп, ғаламдық мәселелерді талқыға салды. Бұл кездесуде доллардың орнын басатын әлемдік деңгейдегі жаңа валюта әңгімеге тақырыбына айналды. Сонымен қатар әлемдік лидерлікті АҚШ емес, Қытай деп тану болатын. Осы жолы Сорос әлемдік Үкімет құруды тікесінен қойды.

Енді сәл өткенге шегініс жасап, «тәуелсіз мемлекеттердің үстінен бақылау жасауға ұмтылған әлемдік Үкімет не үшін қажет болды?» деген сауалдың жауабын іздеп көрелік.  ХIХ ғасырдың соңында қаржылық-экономикалық орталық Англиядан АҚШ-қа қоныс аударды. Бірнеше қаржылық-өнеркәсіптік топтар американың маңызды экономикалық салаларын өзіне қаратты. Әсіресе олар құрыш балқыту, темекі, мұнай және өзге де мемлекет үшін басты болып саналатын салаларға ауыз салды. Қысқасы ХIХ – ХХ ғасырда АҚШ-та ірі қаржы топтары, жекелеген әлемдік деңгейдегі қаржыгерлер жиналды. Мәселен Рокфеллер, Морган, Ламонт, Кун, Леб, Бельмон, Лазар, Ланденбург, Тальман, Шпейер, Я.Шифф, Зелигман, Гугенхейм және т.б.

Осы топ 1912 жылы АҚШ қаржысына қожалық етуге қол жеткізді. Осыдан кейін-ақ, әлемдік валюта – долларға қожалық еткен бұл топ, әлемге қожалық ету үшін түрлі деңгейде қарулы жанжалдар тудырды. Бірақ ол жанжалдардың бәрі сол топтың мүддесі үшін жасалды және қатаң бақылауда болды. Адамзаттың дамуына өздерінше әсер етті, қитұрқы жолдармен жүруге жетеледі. ХХ ғасыр бойы өз дегенін істеді. Қазір де солай. Төрткіл дүниенің әр қиырында болып жатқан түрлі жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстар, экономикалық өрлеумен тоқырау, ғаламдық қаржы дағдарыстары, қуат көздерінің яғни мұнай мен газдың, түрлі – түсті металдың бағасы бірде құлдырап, бірде шарықтап кетуі көбіне осы көлеңкеде тұрған әлемдік Үкіметтің жүргізіп отырған саясатына тікелей байланысты. Бір қызық жайт, халықаралық үкіметтік емес ұйым құру алғашында еуропалықтар ойлап тапты. Артынша бұл бастаманы қаржылық-өнеркәсіптік топтар іліп алып кетті. Мұның арты ғаламда аса ірі трансұлттық құрылымдардың пайда болуына алып келді. Яғни Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес, Бильдерберг клубы және Үш жақты комиссия осылай дүниеге келген.

Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес

Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес (Council of Foreign Relations — C.F.R.) –әлемдегі ең ірі ұйым. Оның құрамына Батыстың ең ықпалды адамдары енген. Мәселен бұрынғы және қазіргі президенттер, министрлер, елшілер, жоғарғы шенді шенеуніктер, атақты банкирлер, қаржыгерлер, трансұлттық корпорация басшылары, ірі университет жетекшілер, професорлар, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, журналистер, конгресмендер, Жоғарғы сот судьялары, Америка және Еуропа қарулы күштерінің қолбасшылары, НАТО генералдары, ЦРУ және өзге де елдердің арнайы қызмет өкілдері, БҰҰ және өзге де ірі халықаралық ұйымдардың қайраткерлері бар. Бұл Кеңес 1921 жылы дүниеге келді. Оны американлық ірі банкир Морган құрған. Өзге саланы былай қойғанда, Эн-би-си, Си-би-эс, «Свободная Европа», ЮСИА, «Нью-Йорк таймс», «Ньюс-уик», «Вашингтон пост», «Ю.С. Ньюс энд ворлд репорт» секілді әлемнің жетекші ақпарат құралдарына бақылау орнатқан.

 

Бильдерберг клубы

 

1954 жылы Бильдерберг клубы деген тағы бір жаңа құрылым қатарға қосылды. Бұл құрылым америкалық және еуропалық сарапшылар, саясаткерлер, қаржыгерлер және өзге де интеллектуал иелерін бір шаңырақтың астына басын қосты. Бұл ұйымның негізгі мақсаттарының бірі – Батыстың сыртқы саясатын дұрыс жолға қою, халықаралық жаңа тәртіп ережелерін белгілеу. Әсіресе сол кездегі Батыстың қарсыласы КСРО мен оның жақтастарына байланысты қарым-қатынасты екшеп отыру. Бұған да Батыстың белді адамдары енді. Президенттер, корольдер, канцлер, премьер-министрлер, елшілер, банкирлер, ірі корпорация басшылары дегендей.

Үш жақты комиссия

 

1973 жылы Бильдерберг клубының белсенділері «Үшжақты комиссия» (Trilateral) құрылымын дүниеге әкелді. Мұны Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес және Бильдерберг клубының адамдары басқарады. Бұл жердегі мақсат нарықтық экономикада қарышты дамып келе жатқан Еуропа және Тынық мұхит аралығындағы кеңістікте орналасқан елдердің басын қосу еді. Бұл құрылым басшылары өте құпия түрде бас қосып, ғаламдық мәселелерді үтір-нүктесіне дейін талқыға салып отырады. Экономикалық, қаржылық дағдарыстарда осы құрылымның айтуымен қолдан жасалып жатады. Өйткені бәз бір мемлекеттердің даму пәрменін басып отыру үшін. Соның бір мысалы «Азия жолбарыстары» деген атқа ие болған елдердегі 1998 жылғы дағдарыс.

Түрлі жанжал, қарулы қақтығыстар да қолдан жасалып жатады. Ирак, Югославия, Ауғанстан бүгінгі Ливиядағы соғыстар… өзге де Араб елдеріндегі бас көтерулер. Өйткені ол жерлерде де бұл құрылымдардың мүддесі бар. Айталық әлемдік маңызы зор ресурстарды қайта бөлу дегендей…

Жалпы бұл құрылымдардың негізгі мақсаты, әлемдегі бар билікті бір уысқа топтастыру. Ұлт үстінен қарайтын орган құру. Бұл өз кезегінде тәуелсіз елдердің егемендігін жою, бір орталыққа бағындыру деген сөз. Қысқасы ғаламдық империя құру. Бұған көнгісі келмейтіндерді әскери күш қолдана отырып мәжбүрлеу. Не болмаса түрлі төңкерістердің жолын ойлап табу арқылы, жетекке жүргісі келмейтін мемлекет басышыларын тақтан тайдыру. Бұл топтардың мүмкіндігінің зор екендігі сол, ыңғайына қарай мемлекет басына өздеріне жаққан адамды алып келу. Соның бір жарқын мысалы АҚШ президенті Д. Картердің Ақ үй тағына келіп отыруы. Бұған орайлас өзге де мысалдар жеткілікті. Бұл құрылымдардың түпкі өзегінде Батыстың бақылауында болатын бір бағыттағы әлемдік жүйе орнату. Оны «гуманитарлық» және «демократия» құндылықтарды бағалау деген желеумен жұртқа түсіндіре отырып құру. Сол үшін әлемдік саясатта, экономикада ықпалы бар елдерде көптеп үкіметтік емес ұйымдар құрылып жұмыс істей бастады. Оған мықты саясаттанушылар, ителлектуалдар, журналистер, қаржыгерлер және сарапшылар тартылады. Бұлар халықты әлемдік Үкіметке деген көзқарастарын қалыптастыруға күш салмақ. Құрылымдардың құрамында кімдер бар дегенде бірден ауызға алынатын Ротшильда, Роксфеллер, Сорос т.б. ондаған әлемдік деңгейдегі қаржыгер, банкир, саясаткерлердің аты аталады. Олардың арманы – ұлттық мемлекеттерді жоя отырып, бір бағытта, бір заңға бағынатын империя құру. Бұл әлемдік қағанат қашан орнайды, әзірге белгісіз.

 Нұрсұлу Мырзабекова