«Алты негр баласы» немесе үшінші Рейхтің қордалы құпиясы

Тарихта қан  құйлы диктаторлар  туралы   алыпқашпа  әңгіме жиі  айтылады. Оның  ішінде шындығы  мен  өтірігін айыру қиын. Бәрінің  мәтіні  бір,  «болған  екен-мыс», «сүйткен екен-мыс»  деп  кете  береді… Дегемен   тарихта «Алты негр баласы»  деген   атпен үшінші Рейх  басшыларын  құтқару  жөніндегі  атақты  операция жөнінде көп  айтылмайды. Бәлкім мұнда үлкен бір құпия  жатқан  болар.  

Жалпы  «Алты  негр  баласы»  деген   операция  қай  кезде  болды, оның  артында кімдер  тұрды,  кімдер  ажал  қақпанынан  сытылып  кетті? Енді құпиясы мол  осы  тақырыпты   қолымыздан  келгенше  суыртпақтап көрелік.                                                    Осыдан  67  жыл  бұрын – 1946 жылдың  16  қазанында Нюрнбергте  үшінші  Рейх басшыларын соттап, дарға асуға  шешім  шығарылды.   Халықаралық  әскери  трибуналдың  үкімін орындаушы  бас  жендет,  АҚШ  армиясының   сержанты  Джон Вуд  еді.  Бірақ  дар  тұзағын  мойнына үшінші  Рейхтың  барлық  басшылары ілді  деп  айту  қате. Келіп  тұрған  ажалдан  бас  сауғалап  құтылып  кеткендер де  бар. Мәселен, үкім орындалардан бұрын  үшінші  Рейхтың  басты  тұлғаларының  бірі   Герман Геринг   у  ішіп  өлді. Сөйтіп мойына қыл  бұрау салдырмады.

Ал Мартин  Борман   – тұтқынға  түспей,  аман-есен құтылып  кеткендердің  бірі. Халықаралық   әскери трибуналдың  уысына түспей  кеткен  ең  зор  қылмыскер – Гитлер. Дәл  сол  тұста ол  «өзін-өзі  өлтірді»  деп  айтылғаны  белгілі. Бірақ  оның  өліміне КСРО  басшысы  Сталин де, Кеңес  әскерінің   қолбасшысы  Жуков та  сенбеген. Бәлкім  бірдеңені  сезген  болар… Шындығында 1945 жылдың 30  сәуірінде  Гитлерді,  оның  жары  Ева  Браунды  және Борманды  отқан  оранған  Берлиннен  алып  шығып,   шет елге  аттандырып жіберу  үшін «Алты  негр баласы»  деген атаумен  атақты  операция   жүзеге  асырылды. Гитлер  мен  Еваның  орнына  оның  сыңарлары  өлтірілді,  өртелді… Сүйтіп   із  жасырылды. Әлем  жұртын  алдады. Ал  ХХ ғасырдың    бас  қылмыскері   аман-сау Латын Америкасына  қарай  жол  тартты.

Кейбір  деректер Гитлер  Аргентинада,  сосын  Парагавайда  1972  жылға  дейін   жасырын  атпен  өмір  сүрді дегенді  келтіреді. Солай да  болар.  Өйткені  «Алты негр  баласы»  операциясының  алға  қойған  мақсаты  да  осы еді. Антигитлерлік  коалицияның  генералдары дарға   асылған фашистік  Германия  басшыларының  ішінде «Иоахим  фон Риббентроп ажалды  қаймықпай  қарсы  алды»  деп еске  алады. Өзгелерге  қарағанда  ол қыл  тұзақты    мойнына  өзі  салып,  «О  құдайым, Германияны  құтқара  көр»  деп айқай  салған.  АҚШ  конгресінің   айрықша   қорында  «аса  құпия»  деген   белгі  соғылған  кейбір  құжаттарға қол  жеткізіп,  зерттеу  жүргізген  Кеңес  елінің  тарихшысы  Валерий Милый  «Риббентропты америкалықтар өлтіргісі  келмеген  еді.  Өйткені  ол «Алты  негр  баласы» деген  кодтық  атауы  бар  операцияның  үтір-нүктесіне дейін  білген. Америкалықтар   операцияның  құпиясын ашу  үшін  Риббентропты  аман алып  қаламыз,  ол  үшін  Гитлер  қайда жасырынды, соны  айт»  деген  ултиматуьм  қойған»  деп  жазады. Бірақ   үшінші  Рейхтың  алдындағы  адалдығын  өмірінің  соңына  дейін сақтаған  Иоахим  фон Риббентроп  тіс жармай  кеткен  көрінеді. Содан  болар,  «Алты  негр  баласы»  атты атышулы   операцияның   құпиясы  бүгінге  дейін ашылмай  келеді.  Америкалық  арнайы  қызмет  өкілдері мен  Риббентроп  арасындағы  «ақпаратттық сауда» неге байланысты  болды? Бұл  жөнінде  қазір  Канадада тұратын Валерий Милый   құпия  құжаттармен жұмыс істеу  барысында,   мынадай  фактілер тапқанын  жазады. «Гитлер мен  оның  ашынасы  Еваны   өлді  деп  халықты  сендіру  үшін  олардың  сыңарларын  адам танымастай  етіп  өртеген. Ол  үшін жүздеген  литр  бензин  қажет  болды. Өйткені өртенген  мүрдені  ешкім,  ешқандай   сарапшы дөп  басып  таппас  үшін»  дейді. Ал  «операция  неге «Алты  негр  баласы?»  деп  аталды дегенге  келсек, Гитлердің  төрт,  ал  Еваның  екі сыңары  болды  дегенді айтады. Екі  сыңарды  Гитлермен Ева  деп   Бункердің    сыртына  шығарып  адам  танымастай  етіп  өртеп  жіберген. Қалған  төрт  сыңардың  қайда  кеткені  белгісіз» дейді  зерттеуші. Сондай-ақ, тарихшы Адольф  Гитлер  мен Ева  Браунның   Еуропаны  тастап, Латын  Америкасында  жатқан   Болвия   мемлекетінде   тұрғанына күмән  келтірмейді. Тіпті  Гитлер Болвияның  сол  кездегі  диктаторы Стресснермен   араласып  тұруы да  мүмкін деген  болжам айтады. Кім білсін?  Бәрі  мүмкін.   Дегенмен америкалықтар  Сталин  мен Жуков  секілді  Гитлердің  өлгеніне  тек  күмән  келтіріп  қоймаған, қалай да  оны  тірдей  ұстау  үшін бүкіл  арнаулы  қызмет  ұйымының   өкілдерін,  жансыздарын  Еуропаға  тарыдай  шашып жіберіп,  бір ілгек  іздеген. Міндет  –Гитлердің  жасырынған  жерін қалай да табу  болатын. Бірақ  ол  нәтиже  бермегенге  ұқсайды.  Ақыры   америкалықтар Риббентроппен «сауда»  жасасқан. «Тірі  қалғың  келсе,  Гитлер  жасырынған «апанды»  айт.  Әйтпесе…» Басында Риббентроп  өртенген    мүрделер  Гитлер  мен  Еваныкі  емес екенін,  оның  орнына  сыңарлары   өлтіріліп, өртелген  деген  ақпаратты айтқан  көрінеді. Бірақ  ары  қарай сыр  ашпаған  күйі өзін  құрбандыққа  шалуды   ұйғарған.

Міне,  берген  антына  таза  адам  деп  осыны айт!  Ал оқиға  былай  болған  көрінді. Гитлерді, оның  әйелі  Еваны  және  Борманды  құтқару   жобасын жасаған  фюрердің  сүйікті де  сенімді   адамы Отто Скорценнің  бұйрығы  бойынша  «өз-өзін  өлтірген»  Гитлер мен  әйелінің  денесін  бункерден  шығарып,  өртеп  жіберу  Гитлердің   көлігін  жүргізуші  Эрих Кемпка  атқаруы  тиіс  болған.  Сүйектерді  өртеген Эрих  кеңес  әскерлеріне  өз  еркімен  тұтқынға  түсіп, Гитлердің  жатқан  жерін  көрсетуі    керек еді. Сүйтіп   Кеңес  елін және  оның  одақтастарын   алдап  соғуы  тиіс-тұғын. Оқиға  дәл Отто Скорцен  құрған  жоба  бойынша  өрбіді. Әлем   халқы 50  миллионнна  астам адамның  басын  жұтқан  жендет  гитлер  өзін -өзі  өлтірді  дегенге  сенді.  Өртелген   мүрделерді  сарапқа  салған   мамандар әбден  адам  тангымастай  күйіп  кеткен  сүйектерді Гитлер мен  Еванікі  деп  танығаны  белгілі…

Жауап  беру  барысында Гитлердің  жүргізушісі екі  үлкен  қателік жіберген  көрінеді. Бірақ  оны  ешкім  байқамай  қалған. Біріншісі, «Фюрермен    оның  жарын  өз  қолыммен  өртедім» деп тұрып алған  Эрих «мүрделерге  бензинді  құйып  болған  соң,  жанымда  бақылап  тұрған  Гимлерден сіріңке  сұрадым,  Ол берді»  деп қойып  қалған.  Шындығында  ол  ешкімнен сіріңке  сұрамайтын. Оның  қалтасында   үнемі мылтық  гильзасынан жасалған  әдемі   оттық  жүретін. Оны  Гитлер сыйлаған  еді.  Екінші  өтірігі,  мүрделердің  беті  солдат одеялымен  жабылған. Ашып көрген  жоқпын»  деуі.

Ақиқатында алас-күлес  соғыс  жүріп  жатқанда кім  оларды  әлпештеп одеялға  орап  жүр  дейсіз. Мұның  бәрін артынан  қолға  түскен  фюрердің жеке  дәрігері сұрақ жауап  барысында  айтып берген. Сондай-ақ, бетіне  пластикалық  операция  жасап,   қолға  түсуден  құтылып  кеткен Отто Скорцен   соғыс біткен  соң,  көп  жылдан кейін   америкалдық  таныс  журналистке  Гитлерді  қалай  аман  алып  қалғандарын   жайып  салған  көрінеді. Оның  айтуынша «Гитлерді  пластикалық  операция жасатуы  әбден  мүмкін. Өйткені ол  өте  айлалы еді»  депті-мыс. Сенбеске  болмайды. Бәрі  мүмкін.  Сондай-ақ, ол үшінші  Рейхтың  басшылары   үшін  жасалған  бункер  тек бомбы мен снарядтардан  ғана  жан  сақтайтын  ұра  емес, бірнеше  қабаттан  тұратын  лабриндке  ұқсас шым-шытырық  жолы   бар  мекен  дейді. Сол  үңгір  жолдарына темір  жол  орнатылған. Онда  екі-үш  адам сиятын  вагондар жүріп  тұрды.  Ол  жолдар Берлиннің  астын  шарлап  барып, бір  қиырға  шығып  кетеді. Гитлер  соны  пайдаланды»  дегенді  айтқан.                                                                                               Әрине болар  іс  болған  соң,  кім  қалай айтса да,  не  десе де – өз  еркі. Бұған  дейін де  Гитлердің  соғыстан  кейінгі  өмірі  жөнінде шытырман  әңгіме   айтылған. «Гитлер  Антарктида  не  болмаса  Аргентинада  өмір  сүрді» деген  қауесет  бүгінгі  күнге  дейін  тыншыған  жоқ. Мейлі  ғой. Мұндай  әңгіменің айтылуына  Ресей   арнаулы орындарының  бірінде  құпия  түрде  сақтаулы  тұрған Гитлердің шекесін   АҚШ,  Ұлыбритания, Франция  сарапшылары   тағы  бір  тексергенде   ол Гитлердікі  емес,  белгісіз  бір әйелдің  сүйегі  болып  шыққан. Осының  өзі «Гитлердің  Екінші  Дүниежүзілік  соғыста  аман  қалыпты-мыс»  деген   үлкен  әңгімеге  кезек бергені белгілі. Соның   бірі  –«Алты  негр  баласы» атты  операциясы.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ