Алтын орданы дәріптеп, Жошы ханды ұлықтау не үшін қажет?

Қасым-Жомарт Тоқаев “Ұлытау – 2019” халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде  Алтын орданың 750 жылдық  мерекесін атап өту, оның  негізін  қалауашы  бүгінде Ұлытауда  мазары тұрған  Жошы ханды міндетті түрде  ұлықтау керек екенін  айтты. Әрине бұл қуанарлық жағдай.

Өйткені бұдан біраз бұрын осы Алтын орданың 750 жылдығын татарлар Қазан  шаһарында  және  Ресейдің  Мәскеу,  Санкт-Петербург  секілді қалаларында  атап  өтіп,  салтанантты  жиындар  ұйымдастыруды қолға алған  еді.  Енді  міне  біз. Онда  да  сол  Алтын  орданың  тікелей  мұрагері қазақ  елі игі шараны  қолға  алғалы  жатыр. Бұл  өткен  тарихымызды жаңғырту, жаңаша сипат  беру. Сәл  тарихқа  шегініс жасайтын  болсақ, 1269 жылы Талас  өзені  бойында Өгедей, Шағатай және  Жошы  ұлыстарының  өкілдері жиналып, Моңғол  империясынан  бөлініп,  тәуелсіз  болатындықтарын  жария  еткен еді. 750  жыл  деген  атау  содан  шығып  отырғаны белгілі. Сондай-ақ Алтын  орда атауы  кейін  пайда болып   алдымен бұл аймақ Жошы ұлысы  деп аталғаны хақ. Бұл  300 жыл  империя  болған   ұлыстың  дәргейіне  Ерістен  Дунайға  дейінгі  ұлы  дала  кіргені белгілі. Қазіргі  тілмен айтқанда Жошы  ұлысы-Алтын  орда  АҚШ,  Қытай,  Ресей  секілді  супердержава  болды  десек  қателеспейміз.  Былайша  айтқанда  Орта  ғасырлық  империя. Демек  Алтын  орданы тілге  тиек ете  отырып, Шыңғысханның   үлкен  ұлы, 1223  жылы  ұлы  қаған еншісіне  бөліп  бергелі мұқым  қыпшақ-қазақ даласының   билеушісі болған,  бүгінде сүйегі қазақ  даласында  қалған Жошыны ұлықтау  иісі алаш  баласы  үшін  игі  шара болмақшы.

Сайып  келгенде  біз Жошыны   «ұлы бабамы»  деп  танып,  әлемге  жар  салуға, оны  ұлы  рухты оятушы  тұлға  ретінде  атап,  мақтануымызға  қақылымыз. Ұлы  Жошының талай ғасырлық  мерей  тойларын атап  өтіп,  ескерткіштер орнатуға  мүдделік  танытатын  кез  келді. Өйткені  ұлттың    рухын  ояту  үшін ұлттық  идеялармен  қатар, ұлы  тұлғалардың  да  орны   бөлек.  Мәселен  осы  жерде  еске  ала кететін  бір  жайт, Моңғалдар  «Шыңысхан  біздің  бабамыз, ол құрған  ұлы  қағанаттың  біз  бір   жұрнағымыз. Әлем  бізді Шыңғысхан  арқылы  таниды.  Мойындайды»  деседі. Талассыз,  ақиқат. Әлем Монғолияны  Шыңғысханның  елі  деп  таниды. Миллиондаған  туристер   ол  елге  тек бір  ғана  Шыңғысханның аты  аталғаны  үшін   ағылып  барады.

Бұдан сегіз  жүз  жыл  бұрын  өткен  алып  қаған Шыңғыс  бүгінгі  моңғол  жұртын  біріктіруші  рухқа айналып  отыр.  Моңғолдарда ұлы  қаған алдында  қарыз болып  қалған  жоқ,   бес  қабатты  үйдің   биігіндей   болатын   алып  ескерткіш  тұрғызды.  Оны  ұлы  рухқа  тағзым ететін  Меккеге айналдыра  білді.   Сол секілді   ұлы жихангер Ақсақ  Темір  де   өзбектерді ұйытатын  ұлы  рухқа  айналып  отыр. Рас, Әмір  Темір   бүгінгі  өзбектер  мемлекет  құрып  отырған (1336 жылы 8 сәуірде Маураннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде дүниеге келген)  жерде  дүниеге  келді. 27  мемлекетті  жаулап  алып,  бағындырған   ұлы  қолбасшы. Самарқанд  пен Ташкентте зәулім  ескерткіштері  бар. 1996  жылы   ЮНЕСКО-ның   шешімімен  660  жылдығын   дүркіретіп  тойлады. Бұл өзбектердің  «Ұлы жаһангердің  ұрпағымыз»  деген  мақтаныш  сезіміне  түрткі  болды.  Қазір    көрші  орыс  елі де  «орыс  рухын»  көтеруге   келгенде   барын  салуда.  Орыс  тарихындағы  арғы – бергі  тұлғаларды қазып, «шаңын  қағып»   ұлт  жанашырына  айналдыруда.   Кешегі  Петр-І,  Романовтар әулеті,  тіпті өздерін  қырып  салған  Колчакка  дейін «орыстың   жоғын  жоқтаушы  батыры»  деп тануда. Ескерткіш  орнатып,  фильм  түсіруде. Өйткені   қазіргі   жаһандану  заманынан  ормандай  көп  орыс та  қорқуда.   Ал   патша  Петр мен  генерал  Қолчактар  орыс халқын өзге  өркениеттен  қорғаушы-ұлы  рух.

Осы тұрғыдан  келгенде қазақ  халқын  ұйыстыратын,  өзге  әлем алдында  «мынау   біздің  бабамыз»  дейтін   бір  ірі  тұлға  қажет-ақ.  Ол кім  болуы  мүмкін?  Ақиқаты  сол,  біз  Ұлы  далада  өз  заманында  күнше  күркіреп  өткен, «бастыны  идірген,  тізеліні   бүктірген»  ұлы  көшпенділердің  ұрпағымыз. Бірақ сақ  Рүстем мен  Томиристе,  ғұн  Мөде  мен  Еділ  батыр да (Аттила),  түркі Бумын  мен  Естеміс, Тоныкөк пен Күлтегінде қазақ үшін  «біздің  батыр  бабаларымыз»  деген  мақтанышқа  айналғанымен, рухты  көтеруге  келгенде  нақты  тұлғалар  бола  қоюы екіталай. Өйткені   олар  өмір сүрген  кезең  тым арыда  жатыр һәм түркі  халықтары  үшін  олар  ортақ  тұлғалар.  Сүйектері  қайда  қалғаны да  белгісіз.  Ал исі  қазақ  даласында  ұлы  империяның  негізін  қалаған,  моласы  осы  қазақ  жерінде  тұрған Шыңғысханның  үлкен  ұлы Жошы алаш  жұртының ұлы  рухына,   ар-намысына   айнала   алар  еді.

Әрине  кешегі  қазақ  хандығының  шаңырағын  көтеріп,  керегесін  кеңейткен  Жәнібек пен  Керей, Қасымхан мен  Хақназар, Есімхан мен    Тәуке, Тәуекел мен  Абылай, Кенесары  мен  Алашорда  азаматтары  қазақ  үшін  орны бөлек  арыстар.   Оған  ешкім дау айта алмайды.  Алайда аты Ұлы  даладан  асып,  әлемге  кеткен  Жошының  орны  ерек.  Мәселен,  моңғолдар   «бабамыз»  деп  отырған  Шыңғысхан,   өзбектер  иленіп  отырған  Ақсақ  Темір, орыс  жұртын  біріктіруші Петр-І,  бұлардың  бәрі   ұлы  империя  құра  білген   алып  тұлғалар. Жошы да әлем тархында  300  жылдық  тарихы  бар    Алтын  орда  (әу  баста Жошы  ұлысы деген  атпен   белгілі  болған) атты  ұлы  империяның  негізін  қалаушы. 1223  жылы әкесі  Шыңғысхан  бөліп берген аймақ бүгінгі Қазақстан  территориясы.

Демек президент  Қасым-Жомарт  Тоқаев көтіріп отырған  мәселе  өте  орынды  деп  санаймын. Өткенсіз  бүгін  жоқ. Біз  тарихымызды жаңғыртып, ата –баба  жүріп  өткен  жолды ұрпақ  санасына сіңіре  білуіміз керек. Тек  ұрпаққа   қана емес,  сырттан келетін  өзге  жұртқа (тіпті  мақтаныш  ретінде) «Біз үш  ғасырлық  тарихы  бар,  адамзат жылнамасында өзіндік  орны бар Алтын  орда  империясының  нақ  мұрагеріміз»  деп айту  үшінде қажет. Бұл  үшін  тек  жиын –тойлар,  конференциялар  ұйымдастырумен  ғана  шектелмеу керек. Ең  бастысы  Алтын  орда  тарихын  көркем фильмдерге айналдыру  аса  қажет  деп  ойлаймын. Мысалы түріктер Осман  империясы туралы  қанша ма керемет сериалдар  түсірді. Біз  солардан кембіз бе? Алтын  орда үнемі елдің  жадында жаңғырып  тұру үшін, осындай  қадамдарға  барсақ  тарих алдындағы, сол тарихты  жасаған  ұлы  тұлғалар алдындағы  парызымызды өтеген  болар едік.

Сөздің қысқасы, “Ұлытау – 2019” халықаралық туристік форумында  президент  Қасым-Жомарт Тоқаев  өте  орынды  мәселені  көтерді  деп  ойлаймын  Енді  тек  соны  жүзеге асыру керек.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы