Амангелді АЙТАЛЫ: Тарихты бір рудың, тайпаның, жүздің тұрғысына емес, тұтас қазақ халқының мүддесі түрғысынан зерттеу керек

– Қоғамды жегі құрттай жеп бара жатқан тағы бір мәселе, тоталитарлық режим тұсында да өршiмеген жершiлдiк пен рушылдық мәселесi бүгiнде алдымыздан шықты. Ұлт мүддесiнен гөрi ру мүддесiн жоғары қоюшылық етек алып барады.Бұл үлкен қауіптің басы болса керекті.

– Ұлт тұтастығы туралы сөз болғанда біз рулық, тайпалық психологияны айналып өте аламыз. Белгілі демограф 1999 жылғы Президент сайлауы алдында Ұлы жүз-қазақтардың 25%, кіші жүз-31%, орта жүз-44% құрайды. Сайлау тағдырын орта жүз шешеді дегендей ой тастаған. Тарихшылар қазақта 112 ден 159 дейін ру тайпалар бар деп жүр.

Кезінде, «Ру мен тайпаға бөліну –ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі»,-деп Н.Назарбаев орынды бұл мәселеге назар аударды. Социологиялық зерттеулер рулық-тайпалық қатынастардың мынадай көріністеріне көңіл аударады. Сауалға жауап бергендер айтуынша, мемлекет басқару саласында, әсіресе, аймақтарда, облыстарда рушылдық көріністері байқалады, жемқорлыққа жең ұшынан жалғасып ықпал етеді; материалдық, қаржылық ресурстарды пайдалануда да көрінеді, заңдардың орындалуына тосқауылда да көрініс алады.

Болашақта да ол ықпал жалғасады деген қауіп бар. Не істеуіміз керек?

  1. Рушыл, тайпалық, жүзшіл психологияның жағымсыз ықпалын БАҚ ашып көрсету қажет, бұл эгоцентризмнің бір түрі;
  2. Тарихты бір рудың, тайпаның, жүздің тұрғысына емес, тұтас қазақ халқының мүддесі түрғысынан зерттеу;
  3. Нарықтық экономикада бәсекелестік күшеймей, монополизмді еңсермей, ру, жүз, тайпаға бөліну жойылмады. Әлсіз кәсіпкер монополист ағайынынан қолдау іздейді;
  4. Өңірлердің (батыс, оңтүстік, орталық) дамуында айырмашылықтарды еңсеру, себебі өңірлік бөлісте жүздік сипат та бар;
  5. Ауылдарды қолдау, жұмыссыздықты азайту, екі қолға бір күрек таба алмаған қаладағы рулас ағайынын паналайды;
  6. Көп партиялық жүйені дамыту, қоғамды рулық, жүздік емес, саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі топтастыру, саяси мәдениет тәрбиелеу;
  7. Орта тап қалыптастыру, табысы бар, үйі бар тәуелсіз қазақ руласынан қолдау іздемейді;
  8. Қазақ халқының бірлігі, тұтастығын қалыптастыру, рулық, тайпалық жүздік патриотизммен жоғары қазақ патриотизмін тәрбиелеу. «Қазақ елі» атына затын сай ету, ұлттың мерейін көтеру, шовинистер мен нигилистерді асқақтату.Ал топырақты өлім, торқалы тойда жанашырлық көңілден шыққан көмектің, қайырымдылықтың орны бөлек. Өкініштісі, бүгін бай байға, сай сайға құйып жатыр.

– Тағы бір назар аударатын мәселе дін. Қазір қоғамда түрлі ағымдар арасындағы тай-талас күшейіп барады.  Қайтпек керек?

– Ушығып тұр деу артықтау болар, бірақ ушықтыратын ішкі, сыртқы жағдайлар жеткілікті. «Ушығып тұр» дегеннің астарында экстремизмге байланысты қауіптену де жатырған болар. Дін мәселесін тек экстремизмге байланысты ауызға алатын болып жүрміз, ал ол дінімізге көлеңке түсіреді. Дін, ислам дінін айтып отырмыз, біздің бүгінгі тіршілігімізбен жан-жақты байланыста, ол тек наным-сенім, жаратушыны сүю, оған табыну емес. Дін қоғамға, қоғам дінге өзара ықпалдастықта дамып келеді. Дін және мемлекет, дін және саясат (ішкі саясат, халықаралық байланыстар), дін және қаржы (Ислам банкісін айтсақ та болады), дін және білім (діни оқу, діни тәрбие орындары), дін және бұқаралық ақпарат құралдары, дін және әдебиет, дін және сәулет, құрылыс, дін және идеология, дін және ұлттық дәстүр, діннің басқа да салаларымен байланысы күрделенуде. Сондықтан, мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөліне алмайды, ал діни бірлестіктер мен мелекет өз салаларында өз мүдделерін қорғайды, осыған байланысты мемлекет пен дін бөлінген деп қате айтып жүрміз. Дербестік белгілі бір деңгейде мемлекет пен діни бірлестіктер арасында бар. Олардың да жеке мүдделерінен гөрі ортақ мүдделері көп.

Дін мен мемлекет мүдделері астарласып, байланысып жатырғанымен, біздің мемлекетте атеизмнің салқындығы басым. Біздің мұсылмандығымыз тілімізде, ділімізде әлі сіңбей жатыр. Мысалы, қажыға бару жай туристік сапар сияқты сипат алып жатады, намаз оқуды гимнастикалық жаттығулар деп қабылдау, ораза ұстауды-диета сақтауға балайды, неке қидыру да мода сияқты.

Бір ғана мәселе-діни тәрбие жөнінде бірер сөз айтайын. Мен Ақтөбе облысының дінтану пәнінің мұғалімдерімен жиі кездесемін. Ашық пікір алмасу барысында мұғалімдер ағынан жарылып өз пікірлерін айтып жатады. «Меніңше-деді бір мұғалім,-бүгін балаларға мешітке баруға, намаз оқуға, ораза ұстауға, жалпы дінмен жақын танысуға, білуге ерте. Ертең олар өссін, ержетсін, зейнетке шықсын, уақыт ол кезде көп болады, дінмен танысуға мүмкіндік туады». Бұл кеңес заманда атеист болып, енді дінге бет бұра бастаған қазақтардың әңгімесі. Ол заманда мешітке, шіркеуге негізінен кемпір-шалдар баратын еді, жастарға пионер , комсомол мүшесі болған соң мешітке баруға тыйым салынды. Ал әлемдік діни тәрбие тәжірибесі жастарға имандылық сананы ертерек сіңірген дұрыс дейді. Сондықтан діни тәрбие бастауыш мектептен басталады.

Атеизм көріністері бізде мынадай жағдайлардан байқалады.

Біріншіден, дін саласында ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзілді, аға ұрпақ, әке-ана, ата-әжелер мұсылман дәстүрінен біраз қол үзді, көбі балалары мен немерелеріне үлгі бола алмайды.

Екіншіден, діни тәрбие, дінді қолдау, діни білімге әлі де салқындық кейбір әлеуметтік топтар мен мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдардан байқалады.

Үшіншіден, әлі де болса зайырлы қоғамды, атеистік, дінге бей-жай, тіпті қарсы деп түсіну етек алған.

Жоғары оқу орындарында дінтану пәнін енгізу студенттердің діни ұстанымдарын білуге, олардың дінге қызығушылығы ерте басталатынын, өз беттерімен діни әдебиет оқуға, құранды білуге ұмтылатынын, дін тарихын, басқа да әдебиеттерге, пайғамбар, әулиелердің өмірбаянын білуге қызығушылық барлығын көрсетеді. Бұл ізденістердің танымдық мәні зор. Сонымен бірге мешітке намазға баруға, аят оқуға да ниеттері бөтен емес екені белгілі. Бұл имандылық тәрбиенің алғашқы қадамдары. Ол үздіксіз, тоқтаусыз, кейінге, зейнет жасына қалдыратын тәрбие емес.

Діннен бала тіпті сәби кезінен мәлімет ала бастайды, көп мәселені жете түсіне бермесе де, «мен көп мәселені түсіне бермесем де, мешітке, мектепке барғандай бара бердім» дейді бір студент, «қазақ болған соң мұсылмансың, үлкендердің айтқанын істедім, қайталадым». Жастау кезде діннің мәнінен гөрі сыртқы көріністеріне, дәстүріне, ерекше киінуге, көзге түсуге де жастар әуес. Дінді қабылдау, оның мазмұнына терең ену оңай да емес. «Мен дінге арналған бір кітапты оқи бастадым, бірақ түсінбедім»-деп қиналғандай болады жас жігіт. Діни құндылықтар бірте-бірте, бара-бара санаға сіңеді. Дін мен танысу діни ғимараттарды тамашалаудан, оның ішкі сәулетіне қызығудан да басталуы мүмкін. Дінге шынайы бет бұрған ата-әже , әке-ана, ағайын туыстардың үлгісі де, кісілігі , ұстамдығы дінге баулиды. Ал имам, молдалардың беделінің орны бөлек. Мешітке баратын студенттердің бірқатары діни қызметкерлердің сөз саптауына, киіміне, адамдармен сәлемдесуіне кейде көңілдері толмайтындарын айтады. Осыдан келіп олардың бір тобы православ шіркеуіне барыпты, священниктің сөзі бұларға үлкен әсер еткен сияқты. Жастардың басқа дінге еріп кетуінің де бір себебі осындай жағдайлардан, салыстырудан туу да мүмкін. Ал орыс тілді қазақ жастары уағыздың орыс тілінде айтылғанын қалайды. Дін және тіл мәселесі де бүгін өткір болып отыр. Қоғамымызда дін бәсекелестігі, тіл бәсекелестігі де жүріп жатыр.

Айтайын дегенім, барлық қазақ баласы намаз оқысын, ораза ұстасын, мешітке барсын деу емес. Барлығы да баланың, ата-аналарының, ортаның ықпалына, ниетіне байланысты. Бірақ бір ақиқат анық: жастайынан баланың санасына сіңген имандылық оның кісілік темір қазығына, дүниетанымдық ұстанымына айналады. Иманды, парасатты, діни де, зайырлы да білімді «Алаш» зиялыларының ісі мен рухани мұрасы соған дәлел. Ислам дінінен әртүрлі ауытқушыларға ұлттық-діни тәрбие мен мәдениетімізді қарсы қойып, идеяны идеямен жеңеміз.

Әңгімелескен Сейсен ӘМІМБЕКҰЛЫ