Амангелді СЕЙІТХАН, спорт журналисі: Ал, өл. Өлтірді. «Қазақ едік», – дей алмадық

2006 жылы жол түсіп, Жазғы Азия ойындарына Катарға барып едік. Доха қаласының ортасында алып дүкен бар екен. Кірген бетте жарнамаға көзіміз түсті. «Қазақ карпет» деген жазу. Карпет – кілем. Хасен екеуміз әлгі әдріске ұмтылдық. Тез таптық. Непалдық азамат екен сатушы. Бірақ қожайыны басқа. Айтпай қойды. Бұйымдарына ынтығып, қарадық. Кешенің көзін көргендей әсер алдық. Төл тарихымыз тұнып тұрды. Тұнық суға шелек малғандай күй кештік. Кәдімгі қошқар мүйіз оюларды көрдік. Қазақ кілемдері. Өрнегі таныс. Баяғы бала кезде көргенбіз. Әжелерге жасау ретінде келген. Непалдық сатушыдан сұрап жатырмыз. Тіл жеткенше. «Қазақ деген жұрт бар. Солардың қолынан шыққан кілемдер». Тіпті өрнегін әңгімелеп кетті. Бағасы удай екен. Екі метрліктердің өзі екі мың доллар. «Қымбат екен», – деп қалдық. «Әрине, қымбат. Бұл қазақ аталатын ұлттың туындысы. Өздері ісмер халық. Кез келген дүниесі баға жетпес мұра. Қайта біз арзан сатып жатырмыз». Ал, өл. Өлтірді Непал азаматы. Қазаққа қазақты таныстырып тұр. «Қазақ едік», – дей алмадық. Кілемді анау секілді әспеттеп айта алмас едік. Өрнектің түрін тап баса аламыз ба, сырын білеміз бе? Әй, қайдам?