Апачтардың алтыны қайда?

Американың  байырғы тұрғындары  үндістер  жөнінде  қазіргі жас өркеннен гөрі, аға  буын жетік  біледі.  Онда  да   кино  арқылы.   Өйткені  дәл  сол  буын   кеңес  заманында  бұрынғы   Кеңес  елімен  ГДР  бірігіп  түсірген үндістер  жайлы ерлікке  толы фильмдерді  көріп  өсті. Әсіресе сол  тұста  үндістер  туралы  киноларда   басты  рөлде  ойнаған  Гойка  Митичтің  сомдауындағы «Апачтардың  алтыны», «Улзана», «Текумзе», «Инчу-Чуна  ұлы  Винетту»  немесе  «Маккененың  алтыны»  деген фильмдердің   орны  ерекше  болды. Ол   фильмдердің  бәрінде  үндістер сырттан  келген  басқыншы  ақ адамдармен   атамекені  үшін  күресті. Сол  жолда  мерт  болды.  Әрине  бұл  – кино. Ал  тарих  қалай  болып  еді?

Қазіргі    тарихшылар  «Еуропадан  Америкаға  алтын  іздеп  немесе   сонда  қоныстануға  барғандар  100  миллионға  тарта  үндістерді  қырып  салды»  деп  жазады. Әсіресе     АҚШ  тарихшысы Дэвид Станнард  осындай  пікірде. Бұған  аузы  кере  қарыс  тарихшы,  зерттеушілер де осындай   пікрде.  Тіпті   мұны «Американдық холокостпен»  теңеп  жүргендер  де  жеткілікті.   Ал  бәз  бір  деректер Христофор  Колумб   Американы  ашқан  уақыт 1500  жылдан  1900  жыл  дейін  15  миллион  үндістен   237  мың  адам  қалған деген  дәйекті    алға   тартады.  Жалпы  үндістердің  тарихын  зерттеушілердің  көбі   ақ адамдардың   Американың  байырғы  тұрғындарына  қарсы  қолданған  зорлық  зомбылықты  яғни  қырып-жою,  жерін  тартып  алып,  құлдықта  ұстау,   тауар  ретінде  сатуын т.т  «геноцид»  деп атайды.

Мәселен Америкаға   жасаған алғашқы  сапарында  яғни  1492  жылы 12 қазанда Багам  аралдарына  келіп  тоқтаған  Христофор   Колумб  өз  күнделігіне   мынадай  жолдар  жазған:  «Бұл  адамдар  өздерін  өте  еркін  ұстайтын,  өте  мейірімді,  бейбітшілік  сүйгіш,  еңбекқор  жандар екен. Балық  аулау  немесе  өсімдік  өсіру,  аңға  шығу  секілді    істерімен ғана  айналысады.   Тұратын  қос-шатырларының  өзі  ерекше  және  оны  өте  таза  ұстайды. Олардың  бос  уақыты   көп.  Сол  кезде  доп  ойнап,  билеп,  ән айтумен    күндерін  өткізеді. Тек  ұятты  жерлерін  жапқаны  болмаса,  бәрі  жалаңаш-жалпы  жүреді.  Мұндай  ақ  көңіл,  сенгіш,  аңғал  жандарды   өз  дінімізге   тарту    қиынға  соқпайтын  сияқты.   Сондай-ақ  олардан  жақсы  күтушілер  шығады». Арада  тағы  екі  күн  өткен  соң, 14  қазан  күні  Колумб: «Бұларды   айдауға  салуға,   айтқанымызды  істетуге,  көнуге  мәжбүрлеуге  не  бәрі  50  солдат  жеткілікті.  Әзірге  олар   біздің  сұрағанымызды   беріп,  айтқанымызға  көнуде»  деп өзінің  басқыншылық  ниеті  бар екенін де күнделікке  түрте кеткен.

1493  жылы Колумбы Америкаға   екінші  рет  аттанды.  Бұл  жолы  оның  экспедициясы  17  кемеден, 1500  адамнан  тұрды. Осы  жолы  ол  қандай  адам екенін  танытты.   Үндістерді  ұстап  құл  ретінде  сатты  және  олардан  алтын  жинады.  Берсе  қолынан  алды,  бермесе  жолынан   алды. Атты, асты,  тонады.  Өлген  бір  испандықтың  кегі  ретінде  жүз  үндіс  өлтірілді.   Кейде  бас  терілерін  тірідей  сыпырды. Иттерін  үндістердің  өлігімен   тамақтандырды. Мәселен  сол  кезден  қалған  бір  испандықтың  хаты  былай  жазылған: «…Картахеннен  оралған  бойда  мен   Рохе Мартин  деген  португалды  кездестіріп қалдым. Оның  үйінің алдында  жартылай   шабылған  үндістің  денесі  ілулі  тұрды. Өлі  үндісті  шауып,  итін  тамақтандырады  екен…».   Бұған  не  айтуға  болады. Әрине  біздің  айтпағымыз  бұл  емес. Айтқымыз,  жазғымыз  келгені  үндістердің  алтыны  жөнінде. Рас,  алтын  үндістер  үшін   Колумбы  келіп  Американы  ашқанға  дейін  жай  ғана  сары  темір еді. Тек    еуропадан  алтын  іздеп  келген  келімсектерден  кейін   бұл  сары  темірдің  құны  тым  жоғары екенін  бағамдаған   үндістер  оның  нарқын   қымбатқа  бұлдады,  тіпті  ата-бабадан  қалған  дүние  деп, ақ  адамдарға  оны  бермеуге,  кен  орындарын  көрсетпеуге  тырысты. Сол  үшін  айқасты,  жан  алып,  жан  берісті. Жалпы  тарихта  инктердің  алтыны, апачтардың  алтыны  және де  өзгеде  үндіс  тайпаларының  алтындары  жөнінде  не  бір  алыпқашпа әңгімелер  көп.  ХVI  ғасырда испан  конкистадорлары (қазына  іздеушілер)   инктердің  120  тонна  алтын  мен  күмісін  Испанияға тасып  әкеткен.   Әлі  күнге   үндістердің  жасырған  алтындарын  іздестірушілер  көп. Ендігі  әңгіме сол  жөнінде  болмақ.

…2010  жылдың  шілдесінде  Аризона   штатында  жоғалған  ер  адамның  туыстары   полицияға  хабарласқан.    Айтқандары  әлгі  жоғалған  адам   таудан  алтын  іздеуге  кеткен,  содан  оралмапты.   Тек   тау етегіндегі  машина  табылғанмен, иелері  із-түссіз  жоғалған. Тек  2011  жылы  қаңтарда  ғана    із  кесушілер  жоғалған  үш  еркектің  өлі  қаңқасын  таудан  тапқан. Бұл  өлкеден  шындығы    қайсы,  өтірігі  қайсы   белгісіз   адамның  үрейін  алатын  аңыз  әңгімелер  көп. Олардың  дені  «үндістердің  алтынын  іздеп  шыққандар тірі  қайтпайды, алтынды   үндістердің   ата-баба  аруағы  күзетеді. Ал  тыныштықты  бұзып,  алтын  алуға  келгендерді  сол елестер  қуып  жүріп  қинап  өлтіреді екен»   деген  қауесет.  Содан  болар  жергілікті  тұрғындардың  көбі  тәуекел етуге  дәті  шыдамайды.   Ал    үндістердің  апач  тайпасының  алтындары  жасырылған    қазыналы  тау   Суевер   Аризона  штатына  қарасты  жерде.

Міне,    ғасырдан – ғасыр  алмасып  жатыр,  бірақ    «аяқ асты  байып  кетсем»  деген  оймен  осы  таулы  алқапқа  жол  тартқан алтын  іздеушілер толастар емес. Бірақ  солардың    аман-сау,  олжамен  үйлеріне  қайтқаны  некен-саяқ. Көбі  із-түссіз  кетеді,  не  болмаса  араға  жылдар  салып қаңқалары  табылып  жатады. Осы  тұста «алтынды  үндістердің арауақтары  күзетеді екен»  деген   әңгіменің  жаны  бардай…   Тарихшылардың    зерттеуіне  қарасақ,  бұл  аймақта  адамдардың   өмір  сүріп  жатқанына  12  мың  жыл  болыпты. Осы  жерді  қазып,  ежелгі үндіс  мәдениетімен  танысып  жатқан  археологтарда  осындай  пікірде.  Еуропалық  саяхатшы   Фрай  Маркос  де  Низа  деген  біреу   1539  жылы  осы  өлкеге  алғаш аяқ  басып,   осындағы  үндістердің  апач  тайпасымен  кездескен.  Апачтар  оған   алтынан  тұрғызған      жеті  шаһары  бар   ғажайып  өлке  Сибола    жайлы  айтады…  Сондай-ақ  алтын   теріп алатын   бұлақ-тұмаларды,  құйма  алтындар  кездесетін  каньондарды   көрсетеді.   Бүгінгі   алтын  іздеушілер   сол Фрай  Маркос  де  Низа  жазып  кеткен  күнделіктегі  жазбаларды  бетке  ұстап, Аризона  штатын  әлі  күнге  кезіп  жүр. Әрине  олжалы  болғандар  да    жоқ  емес…   Испандықтар апачтар  көрсеткен    кен  орындарынан  тонналап  алтын   жинаған.  Оны    кемелерге  тиеп Испан   корольдігіне    жіберіп  отырған. Дегенмен  1700  жылы  сол жерде  алтынмен айналысып  жүрген  испандар   жағдайда кетуге  мәжбүр  болады. Кетерінде үндістерге, «алтын  кендерін,  бұлақтарды  ешкім  айтпауларыңды   сұраймыз. Егер де  өзгелерге  сыр  шаша  қалсаңдар,  құдайлар  ренжіп,  сендерді  қаһарына  алады»  деп  қорқытады. Содан  бері   ол  алқаптағы  алтындарды  ешкімнің  жолы  болып  таппаған.  Әрине,  бұл  – аңыз. Бірақ  астарында  шындық  бар. Өйткені осы  таулы аймаққа  алтын  іздеп  барғандардың  ешқайсы  тірі  қайтпаған. Бірен-саран аман  қалғандары өздері   белгісіз  жын-елестер  қуалағанын  айтады. Әрине   мол  олжа тапқандарда  кездеседі.  1848 жылы   бір  мексикандық  отбасы алтын  бастауын  тауып,  сол  жерден  10  келі  алтын  өндірген.  Алайда  таудан  төмен  түсіп  келе  жатқан  оларды    белгісіз  үндістер  қоршап  алып    қырып  салған.  Тек  отбасының  бір  мүшесі  ғана  аман  қалып, үйіне  аман-есен  оралып,  жиналған  жұртқа  тауда  болған  оқиғаны  айтып  берген  көрінеді.   1860  жылы  үндістерге  көп  көмегі  тиген  жергілікті  бір    дәрігерге   сый-сияпат  жасау  үшін,    үндіс  көсемі   оны  атқа  мінгізіп,  көзін  таңып    тау  ішіне  алып  барып,   қалың  жыныстың  ішіне  барған соң, көзіндегісін  шешіп,  «қанша  алтын  керек,  сонша  ал»  деп  рұқсат  берген. Дәрігер  керегін  алған.  Артынан   сол  маңға  талай  мәрте  үндістерден  тығылып  барып,  алтын  іздегенмен қалың жыныс  тоғайды   қайтып  кездестірмеген. Бұл  да  сол   дәрігердің  күнделігіндегі  жазбалар.  1870  жылы Якоб  Вальтц  және Якоб Уэйзер  деген  біреулер қайдан  тапқаны  белгісіз   алтын  бұлақтар  белгіленген   көне  карта  тауып  алған. Сол  бойынша  жүріп  отырып, таулы  аймақтан  құны  7  миллион  тонна болатын алтын  өндірген. Бұл  енді  жолы  болғандар.  Дегенмен  солардың  бірі   Якоб  Уэйзер  аяқ  астынан  жынданып, таулы аймақта  қаңғып  жүріп  өлген. Өкінішке  қарай,  содан  бері  сол  маңдағы  апачтардың   қазынасына  ешкімнің  қолы  жетпеген.  Тығулы  алтындар  тығулы  қалған. Тек  сол  өлкеге  алтын  іздеп  барғандардың  көбі  белгісіз  жағдайда  қайғылы  оқиғаға  душар  болып  отырған.

Археологтардың    ашқан  бір  жаңалығы, үндістерде   қайтыс  болған  көсемдерін,  басшыларын  бүкіл  байлығымен  яғни  алтын-күмістерге бөлеп  жерлейді екен. Демек  қаншама  алтын  әлі  күнге  жер  астында  жатыр  десеңші.  Бір  ақиқат  дүние,  бүгінде   аңызға айналған  Эльдорадоны  ешкім кездестірмеген  сияқты,  жет алтын  қаладан   тұратын   апач  тайпасының   аңызға айналған  қазыналы  өлкесі Сиболаныда   әлі  ешкім  тапқан  жоқ.

Нұрсұлу  Мырзабекова