Ақырзаман алдында

Жаратушы Бұ Дүниені 6 күнде жаратты дейді. Құранда Алланың әрбір күні Жер бетіндегі мың жылға тең екені айтылады.

Ғылым Жер бетіндегі тіршілік алғаш суда бір жасуша клетка қалпында пайда болып эволюция содан басталды дейді. Алайда бір жасушалы тіршіліктің қайдан, қалай пайда болғанын нақты түсіндіре алмайды. Тіршілік бастауына Жер бетінде  қолайлы табиғи жағдай қалыптасты деп түсіндіреді. Яғни, ғылым бойынша Жер бетіндегідей қолайлы табиғи жағдай ғарыштың қай түкпірінде пайда болса сол жерде тіршілік міндетті түрде пайда болуға тиіс. Алайда, ол «қолайлы табиғи жағдай» өз-өзінен қалай пайда болады? Немесе ол жағдайды кім жасайды, о жағына ғылым бармайды. Ал, киелі кітаптар болса Жер бетіндегі «тіршілікке қолайлы жағдайды»  Құдірет Иесі жаратты дейді.

Соныңмен, ғылым тіршілік өлі табиғаттан эволюция нәтижесінде шықты деп біледі. Тіршілікке тән жан мен сана  сол  тіршілік иесінің эволюциялық дамуының нәтижесі деп біледі.

Ал, дін болса жан мен тәнді бөліп қарайды. Тән – табиғаттан, жан – Алладан.

Ғылым мен дін арасындағы осынау ғасырларға созылған аламан айтысқа қарап отырып, ғылым бетке ұстап отырған сол эволюцияның өзі  Жер бетіндегі Жаратушы  Жобасы  болмасына кім кепіл деген ой келеді. Құранға жүгінсек  ғаламдағы   ілім кілті – Аллада. Олай болса адамзат баласының ертелі-кеш ашқан ғылыми жаңалықтарының бәрі Жер бетіндегі Жаратушы Жобасының  жүзеге асуы. Яғни, сол табиғат заңдарын бір-бірлеп тарқатып келе жатқан ғылыми қадамдардың барлығы  түптің-түбінде өз Жаратушысына алып баратын  тарау-тарау жолдар. Әрбір үлкенді-кішілі ғылыми жаңалық дүниені тану жолындағы,  яғни  ақиқатты тану жолындағы баспалдақтар. Ол баспалдақтар биіктеген үстіне биіктеп  абсолютті  тануға бастап барады.  Ал, абсолютті ақиқат — Хақтағалланың өзі.

Дүниетанымдағы ғылымның бүгінгі биігі   кванттық физика ашқан жаңалықтар. Сол биікке  алғашқы көтерілген  ғалымдардың бірі   ұлы  физик Макс Планктің   көзі ең алдымен  абсолютті ақиқатқа түсті. Өз көзі көрген осынау ақиқатты  әлем алдында ашық мойындады:

«Ғаламды Жоғары Сана билейді. Әлемдегінің бәрі Оның көзге көрінбейтін, байқалмайтын, бірақ растығы күмән тудырмайтын қуатымен байланысып  тұр»  деп мәлімдеді.

Бұл мәлімдемеден нені көреміз?  Бұл мәлімдемеден  біз табиғат тұңғиығына терең сүңгіген заманауи ғылым  алдынан  Жоғарғы Сананың шыққанын   көреміз.

Қасиетті кітаптар Адам рухының Алладан екенін айтады.

Соның бір дәлелі – Адамның жасампаздығы. Жасампаздық –  Аллаға тән қасиет. Жалпы сана, Жаратушыға тән сана, бір орында тұрмайтын, үнемі қозғалыс, ізденіс, талпыныс үстінде болатын  рух. Үңгірде тұрған жабайы дәуірінің өзінде Адам мал тәрізді  тек қарын тоқтығымен ғана шектелмепті.Қолына қашау алып сол үңгір  қабырғасына  сурет салыпты. Бұдан біз балаң сананың қоршаған орта туралы ойлана бастауын, оны түсінуге талпына бастауын көреміз. Немесе, Адам шығармашылығының, жасампаздығының тәй-тәй басқан шағын көреміз. Сол талпыныс, жасампаздыққа деген мыңдаған жылдық талпыныс Адам баласын өрге сүйреп бүгінгі өркениетке алып келіпті.

Алғашқы адамдар алдымен өзін қоршаған ортаны тануға талпыныпты. Өз көзіне көрініп тұрған табиғатты  құдірет депті.  Күркіреген күн, түнерген түн,  айлапат  аспан, көк тіреген тау, жапырақ жайған ағаш, сылдыраған су, — осының  бәрі олар үшін тылсым да түсініксіз құдірет иесі болып көрінді. Сондықтан жабайы Адамға  жарқыраған Күн де тәңір, аспандағы Ай да тәңір, түнерген тау да тәңір, жалындаған от та тәңір, сылдыраған су да тәңір, жапандағы жалғыз ағаш та тәңір. Соларға табынды. Дүниетаным жолындағы осынау  ізденістері алайда  Адамды аңнан алыстата берді. Адамдыққа бастады.  Адам шын Иесін тани алмаса да, сол Иесі жаратқан нәрселерге табынды. Бұл да болса прогресс еді. Даму адамзатты өзінің шын Иесін тануға алып келе жатты. Дами келе Адам, Жаратушы жіберген пайғамбарлар арқылы өзінің шын Иесін таныды. Пайғамбарлар адамзатқа осынау ұлы ақиқаттан хабар берді. Алайда, тәні – жерден, жаны- Хақтан жаратылған Адам екіұдай өмір сүрді.Тән қорегі үшін күн құрғатпай алысты, арпалысты. Алайда  жан  қорегін таба алмады.  Адам байғұс шарқ ұрып жан қорегін іздеді.  Құдайын жерден емес, көктен іздеді. Адам жаны, сөйтіп, өзінің Иесін, тегін іздеді. Осы тұста пайғамбарлар арқылы Жаратушы оларға уахи түсіре бастады. Адам жәйлі, әлем жәйлі ұлы ақиқаттан хабар бере бастады. Бұ Дүниенің басы мен аяғы жәйлі, Жер бетіндегі Адам миссиясы жәйлі хабар еді ол. Өзінің шын Иесін тапқан адамзат үшін бұл хабар ұлы асу болды. Адам Адам болып еңсе көтерді. «Оқы! Оқы! Оқы!» деуменен Құрани-Кәрім түсе бастады. Адам баласы ғылымға бой ұрды, табиғат заңдарына үңілді. Әсіресе, Ренессанс тұсында Адам  заманауи дүниетану негізін қалады. 19 ғасырда өмірдің пайда болуы жайлы эволюция теориясы өмірге келді. Эволюцияның өмірге келуі «өмірді бізге Құдай берді» деген  сенімге  соққы болып тиді. Адам Құдайға күмандана бастады.

19 ғасыр аяғында Фридрих Ницше: «Құдай өлді!» деп жар салды. Оны естіген Федор Достоевский: «Если Бог умер, то человеку все позволено?» деп үн қатты.

19 ғасыр аяғында  ғылымға, инженерлік тапқырлыққа негізделген индустриалды капиталистік қоғам тарих сахнасына шықты. Ал, капитализмнің Құдайы ақша  еді. Сол ақша  Құдайына табынған империалистік жаңа заман жыртқыштарына  моральдік қағидалары жоғары дін кедергі бола бастады. Бәрін аморальді ақша билеген жыртқыш  заманға Құдай кедергі болды. Сондықтан одан құтылу керек болды. Құдайды одан әрмен  төмпештеу жаңа 20 ғасырда одан әрмен белең алды.

Құдайды қудалауда ХХ ғасыр коммунистері алдына жан салмады.Кеңес Одағының алғашқы жылдары жастар арасында «құдайсыздар қоғамы» құрылды. Олар Құранды өртеді, мешіт, шіркеулердің күлін көкке ұшырды.Нәтижесінде Кеңес Одағы шын мәніндегі «құдайсыздар қоғамын» құрды. Алайда, бұл қоғам Құдайдың қарғысына ұшырап көп ұзамай өз-өзінен құлады.

ХХ- ғасыр аяғындағы Батыс әлеміндегі діни ахуалды американдық әйгілі ғалым-қайраткер Пат Бьюкенен «Батыс ажалы» кітабында былай бағалады.

«1950 жылдары ажырасу деген негіздердің негізін шайқайтын жанжал болатын, жасанды түстік тастау қылмыс болатын. Ал гомосексуализм болса айтуға ауыз бармайтын азғындық болатын. Ал, бүгінше?! Қиылған некелердің жартысы жарты жолда жайрап жатыр. Айтуға ауыз бармайтын қызтекелік ақпарат құралдарының  ауыз суы құрып айтатын тақырыбына айналды».

«Таурат Құдайын ысырып тастап оның орынтағын   нарық Құдайы Ақша иеленді. Секс, даңқ, ақша, билік – міне бүгінгі жаңа Американың жаңа құдайлары осылар»

«Католик, протестант, православтар- бүгінді бұлардың бәрі бірігіп батыс өркениетінің жаназасын шығарып жатыр»

«Қырық жеті Еуропа елі  ішінде тек жалғыз мұсылман Албания ғана 2000 жылғы көрсеткіш  бойынша  халықты құрып кетуден сақтайтын  демографиялық өсу деңгейін   сақтай алған. Ал, қалған  Еуропа құру үстінде екені белгілі болды»

«Отбасы алдындағы жауапкершіліктен еркек, әйел, бала демей бәрін  босату арқылы Еуропа социалистері  жалпы отбасы институтының  өмірдегі  рөлін  әлсіретті. Нәтижесінде отбасы жойылуға беттеді. Оның салдарынан Еуропа жойылуға беттеді»

«ХХ-ғасырдың  ең сұрапыл орынауысуы әйелдің отбасынан  офиске    орынауысуы болды. Сөйтіп адамды ыстық ұясынан ажыратқан   бұ құбылыс салдарынан болашақта отбасы отбасы болудан қалуға беттеді. Соныңмен феминизм дәстүрлі отбасының ғана емес, күллі Батыстың түбіне жететін болды»                                                   (Пат Бъюкенен: «Батыс ажалы»)

Осы тұста әйел теңдігі деген ұранмен Батыстың Шығысқа ұсынып отырған гендерлік саясаты (әйел теңдігі әдемі ұғым. Оған ешкім қарсы емес) Шығыс елдеріндегі демографиялық дүмпуді тежеу кілті еді. Демек, гендерлік саясатқа  далақтап ілесе кету   –  өз еліңнің демографиялық  өсуіне емес,  өшуіне үлес қосу. Қазақстанға да келіп жеткен  бұ бағдарлама мақсаты   түптің-түбінде қазақтың көп балалы дәстүрлі отбасын азайтып,  салт басты, сабау қамшы шенеунік әйелдер армиясын  көбейтуге әкеледі. Бұны біз Бьюкенен келтірген мысалдардан  ұқтық. Демек, көп балалы  отбасы деген ұғым   салт басты, сабау қамшы әйелдер үшін  олардың мансап жолындағы   кедергілер болып көрінері хақ.

Өркениет көшін бастап келе жатқан бүгінгі Батыс елдеріндегі Адам ахуалына ерекше назар аудару себебіміз бүгінгі Батыс проблемалары  күні ертең Шығыс алдынан да  шығары хақ. Өйткені бүгінгі Батыс – ертеңгі Шығыс.   Сондықтан, Пат  Бьюкененнің жан айқайына тағы да құлақ түрелік:

«Осыдан қайшылық келіп шығады: ел неғұрлым бай болған сайын халық азая бастамақ, құри бастамақ. Өз мүшелеріне  мейлінше бостандық, бақыт, рахат  сыйлауға ұмтылған қоғам, соның  нәтижесінде өз халқының жаназасын шығара бастамақ. Мына табалдырықтан аттаған жаңа ғасырда, біздің болжауымызша,  тарихи тауқыметті  көп тартқан    мұсылман, қытай тәрізді  халықтардың  айы оңынан тууы  мүмкін. Ендігі жердегі әлем қожасы осы  халықтар болуы мүмкін.  Қасиетті кітаптарда: «Түптің –түбінде жарылқанатын момындар болады. Жер  соларға қалады » делінген ғой…»

 

Батыс өркениеті өледі деген алғашқы диагнозды  ХХ-ғасыр басында өзінің атышулы «Европа ымырты» кітабында неміс философы Освальд Шпенглер жасады.  Адам өзінің табиғи ортасынан кетіп үлкен мегаполис-шаһарларға шоғырлана бастады. Және бұл тендеция барған сайын үдей түсуде. Әлімсақтан жерге жақын болған, бүкіл тірлігі жермен біте қайнасқан Адам баласы енді жерден алыстап алып шаһарларда көп қабатты үйлерде тұра бастады. Бұл Адам психикасын түбегейлі өзгеріске ұшыратқан қадам болды. Табиғат ананың аяулы аясынан шыққан Адам баласы үйде де, түзде де тас үйлерден шықпайтын болды.  Адам жерден жаратылған. Және Адам Адам болғалы  табаны жерден ажырамаған. Мегаполистер Адамды жерден ажыратты. Жерден ажыраған Адам бақыттан ажырады. Онымен қоймай мегаполистер адамды  дәстүрлі мәдениет, дәстүрлі отбасы, дәстүрлі дүниетанымынан да ажыратты дейді бұл философ. Шпенглердің түйінді пікірі төмендегідей:

 

«  Дінсіз, дәстүрсіз, шаруа біткенді  суқаны сүймейтін жаңа  паразит қала халқы пайда болды»

 

«Бұндай әлемдік астананы құрайтын халық емес –  қалың бұқара»

«Бұндай қалаларға өз мәдениетін алып келгендер бұндай  қаланың жаңа   туындысына, атқарушы органына, ақыры оның құрбанына айналып тынады»

(О.Шпенглер. «Закат  Европы»)

Шығыс елдері арасынан осындай заманауи өркениетке қол жеткізген ел Жапон елі екені белгілі. Сөзсіз, Токиода бірінші болған Адам бұ қаланың жалт-жұлт еткен сыртқы көрінісінен көз ала алмайды. Біз де сондай күйді бастан кештік. Қалай қарасаң да инженерлік ойдың шырқау дамуын көресің.Көресің де,  осындай дамыған, әлемді артқа тастап кеткен жапондар қандай бақытты деп таң қаласың. Сөйтсек, бұл алғашқы әсерден туындаған алдамшы сезім екен. Дамыған қалалық өркениеттің екінші бетін ертесіне көрдік. Түнде жерасты өткелден өтіп келе жатып жерде картон қағаз төсеніп жатқан екі жүздей  кісіні көрдік. Бұлар қарсылық акциясын өткізіп жатқан жұрт болар деп ойладық. Сұрастырсақ  олай емес екен. Бұл жатқандар баспанасыз, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз далада қалған  бомждар екен. Біз көрген өткел бұл алып шаһардың бір ғана жерасты өткелі!   Ал бұл қалада жерасты өткелдер саны мыңдап саналады емес пе? Сонда далада қалған байғұстар саны тым көбейіп кетпей ме?  Сөйтіп, біз бақытты жапондар туралы шапшаң байлам  жасаған болып шықтық.  Біз Жапонияда жүрген кезде (26.09.10 – 02.10.10) Жапония премьер-министрі ел парламенті алдында сөйледі. Баяндамасында өткен 2009 жылы суицидпен 30 000 жапонның өз-өзіне қол салғанын айтты.

Егер біз Жапонияны заманауи өркениет көшін бастап келе жатқан елдің бірі десек, Токионы адам және ақша ресурстары мол шоғырланған әлемдік астаналардың бірі десек, онда осы деңгейге  ұмтылған  дамушы елдердің ертеңі қалай болатынын  едестету қиын емес.

Парадокстың көкесі сол  –  әлікүнге дейін адамзат дамудың осынау  капиталистік жолынан өзге жолды таппапты. Ал осынау,  біздерді  жарқын болашаққа бастап  бара жатқан,  тек ақшаға, табысқа  табынған  жолдың қандай «бақытқа»  алып  бара жатқанын   көріп отырмыз. Парадокстың көкесі осы.

Постсоветтік кеңістікте сол «жарқын болашаққа» бізбен бірге беттеген ел – Ресей. Ендеше ресейлік зерттеуші Сергей Вальцевтің осы тақырыпқа байланысты пікіріне ден қоялық. Мысалдар оның соңғы шыққан атышулы «Закат человечества» атты кітабынан алынды.

«1999 жылы Канн кинофестиалінде ерекше бір рекорд туралы деректі фильм көрсетілді. Фильм кейіпкері секс майданында алдына жан салмаған  жезөкше болып шықты. Ол қатарынан 151 еркекті бұтының арасынан үзліссіз өткізіп әлемдік рекорд жасаған екен»

«2005 жылы Венеция фестивалі  бас бәйгені екі қызтеке гомосексуалист ковбой туралы « Бүкір тау» атты фильмге берді»

«Өркениетті  Батыстың  Дания, Бельгия, Германия, Швеция, Норвегия, Исландия, Голландия, Франция тәрізді 30 елінде бүгінде еркекке – еркек, әйелге- әйел үйлене беретін заң қабылданды»

«Голландияда  ресми түрде  еркекке еркек үйленген 50 000   «отбасы» тіркелген.  Ай сайын бұл елде бұндай бір жынысты адамдардан тұратын 3 мыңдай неке тіркеледі екен. Және олардың бала асырап алуына рұқсат етілген»

«Тек 2003 жылдың өзінде ғана  АҚШ-тың 28 штатында  балаларды жыныстық қатынасқа тартқаны үшін 176 священник  қызметтен қуылды. Ал, қалған 18 штат болса  ондай педофил-азғындарды шіркеуден қууды қолға алған жоқ»

«Бүгінде шамамен 20 млн.  американдық депрессияға ұшыраған.   Депрессия суицидке апаратын жол екені аян.

«1970 жылы АҚШ-тың Ұлттық шіркеулер Кеңесі  мүшелікке Сайтан шіркеуін қабылдады»

«Бандит, жезөкше, киллер, алаяқ – мінеки бүгінгі кітап, пресса, кино, телеэкранның басты кейіпкерлеріне айналды».

«Өркениеттің  одан әрмен дамуы адамды адамдық тұғырдан түсіруге беттеген. Тұрпайы тұлға – мінеки капитализмге керегі. Осындайлар капитализмнің табыс көзі»

«Сондықтан да 2005 жылы шыққан бір американдық фильмнің аты «Байы немесе бақыл бол!!» — деп жар салады.

«Ресей капитализмге аяқ басқан жылдар ішінде елдегі нашақорлар саны 12 есе өсті»

«ХІХ- ғасыр аяғында Фридрих Ницше «Құдай өлді!» — деп жар салса,  араға ғасыр салып Эрих   Фромм: «Егер ХІХ- ғасырда Құдай өлген болса,  онда ХХ-ғасырда Адам өлді!» — деп мәлімдеді.

ХІХ- ғасырда Құдай, ХХ-ғасырда Адам өлсе, онда мына жаңа ХІХ –ғасыр…  Сайтанның салтанаты болмағанда не?

Байқап отырғаныңыздай, біз батыс, шығыс зерттеушілері болып қарғап отырғанымыз капитализм екен. Бұдан келіп Батыстан басқа елдерде проблема жоқ екен деген пікір тумауы керек. Әңгіме,  жалпы адамзаттың дамыған бөлігі  бүгін ұрынған, ал дамушы бөлігі ертең ұрынатын  індет туралы болып отыр. Бұл індеттің кісі шошырлықтай асқынуының бірнеше себептері айтылды. Алайда  Адам азғындауының басты себебі  біздіңше – құдайсыздық. «Егер Құдай өлсе, онда Адам білгенін істей беретін болатын шығар?» деп осыдан 1,5 ғасыр бұрын  Достоевский айтқан көрегендік шындыққа айналды. Жоғарыда келтірілген бүгінгі Адам азғындауының қысқа ғана көріністері. Соның өзі  нені көрсетеді? Бұл…   Құдайдан құтылған Адамның Адам айтқысыз еркіндікке  қолы жеткенін көрсетеді. Сол еркіндікті  абсурдқа айналдырғанын көрсетеді.  Абсурдқа ғана емес жүгенсіздікке айналдырғанын көрсетеді.  Жер бетінде Сайтанның салтанаты басталғанын көрсетеді. Құдайдан құтылған Адам Сайтанның жетегінде кеткенін  көрсетеді.

Алайда адамзат шығарға тесік таба алмастай тығырыққа  тірелді деуден аулақпыз. Өйткені, Адамға Жаратушы берген потенциал -мүмкіндік тым зор, тым орасан. Ол мүмкіндік адамның материалдық  емес, –  рухани субстанциясында. Адам денесі –хайуаннан,  рухы  — Алладан. Адам материалдық субстанция жетегінде кете беруі мүмкін емес. Алыстап барып,  тығырыққа тіреліп барып Адам материалдық молшылықтан жеріп өзінің рухани субстанциясына бет бұрары сөзсіз. Материалдық молшылықтан бақыт таба алмаған  Адам  жоғалтқан Жаратушысын қайта іздейтін болмақ.

Смағұл ЕЛУБАЙ

Жазушы