Арғы беттегі қазақ ұлты

Қытайдағы қазақтар негізінен осы елдің Шынжаң өлкесіндегі Іле Қазақ Автономиялы облысына қарасты аудандар мен қалаларда, Алтай мен Тарбағатай өңірінде  және Дүнген автономиялық облысындағы Санжы аумағында,  сондай-ақ оның Мори деп аталатын Қазақ Автономиялы ауданында және Құмыл жерінің  Баркөл Қазақ Автономиялы аймағында, сол сияқты Үрімші қаласында көптеп орналасқан.

Тағы бір айтарымыз,ары ішке қарай  орналасқан  Гансу өлкесінің Ақсай Қазақ Автономиялы ауданы  мен Чиңхай аймағында да қазақтардың  қалың шоғыры кездеседі. 2000 жылғы мемлекеттік санақтың нәтижесі  бойынша қазақ ұлтының саны бір миллион үш жүз мың болып көрсетілген екен. Одан кейінгі санақтың қорытындысында қазақтардың саны екі миллионға жуықтайды, – деп мәліменттерде жазылған. Шынжаңдағы он үш байырғы ұлттың ішінде қазақтар қазіргі күндері сан жағынан үшінші орында. Іле Қазақ Автономиялы облысы – Қытайдағы қандастарымыздың ең көп қоныс тепкен өңірі. Осы Ұлы Қорған еліндегі қазақ тұрғындары қасындағы  өзге ұсақ ұлт өкілдеріне қарағанда өзінің дәстүрі мен салт-санасын және тілін айырықша сақтап келе жатқан бірден-бір білімді, білікті халық  деуге болады. Егер, Іле өңірінде қызайша кимешек-шылауышты (Қызай тайпасы) көрсек, Алтай және Тарбағатай өңірінен түлкі тымақты, Баркөл жағынан керей бешпетті жиі кездестіреміз. Қазақтың қыз-жігіттері қазірде де ұлтымыздың байырғы халық әндерін шырқайды, сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі саз аспаптарында ойнайды. Қытай қазақтарының біразы әлі күнге дейін көшпелі тұрмыс кешеді. Жаз айларында өзен жағалап, тау сағалап дегендей Тянь-Шань тауының шығыс-батысындағы Тарбағатай, Алтай тауларындағы жайлауларға шығып, көшіп-қонып мал бағады. Көшіп-қонған кезде қазақтың дәстүрлі көші-қон үлгісі бойынша шөптің шүйгінің, судың тұнығын қуалап қоныс аударады. Қазіргі кезде көптеген малшылар автокөліктермен көшетін болған. Малшылар тұрмысына бұл үлкен қолайлылықтар әкелді. Дегенмен, заман ағымына қарай бұл елдегі қазақтардың көпшілігі  отырықтанып, қазіргі уақытта мал шаруашылығымен қоса егін егумен, жеміс-жидек өсірумен айланысады.

Іле, Алтай, Тарбағатай, Мори және Баркөл сияқты қазақ ұлты қалың шоғырланған өңірлерде жеткіншектер осыдан біраз жылдар бұрын тек қана қазақ мектептерінде оқып келсе, қазіргі кезде осы  білім ошақтарының көпшілік бөлігі жабылып, оның орнына қытай тіліндегі мектептер ашылып, қазақ балалары осы тілде білім алуда. Қалай десекте, Іле Қазақ автономиялы облысында толық және арнаулы курстың қырық үш түрлі мамандық бойынша оқытатың Іле педагогикалық институты бар. Үрімшідегі ішінара жоғары мектептерде және Орталық Ұлттар университетінде қазақ тілінде оқытылатың мамндықтар бар. Олар осында өз тілдерін, қытай тілін немесе ағылшын, жапон және орыс тілдерін оқиды. Ерекше дарынымен алға шыққан қазақ балалары Бейжін, Чиңхуа университеттерінде, Бейжін шетел тілі университетіне, сондай-ақ, Оңтүстік Қытайдың аты шыққан кей бір жоғары оқу орындарында білім алуда.

Қытай қазақтарында осы  ұлттан шыққан айтыс ақыны, ақын- жазушы, суретші, сазгер және биші сонымен қатар, әр саланың маман-профессорлары, ғалымдары көптеп кездеседі. Олардың арасында мемлекеттік, өлкелік сыйлықтардың иегерлері болған, тіпті, шетелдік сыйлық алған азаматтар баршылық. Жыл сайын қазақ тілінде көптеген әдебиет-өнер туындылары, ғылыми –техника зерттеу еңбектері жарық көреді. Зерттеулер ішінде қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, халықтық өнеріне қатысты шығармаларда, жаңа ғылыми – техникаға арналған еңбектер де кездеседі. Айталық, қазақ батырларына қатысты тарихи дастандардың екі жүзден астамы жинақталып  жарық көрді. Медицина және білім саласында да біраз қазақтар доктор атанып, үлкен ғылыми табыстарға қол жеткізді.

Осы іргелес елде саны бірнеше миллионнан асатын біраз ұлттар тіршілік етуде. Олар: Монғол, Дүнген, Тибет, Ұйғұр, Мяу, И, Жуаң, Буиі, Манжур, Дұң, Қазақ, Дай, Ли ұлттары және тағы басқа. 2000 жылғы Қытайдағы халық саның анықтау санағы кезінде осы мемлекеттегі аз ұлттардың саны жүз алты миллионнан асқан екен. Ұсақ ұлттардың ішіндегі ең саны көбі Жуаң ұлты болып саналады. Олар он алты миллионнан асады. Одан кейінгісі Тибеттіктер. Қазақтар мен дүнгендер ең саны аз ұлттар қатарында.

Сонымен қатар, қытайдағы аз ұлттар бірнеше дінге бөлінеді. Тибет ұлты тибетте тараған Будда дініне, Дүнген, Ұйғұр және Қазақ ұлттары Мұсылман дініне сенеді. Кейінгі жылдары осы елдегі қазақтардың арасында айтыс өнері қатты дамып келеді. Мұндағы қазіргі ақындар айтысы, Қазақтың дәстүрлі өнерімен қоса, ұлттық спортпен және  заманның сауда-сатығымен толысып отыр.Бұл елдегі  осындай ақындар айтысы арқылы, дүниежүзі қазақтарының осы дәстүрлі өнерінің дамуына айтарлықтай өзіндік үлесін қосып келеді.

Қытайдағы ұлттар арасында қазақ жұртшылығы қазіргі өркениетті заманның талабына сай, сан-салалы кәсіптің тұтқасын берік ұстап, олардың арасынан осы кәсіптердің жүйесін  жетік менгерген майталман мамандар өсіп шығуда. Қазақ азаматтары мен азаматшаларынан талай жылдық сауда тарихына ие саудагерлер де көбейді. Бір кәсіпкердің осы елдегі ақындар айтысына арнап жабдықтаған ақ ордасы дүниежүзілік Гинес рекордын жаңғыртты.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі