Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ –Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы: Ұстанымыз әділетті мемлекет құру

– Сіз осы уақытқа дейін  жасылдар партиясын құрамын деп келдіңіз. Өкінішке  орай,  ондай  партияның  құрылғанын  көрген  жоқпыз. Мұны  немен  түсіндіресіз?

-Бірінші пандемия болғасын, карантин кезінде ешбір жиын болмауы керек. Ал, партия мүшелері әр өңірде тұрады. Сондықтан сьезді онлайн өткізетін болдық.  Біз сайлауды келесі жылдың наурыз айында өтеді деп жоспарлаған едік Алайда, президент 10-қаңтар күні парламенттік сайлау өтеді деп жарлыққа қол қойды. Сөйтіп экологиялық “Жасыл” партияны құрып үлгермей қалдық.

– Алда  сайлау. «Біз  тіркелген  партиялармен коалиция  құра  отырып,  парламентке енуіміз керек»  депсіз.  Бірақ  бұған  партиялар келісе  ме?  Мәселе  сонда емес пе?

– Әрине. Біз экологиялық партия ретінде тіркеуден өте алмадық.  Бірақ  республикалық ұйымбыз. Бізді халық біледі. Өзім жетекшілік етіп  отырған «Байтақ  – Болашақ» экологиялық  альянсы  «Ақиқат» ЖСДП партиясымен коалиция  құрсақ  деген  ой  бар.  Сүйтіп  бірлесе  отырып  парламенттік  сайлауға түссек. Бұл  саяси  жүрістен ешқай  жақ  ұмтылмасы анық. Өйткені “Байтақ – Болашақтың”  ресурысы үлкен. Республикамыздың әр  қиырында  аса  белсенді адамдарымыз  жетеді. Және  «Ақиқаттыңда», Байтақ – Болашықтың да»  көтіріп жүрген жүгі  біреу.  Ол  елде саяси  реформалар орнауы.  Экономиканы әр  тараптандыру. Әлеуметтік  мәселелерді реттеу. Халықтың   тұрмысын  түзету. Міне,  осындай мәселелер «Ақиқат»  пен «Байтақ – Болашақты» біріктіре алады деп ойлаймын. Келіссөздер жүргізілуде.

– «Жасылдар»  партиясын құрсаңыз, оның мақсат міндеттері қандай болатын еді? Бір ғана бағытты ғана ұстана ма әлде?

– Әрине, бір  мәселемен  шектелуге  болмайды. Негзгі ұстанымыз әділетті мемлекет құру.  Бұған  Сот жүйесіндегі  тазалық,  ашықтық,  жемқорлықпен күрес, биліктің халыққа  жақын  болуы,  Бұқаралық ақпарат  құралдарының тәуелсіздігі, сөз  бостандығы,  мемлекеттік,  ұлттық мүддені  бірінші  орынға  қою, ана тіліміздің мәртебесінартыру,  ұлтаралық  тілге айналдыру   т.б  нәрселер кіреді. Әрине біздің  алға  қойған  мақсатымыздың бірегейі  ол партияның  аты айтып тұрғандай экологиямен айналысу.  Өйткені  халықтың  денсаулығы  мықты  болсын десек, жұтатын ауа да,  ішетін  суда, демалатын ортада   адам жанына  қолайлы  болуы керек.   Сондай-ақ елімізде ауыз су  мәселесі  қиындап келеді. Каспий, Балқаш көлдеріне, Жайық, Ертіс, Көкжиде, Іле, Ертіс өзендеріне  қауіп төнгелі тұр. Мәселен Іле, Ертіс сулары Қытайдан келеді, осы екеуінің  суы азайса Балқаштан айрыламыз. Балқаштан айырылсақ халіміз мүшкіл болады. Траншекаралы су мәселесі  қиындау. Осы  орайда  Ресеймен де, Қытаймен де, Қырғыз елімен де, Өзбекстанмен де   су  мәселесіне  байланысты  жағдайды байыппен  шешуге  тура келіп  тұр.

 

 –  Сіз экологсыз.  «Байтақ – Болашақ» экоальянсы   құрылғалы  бері не  істеді? Қандай  жоба, жоспарларыңыз  бар?

– 2016 жылы құрылған кезде айттық, Алматыдағы  ТЭЦ-  тердің отынын  газға ауыстыру, экология министрлігі  құру, жаңа эко кодекс және 18 млн ағаш отырғызылуы керек дедік.  Айтқандарымыздың  біразы  орындалды.  Минисрлік  құрылды.  Экокодекс  жасалып  жатыр.  Алматыдағы ТЭЦ тер газға  көшетін  болды. Елімізде   миллиондаған  көшеттер  отырғызылуда. Ал,  альянстың  жеке  жұмысына келсек, жыл  сайын  халықаралық экологиялық конгресс өткізіп келеміз. Биыл пандемия болған соң онлайн болды. Алға  қойған  мақсат, жоба, бағдарламалар көп. Амандық  болса, бірте-бірте  бәріне  қол жеткіземіз.

Сізді жұрт кәсіпкер ретінде де таниды. Қазір пандемия уақытында шағын және орта бизнестің хал-ахуалы қандай? Мемлекет көмек беріп, қолдап отыр дегенге сенесіз бе?

– Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті мүлдем қолдап отырған жоқ  деп айта аламын. Еліміздегі жұмыссыздық 46 пайызға жетіпті. Соқы  үстіне  соққы  жасап,  фискалды органдар кәсіпкерлерді қайта-қайта тексеріп, жұмысына бөгет  жасауда. Дәл  қазіргі пандемия  жағдайында кәсіпкерлере кеңшілік жасау керек еді.  Өкініштісі  олай  болмай  тұр.

Ең үлкен проблема банктар тарапынан жасалып жатыр. Пандемия басталғалы жұмысы жүрмей, еш табыссыз қалған кәсіпкерлердің қарыздан-қарызға батып, тіпті күн көріске ақша таппай отырғанын білеміз. Осы экономикалық құлдырауды ескерген депутат Айқын Қоңыров Мәжілістің жалпы отырысында пандемияға дейін салықты уақытылы төлеген жеке және заңды тұлғаларға кең көлемді несие амнистиясын жариялауды бастама етіп  көтерді. Алайда Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды. Сөйтіп, айтылған сөз сол жерде қалып қойды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еш қолдау көрсете алмады. Елдің экономикалық дамуы регресске ұшырап  жатқанда жәй ғана қарап жатты. Шектеу шараларының кесірінен қаншама кәсіпкер банкроттықа ұшырап, күн көрістен қалды. Тек Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 1000 адам жұмыс істесе, тек солардың туыстарының компаниялары жақсы табыс тауып жатты. ҰКП-ны таратып, керісінше халықтық кәсіпкерлер ассоциацияларына басымдық беру керек.  Әр аудан, қала, облыстарда кәсіпкерлер ассоциациялары бар. Солармен тікелей жұмыс істеу керек. Әр ассоциациадан бір төраға тағайындап оны парламентке кіргізу керек. Сонда ғана кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндігі туады. Ел экономикасы осы шағын және орта бизнес өкілдеріне тікелей байланысты. Сол жағын ұмытпау керек. Бірақ ҰКП монополист қылмай тарату керек деп есептеймін.

-Сіз  ұлтшылсыз  ба? Ұлт  үшін  не істеуге  барсыз? Елдің,  жердің жағдайы  қаншалықты  сізді  толғатады?

– Әрине мен ұлтшылмын. Біздің “Байтақ Болашақ” экологиялық альянсының құрметті президенті Олжас Сүлейменов “Мен ұлтшылмын” дейтін еді. Оның өз ұлтына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Бір  ғана “Аз и Я” шығармасының  өзі  неге  тұрады?  Міне ұлтшыл азамат осындай болуы керек. Елдің тарихын танытып, әлемдік аренада ойып тұрып орын аларлықтай істер атқаруы тиіс. Мен де ұлтшыл ретінде экологиялық құндылықты халқыма сіңірсем деймін. Экологиялық құндылық арқылы мәдениетімізді, білімімізді көтеріп, геосаясатқа араласып мемлекетімізді бір биікке шығаруды мақсат еттім. Экология министрлігіне еріктілерді дайындап олардың арасында табиғатқа деген көзқарасты дұрыс арнаға салуға барымды салып жатырмын. Ағаш отырғызу, жануарларға деген махаббатты ояту 21 ғасырдың басты трендтерінің бірі. Осындай мәдениетті қалыптастыру менің борышым деп білемін. Адам табиғаттың бөлшегі. Алайда соңғы кезде адамдар табиғатты екінші сатыға ысырып қойды. Өте өкінішті жағдай. Баяғы ну орман, ағаштарымыздың бәрі, неше түрлі аң-құстар броконьерлердің кесірінен жоқ болып кетті. Мұнай өндіреміз деп жер асты суларын былғап жатырмыз. Мәселен экология департаменті биыл «КМК Мұнай» АҚ мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-не тиесілі ұңғымаларды тексеріп, Ақтөбедегі Көкжиде жерасты суларының мұнаймен ластануын тіркеді. Каспийді былғап жатырмыз, Жайықтағы балық  қырылуда.  Бұл да қолдан жасалған қиянат. Балқашқа 10 жерден лас сұйықтықты төгіліп, радиациялық қалдықтар тасталған. Іле, Ертіс өзендері канализациялық қалдықтармен ласталып жатыр. Бұдан бөлек ауаның ластануы да өзекті проблемалар легін толықтыра түспек. Міне осындай проблемаларды елі үшін жүрегі ауырып, жаны ашитын азаматтар көтерсе, қалай да шешімін табуға ұмтылса нұр үстіне нұр болар ма еді. Ел ертеңі өз қолымызда. Көзге сүйелдей батқан проблемаларды шешу керек. Әйтпесе дамыған елдердің қатарына қосылуды ойламай-ақ қойсақ та болады.

  • Әңгімеңізге рахмет!

 

                                      Сұхбаттасқан Жайна  Тәттімбетова