Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: Қазақстандағы өзге жұртты қазақтандыру үшін орыс қаріпі керек

  • – Еліміз үшін  үлкен  қауіп  Қытай  дейді  сарапшылар…

        – Егер назар аударсаңыз, орыс  тілді  баспасөзде  ең үлкен, ең  ұлы  тақырып – Қытай  жақтан  төнетін қауіп. Айландырып  соны  жазады. Қазақстан  мұнайының   төрттен  бірін алып  қойды  деп те үркітеді. Ал Ресей  жайлы  жұмған аузын ашпайды.  Неге  олар Ресей Қазақстанның  уранын, ядролық  отынын    көп бөлігін иемденіп қойды  деп   мәселе  көтермейді. Неге? Шындап  келгенде  біздің  ел үшін  үлкен қауіп  белдеуі белгісіз?  Әлі  де  оны  сараптау,  безбеннен  өткізу  қажет.

Рас, Қытаймен   көшпенді   ата-бабамыз  талай  мәрте айқасып  қалды.  Ең соңғы қақтығыс 1969 жылдың 13 тамызында Қытай әс­кер­лерінің бір легі арандатушылық әрекетімен Жалаңашкөл заставасы бойындағы Каменная төбесінен шекарашыларға қарсы қарулы әрекет көрсетіп, мемлекеттік шекараға 100 метрдей еніп кеткен еді. Одан бері құдайға шүкір, Қытаймен бейбіт қатынастамыз. Бірақ  ол  өткен  тарих.  Қажет  десең,  қазақтар Қытаймен  бірлесіп  өз Ұлы Отан  соғысында  жоңғарларды  жеңді. Қытай  оларды  қырып  тастаған  соң, қазақтар  жерін  кеңейтті.  Қоныстанды, халық  санын өсірді. Оны  ұмытпауымыз  керек.   Ұйғыр да бізді  шаппайды. Ұйғыр  қауіпі  бар  деп  те  қорқытатындар  бар.  Тағы  бір  мәселе  қытайлар  өз  жерінде  94  пайызды  құрап отырса да  кішкентай  ұйғыр  мен  тибеттіктерді сіңіре алмай  жатыр.  Тіпті жұтып  қоя  алмауы да  мүмкін. Қажет  десең  хан  деген  жалпы  аты  болмаса,  қытайдың  өзі  де қырық құрау  халық.  Тілін өздері  әрең-әрең  түсінеді. Олардың    ең  үлкен  проблемасы  Батысқа, АҚШ-қа тәуелді. Егер де Батыс қауымдастығы кедендік  алым салықты күрт көтерсе және  талаптарды қатайтса Қытайдың жағдайы мүшкіл болады.  Ондай жағдайда тауар  өтпейді,  кәсіпорындар  тоқтайды. Қаптаған  қытай  көшеге  шығады.  Мұның арты  түсінікті. Сол себепті  Қытай  сырт  көзге  жалын  күдірейткенімен іштей  АҚШ-тың  айтқанына амалсыз ымыраға  келуде. Соған  сай Батыста  аждаһа  еліне деген  саясатын  жұмсартуда.  Бір-бірлеп Қытайдың таумағын  қайтарып  беріп  жатыр. Гонконгты  берді,  болашақта Тайванды бермек. Осылайша Қытайды   қолға үйретіп  жатыр  деуге  болады.  Үлкен  есеппен  алғанда  бізге  Қытайдан  қауіп  жоқ.  Тек  Қытаймен  шошыту  бар. Қытайдың жұмыс қолын   кіргізбеу  керек. Бар іс сонымен  тәмәм  болады. Сол секілді  қытайдың  қазақтары  қытайланып  кетемін  деп  қорықпағаны  жөн.  Дүние  жүзінде  ағылшын  тілінен кейін  екінші  тіл – Қытай  тілі.   Мәселен  Ресейді  теңіз  деп,  Қытайды  мұхит   деп алатын  болсақ. Біз  неге екені  қайдам,  мұхиттан  гөрі теңізді  таңдадық.  Ресейдің  қас-қабағына  қараймыз  деп  кедендік  бажды  көтеріп  жіберіп, өзімізге  проблема  тауып  алдық.  Инфляция  күшейді. Тауар  қымбаттап  кетті.   Бірақ  бұл  саясат  алдағы  уақытта  өзгеретін  шығар.

Бүгін біз орыс тілді әлемде өмір сүріп жүрміз, ал керегі ағылшын тілді әлем. Тек сонда ғана біз дүниежүзілік прогрестің соңына ілесе аламыз  дейсіз…

–  Орыс  кеңістігі  тарылып  келеді. Оны  теңізге  теңесем, ағылшын  тілін  мұхитқа  балаймын. Мен мұхитқа  барғым  келеді, еркін  жүзгім  келеді дегендей.  Ағылшын тілі   – әлемдік  тіл. Дүниенің  қай  пұшпағына  бар  ма  ағылшын  тілі.   Бүкіл  дүниенің  кілті  осы тілде  тұр.

  Әзеке,  елімізде  қазір  латын әліпбиіне  көшу  мәселесі  тұр.

Сіздің көзқарасыңыз  қандай?                                                                                                                                           – Мен  мұны  қолдамаймын.  Ол  қазақ  тілінің  дамуын  тоқтатады. Мына  бір  мысалдарды айта кетейін,  Ирландия  егемендік  ала  тұрып,   ана  тілінен  бас  тартты. Шотландықтар енді – енді  тәуелсіздік  дәмін татуға  даярлануда. Бірақ  төл тілі  жоқ. Сол  секілді  Голландия ағылшын тіліне  бет  бұрып,  өз  тілінен жерудің  үстінде. Сондықтан  сынақ  жасаймыз  деп біз  ана  тілімізге  нұқсан келтірмеуіміз  қажет. Консервативті  болу  керек. Мен орыстың  кириллицасын  жақсы  көріп, қорғап  тұрған  жоқпын.

Сонда  қалай,  сіз  ағылшын  тілі  керек  ол  мұхит  дейсіз де,  орыстың  кирилицасына жабысасыз.

– Бізге  ең бастысы  мемлекеттік  тілді   өз  тұғырына  қондырып,  орнықтырып  алу керек. Өйткені  Қазақстандағы  өзге  жұртты  қазақтандыру  үшін  орыс қаріпі  керек.  Ол басты  құрал  қызметін  атқарады. Себебі ұйғыр да,  өзбек  те, кәріс  те   бәрі – бәрі  түсінеді. Тағы  бір  жайт, қазір  қазақтардың  57  пайызы  қалада  тұрады. Кім біледі, олар жанымызға  бұрынан  жақын  деп орыс тіліне ауып  кетуі де  мүмкін. Сондықтан  латын әліпбиіне асықпау  керек.  Уақыты  келер  сол  кезде  көре  жатармыз.

Сұхбаттасқан  Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ