Бір суреттің сыры…

… Мен өзімді  бір батырмын деп айтпаймын. Елдің,  ұлттың  намысын   қорғау  үшін алаңға  бардым. Өзгелермен  қатар  тұрып  «Қазақ елін, қазақ басқару  керек»  деп ұрандадым.

Алаңға  барғанымды   айтып,  ешкімге міндетсінгім келмейді. Өзім бардым.  Қазақпын  деген  намыс сүйреп апарды.   Сол  үшін тұрдым. Қысымына  төздім.

Алаңға  барсам,  ұлтымның намысын  қорғау  үшін, рухын  түсірмеу  үшін  бардым.   Мен секілділер  мыңдап  саналады. Олар  қазақ  болған  соң,  бойында   «қазақпыз»  деген  намыс болған  соң  барды…

 

 «Күркіреп күндей  өтті ғой  соғыс»  деп Қасым ақын  айтпақшы,  86 жылдың  желтоқсан  оқиғасы да жазды  күні  ойнаған  жасындай  жалт-жұлт  етті  де,  өте  шықты. Оған  биыл  32  жыл  толып отыр.  Ол бір исі  қазақтың  намысы оянған, теңіздей  буырқанған  кезі  еді. Алаш  баласы тектілігін  көрсетті. Рухты екенін танытты.  Толқыды, жаншыды,  жаншылды. Алайда, империяға  қарсы  тұра  алмады. Көк  мұзға жаққан алау  лапылдап барып,  сөнді. Бірақ көк  түріктің  ұрпақтары  мызғымас қызыл  империяның  көбесін   сөкті. Сол  жолда  қудаланды,  құрбан  болды. Бірақ  мойымады. Содан  бері талай  жылдар жылжыды, айлар  аунады.  Алайда, алаш баласы 86  желтоқсанын  ұмытқан  жоқ.  Ұмытпайды  да. Рас, ол кездің әлі  күнге  ашылмаған  талай  құпиясы  бар. Оны  ашуға   кейбір  күштер   рұқсат бермей  отырғаны  да  шындық. Уақыт  өтер.  Ұлт   үшін  сын  сағат  болған   ол  кездің  де  барлық құпиясы  жарыққа  шығар.  Ол болашақтың  ісі.  

Біз  бүгін тілге  тиек  еткелі  отырған жайт,   бір суреттің   сыры.  Ол сурет талай жерде  жария  болды. Жұрт көрді.  Күрсінді. Көзіне  жас  алды.   Ол суретте, қолына  дойыр  мен  қалқан  ұстаған  милициялар  жетелеп  бара жатқан  өрімдей  қазақ қызының  бейнесі   бар. «Бұл  қыз  кім  болды  екен? Бар  ма екен? Тірі ме екен?  Әлде белгісіз  құрбандардың  бірі  болып,   желтоқсанда шейіт болғандардың  қатарын  толтырды  ма екен?»  деген  сауалдың  ұшығын  таппай дағдырғандар  көп.  Құдайға  шүкір,  ол  қыз  бар  екен.  ортамызда  жүр  екен. Ештен кеш  жақсы  дегендей суреттегі  қыздың телефонын тауып,  сол  бір  суреттің  сырын  айтып беруін  өтінген едік.  Анар Рақымжанова  сол бір күндерді  былайша еске  алды:

«Ол кезде  небәрі  он  тоғыз  жаста едім. Шығыстан,  Қатын  Қарғайдан   боламын.   Мектепті  1984  жылы бітіріп, Өскемендегі   пединститутқа тапсырған едім.  Жолым  болмады. Одан  Семей  барып жұмыс  істедім.  Сонда  жүргенде Алматыдағы  құрбыларым шақырды. Дәм айдап Алматыға келдім. Құрылысқа  жұмысқа  тұрдым. СМУ  деп аталатын.  Жатақта  тұрдық. Жаман  емес.  Сонда жүріп жазға  салым   оқуға  тапсыруға  бел  будым.  Жанымда кластасым  Гүлшат  бар еді. Оқуға құжат  жинадық. Амал  қанша   енді  оқуға  құжат  тапсырамыз  деген кезде Гүлшат барлық   құжатты  жоғалтып алғаны. Сүйтіп оқуға  түсуге деген  жолым кесіліп қалды. Әйтпегенде  сол кездегі КазПи  не  болмаса КазГУ-дің тіл  әдебиет  бөліміне  тапсырсам деп  жүруші едім. Содан  не  керек жұмыс істеп жүре  бердім. Жоғалған  құжаттарды   күзге  қарай  тауып алдық.  Бірақ  бәрі  кеш еді. Содан 86 жылдың  қараша айында менің  СМУда  жұмыс істегеніме  бір  жыл  толды. Еңбек  демалысымды алып   ауылға  тартып кеттім.  Содан  демалып  15  желтоқсан  күні қайтып Алматыға келдім.  Ертеңінде  яғни 16  желтоқсан күні   маған  сөз айтып,  көңілін  білдіріп  жүрген,  қазіргі  күйеуім Марат  келіп  киноға  шақырды. Әлі есімде  күндізгі  сағат екіде «Целинный»  кинотеатрына  бардық.  Кинодан шыққан  соң,  бір кафеге  барып  отырғаным  есімде. Қайтарда  жатақханаға   баратын тікелей автобус  болмаған соң,  такси тоқтатқан  едік. Көліктің  радиосынан  көңілді  музыка  ойнап келе  жатқан.  Кенет  музыка  тоқтап,  жүргізуші  кезектен  тыс пленум болғаны,  онда Қонаевты  алып,  орнына  Колбин  деген біреуді сайлағаны  жөнінде  хабар айтты. Елімізде  үлкен бір  өзгерістің  болып жатқанын  сонда  сезіндім. Ол кезде  жатақханалардың  бәрінде кіре  берісінде вахтер  отыратын.  Келсем  вахтердің  жанында бөтен адамдар   тұр. Сол күні жатақтан ешкімді  сыртқа  шығармады. Күзет  болды.   Киноға  барғанда  жеңілдеу  киініп  қойдым ба,  түні  бойы  ыстығым  көтеріліп, ертеңінде сұралып Орбитадағы  ауруханаға  бардым.  Жанымда құрбым Гүлшат.  Жол  бойы  жұрттан,  орталық  алаңға халық  жиналып, Қонаевты алып тастағанына  қарсылық білдіріп жатқанын естідік. Ауруханадан  шыққан  бойда, 66  автобусқа  отырып солай  тартық. Автобус толы  жастар. Қазақтар. Бәрінің  аузында бір  ғана  әңгіме, «Алаң,  Қонаев.  Елді тек  қазақ басқару  керек».  Болды. Басқа  әңгіме  жоқ. Жолдан  қазақтың  бір жас  жігіті  мінді. «Комсомолмын, комсоргпін.  Қайтыңдар,  арты жаман  болады»  деп  үгіт  айтты. Бірақ қаны  қызып алған  жастар оны  тыңдаған  жоқ.  Әлі  есімде  66 автобус  Орталық стадионға  дейін келді  де,  «ары  қарай  бармаймын.  Қауіпті»  деп бізді  сол жерге  түсіріп кетті.  Көше  толы  жастар. Өрімдей  балалармен  қыздар.  Бәрі  орталық алаңды  бетке алып барады. Тіпті  әндетіп бара жатқан  топтарда  бар.  Солардың  қатарына  қосылдықта кеттік. Алаңға келгенде  халық  көп екен. Түс болып қалған кез  ғой. Жастар жағы  сол кездегі Үкімет  үйіне  ұмтылып, милициялармен қақтығысқа  да  түсіп жатыр. Көп адамның  ішіне кіріп кеткен кезде  жанымдағы  құрбым Гүлшаттан адасып қалдым. Халық  көп. Жастар  ұрандап алға  ұмтылады. Қарулы милициялар  оларды  кері  итеріп,  тықсырып  кері  қуады. Ет қызумен алға  шығып кетіппін. Милициялар   қолдарындағы  дубинкаларын үйіріп жастарды   кері тықсырған кезде,  мұзға аяқтары  тайып  құлағандарға  шалынып  менде ұшып  түстім. Жанталасып  қайта  тұрған кезде, екі-үш  милиция  қоршап,  ұстап алды.   Құлап жатқан жерімнен жұлқып  тұрғызып,  милициялар  қоршауына қарай  сүйрелей  жөнелді. Милиция  формасындағылар өзге емес,  өзіміздің  қаракөздер.  Екі  қолымнан алып сүйрелей  берген  соң, жұлқынып.  «өзім жүремін»  деп айқай  салғаным есімде. Желкелеп әкеліп,   сол кезде «пазик»  деп аталатын  сары автобусқа күштеп  тығып жіберді.  Іші  толған қыздар екен. Бәрі  алаңда  ұсталғандар. Сүйтіп тұрғанда  ақбасты,  егделеу  бір кісі  келіп,  милиция  жігіттерге  «Айналайындар  бәріміз  қазақпыз.  Алаңға  шықса «қазақ»  деп  шықтық.  Мына  қарындастарыңды  босатып жіберіңдер»  деп  милиция  жігіттерден  өтінді. Бірақ  олар  сөз  тыңдаған жоқ.   Үлкен   кісіні   ары  сүйрелеп алып кетті. Содан  не керек,  автобус  толы  қыздарды  милицияның  қоршауымен  қаланың сыртына ала  жөнелді. Қайда  бара жатқанымыз белгісіз.  Ұзақ  жүрді. Содан  бір  елдімекеннің  ортасында  орналасқан РОВД-ға  әкеліп  түсіріп,  соның  подвалына қамады. Кейін білдім  ғой,  Қаскелеңге   әкеліпті. Жертөледен бір-бірлеп алып барып суретке  тартты. Сұрақ-жауап  алды. Әбден  қорқытты.  Әлсін  -әлсін «тұқымдарыңмен бірге  құртамыз»  деп шошытып  қояды.  Тек  кешке  ғана  босатты. Онда  да ешқайда  шықпаймыз  деп кепілдеме  жазып кеттік.   «Қайдан келдім.  Қайда  барамын?»  деп    қиналып тұрған  едім. Өйткені  Алматыны  әлі  толық аралап,  танысып  болмағанмын.   Сүйтіп   РОВД-ның  алдында  ойланып  тұр едім,  әлгінде сұрақ алған  адамдардың бірі  келіп,  «Қайтарға ақшаң  болмай  қиналып  тұрсың-ау,  мә,  жатақыңа  жетіп ал»  деп бір сомдық сөлкебай  берді. Қуанып қалдым. Қасымда  қамалған    тағыда  үш-төрт қыз  тұрған.  Маған берген ақшаны  көрген  олар  мәз болып  қалды. «Бір сом бәрімізге  жетеді,  кеттік»  десті. Сүйтсем   ол кезде Қаскелеңнен  Алматыға  дейін автобус   адам басына  15  тиын алады екен  ғой.   Кешкі  автобуспен  Алматыға  жетіп алдық.  Алаңға  бірге  барған  құрбым Гүлшат  мені  ұстап алып бар жатқанын  көріп,.  Тұра  ұмтылған  ғой,  оны  өзге  милициялар  тоқтатыпты.  Өзге  ұлттың  өкілдері  болса  керек.  Әбден  ұрыпты. Бірақ  оныда кешке  қоя  берген екен. Мен келген кезде  олда  жатаққа  келді. Басы  жарылған,  денесі   ісіген. Оны  жұмыстан  да, жатақтанда шығарып тастады.  Жұмыста тексеріс,  қудалау басталды. Бірақ  мен  аман  қалдым.  Міне  бар  жағдай  осы.Одан бері талай  заман  өтті  ғой. Желтоқсанға байланысты  деректі фильмдер   я болмаса жазғандар  болса  қарамаймын.  Жүрегім езіліп ауырып кетеді. Өйткені  алаңда  болған  жағдайды  көзбен көрдік.  Түйсіндік.  Сүйтіп арада  талай  жыл жылжып  өтіп кетті. Ұмытпасам,  2010 жыл  ма екен,  әлде  одан бері  ме, Қызылорданың Жаңақорған  деген  жеріне  тұрмысқа  шығып кеткен,  баяғы  Гүлшатты  тауып алдым. Телефонмен  сөйлесіп жүргенбіз.  Бірде  ол  «газеттерде жария болып  жүрген өзіңнің суретіңді  көрдік  бе?»  деп сұрағаны.  «Жоқ»  дедім. «Онда  желтоқсан оқиғасы жазылған  газеттерді  қарастыр. Сонда  бір  топ  милицияның  қоршауында  айдалып бара  жатқан  с уретің  бар»  дегені.

Сүйтіп жүріп газеттерден өзімнің суретімді таптым.

Үстімде шақпақ пальто. Шашым қиылған,  бұйра.  Өйткені  отпуск  алып ауылға  қайтарда шашымды  қиып,  химия  салдырғанмын. Химия  салдыру  ол  кезде   моды  еді  ғой.  Мені  ұстап алып кетіп  бара жатқан кезде  алаңда  суретке  түсіріп алыпты.  Міне бір суреттің  тарихы  осы.   Осыдан   екі жыл  бұрын Фейсбукқа  тіркелгенмін. Бірде  сонда дос  болып  жүрген Нұрғани  деген    апай   әлгі  суретті  салып,  «осы  қыз  бар  ма екен?»  деп жазып қойыпты.   Астына  «ол   мен  ғой, апай»  деп жаздым. Сол- ақ екен,  «Мүмкін емес. Осы  уақытқа  шейін  неге үндемедің.  Сол кездегі суреттерің  бар ма, сал»  деп  жұрт  жарыса  жазды. Тіпті желтоқсаншы Гүлбаһрам  Жүніс  «суреттегі  қыз  басқа»  деп бұра  тартты.  Не  дейін,  сол кезде   жеке  түскен, құрбыларым  мен бірге түскен суреттерді жариялауға  тура келді.  Өйткені суреттегі  өзімді ақтап алу  керек  болды.

Мен өзімді  бір батырмын деп айтпаймын. Елдің,  ұлттың  намысын   қорғау  үшін алаңға  бардым. Өзгелермен  қатар  тұрып  «Қазақ елін  қазақ басқару  керек»  деп ұрандадым. Бары  осы.

Қазір ешбір желтоқсаншылардың  ұйымына да  мүше  емеспін.  Міндет емес. Мен  алаңға  барғанымды   айтып,  ешкімге міндетсінгім келмейді. Өзім бардым.  Қазақпын  деген  намыс сүйреп апарды.   Сол  үшін тұрдым. Қысымына  төздім. Мына  суретті  көрсетіп,   мені марапаттаңдар,  мен желтоқсанның  батырымын. Желтоқсанда зардап шектім, көмек  беріңдер деп ешкімнің алдына бармадым. Мен алаңға  барсам,  ұлтымның намысын  қорғау  үшін, рухын  түсірмеу  үшін  бардым.   Мен секілділер  мыңдап  саналады. Олар  қазақ  болған  соң,  бойында   «қазақпыз»  деген  намыс болған  соң  барды. Міне, суреттің бар   сыры  осы. Қазір отбасым, бала-шағам бар.   Соларға   ара тұра  желтоқсанның   сол  бір мұзға  жаққан алауы  жөнінде әңгімелеп қоямын. Бары  осы».  Анар  Рақымжанова  осылай  дейді.

Иә  Анардай   мыңдаған  батыр  қыздарымыз бар  да қазақ  халқы,  алаш  баласы  ешуақыта  жоғалмайды.  Намысын  қолдан  ешкімге  бермейді. Лайым,  намысты,  рухты  қарындастарымыз  аман  болсын!

ТазаЕл.кз