Байден бізді жарылқай ма?

U.S Democratic presidential nominee Joe Biden speaks about election results in Wilmington, Delaware, U.S., November 6, 2020. REUTERS/Kevin Lamarque - RC24YJ9P0WGT

«Ылдида  сиыр мөңіресе, таудағы арқардың мүйізі  сырқырайды» демекші, АҚШ-тағы  президент  сайлауы әлемдегі  еш  елді бейжай  қалдырған  жоқ. Өйткені  Вашингтонды бас орда  еткен  бұл ел,  жер  жаһанды қас-қабағымен-ақ  ықтыратын, дегенімен  жүргізетін құдіретке  ие  жалғыз  супер   мемлекет.  Сол  мемлекеттің   «алдағы  төрт жылда тізгінін  кім ұстайды, бізге қалай  қарайды?» деген сауал әлемің  кез-келген  елін  толғандырып, шақшадай басын  шарадай еткені  хақ.

Иә, АҚШ  таңдау  жасады. «Таудай  талап  бергенше, бармақтай  бақ берсін» деп  қазекем айтпақшы,  бақ  Байденге  бұйырды. Аламан тартыста Джоның аты  озды. Дегенмен  «Бақ біреуге тауып қонадыбіреуге ауып қонады, тауып қонғаны есейтеді, ауып қонғаны есіртеді»  дейді   тағыда  сол  қазекем. Саясаттағы  жырынды Байден  Ақ  үйді  басқаруда қандай  ұстанымда  болады? Әлемдік  геосаясатқа  қандай  өзгерістер  әкеле алады? Кімді  де  болса  осы сауал  толғандырары  хақ. АҚШ  330 миллионға тарта  халқы  бар, әскери һәм  экономикалық әлеуеті  жағынан  жұмыр жердегі   ең  мықты   мемлекет. «Бара  жатқанның балтасын, келе жатқанның  кетпенін»  тартып аларлық  ұрда-жықтығы, демкратияны  желеу етіп, өзгені  малша өргізіп,  қойша жусатқысы келіп тұратынды  тағы бар. Ядролық  держава.  Ал, осындай  алып елді 78 жастағы Джо Байден басқарып кете ала  ма, жоқ  па? Мәселе осында. Ол  36  жыл Сенатта  отырды. Ара –арасында  байыз  тауып  отыра алмай,  халықаралық қатынастар жөніндегі комитетті  басқарды,  вице  президентте (Барак  Обаманың  тұсында)   болды. Тәжірибеде бар, қырғиға  тән мінезде  бар.  Саясатта кеуделі.  Десек те, Байден  Дональд  Трамп  секілді  Қытаймен сауда соғысын  жүргізіп, өзінің  саясаттағы  одақтасы  болғанымен,   экономикадағы   қарсыласы Еуродақты тұқыртып,  басты жауы Ресейді  санкциямен құрсаулау  саясатын  жалғастыра ма?  «Әлбетте»  – дейді әлемдік аузы  дуалы сарапшылар: « – Байден  саясаттағы  қырғи еді. Енді  ол  сұңқарға айналады.  Қытайменде, Ресейменде ымырасыз  соғыс ашады. Трамптың  тұсындағы  Ресейге  салынған  санкция ойыншық  болып көрінеді.  Мәскеу  үшін  нағыз  тозақ енді  басталады. Әлемдегі қырғи-қабақ  соғысы күшейеді».  Еліміздегі  белгілі  саясаттанушы  Әзімбай  Ғали  Байден туралы  былай  дейді: «Джо жырынды  саясаткер. Былайша айтқанда  нағыз қырғи. Тәжірибе  жетерлік.  Кезіндегі Барак  Обамағада  жөн  сілеп  отырған  осы. Ішкі,  сыртқы  саясаттыңда майын ішкен кәнгі. Демек алдағы уақытта геосаясатта  біраз  өзгерістер   болатыны  анық. Әсіресе Байденнің  тұсында Қытай,  Ресей  секілді алыптарға  оңай тимесі хақ. Ресейге  шүйліксе, бізге  қиын  болмақ. Сондықтан Қазақстан  Ресейдің  көлеңкесіне  тығыла бермей,  көп  тармақты  саясатты  күшейте  берген  жөн». Сарапшылардың лепесіне  біздің алып-қосарымыз  жоқ. Қолына  нақты билік тимей  жатып-ақ   Байден  Трамптың қолдауымен  дүниеге келген біраз заңға өзгеріс енгізетінін, қайсы  бір елдерге   деген  АҚШ-тың ұстанымын  өзгертетінін айтып  үлгерді.  Демек  қосақ арасында  бізде  (Қазақстан)  кетпесек  болды. Бұлай сөйлеп жатқанымыз,  Әзімбай  Ғали айтқандай, Қазақстанның  экономикасы Ресейге  байлаулы,  саясаты  Кремьлге  тәуелді,  теңгеміз рубльге  құндақтаулы.   Демек,  Ресейдегі  саяси, экономикалық,  қаржылық  тұрақсыздық  біздің  елгеде  әсер етпек.  Қысқасы Байденнің Ресейге  сілтеген дырауы біздіңде арқамызды  осып түсуі  мүмкін.

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ