Бату Ордасында

Батудың ордасын көріп демім шықпай қалды…
Алты әйелі бар Сартақтың (Батудың үлкен ұлы) көші бұның қасында ойыншық боп қалды.

Менің көзіме құдды ұзын қала жүріп келе жатқандай көрінді. Көшпелі қаланың ұзындығына шек жоқ, енінің өзі екі – үш шақырым болады екен. Кәдімгі арба үстіндегі көшпелі қала.
Бату ордасы осы мезгілде теріскейден күнгейге түсіп келе жатыр.
Татарлар жалпы қаңтар айына қарай теріскейге суық жаққа көшіп, күзге таман тамыз айына қарай күнгейге құлдилап жылы жаққа күзеуге өтеді екен. Бату сол жолмен бері қайтып келе жатыр.
Бұлар Еділ өзенінің бер жағына бір ауылды бекініс қылыпты. Ол бекіністі мұсылманы да, русы (украин) да араласа мекендейді. Көшіріп әкеп бірге отырғызып қойыпты. Ол ауыл ханға келген елшілерді қабылдау үшін тұрғызылған ауыл боп шықты.
Біз сол бекіністе бір қонып шығып Бату ордасына тіке жүріп кеттік.

Батудың 26 әйелі бар, ол әйелдері өзімен бірге көшіп жүреді. Олардың және сансыз қызметкерлері бар.
Жыпырлаған үй… Киіз үйлерді өгіздер сүйреп келеді. Мен бір сүйретпе үйді сүйреп келе жатқан 22 өгізді санап үлгердім. Өгіз айдаушы арбалы үй жанында тұрып ысқырып шықпыртып келеді.
Батудың үлкен әйелі көшті тоқтатып үйін оң жағына тіксе, қалғандары дереу өз орындарын тауып бір алаңқайды үйлерімен жыпырлай қоршап тұра қалады екен.. Әркім өз орынын біледі. Темірдей тәртіп.. Ол алаңқайды бұлар Орта деп атайды.. Бұлардың Орда деген сөзі де осыдан шыққан.

Бізді көруге келген халық сыймайтын болғасын Бату үлкен үй тігіңдер деп бұйырды. Хан қызметкерлері бізге сыбырлап кеңестерін айтып жатыр..
“Ішке кіргенде босағаға аяғыңды тигізбеңдер”.
Босағаны таптау бұлар үшін қорлық, шаңырақ иесін сыйламағаның.
“Хан сөйле деп бұйырса ғана сөйлеңдер, қысқа да нұсқа жауап беріңдер”…

Біздің үстімізде христиан монахының әшекейлі киімі, жалаң аяқпыз. Сонымен не керек, Хан Ордаға кіріп келдік.
Бату алтын жалатқан тағында төрде отыр екен. Ханның алтын тағы ұзын көрінді. Таққа үш жақтан шығатын баспалдақ тұр.
Одан сәл төменде Батудың бәйбішесі Борақшы ханша орналасыпты. Бәйбіше айналасы толған халық, еркегі әйелдерімен араласып отырып апты.

Одан сәл төменде, кіреберісте алтын, күміс шаралар толған шүпілдеген қымыз. Қымбат әшекейлермен өрнектелген ыдыстары көзге ұрып тұр.
Кірген бетте хан бізді көзімен мұқият шолып шықты. Мен де көз қиығымен ханға қарап тұрмын. Бату – біздің марқұм Жан де Бомонға ұқсайды екен, беті қызылшақа.
Бір аяғымды бүгіп құлдық ұрған едім, хан екінші тіземді нұсқады. Мен қарсыласпадым, екі аяқтап бүгіліп ханға тағзым қылдым. “Иә сөйлеңдер” деді Шыңғыстың немересі.
Басымды төмен салып дұғамды сарнай жөнелдім.
” Уа құдай жаратушым… Құдайға бас ұрған күллі шапағатқа бөленер”…..
“Шоқынған құтылады, шоқынудан бас тартқан жазаланады” деген жерде құдіретті хан мырс етіп күліп жіберді.
Ордадағы жұрт алақандарын шапаттап күліп жатыр. Мазақ қылды.

Осы жерде менің қасымдағы аудармашымның қорыққанан үні шықпай қалды, мен оның иығынан қағып есін жыйғыздым.
Бір кезде жұрт тынышталды. “Уа хан ием, сіздің ұлыңыз Сартақ шоқынған христиан дегенді естіп мені сіздерге франк корольі елші ғып жіберді” дедім.
Хан осы жерде бәріміздің аты жөнімізді сұрап қасындағыларға жазғызып жатты.
“Сендер кімге қарсы соғысып жүрсіңдер?” деді Бату.
“Біз Иерусалимдегі Құдай үйін қорлаушы мұсылмандармен соғыс қыламыз” деп жауап қаттым мен.
“Отырып қымыз ішіңдер” деді хан. Олар үшін үйінде отырып қымыз ішкен адам жақын адам боп саналады. Біз сол дәрежеге ие боп олармен отырып қымыз іштік.
Мен дастархан үстінде төмен қарап қатты ойланып кетсем керек, Бату “басыңды көтеріп отыр” деп бұйырды. Қолыммен жағымды таянып отырған едім, оған сол ұнамай қалды. Татарлар жағын таянғанды жамандық шақыру деп біледі, мен түзеліп отырдым.
Ханның қымызының дәмі ерекше тәп – тәтті….
Бату Ордасында отыз қымыз баптаушы бар. Орда екі қазық қағып жүз бие байлап отыр. Бие сауатын қызметкерлері құлынды байлап бие алдына ұстап, емізіп тұрып күрпілдетіп сауады екен. Бие тартынса құлынын емізеді, сосын қайта сауады.
Одан соң ол қымызды бір үлкен ағаш ыдысқа құйып (күбіге) арнайы ағашпен (келсап) аямай тұрып майы шыққанша піседі.
Бұл қымызды көп ішіп мас болуға да болады, көп ішсе іш бүріп ауырып дәретке де тартады.
Тағы осы татарлар бұл жылқы сүтінен “қара қымыз” деген сусын алады. Оны дайындаудың да өз әдісі бар.
Ал бұл қымызды бұлар қалай ішеді деңізші…
Бұлар қымызды шағын гитара сияқты аспаптарын сабалап ұрғылай отырып қымызға шақырып, кісіні көнер -. көнбестей етіп ішкізеді. Жалпы татарларда небір музыка аспаптары жетерлік. Соның бірі әр үйде кездесетін осы шағын гитара (домбыра болуы керек).
Олар осы гитараны сабалай тартып “па” (уай пәлі) деген үн қосып отырады екен.
Бұлардың еркегі де, әйелдері де осы гитара үніне қосылып қос алақанын шапаттай отырып билегенді ұнатады екен.
Жалпы, күбі толы қымыз бен гитара әр татардың үйінде тұратын нәрселер.

Татарлар тағы сиыр сауады. Олар сиыр сауып оның сүтінен майын сүзіп алады, одан соң қайнатып қойдың терісіне орап қысқа сақтайды. Оны қыста пайдаланады.
Ал одан қалған сүтті ашытып қайнатады, қайнаған сүт ұйиды. Одан бұл ұйыған сүтті бұлар күнге қақтап оның қатайғанын күтеді. Ал қатайған сұйықты бұлар қой қарнына салып қысқа сақтайды..
Сосын қыста бұлар оны жеуге де, қайнатуға да пайдаланады. Олар бұны “құрт” дейді.
Жазда ұсақтап турап отырып етті күнге қақтап оны сүрлеп жейді, қысқа да ет сүрлеп жүреді, жылқының ішегіне ет тығып одан колбаса жасайды.
Бұларда ет жеп отырғанда кісінің сүйекті тап таза ғып мүжігенін қатты қарап отырады, сүйек ұстасаңыз, оны жылтыратып мүжуіңіз керек, олай істемесеңіз үй иесі ренжіп қалуы мүмкін.
Мен көрген Батудың халқы, біз еуропалықтар татарлар деп атайтын, ал бұлар өздерін мұғұл деп атайтын халық осындай.

Сонымен, біз Бату Ордасынан шықтық.
Сәлден соң біздің Орда маңында жүрген қараушымыз, бізге екіге бөлініп бір бөлік Мөңке ханға бас ұрып оның қабылдауына, екіншіміз осында қалады деп бұйырды…

Gul Zhan  ФБ  парақшаынан)

(Олжас ӘБІЛ францискандық монах Рубруктің Алтын Ордаға сапарнамасын қазақшалаған екен.)