Батыс  пен Ресей текетіресі, Қазақстан  қайтпек?

Қазан айының бас кезінде  Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов АҚШ-тың антиресейлік санкциясы еліміздің мүддесіне кедергі келтірмеуі керек екенін, АҚШ үкіметі Ресейге бағытталған санкцияның Қазақстанға әсері болмайтынына уәде бергенін айтты.  Ұлттық экономика министрі теңге бағамының жағдайына байланысты үкіметте бюджеттік бағдарламалар жасауына ешқандай қауіп көріп тұрмағанын, теңге бағамындағы ауытқуларға бола  бюджетке өзгерістер енгізу ақылды шешім емес екенін тілге тиек етіп өтті.

Көрші өзбек пен қырғыз басылымдары Ресейге бағытталған санкцияның ел экономикасына әсерін саралау жайлы ұсыныстарының үкімет тарапынан қаперге алынғанын айтып жатыр. Бізде бұл жағы күні бүгінге дейін қажетті деңгейде зерделенбепті. Мұны қазан айында үкіметте өткен жиындардың бірінде қаржы министі Әлихан Смайлов  айтты.
Ал ресейлік басылымдар сарапшыларының «санкциядан қорғанудың тетігі қолымызда деген» деген пікірін қазан айынан бастап күн сайын жариялауды дәстүрге айналдырды. Саяси технологиялар орталығы басқармасының төрағасы Борис Макаренко ресейлік бір телеарнаға берген сұхбатында бұл тетік институтциональдық реформалар, жекеменшік құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес екенін ашып айтыпты.

« Бұл бізге кеше ауадай керекті шаралар еді, ал бүгіндері оған деген қажеттілік 10 есеге өсіп кетті. Біз санкция салдарынан қашып құтыла алмаймыз. Оны мойындау керек. Оған экономикалық моделді ауыстыру арқылы жауап беруіміз тиіс», –дейді Борис Макаренко.

Статистикаға жүгінсек, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасы 23 рет өзгерген. “Бәріне өзіміз кінәліміз. Отандық өндірістің аяқ алып кетуіне мүмкіндік бермедік. Өйткені билікте көбіне тауарды сырттан алдыртуға мүдделі топ осыған дейін күш алып келді. Мүмкін енді отандық өндірістің бағы ашылатын шығар. Өзгеріс керек” депті “ВТБ Капитал” қорының бас экономисі Владимир Колычев kp.ru тілшісіне.

“Trt.net.tr” порталы Ташкентте ұйымдастырылған “Expo-Russia Uzbekistan-2018” жәрмеңкесінде Ресейдің сауда өкілінің орынбасары Леонид Рокровский осы таңға дейін мұнда жасаған жалпы инвестиция көлемінің 8,5 млрд доллардан асқанын айтты. АҚШ-тың сауда министрі Уилбир Луис Росстың Өзбекстанға екі күндік сапарынан кейін қайтар жолда Астанаға соғып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен   кездесті. Бұл жағдйда да  алпауыт елдердің  Орталық Азиядағы мүддесі жолындағы тартысының саяси бояуының қалыңдап келе жатқанын көрсетеді.  Ал Ресейдің шектен тыс алаңдап кетуінің басқа себебі бар.

Шавхат Мирзиеевтің АҚШ-қа сапары кезінде құны 4 млрд тұратын инвестициялық келісімге қол қойылды. Сарапшылар бұл фактордын Ресейге ұнай қоймағанын айтады.   Өзбекстанның статистика жөніндегі Мемлекеттік комитеті сайтында жарияланған деректер 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында өзбек экономикасындағы АҚШ инвестициясы бірінші орынға шыққанын, соңғы   мәліметтер жыл соңында белгілі болатынын айтып жатыр.

Отандық сарапшылар Ресей экономикалық моделін өзгертсе, онда біздің де өзгеруімізге тура келетінін айтып жатыр.  Ресейдің қазір экономикалық соғыс жағдайында екенін, ал соғыстың шығыннан басқа пайда әкелмейтінінін   мойындау керектігін айтқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов алдағы еліміздің экономикалық өсімінде белгілі бір тежелістің болатындығын айтады. Себебі экономикалық құрылымы жағынан Ресей мен Қазақстан ұқсас келеді.

– Сыртқы әлемнен оқшауланған Ресеймен біз бірге боламыз. Одан ажырап, өз алдымызға бөлек кете алмаймыз, –дейді Тоқтар Есіркепов.

Сондай-ақ ғалым кез келген интеграцияның шарттары тарихи жағдайларға байланысты қайтадан қаралып отыруы заңдылық екенін, сондықтан Ресейде боп жатқан соңғы оқиғаларды ілік ете отырып, біз, ең алдымен “Еуразиялық интеграциялардың негіздері туралы келісімшартты” бекітіп алуымыз керектігін айтады.

Сарапшылар болса, 2019-2021 жылдың бюджетін жасаған кезде Ресейдің Орталық Азия елдерімен байланысының қаперге алу маңызды екенін айтып жатыр.  АҚШ -тың  электронды  басылымдарының бірі – «Еуразиянет.орг» сайты 2018 жылдың қаңтар айында  АҚШ-Ресей  қарым-қатынасының салқындауы  тек  Ресейге  ғана емес,  Орталық  Азия елдеріне  де зияны  тиюі мүмкін екенін,  Ресейге салынған санкциялардың ел экономикасына  тісі  батса, ол  Орталық Азиядағы  посткеңестік елдерге ауыртпалығын  тигізбей қоймайтынын айтыпты.

Орталық Азия елдерінің көпшілігі Ресейдің гуманитарлық көмегіне тәуелді.

Владимир Путин 2017 жылы 22 маусым күні қырғыздың экс –президенті Алмазбек Атамбаевпен  кездескен кезде қырғыз экономикасына көмектесуін жалғастыра беретінін айтқан.  «trt.net.tr» порталы болса,  Ресейдің Өзбекстандағы сауда өкілі орынбасары Леонид Рокровский   Өзбекстанның астанасы Ташкентте ұйымдастырылған «Expo-Russia Uzbekistan 2018» жәрмеңкесінде жасаған мәлімдемесінде мемлекетінің осы таңға дейін Өзбекстанға жасаған жалпы инвестициясы 8,5 миллиард доллардан асқанын мәлімдеді.

Қазақстандық экономист Мағбат Спанов бізбен әңгімесінде  2018 жылдың қараша айында Қазақстан Ресейдегі АҚШ пен Батыс елдерінің қысымы жанама емес, тікелей  сезілетінін айтты.

Демек, АҚШ , Батыс елдері және Ресейдің теке-тіресінде Қазақстанның сыртқы факторлардан келер қауіппен бетпе-бет қалары анық.

Бұл мәселені үкімет әзірге айналып өтуге тырысып жүр.

 

Гүлбаршын Сабаева