Бейбіт САПАРАЛЫ, жазушы, дінтанушы, «Қағанат» консорциумының басшысы: Ұлт азаттығы– ұлттық идеологияның басты өзегі

–  Көптеген Араб елдерінде болып жүрсіз, салыстармалы түрде алар болсақ, еліміздегі мұсылманшылық қай деңгейде?

– Мұсылманшылық әуелі Алланың қалауымен өте жақсы қарқында дамып келеді. Әсіресе, жастарымыз жүректеріне иман ұялап, мешіт-медреселерде намаз оқуда, шариғат ілімін үйреніп, Құран аяттарын жаттауда. Араб елдерінде, Түркияда, шиғалық Иранда керісінше қарт адамдар мешітке толып келгенін, діни жиындарда басым көпшілік жасы егде тартқандар болып келетіндігін байқайсыз. Ал біздегі ахуал мүлдем басқаша. Алпыстан жасы асқандар о дүниеде жұмақты оған бәз біреу уәде еткендей парызын орындауға аттап қадам баспайды, ібіліс лағынет азғырып, имандылықтан түрлі сылтаулар айтып қашатындар одан да көп. Қайтеміз, зорлықпен дүрелеп ғибадат жасататын заман емес, бұл дүниенің таусылып бітпейтін тауқыметі оныкі, көп кешікпей келетін ажал оныкі, ақырет оныкі, қабір азабы оныкі, тозақтың от азабы да оныкі.

Мұсылман елдерінен алатын ғибрат та көп, бой тартып жиренетін керітартпа іс-амалдар да баршылық. Аса сақ болатын мәселе жалған діни ағымдар жағдаяты. Өз мазхабымызды берік ұстансақ, ешбір жау біздерді жеңе алмақ емес. Ал дәретханалардан басталатын тазалық, рухыңды шат ететін хош иістер, құлшылық жасауға әбден ыңғайластырылған қолай жағдай, жолаушыға керектіні қинап-зорламастан алдыға тарту, ресми мемлекеттік орындардағы қарапайымдылық, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қатерлі жол апаттарының өте сирек ұшырасуы, мұның барлығы да шекарадан өте салысымен біздерде осы күнге дейін неге жетпей жатыр дейтін керекті көріністер. Жатып ішер жалқау қазақ, керенау қазақ, керітартпа кежір қазақ, кекшіл қазақ, әсіреқызыл еліктеуіш қазақ, күншіл қазақ, дарақы мақтансүйгіш қазақ, тәкаппар қазаққа мұсылманшылдықтан үлгі етіп алар қадір-қасиеттер баршылық.

Елімізде ұлттық идея, идеология жоқ деп жатамыз. Жалпы, ол қандай болуы тиіс және өзегінде не жатқаны жөн?

– Ұлт азаттығы– ұлттық идеологияның басты өзегі. Түркі дүниесі бірлігі, Түркістан идеологиясы да жаһандану заманында ішкі және сыртқы қандайда болсын дос-дұшпандарға жарқырата көрсететін айбарымыз. Біздерде дербестік, тәуелсіздік сөз жүзінде ғана үстем. Өмірде бәрі басқаша. Өткен ширек  ғасырдан  астам  жылда мысық табандап қана тәуелсіздігіміздің кейбір нышандарына ие болдық. Сол  кезеңде Елбасы қолдан келгеннің барлығын дерлік істеп бақты. Алысқа ұзамай, бауырлас түрік халқын мысал етіп айтсақ жеткілікті. Тұрғыт Озал қазасынан кейін аса қиын кезеңдерді басынан өткерген Түркия халқы селт етіп оянып, Тайып Ердоған сияқты иманды қаһарман тұлғаларын төбеге көтеріп қолдап, он жыл ішінде ғажайып өзгерістер жасап, небір алпауыттарға қаймықпай айбат шегетіндей дәрежеге қол жеткізіп, мыңдаған «тайыптарды» билік басына байқатпастан әкеліп қойды. Сырт пішіні зайырлы, іштей үнемі Жаратушы Жаббар Иемізге жалбарынып жүретін, бес уақыт намазын білдіртпестен оқып ала қоятын, ең әуелі құдайдан қорқатын құлдардың, сондай министрлердің, парламент депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің бірталайымен сырлас, сапарлас, пікірлес бола жүріп көзіміз анық жеткен ақиқат – осы. Ендігі уақытта Түркияны ырғалту кім-кімге де оңайға соқпасы хақ.

– Қазаққа не жетпейді?

– Имандылық, тақуалық, ауызбіршілік, әрекетшілдік, әділдік, ар-намыс!

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ