БИЛІК ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МҮДДЕСІН ҚАЙ ЖЕРДЕ ДЕ БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЮЫ КЕРЕК

ТЕҢІЗ толқып жатыр. Бүгінгі Атырауда болып жатқан жағдайды айтамын. Қазақтар мен арабтар арасында болып жатқан қақтығысқа намыссыз, арсыз қазақтың бір қызының кесірі тиді деп айта алмаймын. Мәселе тереңде. Теңіз кенішінде жұмыс жасап жатқан шет елдіктермен жергілікті жұмысшылар арасындағы теңсіздікте. Қыз бар болғаны қазақ жастарының ішінде булығып жатқан намысты оятты. Жердің, елдің қожайыны сырттан келген келімсектер емес, өздері екенін еске түсіруге жасалған қадам. Шеттен келген келімсектерге «аяқтарыңды байқап бас, елді, жерді тіпті қазақтың тілін сыйла» деген рәуіште жасалған бой көтеру. Арты мынадай жағдайға алып келді. Тоқаев билігі шұғыл түрде бұл жағдайдан сабақ алып, қортынды жасау керек. Шет елдіктердің мүддесін қорғауды тоқтатқаны жөн. Егерде бұл жағдайға жеңіл-желпі, қыз үшін болған төбелес деп көз жұма қарайтын болса, арты жақсылыққа әкелмейді. Бүгін Атырау, ертең Ақтау бүрсүгіні тағы бір жерде дәл осындай оқиғалар қайталана бермек. Ал мұның арты Қазақстанның әлемдегі имиджіне нұсқан келтіреді. Инвестицияның тоқтауына әсер береді. Заманауи технологияның келуі тоқтайды.Жалпы мұндай оқиғалардың саяси және экономикалық қыры барын түсіну керек. Сондықтан Атыраудағы жағдайға Үкімет жедел араласып, ондағы шет ел және жергілікті жұмысшылар арасындағы ақы төлеудегі теңсіздіктерді жоюы тиіс. Бұдан тыс шет ел компанияларымен бұрынырақ жасалған келісімшарттарды қайта қарауы керек. Тіпті олардың акциялық үлесін 30-40 пайыздан асырмаған жөн. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ қоғамы сыздауық секілді жарылғалы тұр. Өйткені күн көрістің қиындауы, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі халықты ашындырып бітті. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дейді халық. Осы бір нақылды билік ұмытпағаны жөн. Сондықтан билік сырттан келген келімсектердің емес, өз халқымыздың мүддесін қай жерде де бірінші орынға қоюы керек.
Азаматхан Амиртай, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы