Диктатор

Саналы  тіршілік  жаралғалы  бері   ғаламда  өмірбаянын  қанмен  жазып,   миллиондардың  тағдырын  бір  үкіммен жаһанамға  жіберген, халықтың  қарғысына  қалған, артынан  өздері де  ит  өліммен  өлген  ел  билеуші диктаторлар   жеткілікті.  Бірақ  олардың  бәрінің   жүрегі тастан  жаралған  деуге  келмес. Қаншалықты  қанішер    болғанымен,  олар да адам  баласы, адамға  тән  дүние  оларға  да  тән. Мәселен арыға  бармай-ақ,   кеше  ғана АҚШ   түбіне  жеткен Саддам  Хүсейін,  не  болмаса жарты  әлемді  жаулап  немістердің  табанына  салғысы  келген, 50   миллионға    тарта   адамның шейіт  болуына  себепкер  болған  Адольф  Гитлердің өмірлерін айтсақ та   жеткілікті.

Саддам  Хүсейін

Саддам  Хүйсейін Тикрит  қаласына  жақын  Әл-Әужа   елдімекенінде 1937  жылы 28 сәуірде   кедей  отбасында  дүниеге  келген. Саддам  деген  аттың  өзі  араб  тілінде  «қарсы  тұра  алатын»,  «күресе алатын»   деген  мағынаны  білдірсе керек-ті.  Саддам   төрт   рет  үйленді.  Алғашқы  әйелі  Сажида   өзінің  жақын  туысы. Одан екі  ұл,  үш  қыз  бар.  Жастық  шағы  жоқшылықпен  өткен  ол  дегеніне  жетпей  қоймайтын  төзімді  болды. Бәлкім  оның  қатал  ел  билеуші  болуына  жастық  шағындағы  жоқшылықтың  да  әсері  болуы мүмкін.  Жалпы  тарихта Саддам  диктатор  ғана  емес,   өзге де  қасиеттерімен  қалған. Саддам  жақсы  бағбан  болды. Бау-бақшаға  қарағанды,  хош  иісті  гүлдерге  су  құйып  баптағанды  жаны  сүйген. Оны  күзеткендердің айтуынша,  Саддам тіпті   өмірінің  соңғы  айларында  өзі  жатқан  түрменің ауласында өсіп  тұрған жалғыз ағашқа  су құйып  отырған  көрінеді.  Сондай-ақ  теңізде  яхтамен  қыдырғанды ұнатқан. Әсіресе батыстың  қымбат  сәнді кастюмдерін  жинаған.  Кейбір  деректер  Саддамда 200-дің  үстінде қымбат  қос  түймелі костюмдер  болғанын   айғақтайды. Сонымен  қатар   бағасы  өте  қымбат  жеңіл көліктерді  ұнатқан  һәм  сол  көліктерге  отырып қыдырғанды, айдап  келе  жатып, гавана  сигарын тартқанды   жаны  сүйген. Ал  қатал  диктатордың     теледидардан, не  болмаса басылым  беттеріндегі  суреттерінде  тек  әскери  форма   киіп  жүргенін   көрген  жұрт, оның   сондай  сәнқой, қымбат    машина  айдап, сигар  түтінін   будақта   шығарып, қыдырымпаз –сырбаз  болғанына  адам  сеніңкіремейтіндей. Саддамның  бұл  өмірде  тағы  бір  қызыққан   дүниесі  ол-  сарайлар  салдыру  еді.  Елді  билеп  тұрған  заманында  80  сарай  салдырған.  Және олардың  барлығы  көркі  көз  тойдыратын  сәнді  сарайлар  болды. Онда  өзі  және  туған  -туыстары  тұрды.  Араб  елдерінің  бұқаралық  ақпарат  құралдары Саддамның  170 – ке   тақау сарай-вилла,  резиденциялары  болған  деп  жазады. Ол  өзіне  «қастандық  жасалуы» мүмкін  деп  ешуақытта   бір  қонған   сарайына  екінші  қайта  қонбаған. Үнемі  тұрағын  ауыстырып  отырған.   Саддам   билігін  құлатып, Иракты  басып  алған  америкалықтар оның  сарайларынан    әр  тілде  жазылған  мыңдаған  том класикалық әдебиеттерді, философиялық   туындыларды,  тарихи  құнды  шығармаларды тапқан. Әсіресе  Ирак  билеушісі Хемингуейдің «Шал  мен  теңіз»   повесін ерекше  ұнатып,  жиі  қайталап  оқып  отырған. Сондай-ақ   «Өкіл әке»   фильмін жиі  көріп,  Фрэнка Синатрдың  әнін  жаны сүйіп  тыңдаған.   Бір  қызығы,  Саддам  Хүйсейін  исламның  сүнит тобынан  шыққанымен, шейттердің  мешітіне    барып  тұрған. Өз  қаржысына шейттердің талай  мешітін   қайта  жөндеуден  өткізіп  берген. Исламға  тиеселі  барлық  дәстүрді  сақтап,   күніне  бес  рет  намазға  жығылған.  2003  жылғы «Форбс» журналының  мәліметіне  қарағанда  Саддам   Хүсейін  әлемдегі  мемлекет  басқарушылардың  ішіндегі ең  байларының бірі.  Ол  Сауд Арабия  королі Фахдпен Бруней  Сұлтанынан  кейінгі  орында  тұр. Байлығы  1 миллиард 300  миллион  доллар. Бірақ   кейбір  ресми  емес  деректер  оның  байлығы 40  миллиард  доллар көлемінде  деп  көрсетеді. 24  жыл  ел  билеген  ол Ирак елінің сыртқа  шығарған мұнайынан  түсетін  пайданың 5  пайызын  жеке  қазынасына  түсіріп  отырған.  Алайда АҚШ  барлау  ұйымдары Саддамның  мол  қазынасын  іздегенімен  әлі  тапқан  жоқ. Қай  елге,  қай  банкке,  кімнің  атынан  жасырды. Белгісіз. (Тіпті  ол  тұрмақ АҚШ  дарға  асып  өлтірген Саддам  Хүсейін емес,  оның «сыңары», шын  Саддам  Еуропаның  бір  қаласында тұрып  жатыр екен  деген сыбыс та  жеткілікті. Кейде атышулы  диктатордың   қараңғы  бір  үңірде  шашын  бит  басып, тығылып  жүрген   жерінен ұсталды деу  ақылға  сыймайтындай).  Оның  өмірін  зерттеп  арнайы кітап  жазғандар  Саддамның   Сталинды  идеал  етіп,  оған  аса  бір  қызығушылық танытқанын,  соған  ұқсауға  тырысқанын  айтады.  Рас,  ол  алғаш  билік  тұтқасын  ұстаған  жылдары мұнайдан  түскен  орасан  зор  пайданы елді  көркейтуге  жұмсады. Ирак  халқы   араб  елдерінің  ішіндегі  ең  бір  бақуатты  өмір  сүргендерге  жатады. Саддам «күшті  экономика, қуатты  армия,   мықты  билік»  деген  ұстанымды  ұстады. Тек  Иранмен  болған  8 жылдық  соғыс  Ирак  экономикасын  әлсіретті. Саддамның тағы  бір  қасиеті, ол  поэзиямен де, прозамен  де   айналысты. Әсіресе  биліктегі   соңғы  жылдары ол  жаңа  қырынан  көріне  білді.  «Забиба  және  патша»  деген  романын «ата  баласы» деген  бүркеншек атпен  жариялады.  Соғыс  басталар  алдында «Өлгеннен кейінгі  қарғыс»  атты  романын  жазды. Шығарма  Ирактың арғы  тарихынан  басталып,  бүгінгі  күніне  дейінгі аралықтағы  оқиғаларды  қамтыған.  Өмірінің  соңғы  үш  жылында   америкалықтардың  түрмесінде  отырған Саддам   көптеген  өлеңдер  жазды. Өзінің  өр екенін,  ешкімнің  алдында  иілмейтінін   жыр етіп  қалдырды. Сондай-ақ ол көптеген әскери стратегиялық  еңбектердің авторы. Саддам Хүсейін  2006  жылы 30  желтоқсанда таң  алдында  дарға асылды. Осылайша  24  жыл  елді  билеген халыққа  жасаған  жақсылығы да,  жамандығы да жетклікті  диктатор дүниеден  өтті. Ол  жиырма  бірінші ғасырда құрбандыққа  шалынған  бірінші  мемлекет  басшысы  болды. Оған  көптеген айыптар  тағылды. Соның  бірі  Саддам  ядролық  және  бактериялық  қару  жасап  әлемге қауіп  төндірмек  деген  айып  еді. Алайда арада  жылдар  өткен  соң ол  елде  ешқандай  алапат  қару    табылған  жоқ.  Кейбір  деректер  ол  билік  еткен кезде  Иракта  290 000  адам  із-түссіз кеткенін  көрсетеді. Ирак  халқы  үшін  Саддам Хүсейін қандай  басшы  болды,  оны  бүгін емес,  алдағы  уақыт  тарзылай  жатар. Оның  өзі де: «бүгін  мен  жайлы кім  не десе  о  десін,  бірақ  кейін 200-300  жылдан кейін халқым  мені  ұмытпай  есіне  алып,  айтып  отыратын  болады»  деген. Кім  білсін?…

 

Адольф  Гитлер

Ол  1889  жылы 20-шы  сәуірде Австрияда кедей етікшінің  отбасында  дүниеге  келді. Гитлер  жастайынан кітап  оқығанды  жаны  сүйді. Ол  оқыған алғашқы  кітаптардың  бірі  кайзер Вильгельмның француздарға  қарсы  соғысы. Ол кітаптағы басты    тұлға  рейхсканцлер Бисмарк  және генерал Гинденбургтың  өміріне  аса қызығушылық танытты. Олардың  жеңісі  жас  Гитлерге  үлкен  шабыт  сыйлады. Мықты  қолбасшы,  генерал  болсам деген арман көкейінде  қоздады. Ол 13  жасында  әкесінен,  16  жасында шешесінен айрылды. Бір  үзім  нанға зарыққан,  жетімдіктің  тақсіретін  тартты.  Десе  де  мектепте  жүріп-ақ  оның  бойында ұлшылдық  сезімі  бүр  жарды.   Сол  кездің  өзінде-ақ  ол Австрияны  Германияға  қосуды  армандады. Жергілікті  өзге  ұлт  өкілдері- поляктарды, чехтарды, хорваттарды  жек  көрді. Жетімдіктің  тақсіретін  тарта жүре  әр  жерде  қара  жұмыс істеді. Оның  бір  қасиеті,   қарны  ашып  жүрсе де, азын-аулақ  табысының үлкен  бөлігін кітап  сатып  алуға  жұмсады. Жас кезінде  ол  қайда  жүрмеді, қандай  қара  жұмыс  істемеді? Ол  әсіресе суретті  жақсы  салды. Соны  сатып  тәп-тәуір  қаржы  тапты. Егерде  ол  билікке  жетелер  баспалдаққа түспей,  сол  сурет  өнерімен айналысқанда   даңқы әлемге  мәшһүр  суретшілердің қатарына  қосылар  ма  еді? Кім білсін? Алайда  ол  басқа  жолды  таңдады. Әлемді  тек  таза  қанды  ақ  сүйек арийлер  билеу керек  деп  түйді. Неміс ұлтшыл-социалистік  жұмысшы  партиясының   құрамына  өткен  соң-ақ  оның  көзқарасы  өзгеріп  сала  берді. Қалайда  әлемді  жаулауды көздеді. Билікке  жету  жолында өзіне көмек  берген,  демеу  берген достарын құрбан ете  отырып, 1933  жылы 31 қаңтарда Германия  билігіне  келді.  Арғысы  белгілі. Қысқа  уақыт  ішінде (1939 жылдан  бастап)  Еуропаны  басып  алды. Бұл  жеңіс  Гитлердің  көңіліне желік  берді. Англия мен КСРО-ныда   басып  алу түк емес  деп  ойлады. Алайда жолы  болмады. Күйрей  жеңілді. 1945  жылы 30  сәуірде сүйіктісі Ева Браун екеуі өздеріне  қол  жұмсады. Дегенмен көптеген  деректер Гитлер  соғыс біткен  соң  да  25  жыл  Аргентинада  жасырын  өмір  сүрді дегенді келтіреді. Бәрі де  мүмкін. Әлемді  жаулап алсам  деген  ақсақ  арман  иесі,  қанқұйлы  диктатордың  оп-оңай  жан  бере  салуы  ақылға  сый  бермейді. Егер де  ол көркем  кітаптарды  оқығанын  тоқтатпай,  сурет  салуын   дамытып, басқа  жолға  түспегенде  бәлкім  жазықсыздан-жазықсыз  миллиондардың  (Ол  себепкер болған Екінші  Дүниежүзілік  соғыс  кезінде  40-45  миллион  адам шейіт  болған)   қаны  төгілмес  пе  еді?..