Дос КӨШІМ: Басы-байлы тәуелсіз қазақ мемлекетін құра алдық па?

  1. «Қазақстан» деп аталатын тәуелсіз мемлекеттің құрылғаны анық, бірақ оның ата-бабаларымыз аңсаған Қазақ мемлекетіне айналуына біршама уақыт керек сияқты. Өз басым, осылай аталатын мемлекеттің болатынына ешқандай күмән келтірмеймін. Рудан тайпа, ал тайпалық одақтардан халық құралады. Халық дамудың белгілі бір деңгейінде ұлтқа айналады. Ұлт, шамасы жетсе, өзінің мемлекетін құрады. Бұл – ғасырлар бойы келе жатқан тарих тәжірибесі, диалектиканың заңы, талассыз шындық. Бұл мемлекеттің болмысы да, мәдениеті мен салты да, тілі мен діні де, керек десеңіз экономикасы да – қазақи болмақ. Онда тұратын барлық диаспора өкілдерінің азаматтық-саяси құқығы қазақ ұлтының өкілдерімен тең болады. Ешкімге ұлтына қарай артықшылық берілмеуі шарт (демек, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі болғандықтан ғана сайланған,  сол себепті де өздерін ыңғайсыз сезінетін депутаттар болмайды). Қазақ мемлекетінің ақшаларында ұлтымыздың ұлыларының бейнесі тұрады, ұлттың ұлы күндері – мемлекеттік мейрамға айналады, Қабанбай, Кенесары, Бөгенбай, Бауыржан атындағы әскери орденіміз болады (Ресейдің Суворов, Нахимов ордендері сияқты), Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар мен тәуелсіздік үшін күрескен «Азат»  қозғалысының азаматтары мейрамдарда төрде отырады… Петропавл мен Павлодар атында қала болды десек, немерелеріміз сенбейтін болады. Сонда ғана басыбайлы қазақ мемлекетін құра алдық деп айта аламыз.
  2. Дүниежүзіндегі елдердің 99 пайызы – ұлттық мемлекет. Неге екені белгісіз, соңғы уақытта «ұлт» сөзі талай жерде дау дамай туғызып, түрлі мағына беріп жүрген сияқты. Әрине, өркениетті елдерде «ұлт» сөзі «мемлекет» деген ұғыммен бірдей қолданылады. Осыны алдымызға тартқан біздің оппоненттеріміз «ұлттық мемлекет» деген сөзді қолданудың қажеті жоқ деген де пікір айтады. Өз басым бұл пікірге түбегейлі келіспеймін. Біріншіден, жоғарыдағы мемлекеттердің барлығы ұлттың мемлекетке айналу кезеңінен өткен елдер. Бізде «қазақ ұлты» әлі де мемлекетін құрған жоқ. Мүмкін, Қазақ жеріндегі әрбір диаспора өкілі «мен – қазақпын» деген кезде ғана «ұлт» термині «мемлекет» сөзінің синонимі болар. (Айта кету керек, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов өзінің бір мақаласында «Мені қазақ деп атаңдар, қазақстандық деп атаңдар, бәрібір» деген. Орысқа «бәрібір» болған мәселеге билік неге қарсы екендігін түсінбеймін. Дүниенің төрт бұрышында біздің елден келген орысты да, кәріс де, ұйғырды да «қазақ» деп атайды. Олардың бәрі «қазақ спортшысы», қазақ турисі» болып қабылданады, аталады. Біз ғана қырсығып, «жоқ, біз қазақ емеспіз, «қазақстандықпыз» деп тіресіп отырмыз. Неткен қырсық халықпыз!). Екіншіден, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңда Қазақстанның «ұлттық мемлекет» екендігі анық жазылған. Бұны жоққа шығару – ешкімге абырой әкелмейтін жұмыс.

Меніңше, ұлттық мемлекет құрудың қалыптасқан тәжірибесі жеткілікті. Малайзияны алыңыз, Түрік мемлекетін алыңыз, қажет деп тапсаңыз Францияны да үлгі етуге болады. Әңгіме сол тәжірибені қазақ ұлтының тарихымен, салт-дәстүрімен, жандүниесімен, ұлттық экономикасымен байланыстыра қолдануда.