Дос КӨШІМ: Өз басым, ұлттық идеяны – қазақтың мемлекетін құру деп түсінемін

 – Жалпы ұлттық мемлекет құруда біз қай елдің үлгісін алуға тиіспіз?

 – Нақты бір елді нұсқап айту өте қиын. Біз өзімізге сай келетін барлық тәжірибелерді пайдалана аламыз. Маған демократиялық құрылымдары жақсы дамыған Европа елдері, оның ішінде Франция, Германия, Англия, Италия сияқты ұлттық мемлекеттер ұнайды. Әрине, ұлттық дәстүрді ұстанудан жапон елі алдына жан салмайды деп білемін, ал мемлекеттік тілдің мәселе жөнінде Франция мен Израиль мемлекеттері бәрімізге үлгі бола алады.

Ұлттық идея деп жатамыз. «Ол бізде жоқ» деп те айтамыз. Неге біз ұлттық идеяны Алаш азаматтарының еңбектерінен іздемейміз.

– Мен тарихшы да, саясаттанушы да емеспін. Алайда, Алаштың алдына қойған мақсат мүдделерінің тек біреуінің ғана жүзеге асқанын үлкен өкінішпен айтқым келеді. Ол – қазақтардың жеке мүфтият құруы туралы мәселе. Ал, өз басым, ұлттық идеяны – қазақтың мемлекетін құру деп түсінемін. Алаш арыстарының да арманы осы. Алаштың мұраларын зерттеу соңғы жылдары ғана қолға алынғаны белгілі, алайда Тұрсын Жұртбайды, Мәмбет Қойгелдінің, Дихан Қамзабекұлы мен Бейбіт Қойшыбаевтардың зерттеулері жалпы оқырманға толық жеткен жоқ деп ойлаймын. Осы мәселе шешілген уақытта Алаш азаматтарының еңбектерінің мемлекеттің болашағын анықтайтын идеяны жасақтайтыны анық.

Марк Твеннің «тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек» деген қанатты сөзі бар. Біз қаншалықты етек-жеңімізді жинаған еңселі ел атана алдық?

 – Етек-жеңімізді жинадық деуден аулақпын. Біз әлі де Кеңестік идеологияның жолымен жүріп келе жатқан сияқтымыз. Тәуелсіздік алған күннен бастап, Кеңес одағының ішінде болған республикалардың басым көпшілігі коммунистік идеология мен орыстандыру идеологиясынан арылу мәселесін алдына қойды. Тоталитарлық жүйенің әсерінен қалыптасқан аурудан толықтай құтылмайынша жаңа, ұлттық идеологияны ендіре алмайтындығын олар жақсы түсінді. Әңгіме мемлекеттік ту мен әнұранды, елтаңбаны ауыстыру емес, адамдардың мемлекетке көзқарасын, адам құқығы мен еркіндігіне түсінігін, ұлттың тарихы мен мәдениетіне, тілі мен дініне көзқарасын бүтіндей өзгертуде болатын. Өкінішке орай, біздің еліміздің алғашқы қадамы – Қазақ республикасының атын «Қазақстанға» ауыстыру болды…

90-жылдардағы Тәуелсіздік алуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының бір құрамдас бөлігі – тоталитарлық басқару жүйесін ауыстырып, демократиялық жүйеге бет бұру болатын. Сондықтан болуы керек, бұрынғы одақтағы көптеген елдер коммунистік идеологияның теориясын жасаушылар мен оны жүзеге асырушыларды биліктен аластатуға күш салды. Жаңа сипаттағы жаңа елді бұрынғы идеологтардың билеуі – сол идеологияның қайта тірілуі болып табылатыны да айдан анық мәселе. Прибалтика елдерінде компартияның басшылары барлық мемлекеттік басқару жұмыстарынан шығарылды (көп жағдайда, азаматтық мінезі бар қайсар жандардың өздері-ақ «компартияның сара жолын» мойындамайтын жүйеге қызмет істеуден бас тартты.). Бұрынғы компартия тарихынан не ғылыми коммунизмнен атақ, лауазым алған, оқытушы болған докторлар «жалған ғылымды насихаттағаны үшін» заң бойынша жұмыстан шығарылды. Коммунистік идеологияны халықтың санасына сіңдіру үшін жасалынған белгілер (ескерткіштер, қала, көше аттары) алынылып тасталды, идеологиялық мақсаттағы кинотеле өнімдер көрсетілмейтін болды, т.т. Сонымен қатар Кеңес өкіметі кезіндегі сыртқы және ішкі саяси қателіктер жаңа тұрғыдан бағаланды.

Ал бізде компарияның тарихынан сабақ берген ғалымдар, бір күннің ішінде «Қазақстан тарихының» маманы, ал өмір бойы Құдайдың жоқ екендігін ғылыми түрде дәлелдеген атеизмның білікті ғұламалары «Діннің тарихынан» сабақ бере бастады. Меніңше, бұл жағдай қазақ тілі маманының кванттық физикадан дәріс оқуынан бір де кем емес. Тәуелсіздік үшін тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан желтоқсандықтарға ескерткіш қоюға жарамаған облыс басшылары, басқа елге барып, басқыншылық соғыс жүргізген адамдарға (олардың тағдырлары аянышты екендігін, Кеңес идеологиясының құрбандары екендігін мойындаймын, бірақ өзінің елін, жерін қорғамаған адамдарға ескерткіш қою – ақылға симайды) арнап облыс орталықтарында ескерткіштер қоя бастадық. Біз Қазақ елі болып етек жеңімізді жинап алудың орнына бұрынғы Кеңестік жүйеңің сарқыншағынан арыла алмай жатырмыз.