Досаев теңселген  теңгеге  тіреу бола ала ма?

Сонымен, елді елеңдеткен ауыс-түйістер де мәрісеіне жетіп, бірқатар шенеуніктер өздерінің орынтақтарына жайғасты. Қазір елдің негізгі назары Ұлттық банкке ауып отыр. Данияр Ақышевтің орынынан кетіп, Ерболат Досаевтың Ұлттық банкке төрағалыққа келуі нені өзгертеді? Ұлттын банк басшысы ауысқанмен, ұлттық валюта нығая түсе ме? Жауап іздеп көрдік.

Теңгенің болашағы жайлы бірқатар мамандармен тілдестік.  Негізінде, ұлттық валютаның құны әлсіресе, біз алдымен әлемдік нарықтағы мұнай бағамының төмендеуінен себеп іздейміз. Бірақ теңгенің құны тек мұнай бағамына тәуелді емес. Бүгінде теңгенің құлдырауына әсер етіп отырған басқа да сыртқы факторлар баршылық. Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова «Сонау 1993 жылдан бері теңгені ішкі-сыртық факторлардан қорғай алмай келеміз. Ал Досаев мырзаның келуі доллардың екпінін басады деп айта алмаймын»,- деді.

Мамандар  алға тартып отырғандай, төл теңгеміз 1993 жылдан 2014 жылға дейін 55 пайызға дейін құнсызданыпты. Мұны төменгі сызбадан көруге болады. 2016-2018 жылдары теңге еркін айналымға кетіп, содан бері елде бір доллардың бағамы 340-375 теңгенің аралығында бағаланып келді. Сонда жалпы есеп бойынша, 1993 жыл мен 2018 жылдар аралығында теңге 75 пайыздан астам құнсыданған.

Бұған қатысты экономит-ғалым Жұмаділда Баяхметов макро-экономикалық жағдайымыздың дамуы көбінесе сыртқа факторға тәуелді болғандықтан жағдай осылай қалыптасқанын алға тартты.

 «Мұнай және басқа да шикізат тауарларының бағасы едәуір төмендеді. Бұған қоса Қазақстанмен сауда-әріптестік орнатып отырған елдердің де валюталарының құны төмендеп жатыр. Ресейдің рубльі, Қытайдың юаньі әлісіреді. Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Сондықтан қазір Қазақстан ғана емес, бірқатар дамыған елдер абдырап отыр. Себебі әлемдік нарықта шикізат бағасы түсіп жатыр. Бұған қоса АҚШ-тың федералдық  сақтық қор жүйесі де қазір басқа саясатты ұстануды мәлімдеп отыр.  АҚШ федеральдық резерв жүйесі бүгінде өзге елдерге беретін несие ставкасын 0,25 пайыздан -0,5 пайызға дейін көтерді.  Мұны АҚШ долларды күшейту үшін жасап отыр. Ал доллардың күшеюі сыртқы қарызды доллармен алатын мемлекеттер үшін өте тиімсіз. Сондай-ақ АҚШ банктері АҚШ экономикасына инвестиция салғысы келетін инвесторларға жеңілдікпен несие беруді мықтап қолға алды. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысатын инвесторлар да ендігі кезекте Америка нарығына қаржы салуға жұмыла бастайды.  Бұл үрдіс шикізатқа байланған біраз елдерді алаңдатып отыр.  Мұнайдан айрықша түсім көріп отырған, осы уақытқа дейін ұлттық валютасы бірде-бір мәрте сыр бермеген Сауд Арабиясының өзі де қазір ойлана бастады. Сондықтан осындай алып елдер сыртқы факторлардан қорғана бастағанда біз үшін теңгені теңселтпей ұстаудың өзіндік қиындықтары болары даусыз»,- деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Мамандардың байыптауынша, нақ қазір біз үшін теңгені тежеп ұстау  тиімсіз. Бұл ретте экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша,  қазір Қазақстанның алтын-валюта қоры 88,8 млрд долларды құрап отыр. Алтын валютадағы резервтер желтоқсан айында 0,2 пайызға дейін өскенмен, биылғы жыл басынан бері 2,2 пайызға төмендеген.  Ұлттық банк теңгені тежеп ұстау үшін алтын-валюта қорынан қаржы алып келді. Бірақ сыртқы факторлар теңге бағамының төмендеуіне әсер етуін қоймады. Сондықтан нақ қазір теңгені қолдан тежеп ұстау тиімділік әкелмейді.

 «Қазір көрші Ресей елінің де экономикасы аса мәз емес. Тұс-тұстан салынған санкциялар Ресейдің экономикасын тығырыққа тіреп отыр. Рубль құнсызданса, оның артынан теңге де ереді. Себебі Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Екі елдің сауда-саттығында теңге мен рубль арақатынасы  жақсы дамыған. Рубльі құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған Ресей ендігі кезекте Еуроодақ аясында салық жүйесіне де өзгерістер енуі әбден мүмкін. Биылдан бастап Ресей қосымша құн салығын 20 пайызға көтерді. Бұл да біздің кәсіп иелеріне ауыр салмақ.  Сондықтан болашақта біз үшін  алтын валюта қорындағы қаржыны теңгені тежеп ұстауға жіберу тиімсіз. Керісінше, бұл қаржыны отандық өндірісті жандандыруға бөлген әлдеқайда тиімді. Отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау білдірмесек, біз девальвациядан көз ашпаймыз»,- деді сарапшы Дәурен Арын.

Экономист ғалымдардың пайымдауынша, әлемдік нарықта мұнай бағасы да  енді бұрынғыдай болмайды. Тіпті болжамдар 2020 жылға қарай нарықтағы мұнай бағамы барреліне 30-40 долларды құрауы да мүмкін екенін алға тартты.

Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков «Шикі мұнай асырайды деп арқаны кеңге салатын уақыт өтті. Себебі  қазір әлемдік нарықта мұнайдың бағамы төмендеп жатыр. Жаңадан мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне алып келді. Қазір АҚШ тақтатас мұнайын көптеп өндіруде. АҚШ  күніне 1 млн баррел мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында Сауд Арабиясын ығыстырып әлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші елге айналды. Осылайша ОПЕК-ке мүше елдермен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың тақтатас мұнайы қосылып, нарықта мұнай көбейді. Бәсеке көбейіп, тұтынушыға талас басталды да, мұнайдың бағасы төмендеді. Алдағы уақытта да мұнайдың бағасы төмендей береді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуантарлық жағдай емес. Сондықтан келешекте Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп нақты-нақты жобаларды қолға алуы керек. Оның бірінші бағыты отандық өндірісті қолдау болуы тиіс. Теңгенің құлдыраудан, экономиканы тығырықтан алып шығатын тек қана ұлттық экономиканы көтеріп, отандық өндірісті қолдау болады»,- деді.

Қарлығаш Сайлаубаева