ЕАЭО елдері ортақ қаржы нарығын құруға кірісті

ЕАЭО елдері ортақ қаржы нарығын құруға кірісті. Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы тиісті келісімді ратификациялауды аяқтады. Бүгін Қазақстан сенаторлары “Заңнаманы үйлестіру туралы” заң жобасын қолдап бірауыздан дауыс берді. Армения мен Қырғызстанда ішкі мемлекеттік процедуралар жалғасуда, деп хабарлайды tazael.kз тілшісі.

Сенаторлар мақұлдаған заң жобасы банк, сақтандыру және құнды қағаздар нарығындағы қызмет көрсету саласындағы лицензияларды өзара мойындауды, қаржы нарықтарына кедерегісіз қатысуды, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жетілдіруді қарастырады. Заңнаманы үйлестіру 2025 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бұл келісімі үйлестірудің 7 бағытын анықтайды:

1. Қаржы нарықтарының құрылуына, олардың қатысушыларына және қызметіне қатысты талаптар;

2. Халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығындағы тәуекелдерді басқару;

3. Қадағалау талаптары және қаржы нарығының қатысушыларын қадағалау тәртібі;

4. Лицензияларды өзара тану шарттары;

5. Қаржы нарығы саласындағы ақпаратты ашуға қойылатын талаптар;

6. Мүше мемлекеттер-инвесторлардың қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталындағы үлестерді (акцияларды) сатып алуы;

7. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қойылатын талаптар.

– Осы келісім үйлестіру тәртібін анықтайды. Келісім күшіне енгеннен кейін 9 айдың ішінде үйлестіру кезеңдері мен мерзімдерін қарастыратын Үйлестіру жоспары әзірленеді. Заңнаманы үйлестіру бойынша келісілген ұсыныстар ЕЭК Кеңесінде (премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде) мақұлданады және ұлттық заңнамаларға енгізіледі, соның ішінде халықаралық келісімдер арқылы жүзеге асырылады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов.

Айта кетсек, 2019 жылдан бастап Еуроодақтың SREP (Supervisory review and evaluation process) моделіне негізделген тәуекелдерді бағалау тәсіліне көшу басталады, бұл банктердің қаржылық жағдайындағы теріс өзгерістерді ерте сатысында анықтауға және қажетті түзету шараларын тиісінше қолдануға мүмкіндік береді.

Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар бәсекелестіктің күшеюі қаупіне, қазақстандық банк секторы мен бағалы қағаздар нарығының жоғалып кетуі қаупіне назар аударды. Депутаттар ҚҚА жұмысына және Қазақстанның қаржы нарығын дамыту стратегиясына қатысты сұрақтар қойды.

– Мен сіздердің қауіптеріңізбен келісеміз. Ұлттық банк бізге жазбаша түсінік береді деп ойлаймын. Бірақ жалпы, бәсекелестіктен қорқудың қажеті жоқ. Шетелдік банктер келіп, отандық банктерді құлатып кетеді деп тек біздің банктер ғана қорқады. Олар өз позицияларынан айырылып қалудан қорқады. Бірақ бүгінде қаржы саласында проблемалар бар. Ұзақ, арзан ақша жоқ. Қазір бизнес тұншығуда, біздің банктер бұл тапсырманы орындай алмайды, сондықтан менің ойымша бәсекелестікті қолдау керек. Оның үстіне, біз нарықтық экономика құруға бет бұрдық, сайып келгенде, қуатты бәсекелестік орта біздің банктерімізді өздерінің барлық балласттарынан, кемшіліктерінен арылуға және өз жұмысын реттеуге мәжбүр етеді, – деді Сенат төрағасы Дариға Назарбаева.