Ерболат ТӨЛЕПБАЙ, суретші, мемлекеттік сыйлықтың иегері: Мен үшін қазақтан биік халық жоқ

– Сіз өнерден өз жолын тапқан, осы саланың нағыз хас шеберісіз. Бұл құндылық сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Бұқаралық ақпарат құралдары тартқан хабарларға қарап отырсаң, шет елде өнерді керемет қадірлейтіндін, сүйетіндігін, дәріптейтіндігін жиі сөз етеді. Сөз жоқ, солай. Оны мойындауымыз керек. Яғни барды бар, жоқты жоқ деп айтуға тиістіміз. Өкінішке қарай, өз еліміз жайында олай мақтана алмаймыз. Өнердің құндылығына терең мән бере бермейтін халықпыз. Неге? Осы сұраққа өзім де толық жауап бере алмаймын. «Неге?» деген сауал үнемі көкейімде тұрады. Жалпы, өмірде бәрі өткінші. Адам нәресте болып өмірге келді, өмір сүрді, қартайып өмірден өтті. Ал сен өмір сүріп кеткен заманды, кейін дүниеге келген ұрпақтар қайдан біледі, қалай бағалайды? Мәселе сонда. Келер ұрпақ сен өмір сүрген дәуірді сенің қол жеткізген жетістігіңмен бағайлайды. Солай ғой. Сен салған сурет, қашаған мүсін, жазған керемет ән не болмаса тұрғызған ғажайып ғимарат сен өмір сүрген дәуірден мағұлмат береді. Ұрпақтың көңілі толса, онда «алтын ғасыр» болған екен деп дәріптейді. Көңілі толмаса «құлдырау дәуірі» деп тағы да бағасын береді. Мысалы, маған біреу «өткен ғасырдың құнды дүниесі не?» десе, бірден ол өткен ғасырдың басында дүниеден өткен ұлы ақынымыз, тамыры тереңге тартқан ойшыл Абайдың бір жапырақ қағазға сиямен жазып кеткен өлеңі дер едім. Өйткені оны Абай өз қолымен жазды. Сол дәуірде өмірге келген саяси қарайткерлерді де, белгілі тұлғаларды да мен одан жоғары қоя алмаймын. Егер ғайыптан Абайдың өз қолымен сия тамыза отырып жазған бір тал қағазы түссе, оны алтын рамкаға салып, төріме іліп қояр едім. Өйткені мен үшін өткен ғасырдың ең құнды дүниесі сол. Өзгелер де құнды дүниелерді осылайша сүюін, осылайша қадірлеуін қалар едім…

Бүгінгі қоғамды қалай бейнелеп жүрсіз? Қандай бояумен, нені салар едіңіз?

– Мен өмір сүрген ортама, қоғамға өте үлкен сыни көзқараспен қарайтын адаммын. Мұны билікке қарсы, не болмаса өзгеге қарсы оппозициялық көзқарас деп ұқпаған жөн. Егер де өнер адамы оппозициялық ниетке бейім тұрса, уақытша саясаттың сойылын соқса, онда адасқаны. Рас, қоғамдағы ақ пен қараны ажырат. Әділдігі қайсы, әлімжеттігі қайсы, соны түсін. Таразыла. Тереңіне үңіл. Өмір болған соң, түрлі жағдай болып тұрады. Бірақ соның бәріне қара көзілдірік киіп қарауға болмайды. Сондықтан «мына қоғамды қағазға қалай түсірер едіңіз?» десеңіз, жақсы рәуіште дер едім. Қалай десеңіз де біз – бақытты адамбыз. Адамзат кемеліне келіп, талай игілікті тірлік жасаған заманда өмір сүрудеміз. Оны күңгірт бояумен бейнелеу мүмкін бе?

– Кезінде депутат болдыңыз. Бірақ, «бұл менің қолым емес» деп мандатты өткізіп кетіп қалдыңыз. Шен-шекпеннен гөрі, қылқалам сізге артық болды-ау деймін…

– Мен сонау 90-шы жылдары депутат болдым. Социализмнің әлі аяғынан тұрған еді. Бірақ аз ұлттарды аяққа салып таптаған сол дәуірге наразы едім. Құдайға шүкір, аяқасты заман өзгерді. Қазақ халқы ғасырлап күткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Содан депутаттың креслосында отыра бермей, еліміздің өлмес өнеріне аралассам деген ой туды. Сосын мандатты қайырып, қылқаламды қолыма алдым. Бұған өкінбеймін. Әркім өз ісімен айналысуы керек. Жазушы жазуын жазсын, суретші суретін салсын, артис киносына түссін, сахнада кейіпкерлерін сомдасын. Осылай да елге игілікті қызмет жасуға болады. Өзім осы ұстанымды ту еткен адаммын.

– Сіз әлемнің 40-тан астам елінде болдыңыз, көрмелер ұйымдастырдыңыз. Жалпы сыртта жүргенде көңіліңізге не түйдіңіз, не үйрендіңіз, неден жирендіңіз?

– Өнер –өте азапты жол. Оңай емес. Екінің бірі тәуекел ете бермейді. Егер де сәл ғана жетістікке жетіп, «болдым-толдым» десең – қателескенің. Өнер мәңгілік ізденісті қажет етеді. Шет елде көрме өткізу біреулер үшін мақтаныш болуы да мүмкін. Шындығы сол ғой. «Мен ана жерде, мына жерде өткіздім» деп есеп беріп, орталар да ауыздыға сөз бермей, есіп отыратын жігіттер де бар. Бірақ мен ол топтан емеспін. Қай жерде, қай елде көрме өткізбейін, көкейімде осы жұрт ұлттымды менің суреттерім арқылы таныса екен, білсе екен, осындай керемет халық бар екенін мойындап, сыйласа екен деген ой тұрады.

Әрине, біз өз елімізде, әр деңгейде өтіп жататын жиын-тойларда, бір-бірімізді «ой, сен кереметсің, ұлысың, ғұламасың» деген сияқты түрлі марапат-мақтаулар айтып жатамыз. Бірақ, бұл – өз ішімізде. Сыртта сенің ұлтыңды сүйтіп айту үшін, оны дәлелдеу керек. Қайтіп? Өз ұлтыңды өзгеге мойындатудың түрлі жолы бар. Соның бірі мен үшін өнер арқылы, ішкерілей кірсек, салған суреттерім арқылы. Менің көрмеме кіру үшін халық кезекке тұрады деп айта алмаймын. Кем дегенде 4-5 мың адам келсе, соған шүкір деуге болады.

Рас, кез-келген адам өзінің жасаған дүниесі арқылы алдымен өзін танытуға ұмтылады. Ол – заңдылық. Өзі арқылы халқын танытады. Мәселен, Шыңғыс Айтматов өлмес шығармалары арқылы, қырғыз деген халық әлемде бар екенін жалпақ жаһанға жария етті. Расул Ғамзатов өлеңдері арқылы тау ішінде өмір сүретін кішкентай Дағыстан деп аталатын елін әлемге әйгіледі. Яғни бұлардың бойларында буырқанған дарын елін де, жерін де тантытты. Менде де осындай арман бар. Ақиқатын айтсақ, біз шығарып жатқан мұнай да, газ да, түрлі-түсті темір де Қазақстан деген мемлекеттті әлемге әйгілей алмайды. «Иә, сондай бір табиғи байлыққа белшесінен батқан бай ел бар» дейді. Болды. Ол елде кім тұрып жатыр, дамуы қай деңгейде, мәдениеті қандай, тарихы қалай деген мәселенің байыбына ешкім бара алмайды. Әсілі бір елді екенші елге танытатын – елдің мәдениеті, өнері. Мәдениетің, өнерің, салған суретің арқылы өзге жұрт халқыңның қандай деңгейде екенін байқатады. Сезінеді. «Осындай ел бар екен, мәдениеті бізбен деңгейлес екен, бұларда да керемет дарынды адамдар екен ғой» деген көкіректерінде бір ой туады. Менің арманым – осы. Ал не үйрендің дегенге келсем, көп нәрсе үйрендім, көңілге түйдім. Бірақ солай бола тұрса да өз халқымды өзгелердің алдында түкке тұрғысыз ете алмаймын. Әр елдің даму жолы әр түрлі. Мен үшін қазақтан биік халық жоқ.

– Осыдан екі жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда қазаққа көңіліңіз толмайтындығыңызды айтыпсыз. Өркениеттен кеш қалған, өнерді түсінбейтін ұлт деп кінәлапсыз. Қазір сол пікіріңіз өзгерді ме?

– Енді не айтуға болады? «Мені түсінбейді, бағаламайды» деп үнемі жылай беруге де болмас. Біз өзі сондай халықпыз ғой. Кейде «қолда бар алтынның» қадірін сезіне бермейміз. Бәлкім көш жүре түзелер. Біз де өнерді еуропа халқындай қадірлейтін күнге де жетерміз. Үміт үзуге болмайды. Жалпы байқағаным, Үкімет мәдениет, өнер саласына аз қаржы бөліп жатқан жоқ. Құдайға шүкір. Бірақ сол ақша өнер иелерінің қолына жетіп жатыр ма? Мәселе сонда болып тұр.

Меніңше, Үкімет мәдениет, әдбиет саласында арнайы бағдарлама қабылдап, соны жүзеге асыру керек сияқты. Мысалы алдағы 5-10 жылда, мынадай кітап жазылса, мынадай суреттер салынса дегендей. Сонда біраз қозғалыс болар еді. Билік өнерге икімділік таныта бастаса, халық қайда барады? Осындай арнайы бағдарлама, тапсырыс арқылы өнерді белгілі бір белеске көтеріп тастауға болар еді. Кезінде – өтке ғасырдың 50-ші, 60-шы, 70-ші жылдары мемлекет арнайы тапсырыс беріп, қомақты қаржы бөле отырып, мәдениетті, өнерді бір көтеріп тастаған. Сондай бір қозғалыс тағы керек сияқты. Қазір бізде кино саласы жақсы дамып келеді. Өзге де сала соған ілессе жаман болмас еді. Мәселен, жақсы шығарманы дүниеге әкелу үшін кейде екі-үш жылды сарп етуге тура келеді. Бірақ бір дүние жасаймын деп сонша уақыт қалай отырасың? Отбасын немен асырайсың? Сондықтан жазушы бола ма, суретші бола ма, өзге бола ма оған сол екі-үш жыл тапжылмай отырып жұмыс істейтін қаржы беру керек. Сонда сең қозғалады.

– Әлемнің даңқты мұражайларында туындыларыңыз Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассо еңбектерімен қатар тұрғанын білеміз. Кейде өзгені табындыратын деңгейге көтерілдім деген ой келе ме?

– Соңғы көрмені Австрияда өткіздім. Оны осы ғасырдың атақты суретшісі Ромю Талибер келіп көрді. «Ерболат Төлепбай ұлы – суретшілер дәрежесіндегі адам» деді. Жылы сөз. Адамға қанат бітіреді. Ол мұндай пікірді кез-келген суретшіге айта бермесе керек-ті. Сөйтіп менің суреттеріме тұщынды. Риза болды. Қара қазақтың қолынан сурет салу келетінін аңғарды. Бірақ «Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассолардың деңгейіне жетіп қалыппын» деген әзәзіл ой туындаса, онда менің біткенім.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Бірақ оған малдануға болмайды. Керісінше, «солардың деңгейіне неге жете алмай жүрмін?» деген сауал тууы керек. Сонда ғана адамға ізденіс, талпыныс бітеді. Жалпы суретшілердің өзі екі топқа бөлінеді. Бірі – атаққа, ақшаға жұмыс істейтіндер. Олар үшін атақ алса, ақша тапса, мақталса болды. Екінші топ үшін атақ, қаржы басты мәселе емес. Қалай да өнердің түбіне жету, өлмейтін дүние қалдыру. Мен екінші топтың қатарына жатамын. Маған да атақ, жылы сөз мақтау, қаржы керек. Бірақ бұл мен үшін екінші я болмаса үшінші кезекте тұрады. Бірінші мақсатым – өлмейтін картина жасау. Сонда атақ та, қаржы да өзі іздеп келеді. Шеберханамда отырсың ғой. Салған суреттеріме қарашы? Жарқырап тұрған ешқайсысы жоқ. Сатып алып, төрге іліп қойып, рақаттана қарайтын да дүниелер емес. Менің қаламымнан шыққан туындылардың кейіпкерлері көбі тағдырдан таяқ жеген, қасірет шеккен, қайғылы жандар. Олар кімге керек? Оны кім төріне әспеттеп іліп қоймақ? Ешкім. Бірақ мен сондай образдар арқылы өзгелерді адамдардың ішкі жан-дүниесіне үңілуге шақырамын. Сол үшін тер төгемін. Соны әлемдік деңгейдегі тұлғалар түсініп, жылы шырай танытып жатса, жаман ба?

– Кейбір атақты суретшілердің картиналарында керемет бір тылсым дүние жатады. Адамға өзгеше әсер береді, жынды қылады, тіпті өлтіріп жібереді. Бұл суретшілердің қаламының аса құдіреттілігі. Сізде осындай картина бар ма?

– Қызық сұрақ екен. Қанша жерде сұхбат бердім, дәл осындай сұрақ қойған ешкім болмады. Рас, мен сіз айтып отырған сұраққа толық қосыламын. Ондай құдіреттті туындылар бар. Өйткені аса ірі дарын иесі суретке бүкіл жан-дүниесін салады. Бойындағы лапылдаған күш-қуатты картинаға құяды. Содан туынды жанды дүние болып шығады. Ал ол сурет өзгеге әсер етері сөзсіз. Бірақ бәріне бірдей деп айта алмаймын. Кім суреттің ішкі дүниесіне үңіле алса, соған.

Эль Греко, Франциско Гоя бастаған мықты суретшілер бар. Ол суретшілердің картиналарын көргенде бойыңда белгісіз діріл пайда болады. Біртүрлі сезімге бой алдырасың. Картинаның құдіреті деген сол. Ал өзіме келсем… білмедім… Мен емес, өзге жан сезіну керек қой, оны…

– Мықты суретшілер көп. Бірақ өзіңізге тым жақыны, өзіңіз құдіретіне бас иетін кім?

– Мен кем дегенде он жыл сайын сурет салу стильмді өзгертіп отыратын адаммын. Тек бір  бағытта, бір стильде сурет салу адамның ішін пыстырады. Сол он шақты жылдың көлемінде өзім таңдаған стильде сурет саламын. Оның ішкі-сыртқы сырын терең бойлай алдым, енді ол стиль мен үшін мәнін жоғалтты деген ойға келген кезде, сурет өрнегін өзгерте қоямын. Қашан да ізденіс керек. Бір орында тыпырлап тұра беруге болмайды. Онда мәңгілік дүние тудыру мүмкін емес.

Мені қатты қызықтыратыны – жалпы саны он- он бес суретші бар. Эль Греко, Гоя, Модильяни, Пикассо т.б. Бұлардың бояуды түсінуі, оны қолдануы ғажап. Қашан да солардың салу әдісін, бояуды жағу тәсілін тереңірек ұғынуға тырысамын. Бірақ солай бола тұрса да, салған картинамда қазақтың рухы, қазақтың ішкі-жандүниесі көрініп тұруы шарт. Мен үшін басты мәселе осы.

– Қазақ сурет өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған дара дарындар жеткілікті. Солардың бірі – «Ұлы көш» деген ғажап картина жазған Бексейіт Түлкиев, «Ақтабан шұбырынды» деген картиналар легін жасаған – Мағауия Аманжолов. Өкіншіке қарай екеуі де өмірден ерте озды. Бірі кісі қолынан мерт болса, бірі ізтүссіз жоғалып кетті. Осы қос дарын жөнінде не айта аласыз?

– Дүниенің мәні адамның өмірден ерте не кеш кетуінде емес. Ең бастысы –өлмейтін, жоғалмайтын із қалдыра білуінде. Бұл екі талантты жігіт те соңына ел тамсана қарайтын ғажайып туынды тастаған жандар. Бексейіт «Ұлы көшті» жазды. Қазір бізде одан үлкен картина жоқ. Мағауия «Ақтабан шұбырындыны» салды. Бәлкім бұл жігіттер аман болып, қатарда жүргенде бұдан да зор еңбектер дүниеге әкелер ме еді? Туғанда хақтағалла маңдайына не жазды, соны көрді. Өкін, өкін бе, жазмыштан озмыш жоқ. Менің ағам – Тоқболат Тоғысбаев солардың бірі. Көп туындыны бастады. Бірақ аяқсыз қалды. Өкінішті. Өнерге жақын жүрген жұрт бұл қылқалам иелерін ұмытады деп ойламаймын.

– Қазақстанда керемет бір сурет мұражайын салғым келеді. Оның қоры бай болса деп армандаймын деп едіңіз? Арманыңыз іске асатын уақытты дәл айта аласыз ба?

– Мұражай салу мүмкін емес шығар. Ондай іргелі дүниемен жеке суретші емес, мемлекет айналысуы тиіс. Кезінде сондай бір ой болып еді. Ерте ме, кеш пе, өтпелі заман ғой, пәнимен қош айтысып, біз де бақиға озарымыз анық. Сол кезде салған картиналарым шеберхананың бір бұрышында шаң басып жатпай, ел көретін көрікті жерде тұрса деген ой ғой. Ол жерде тек менің дүниелерім емес, өзге де жұрттың жауһарлары тұрса деген ізгі мақсаттан туған арман еді. Ертең жұрт іздей қалса, «мындай-мынадай дүниелері болған екен» деп, аты-жөнімізді еске алып жатса, ол да бір бақыт. Елеусіз, іздеусіз қалғанан артық қасірет бар ма?

Қазақта тума таланттар көп болған ғой. Ол жазушы ма, ақын ба, жырау ма, суретші ме, әлде артист пе… бәрі-бір. Бірақ солардың қайсына керемет мұражай аштық? Ары кетсе тұрған үйін, соның бір бөлмесін ғана мұражай етіп жасай алдық. Бұл аз. Бұл – өнерге деген кем көңілдің тірлігі. Егер мемлекет өз арыстарын, арда ұлдарын өзгеге үлгі еткісі келсе, сыңғырлаған мұражай ашып қоюы тиіс. Оған еліміздің әлеуеті жетеді. Тек ниет керек.

– Тапсырыспен сурет салып көрдіңіз бе?

– Салмадым десем, өтірік айтқаным. Ондай жағдайлар болып тұрады. Мәселен мемлекет тарапынан ұсыныс айтылып жатады. Өйткені еліміздің идеологиясын қалптастыру үшін де түрлі жанрда сурет салуға тура келеді. Онсыз болмайды. Басында айтып кеткен Бексейіттің, Мағауияның бастап кеткен, бірақ жалғастыра алмаған дүниелері көп. Солардың жалғасы іспетті шығармалар жазу дегендей. «Күнкөріс үшін тапсырыспен саласыз ба?» дейсіз. Неге салмасқа?! Күнкөріс керек қой. Менің салғандарымның бағасы арзан емес, қымбат.

– Шамамен қанша тұрады?

– Бағасын айту міндет емес болар. Бір жылда төрт-бес картинам сатылып кетсе, мен үшін жаман емес. Жүріс-тұрысымды, отбасымды асыруға жетеді. Кезінде көп суреттерім Мәскеуде сатылды. Қысқасы, сол заманда қолымнан шыққан үш жүзге жуық картиналарым қызыл империяның құрамындағы он бес республикаға шашырап кетті. Сатылды, мұражайларға қойылды дегендей…

Қазір өкінемін. Үлкен бір көрме өткізейін десем, қолымда солардың бірі де жоқ. Суретші атағын шығару үшін салғандарын бір жерге жинап, көрме өткізсе ғана танылады. Ал түгі жоқ суретші кім болғаны? Қазір мен өте сәтті салынған, мықты дүниелерімді шетелдіктерге сатпауға тырысамын. Неде болса, елімізде қалса екен деймін. Ерте ме, кешпе ол қазақтың байлығы болып саналары хақ. Оның бағасын мен дүниеден өткен соң, халықтың өзі белгілері анық.

– Жалашаң әйелдердің, сымбатты қыздардың суреттерін салу бәлкім қазір тиімді шығар. Себебі олар тез сатылады, пайдасы молырақ. Сіздің мынау тер төгіп, салған ғажап дүниелеріңіздің орнында, төсекте жартылай жалашаң мекірелене күліп жатқан арудың бейнесі тұрса, қолдан-қолға тимей кетер ме еді?

– Уақытында жалаңаш қыздардың суретін көп салдық. Бірақ қазір мен үшін ол қызық емес. Мен еңбек жасасам, сатуға емес, халық үшін жасаймын. Басында айтып кеттім ғой, бәзбір суретшілер, картина салып, соны сату, пайда көру үшін еңбектенеді деп, мен таза өнер үшін тер төккенді жөн көремін. Кейбір адамдар менің салғандарымды қабылдай алмайды. «Сүйкей-сүйкей салған, не басы жоқ, не аяғы жоқ, осы да сурт пе?» деген көзқарастарды қарапайым адамдардың да, өзің секілді журналистердің де бет-пішінінен байқап қаламын.

Рас, менің сурет салу стилім өзгеше. Көбі түсіне бермейді. Бірақ түбі мойындайтыны хақ. Менің суреттерім бүгінгі өмірдің ұранына сай келмейді. Халықтың рухын көтеретінде дүние емес. Үлкен идея да жоқ. Керемет бір тақырып та жоқ. Бірақ – сурет. Адам үшін салынған. Бірақ қандай адам үшін, оны өзім де білмеймін. Мәселе менің кішкентай ғана картинам бар. Онда он-он екі жасар қазақ қызы ауыл шетінде скакалка ойнап жатыр. Алыс ауыл. Жұпыны тірлік. Кішкентай қыз. Өз-өзімен мәз. Соған разы. Ол үлкен шаһарларда өмір қыз-қыз қайнап жатқанынан бейхабар. Бұл – тағдыр. Оның жаны таза, арманы мөлдір, оның жаны мынау табиғатпен астасып жатыр. Мұны мен Кеген жаққа барғанда бір ауыл сыртына көріп қалып едім. Сол жерде нобайын түсіріп алып, артынан соған жеті-сегіз картина арнадым. «Жетінші аспан» деп қойдым суреттің атын. Бір қарасаң, әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ. Тек алыс ауылда, жұпыны тірлік кешіп жатқан кішкентай қыздың бар болмысы, жан-дүниесі жатыр. Ол секіріп жатыр. Үңілсең, секірісте де мән бар. Мен соны көрсеткім келді. Ол қыз Алматыға да келмес, Парижге де бармас. Бірақ сол менің суретімде қалған бейнесі арқылы жарты әлемді аралады. Жұрт көрді.

Міне, көрдіңіз бе, мұндай суреттер сатылу үшін емес, таза өнер үшін салынған.

– Қазір не салып жатырсыз?

– Мен бір суретті салып бітіріп, ол картинаны теріс қаратып қоятын суретшілердің қатарынан емеспін. Бірін беттің бе, соған үндес, жалғасы ретінде табылатын, бірін-бірі толықтырып тұратын бірнеше сурет салу керек. Сонда ғана суретші алға қойған мақсатына жетеді. Қазір «Етек» деген сериялы дүние жасаудамын. Бұл тақырыпты бұрын соңды ешкім қозғамаған. Етек яғни орыстар «юбка» деп жатады ғой. Сол жөнінде. Әйелдің, қыз баланың етегінде аңғара білсең көп нәрсе жатыр. Әсіресе –етектің асты. Етектің төңірегі. Сол етекке байлансты болған не бір тарихи оқиғалар бар. Сол етек үшін болған талай тартыс бар. Мен соны қозғадым. Жұрт елең етсін дегім келеді. Дүниежүзілік мәдениетте бұрын болмаған жаңа тақырып. Соны мен қозғап отырмын. Бәлкім бұл қырық түрлі суретке жүк болатын шығар. Екінші бір жасап жатқан үлкен еңбегім – «Үш апа» деп аталады. Алыс сапардан оралған түйенің үстінде ақ жамылғы тартқан ана отыр. Бұл да сол қырық шақты картина болмақ. Мұнда да үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Бәлкім туындылар салына келе «қырық апа» бола ма, әлде «қырық келіншек» бола ма, білмеймін.

Қазақта мындай бір аңыз бар ғой, баяғы жоңғар шапқыншылығы кезінде үлкендер халық түгел қырылып қалмас үшін «тұяқсыз қалмайық, дүниеге ұрпақ әкелсін» деп қырық қызды тауға жасырмақ болады ғой. Бірақ іздеген жау олардың үстінен түседі. Сол кезде қырық қыз жаудың қорлығына, зорлығына ұшырамас үшін Алладан өздерін тасқа айналдыруды жалбарынған ғой. Сүйтіп қырық қыз тасқа айналып жүре берген. Менің түпкі ойым сол. Сол аңызды қайта тірілтсем деген мақсат. Онда да жаудан қорыққан қырық қызды емес, жаудан мерейі үстем түскен қырық келіншектің я болмаса қырық апаның бейнесін сомдау еді.

Бүгінге дейін мыңға тарта картина жаздым. Бұл соңғы дүниелерім солардың ішіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі болмақ.

– Бір картина салу үшін қанша уақытты сарп етесіз?

– Саябақ аралап келе жатқан бір миллионер сурет салып отырған жігітке: «Кәне, мені салып жіберші» деген ғой. Жігіт болса, миллионерді қарсы алдына отырғызып қойып, 20-30 минутта салып шығыпты.

– Не деген тез саласың, кешке дейін алдыңда отырып, ішіп пысар деп ойлап едім, – депті қалталы азамат.

«Мен суретті тез салу үшін өмір бойы еңбектеніп келемін, бұл соның арқасы» деген екен суретші.

Бұл енді мысал ғой. Жалпы салған суреттерім кейбірі бір апта, кейбірі төрт жыл, бес жыл уақытымды алады. Салып болып, теріс қаратып қоясың. Біраз уақыт өткізіп, «суытып» алып қарасаң, кем-кетікті аңғарасың, кейде қайта салуға тура келеді дегендей…

Тағы бір қасиетім аздап қағаз «шималайтын» әдетім бар. Жақсы бір оқыған кітабымнан алған әсерді, не болмаса белгілі бір тұлғалар айтқан сөздерді, мемлекетте болған ірі оқиғалар жөніндегі өзімнің көзқарасымды тағы басқа дүниелерді қағазға түсіріп отырамын. Бәрі керек, Тарих үшін. Кейін бір реті келгенде жарық көре жатар. Бір қызығы, мен оның бәрін реттеп түсіріп жүрген адам емеспін. Бірі – газеттің бір жеріне, екіншісі – жартылай жыртылған ақ қағазға, үшінші – бір ойым тағы бір кітаптың ашықтау тұсына, тіпті салфеткаға да жазылған. Бәрін жинақтаса кәдімгідей бір дүние шығары анық.

Сұхбаттасқан – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ