ХАЛҚЫ БЕГІН, БЕГІ ХАЛҚЫН СЫЙЛАЙМАЙТЫН ЕЛ ОҢБАЙДЫ

Президенттік я болмаса парламенттік сайлау болсын бұл мемлекет үшін үлкен сын-сынақ. Сайлау қортындысы әділ болса елде ынтымақ, өрлеу болмақ. Ал, әділетсіз өткен кез-келген сайлаудың арты текетірес, дау-дамай болатыны ақиқат.

Бұл жерде аса бір данышпан болудың керегі жоқ. Өйткені өзімізде һәм өзге мемлекеттерде болған және болып жатқан сайлаулардың нәтижесіне қарап, сайлаудан кейінгі халықтың күйін аңғаруға болады. Мәселен, арыға бармай ТМД кеңістігіндегі мемлекеттерді алайық. Тамызда ғана Беларуста президенттік сайлау өтті. Сайлау қортындысы өрескел бұзылып, 5 мәрте қайта сайланған, 1994 жылдан бері президенттік тақты «жекешелендіріп» алған Лукашенко тағы «жеңіске» жетті. Бірақ «сайлау әділетсіз өтті» деген оның қарсыластары халықты көтерді. Содан бері міне екі ай болды беларус жұрты шерулетіп жатыр. Бұл жерде қателік жіберген кім? Осы жерде қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқан мына бір сөз еске түседі. «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қуана білмегенге құт қонбайды; табына білмеген қауымға пайғамбар бітпейді, бағына білмеген қауымға басшы бітпейді, бірлік содан азып, береке содан тозады. Ол екеуі жоқ жерде тәуелсіздіктің тасы өрге домаламайды» деп еді ол. Бәлкім беларустар жұрттың шашуын шығармай ұстап келген президентін бағалай алмады, не болмаса президент халықпен санаспады. Екіннің бірі. Кешегі парламенттік сайлаудан кейін шала бүлініп жатқан көрші Кырғызды алайық. Кешегі өткен көк түріктердің ұлы қолбасшысы Күлтегіннің мына бір айтқаны қырғыз жұртының дәл бүгінгі жағдайын аңғартатындай. «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан жерде, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айрылады». Ұлы Күлтегін осылай деген. Әлсін-әлсін атқа мініп басшыларын ел асыра қуып, не болмаса түрмеге тығып, ал басшысы халқын тыңдамаған жұрт өркениеттің көшіне ілесе алмасы хақ. Ақиқатқа тура қарасақ, жағдай біздің елдеде оңып тұрған жоқ. Бұған дейін өткен сайлау қортындыларына ел куә. Әділ өтті деген сайлауды көрген жоқпыз. Менің ше, қазір ресми Нұр – Сұлтан айналада болып жатқан жағдайлардан сабақ алғаны жөн деп ойлаймын. Алдағы өтетін парламент сайлауын қалайда таза, ашық түрде, әділ өткізуге күш салуы тиіс. Әйтпесе Беларуспен қырғыздағы оқиға біздеде қайталануы ықтимал. Сыртқы күштер халықты билікке, билікті халыққа айдап салып, аласапыран туғызуы мүмкін. Демек, бізге әділ сайлау керек-ақ. Өкінішке қарай қазір «Нұр –Отан» праймериз деген бір нәрсені тауып алып, соны шыр айналдырып, елдің есін алуда. Сонда сайлау тек нұротандықтардан тұра ма? Өзге жұрт қаайтпек? Бұған дейінде айтып келдім. Елдегі саясат сахнасына өзгеде партиялар шығуы тиіс. Билік жаңа партиялардың тіркелуіне жол ашуы керек. Сонда ғана бәсеке болады. Шындық айтылады. Мемлекетте өрлеу орын алады. Ал, тек билік партиясымен, оның құйыршықтарына ғана парламенттен орын берілсе, онда осы мешеу қалпымызда қалғанымыз қалған. Тіпті қазіргі қиын кезеңде ашынған халық көшеге жаппай шығып беларустағы не болмаса қарғыздағыдай шеру-текетірестер, төңкерістер бізде де болуы мүмкін. Сондықтан билік халықпен санасып, әділеттің ақ туын жоғары ұстағаны жөн-ау деп ойлаймын.

Азаматхан ӘМІРТАЙ