Кемелұлы мемлекетті кемелденген елге айналдыра ала ма?

Бұдан  біраз бұрын «Дүрбелеңмен  өтті  ғой,  Тоқаевтың  көп  күні»  деген  бір  лепес  жазғанбыз. Бүгінгіміз де  сол  сарын, сол  шұбыртпа. Айтпағымыздың  әлқиссасы  былай: әсілі, бұ  қазақтың  көрші  қырғыздан айырмашылығы – ел  басқарған  президенттерімізді қолғаптай айырбастамадық, шекара асырып  (Асқар Ақаев,  Құрбанбек  Бакиев) қуған  жоқпыз, көгендеп әкеліп (Алмазбек Атамбаев) түрмеге  тықпадық. Екі  елдің өзгешелігі  осында. Шүкір, бізде бәрі өркениетке  сай  өтті. Ең бастысы, қан  төгілмеді,  халық ұрандап көшеге, алаңға  шықпады.

Бірінші  президентіміз («Тұңғыш»  деп көпшік  қойып жатамыз) ұзақ  отырды, ұзақ уақыт ел  тізгінін ешкімге  бермеді. «Бұл  да  дұрыс  болған шығар, ел аман,  жұрт тыныш  отыра  берсін. Өзіміз қойымызды  құрттап,  қойыртпағымызды  ұрттап  жата берейік» дестік. Алайда  уақыты  келді ме,  Біріншіміз  кенеттен орынтағын  мұрагеріне  тапсырды  да, ың-шыңсыз президенттік өкілеттігін  тоқтатты. Ал мемлекет  басына келген  Кемелұлы  жөнінде небір  болжам,  сыпсың  әңгіме айтылды. «Уақытша  басшы», «транзиттік тұлға», «анау-мынау»  десті. Міне, содан  бері  тура бір жыл  өтті. Өзгерген  ештеңе  жоқ.  Сол әңгіме қоғамда  әлі бар.

Алайда «кетеді екен» деген Тоқаев  кетпеді. Отыр.  Нық  отыр. Керісінше,  Кемелұлы  мемлекетті кемелденген елге айналдыруға тырысып  бағуда. Хош  делік. Әлбетте,  мемлекетті  басқару ісінде  бір  жыл күрмеуге келмейтін  келтек,  қысқа  уақыт. Баға беру  қиын. Сондықтан Тоқаевтың  бір  жыл  президенттігін  таразыға  тартуға ерте.  Дегенмен  бұл  бір  жыл Қасым-Жомарт Тоқаев  үшін оңайға  соқпағаны анық. Дүбірлі,  дүрбелеңді  күндер  көп  болды. Таратып  жіберсек, Арыстағы  әскери қоймалардың  жарылысы, Қытайдан  бері өткендердің  дауы, ұшақтың  құлауы, Қордайдағы  дүрбелең, мұнайдың  арзандауы, коронавирус індеті,  оңтүстікті   су  басуы т.б. Мұның  бәрі елде елеулі  өзгеріс жасаймын, мемлекетті  жаңа бір белеске шығарамын  деген президенттің алдын  кес-кестеген бөгет.  Десек  те, бәрі артта  қалды. Президент қайсарлық  танытты, қайтпады. Қиындықты  еңсерді.  

 Кемелұлының  биліктегі  екінші  қырына келетін  болсақ,  осы  біржылдықта саяси  жүйеде  біршама «жылымық»  болды. Ашық  қоғам орнатуға  қадам жасалды. Саяси реформаға  ерік  берілді. Халықпен  кері  байланыс жасау  үшін «еститін  мемлекет»  дегенді айтты. «Билік пен  халық арасында диалог  болуы  тиіс» деді.  Соның бір  мысалы  ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін  құрды. Шенеуніктер арасында «қан  жаңарту» жобасын бастады.  Яғни кіл  жастардан  тұратын  кадрлық  резерв  жасақталды. Шатқаяқтаған  экономикаға  серпін беру  үшін  Экономикалық  реформалар  орталығын  дүниеге әкелді. Бұл  Тоқаевтың жүйені  реформалауға  жасаған қадамдары.  «Жемісі» қалай  болады, оны болашақта   көре  жатармыз. 

 Әрине, Тоқаевтың халықтың  ықыласына  бөлену  үшін жасаған өзге де азды-көпті  тірліктері  бар. Соның  бірі – табысы аз,  тұрмысы  төмен  отбасыларының азын-аулақ  несиелеріне  кешірім  жасауы. Көпбалалы аналарға көмек, пандемия уақытында тарыққандарға   мемлекет есебінен 42 500 тенге бөлуі, әрине, бұл жұрттың  аққа  жарып, бүйрегі  бұлтимаса да,  қара  шайды қантсыз ішіп,  қара  нанды  қарпи асауына  септік  болды. Карантин  кезінде  тұралап  қалған  орта және шағын бизнеске 1 триллион бөлуі. Әлбетте, бұдан Тоқаев  елді тойындырды  дей алмаймыз. Тоқаевсыз да  жұрт тойға  барған.

  Бірақ мемлекет  тізгінін қолға алған бір жылда Қасым-Жомарт Кемелұлы   сырғауыл  басынан  қарауыл  қарағандай  болған  жоқ, «кемедегінің жаны бір»  дегендей, халықпен бірге  болуға  тырысты. Ескі  жүйені серпіп тастауға  қадам жасады. Билікті халыққа  жақындатуға талпынды. Сыртқы саясатта да «мінез» көрсетті.  ЕАЭО-ға  байланысты «тиімсіз жобаларды доғарайық»  деді. «Мәскеу мен Минск құрған  одаққа кірмейміз»  деп дүңк еткізді. Соңғы  30  жылда Мәскеуге  тіке  қарап, ресми Нұр-Сұлтан тарапынан айтылмаған  осындай  қатқыл әңгіме Тоқаевтың аузымен айтылды. Кремльдің қожайынынан  ықпады. Тең  дәрежелі  басшы  екенін ишарамен  түсіндірді.  Қысқасы, біржылдық  президенттікте Тоқаев  іште  де,  сыртта да біреудің айтағымен, тоқпағымен жүретін адам еместігін көрсетті.  Бұл – жақсылықтың  нышаны.  

Күлтегін БЕК,

«Жас Алаш»