КГБ мұрағаты: Теміртаудағы ызғарлы күндер

Бір  қарағанда кешегі  кеңестік  жүйе  қара  халық  үшін   өте  бір  жайлы, қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған заман  секілді  көрінеді. Алайда сол  кездің  де ақ  таңдақтары  жеткілікті. Әрине кеңестік  шеңберде  болған  талай  оқыс  оқиғаларды  комммунистік  жүйе  жасырын  ұстады. Құпия  сақтады. Қарапайым жұрт  көп  нәрседен  хабарсыз  болды. Тек  80-ші  жылдардың  ортасында Горбачев құрған  қайта  құрудың арқасында ақтаңдақтардың   беті  ашыла  бастады.

Ал 90  жылдары  Кеңестік  қызыл  империя  құлаған  соң,   аса  құпия  жағдайлардың  беті ашылды.Солардың  негізгісі  – қара  халықтың  билікке  қарсы  наразылықтары. Әрине  Мәскеу  жүргізген  саясатқа қарсы халықтың  жүздеген-мыңдаған    стихиялы  түрде көтерілістері сонау комммунистік  жүйе  орнаған 1918  жылдардан  басталады. Содан  1991  жылы қызыл империя  құлағанға  дейін   ара-тұра  жалғасып  жатты.  Оны  ешкім  жоққа  шығар  алмасы  хақ. Өз  кезегінде коммунистік-комсомолдық  жүйе  қарсы келгенді тобықтан  қағып  құлатты,  темір  торға  қамады, бас  бермес асауларды   қорғасын  оқтың астынан  алды. Бауша  қырды, топырлатып  ел  білмес  жерге  апарып  көмді. Соның  бірі  – осыдан  дәл   50  жыл бұрын  болған Новочеркасск қырғыны.

1960  жылдары КСРО үлкен  қиыншылықты  кешті. Халық  ашықты. Өйткені   Кремль қожайыны  Хрушев елдің тұрмысын  түзеуден  бұрын, жанталаса  қарулануға көшті. Ғарышты  алдымен  игеру  тағы  бар. Атом  бомбысын  жасау,  ядролық  зымырандар даярлау – үлкен  қаржыны  талап  етті. Билік халықтан  бұрын  қорғанысты  мықтауға  ден  қойды. Ал  ашыға  бастаған  халық  кеңестік  кеңістіктің  түкпір-түкпірінде наразылық  білдіре  бастады. Қалада  азық-түлік  қоры  таусылған  болатын. Тіпті үш  жасқа  дейінгі  сәбилерге сүттің өзі  аптасына  екі-ақ  рет  200 грамнан беріле  бастады. Әрине билік  шаһардағы  жағдайдың  өте  ауыр  екенін  білмеді  емес, білді. Бірақ солай  істеді. Себебі  биліктің  новочеркастықтарды   ұнатпайтын  себебі  бар. Ұлы  Отан  соғысы  жылдары   қала  казактардың антикеңестік   қозғалысының  орталығы  болды. Дон  казактары  армиясының  басшысы  С.В.Павлов фашистермен  ынтымақтаса  ортырып,  кеңестік  жүйеге  қарсы  шықты. Немістердің  сапында қызыл  армияға  қарсы  соғысты. Осы  себепті  Мәскеудің көңілінде осы  қалаға  деген  тоң  қатып  қалған-ды.

Наразылық шеруін алдымен  қаладағы құрыш  балқыту  зауытының жұмысшылары  бастады. Рас, жағдай  өте  ауыр  еді. Зауыт  алаңына  жиналып,  наразылығын  білдіргендерге  зауыт  басшысы Борис  Курочкин «ет  пен  шұжыққа  ақша  жоқ. Өкпе-бауыр  қосылған  самса  жеп күнелетіңдер»  деп  кекетуі жұмысшалырдың  онсыз да қозып  тұрған ашу-ызасын  асқындарды. Әу  дегенде  мың  қаралы  адам  жиналған  шеру  көбейе келе 5  мыңға жетті.  Қаладан  өтетін  темір  жолды  жауып  тастады.  Шеру  болған  жерге  милиция  жасақтары  жеткізілді. Бірақ  ашулы  топ  оларды алаңнан  қуып  тастады. Жақын  маңдағы  әскери  бөлімдерден жасақ жеткізілді. Бірақ  арнайы  бұйрық болмаған  соң, олар  халыққа  қарсы қимылға бармады. Тек  бақылап  тұрды. Кремль қалаға КГБ бастығы   мен Қорғаныс министрін  және  бір  топ  қызыл  жағалыларды  жіберді. Бірақ  олар ашулы,  аш жұмысшыларды сабыр сақтауға  үгіттей  алмады. Бұлғақтың   екінші  күні  яғни  2  маусымда  айтқанын  орындата алмаған жұмысшылар қала  орталығына, обком отырған ғимаратқа беттеді. Жол-жөнекей  қала  тұрғындары,  әйелдер,  балалар  ілесті. Шоғыр  көбейе  түсті.

Оқиғаның  шұғыл  өзгергенінен  хабардар  болған  Хручев «Новочеркасск? Казактар? Оларға  ешқандай   гумандық  жағдай  көрсетілмесін. Кез-келген  жолмен,  шеру  тоқтатылсын», – деген  бұйрық берілді. Обком  ғимаратын басып  алуға  тырысқан  топқа  қарсы  оқ  жаудырылды. Өйткені жағдайдың  ушығып  бара  жатқанын байқаған  қала  басшысы  армияның  көмегін  сұраған. Және  мұздай  қаруланған, танк  пен  БТР  мінген   әскер  бөлімшелері    дер  кезінде  қалаға  кіргізілген  еді. Ресми  деректер 26  адам  оққа  ұшты, 87  адам  жараланды, 240  жұмысшы  тұтқындалды, артынан  тағы  7  адам  атылды  дегенді  келтіреді. 100-ден  аса адам  10-15  жылға  сотталды.  Жер аударылды. Осылайша Новочеркасскдегі халық  наразылығы жаншылып  тасталған.  Оққа  ұшып  өлгендерді  түн ортасында  жинап  алып,  белгісіз  бағытқа  әкетіліп, көзден  таса  жерде көмді.

Осы оқиғадан 30  жыл  өткен соң, яғни 1992  жылы  ғана олардың жасырылған    молалары  табылып, өз  туған  жерлерінде  қайта  жерленді.  Оқиға халықтан  жасырылды. Тек  80-ші  жылдардың  ортасында  елде  болған  қайта  құрудың нәтижесінде беті  ашылды. Әрине бұл қызыл империяның  жүргізген немқұрайлы  саясатына қарсы  шыққан  бір  бұлғақтың  тарихы. Мұндай  жағдайды  Новочеркасск  оқиғасынан  біраз  бұрын Қазақстанда   басынан  кешірген. Ол  Теміртау  мен Целиноградта  болған  жағдайлар.

Теміртау оқиғасы

Қарағанды облысында Қазақстанның тау-кен металлургиясының бірден-бір орталығын құру жоспарланды. Теміртауда Бүкілодақтық комсомол-жастар құрылысы мәртебесіне ие болған қазақстандық «Магнитка» металлургиялық зауытының құрылысы іске қосылды. Елімізге өзге де одақтас республикадан, сондай-ақ социалистік мемлекеттер достастығы елдерінен жұмысқа келгендер көбейе бастады. Теміртау халқының қүрт өсуіне байланысты жұмысшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі алда тұрды. Барлық жұмысшыларға бірден пәтер жетіспей, олардың көпшілігінің вагондар мен барактарда, брезент палаткада өмір сүруіне тура келді.

Сонымен қатар медициналық қызмет көрсету, мәдени демалыс орындары (клуб, жөндеу орындары мен шеберханалар), білім беру (мектептер) және дүкен, асхана, буфеттерден, әсіресе жаз күндері ауыз судан жергілікті халық тапшылық көрді. Осындай жағдайға байланысты жұмысшылар арасында наразылық туа бастады.

1959 жылдың тамыз айында жұмысшылардың жергілікті өкіметпен қақтығысы болды. Бүліншіліктерді басу үшін милиция мен Қарлаг әскерлері жұмылдырылды. Оқ атылды. Ондаған  адам  өліп,  жүздеген адам жараланды.  Болған оқиға өте  құпия  сақталды. Тек  кейінен  барып   жария  болғаны  белгілі.

Теміртаудағы бүліншіліктің негізгі себебі — жұмысшылар арасында тәрбиелік және саяси үгіт-насихат жұмыстарының қанағаттанарлық жағдайда жүргізілмеуі деп есептелді. Бірақ бұл оқиғалардың басты себебі елдегі басқару ісінің негізгі принциптеріне байланысты еді. Басты назар адам мен оның жеке мәселелерінде емес, өндірістік салада ғана болды.

Тағы бір  оқиға 1979 жылғы Целиноградтағы «Неміс автономиясын» құру саясатына қарсы ереуіл. 1976 жылы КОКП ОК Ю.В.Андропов басшылық еткен жауапты топ қызметкерлеріне неміс автономиясын құру мәселелері туралы ұсыныс жасау жөнінде тапсырма берді. 1979 жылы 31 мамырда «Целиноград, Қарағанды, Көкшетау және Павлодар облыстарының құрамына кіретін бес ауданның аумағынан түратын Неміс автономиялық облысын кұру туралы» қаулы шықты. Оның әкімшілік орталығы Ерейментау каласы болуы керек болатын.

ҚазКП ОК-і жаңадан құрылып жатқан автономиялық облыстың партия органдарының кұрамы мен нақты шекарасын, штатын анықтауға кірісті. 18 маусымда Неміс автономиялық облысының құрылуына байланысты салтанатты жиналыс өткізу жоспарланды. Бұл шаралар республика халқының бір бөлігінде наразылық тудырды. 1979 жылы 16 жәнө 19 маусымда Целиноградта үнқағаздар пайда болып, қала көшелерде неміс автономиясын құруға қарсы ереуілдер өтті. Шеруде, негізінен, жастар көп болды. Жағдай  асқынып  бара  жатқанын байқаған  билік  ақыры  олардың айтқандарына  құлақ асты. Ереуілге жиналғандардың алдына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Е.Морозов шығып, Неміс автономиясының жойылғанын мәлім етті.

Жалпы  кеңестік  жүйенің  солақай  саясатына  қарсы  талай  мәрте  халық  қарсы  шығып, наразылықтарын  білдіргені  белгілі. Неге  екені  қайдам,  әлі күнге   солардың  көбі КГБ мұрағаттарында  құпия  сақталуда. Демек  сыры  ашылмаған  дүние  әлі  де  көп  деуге  болады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ