Көне жазбалар тарихы

Әлемде   адам  таң  қалатын   жағдай  көп. Содан  болар,  оларды  ғалам  ғажайыптары  не  болмаса,  әлемнің    кереметтері  деп  жатады. Сол  керемет  дүниелердің біріне    ықылым  заманда   тасқа  бәдізделген  таңбалар,  шекіп жазылған  жазулар  кіреді.                                                                       

 Сақ  даласына  байланысты   алғашқы    тасқа  қашап  жазылған  дерек  –Бехистун   жазбасы. «Патшалардың патшасы»  атанған,   жарты  әлемді  билеген  сақ  ханшайымы  һәм қолбасшысы  Тұмар (Еуропа  атауында Томирис)  ханым  басын  кесіп, күбіге  салған  Кир  патшаның  досы,  кеңесшісі Гистапстың   ұлы  Дари (біздің  заманымызға  дейінгі 522-486  жылдар)   патша  сақ  даласына   аттанып  бара  жатқанда Бехистун  жартасына  тоқтап,  кейіннен    әлемге «Бехистун  жазбасы»  деген атпен  танылған   жазбасын қалдырған. Сол  тұста парсы  патшасы  Кирдің  басын кесіп,  әскерін  масқара  етіп  жеңген  сақтардан  Дари   кек  алу  үшін  700  мың  әскер  жиып   Ұлы  далаға  аттанды. Жолай Бехистун  құзының  маңына  ат  шалдырып,  жартасқа   Ахманидтер  әулетінің    жай-күйі,  жаулап алған  жерлері,  жеңістері  жөнінде ұсталарға тасқа қашатып   жаздырды. Тұтқынға  түскен   патшалардың  да  суреттерін  тасқа бәдіздетті.

Бір айта кетер  жайт, Бехистун жартасы  қазіргі Иран  жерінде,  Хамадан шаһарына  жақын жерде  орналасқан. Жартас  жерден 152  метр  биіктікте  тұр.   Жазу  үш  тілде  көне  парсы,  элам  және вавилон  тілінде  шекітілген. Жазу   бес    тізбеден,  414  сөйлемнен  тұрады.  Жартасқа  салынған  суретте  парсы  патшасы  Даридің алдында  аяқ-қолы  байланған,  мойындарына  тұзақ  салынған  9  патша  және  тайпа  көсемдері  тұр. Сонымен  сақ  даласына  жер  қайысқан  700  мың  (кей  деректер 300 мың)  әскермен  аттанған  Дари жеңіске  жетті. Жолында  тұрғанның  бәрін  жапырып  өтті. Бірақ  Ұлы  далаға  ішкерлеп  енуге  қорықты. Өйткені  желден  жүйрік  сәйгүлік  мінген   сақтарды ұстау  мүмкін емес еді.  Түбі Кирдің  кебінін  киіп  қалармын  деп  сескенген  ол, сақтардың  жеңілген  тайпасының  көсемін байлап-матап,  өзімен бірге  алып  кері  шегінді. Кейіннен   әлгі  Бехистун  жартасына    өзінен  жеңілген  оныншы  патша  ретінде  сақ  көсемі Скунханың  суретін салды.  Бұл  жазбалар  шамамен  біздің  дәуірімізге  дейінгі  522-519 жылдары тасқа  қашалған.

Осы  Бехистун  жазбаларынан  әлдеқайда  артық,  әрі  көркем  тілмен  жазылған  тағы  бір  жазба     ескерткіш  – Орхон-Енисей  жазулары. Онда Көк  түріктің   тарихы   тасқа  ойылып  жазылды.  Көне түркі жазуларын ғалымдар, Енисей ескерткіштері, Талас ескерткіштері, Орхон ескерткіштері деп үш топқа бөліп қарайды. Орналасу жері болмаса, бұлардың қолданылған жылдарының айрмасында және жалпы жазу таңбаларының қолданылуы арасында елеулі айырмашылық жоқ. Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының (Ресей құрамындағы Түркі республикалары) аймағынан және Ресейдің Батыс Сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Оның жазылған жылдары 5-7 ғасыр аралығы. Бұл аймақтан табылып отырған көне Түркі жазба ескерткіштердің жалпы саны қазіргі кезде шамамен 150-дей.
«Талас ескерткіштері»  деп аталатын  атқа  ие жазулар Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарында. Ескерткіштердің жалпы саны шамамен 20 шақты.  Орхон ескерткіштеріне  Моңғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Алайда ең көлемді, ұзақ мәтінді жазбалар осы топқа жатады. Мұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше.
Көне Түркі жазуының құпиясын ашқан даниялық ғалым Вильгельм Томсен болатын. Бұл жазулардың жалпы көлемі ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, жағраппиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған.

Қазақ  даласында  тасқа  қашалған  тағы  бір  жәдігер жазба Ұлы  жиһангер, атақты  Ақсақ Темірдің  атымен  байланысты. Ол 1391 жылы Алтын  орда   ханы Тоқтамыспен   соғысуға  бара  жатып  Ұлытауға  тоқтап,   әскерін   демалдырды. Сол  жерде өзінің  осы  маңда  болғаны  жөнінде  шағатай  тілінде тасқа қашап  жазба  қалдырды.  Жалпы, Әмір Темірдің Ұлытау бойына келгендігі туралы жазба дерек те, тарихи ескерткіште сақталған. Темірдің сарай шежірешісі Шараф ад-дин Әли Ниязи «Даңқ кітабында» былайша келтіреді: «Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол таудың басына шығып, төңірегіндегі көк жасыл дала мен сеңгір тауларға ұзақты күнге тесіле қараумен болды. Сонан соң әскерін жинап, сол жерде үлкен кұлпытас орнатуға бұйрық берді. Бармағы майысқан шеберлер осынау сәтгі оқиғаның күнін тасқа қашап жазды» делінген.  Таста:  «Мен Тұранның бегі Темір-бек хиржаның 769 қой жылы Ара айының 21 күні Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шығып, ұрпаққа белгі қалдырдым. Алла ісімізге жар болсын!» деген  жазу  бар.

Бұл тасты 1935 жылы Қаныш Сәтпаев тауып Санкт-Петербургке жіберген. Қазір сол Эрмитажда тұр. Бұл  жазуды  1940  жылы ажыратып  алғаш  оқыған адам   профессор  И.  Пеппе  мен  қазақтың  көрнекті  ғалымы,  академик  Әлікей  Марұлан  болатын.

                                            Аралдағы жұмбақ сызбалар

Арал теңізі табанының не бір жұмбақ сызбаларға толы болуы да жұртты таңғалдырып отыр. Өткен  ғасырдың  90-шы жылдарының  ортасында  Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ауа-райын бақылау орталығы қызметкерлері Аралды ұшақпен суретке түсіру кезінде күтпеген жайға тап болған. Суы тартылған теңіз табанында кем дегенде 500 шаршы метр алаңда бір бағытқа тартылған ондаған ірі сызбаларды суретке түсірген. Кей жерлерде сызбалардың ені 2 метрден 50 метрге дейін жеткен. Сызбалар бір-біріне қатты ұқсайды. Мамандар бұл жұмбақ таңбаларды қаншама зерттегенімен, оның неден пайда болғанын таба алмады. Кеңес заманында аралға орналасып, бактериялық қаруды сынаған әскерилер де, қайраңға батқан балықшы кемелері де, теңіздегі қатулы толқын, құйындар да, не болмаса табиғаттың өзге де тосын мінезі, өзгерістері де теңіз түбінде мұндай керемет сызба-таңбалар қалдыра алмасы хақ. Сонда бұл не? Әлде адамзаттан тыс тағы бір әлем болып, солардың жазғандары ма? Тіпті тартылған теңіз түбіндегі жұмбақ сызықтар шын мәнінде бізге белгісіз ақпараттық алаң болып табылуы әбден-ақ мүмкін. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, осы сызықтардың көмегімен кеңістікті ажыратуға, планетаның магниттік өрісін, меридиандар, параллельдер, оңтүстік пен солтүстікті, өзге де маңызды мағлұматтарды білуге болады екен. Тартылған теңіз түбіндегі жұмбақ жерге келген ғалымдар нақты бедерленген стрелканың тілі іспеттес суретті анықтаған. Бұл символдың әзірге қай тұсты меңзеп тұрғаны белгісіз. Жұмбақ символдардың сыры неде, кілтін қалай табамыз?                                       

  Кентаврлар  кімдер?

Әлемнің әр  қиырында,  жақпар  тастарға,  үңгір  қабырғаларына  ес  білмес  ескі  заманда   салынған  суреттер  жиі  кездеседі. Бұл не   сонда?   Ұятты жерін  жапырақпен  жауып  жүрген ежелгі  жандар   керемет  суретші  болған  ба? Әлде  бұл  өзге  өркениеттің қолтаңбасы  ма? Дегенмен  ғалымдардың  соңғы  кездегі   айтқандары  осыған  келіңкірейтіндей.

Бір  қызығы,   зерттеушілер  мына  бір  нәрсеге  көбірек  көңіл аударған. Америка,  Австралия,  Қытай  және Араб  елдеріндегі   үңгір жартастарға ойылған тіпті  Қазақстандағы  «Тамғалы»  тастағы  жартасқа  шекіп  салынған  суреттердің  көбінде басы  адам, денесі  жануар (кентавр),  я  болмаса  басы  бұқа,    дене  тұрқы  адам  болып  келетін  сызбалардың  орасан  көп. «Бұл  не   баяғы адамдардың  қиялының  ұшқырлығы  ма,  әлде басқа  ма? Жер  шарының  әр түкіпіріндегі ертеде салынған суреттердің бір-біріне  ұқсастығы  кездейсоқтық  па,  әлде…?».  Ғалымдардың  басын  қатырып  отырған    мәселе  осы.

Мәселен,  Австарлияның  құмды  шөлдерінен  табылған   үңгір  қабырғаларындағы    суреттерде кентаврлар  бейнеленген.   Бір  қызығы,   нақты  дерекке  сүйенсек,    бұл  тас  ғасырында  қашалған    сызбалар  кезінде Австралияда   ат  болмаған. Сонда ол  жердің  тұрғындары   аттың  суретін қалай  ойлап  тапқан?  1960  жылы  Қырымда  жол  салып  жүргендер, трактормен  жерді  қазып  келе  жатып,  жұмбақ  жәшікке  тап  болған. Жұмысшылар саркофакты  ашпас  бұрын  сол  маңда  жұмыс  істеп  жатқан   археологтарды  шақырған. Саркофак  ашылған  кезде жапырлап  тұрғандар   таң  қалысты.  Себебі,  табыттағы   склеттің  басы  малдыкі,  денесі   адамдікі  еді… Мұндай   «кереметтер»   Қытай   жерінен  де  көптеп  кездескен. Әсіресе  Перу  және  Африкадағы    ежелгі  заманда  салынған суреттерде  мүйіз  басты  адамдар  көп-ақ. Соңғы кезде  ғалымдар  осының  бәрін  зерттеп, өздерінше  болжам  жасады.   Олардың  пікірінше,  «бұл  көктен  түскен  жатжұрттық  өркениет  иелерінің  жердегі  тұрғындардың ұрығына  жасаған түрлі  тәжірибелерінің  жемісі»    екен. Бұған  сену,  сенбеу  өз  еркіңіз.

Балшық тақта  бүккен  сыр

Бүгінгі жұртқа «құдай көктен түсті, жәй түскен жоқ, оқтан жылдам ұшатын зымыранмен түсті» десең, «ақымақсың ба, не деп тұрсың?» деп, өзіңді мазақ етіп күлуі мүмкін. Бірақ адамзаттың арғы тарихын қазып жіберсең, әлгі сөз шындыққа жанасады. Осыдан 5 мың жыл бұрын қазіргі Ирак жеріндегі қос өзеннің (Ніл мен Ефрат) жағалауында өмір сүрген шумерлердің жылнамалары солай дейді. Тіпті «шумер»деген сөздің аудармасы «зымыран әміршілерінің елі» деп аталады. Шындығы осы. Бір сөзбен айтқанда, шумер тайпалары ғарыштан түскен жатжұртық өкілдермен бірге жұмыс істеген. Бірге тұрған. Керемет мүмкіндіктерге қол жеткізген. Сенбеуіңізде мүмкін. Онда көнеден қалған азды көпті жазбаларға назар аударалық. Өткен ХХ ғасырдың басында жүргізілген археологиялық қазбалар, зерттеулер және оның қорытындысы әлем жұршылығын таң қалдырды. Ирактағы қос өзеннің жағалауына жүргізілген археологтардың қазба жұмыстары қасиетті кітап «Інжілде» айтылатын аңыз қаланың орнын тапқан. Бұл қала Ура деп аталса керек. Мәселе қаланың табылуында емес, мәселе сол жерден қазып алынған адамзат үшін өте құнды дүние-балшық тақтаға жазылған жылнамада болса керек. Тақтаға шекілген таңбалардың құпиясын шешу барысында ғалам дүр сілкінді.Өйткені тақта жазбаларда шумерлердің көп қырлы, аса керемет мүмкіндіктерге қол жеткізгені келтірілген. Мәселен, шумерлер матаматикада, металлургияда, архитектура, химия мен астрономияда, медицинада бас айналатын үлкен табыстарға жеткен. Он сегіз мың ғаламның тілін тапқан. Меңгерген. Игілігіне пайдаланған. Жер бетінде шумерлер жеткен жетістікке ешкім тең келе алмаған. Олар жердің домалақ екенін, Күн жүйесіндегі барлық планеталарды, жұлдыздарды тіпті олардың орналасу жүйесін жетік зерттеген. Білген. Тасты қорыта отырып, түрлі-түсті темірлер құйған. Шумер өркениетін зерттеген аса ірі маман Сэмюель Крамер өзінің «Тарих Шумерден басталады» деген атақты кітабында шумерлер ашқан 39 дүниені атап кеткен. Әлгі тақтадағы жазбаларда, шумерлер мұндай аса керемет өркениетке қалай қол жеткізгенін былай баяндайды. «Біз – дейді олар, – жұмбақ планета Нибиру жұртымен байланысқа түскен соң, осындай ғаламат ғажайыптарға қол жеткізе алдық. Нибиру планетасы 3600 жылда бір рет жерге жақындайды. Онда тек құдайлар өмір сүреді. Олар адамдарға өте ұқсас. Солардың арқасында біз озық технологияны игердік» делінген. Тақта жылнама солай дейді. Шумерлердің тұрған, өмір сүрген өлкесін қазып, зерттеген археологиялық жұмыстар, шумер деген халықтың өмірде болғанын растайтын көптеген айғақтар тапқан. Жер астындағы көне шахталар, аспан әлемін зерттейтін заттар, тіпті медицинада ота жасау үшін қолданатын құралдар т.б. шумерлердің білімді, мәдениетті дамыған ел болғанын қуаттай түседі.

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ