Миллиард қашты… не істейміз?

Ресей Қырымды күшпен өзіне қосып алғаннан кейін үш жыл ішінде кем дегенде төрт миллиардер елден кеткен. Бұл төрт миллиардердің капиталы шамамен 37 млрд долларды құрайды. Ал жалпы есеп бойынша тек былтырғы жылы ғана Ресейден 151,5 млрд доллар сыртқа қашыпты. Мамандар алдағы уақытта бұл сома өспесе кемімейді дейді. Себебі қазір халықаралық экономикалық рейтингті бағалау агенттіктері Ресейдің экономикасын «қоқысқа малтықты» деп бағалам отыр. Мысалы, халықаралық Standard & Poor’s агенттігі Ресейдің дербес қаржы саясатын соңғы он жылда алғаш рет инвестициялық деңгейден төмен – BB+ деңгейінен BBB- деңгейіне дейін түсірді. Халықаралық Fitch агенттігі де Ресейдің қаржы рейтингін BBB- деңгейіне дейін түсірген болатын. Ал кеше Moody’s агентігі Ресейдің мемлекеттік облигацияларының рейтингін «Ва1» деңгейіне дейін төмендетіп, оны тұрақсыз деп бағалап, «Ресейдің мемлекеттік облигациялар жүйесі қоқысқа малтықты» деп мәлімдеді.
Қазір Ресейдің сыртқы қарызынан үріккен бірқатар Еуропалық ірі-ірі банктер Ресейге ірі көлемді тауар экспорттайтын фирмаларына, кәсіпорындарына, компанияларына жеңілдікпен несие беруді тоқтатты. Ондағы себеп Ресейдің сыртқы қарызының тым көбейіп кеткендігі. Қарызды қайтара алмау күдігінің қоюлауы. Мәселен, өткенде ғана Чехияның, Белгияның, Болгарияның экспорт банктері «Ресейге тауар экспорттаушыларға ірі көлемді несие бергенімен, Ресейде қалыптасып отырған ахуалға орай оны кәсіпкерлеріміз қайтара алмай қалуы мүмкін» деген тұжырымға келгендіктерін ашып айтты. Ресейдің корпоротивтік ішкі қарызының өзі жыл сайын өсім беріп отырғанын алға тартқан мамандар бұл арада аса сақтық қажеттігін, Ресейдің қиналысы енді айқын көріне бастайтынын алға тартып отыр. Бұл ретте Ресейдің сарапшы маманы Анатолий Болюх «Елге импорт-экспорттың тежелуі бар, тағы басқа шектеулердің енгізілуі бар, капиталдың жылысуы бар барлығын қосқанда Ресей шамамен әр тоқсан сайын 50 млрд. доллар жоғалтуы мүмкін. Сонда Ресейге бір жылда 200 млрд. доллар қаржыны жоғалту қаупі төніп тұр. Енді бізден инвесторлар қаша бастайды» деді.

Ал енді бұл арада Ресейден қашқан миллиардтардың бізге кері әсері бар ма? Мүмкін біз Ресейден кеткен ірі инвесторларды өзімізге тартуға әрекет жасармыз деген сауалдар туындайды. Жауап іздеп көрдік.

Жалпы мамандардың пайымдауынша, Ресейдің қор биржаларындағы қазіргі құлдырау 2008 жылы тамызда Ресейдің Оңтүстік Осетияға әскер енгізген тұсында болған құлдыраудан екі есе асып түскен. «Осылайша Ресейдің қор нарығындағы инвестиция барынша орталанып қалды. Ал мұның бізге әсері жоқ деп қамсыз отыруға болмайды» дейді мамандар.
Ресейдің қор нарығындағы, жалпы экономикасындағы  ахуалдың кері құбылуы  Қазақстан үшін жақсы нышан емес. Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова  «мұның бізге кері әсер етер бірнеше факторлары бар» дейді. Нақтылап айтсақ:, Тоғжан Шаяхметованың айтуынша:

А) Ресей өзінің қор нарығындағы инвесторларын жоғалтып алмас үшін бұдан

былай алтын-валюта қорындағы қаржысын да қор нарығына сала бастайды. Ал бұл әрекет елде алтын-валюта қорының азаюына жол береді де, одан әрі қоры азайғаннан кейін Ресей рубльдің бағамын тежеп ұстап тұра алмайды. Рубль девалвацияға ұшырайды. Рубльдің соңынан теңгенің еретінін ескерсек,  осы жылдың ортасында-ақ теңге тағы құнсызданады.
Ә) Ресей қор биржасындағы саудаға инвестиция салып отырған компаниялардың біразы қазақстандық қор биржасындағы саудаға да араласып, бізге де инвестиция салады. Мысалы, Ресейдің «Мечел», «Сбербанк», «ВТБ» банк, «Тотнефт», «Башнефт» және тағы басқа банктері мен компаниялары біздің елімізге де инвестиция салып отыр. Ал күні ертең олардың акцияларының құны Ресей биржасында одан әрі құлап жатса, олардың сөзсіз көңіл-күйі бұзылады. Мысалы, бізде жұмыс істейтін Ресей банктері Ресей қор нарығындағы акцияларының құны төмендеген сайын біздегі несие берудің пайыздық ставкаларын жоғарлатуы мүмкін. Ал мұның артында қаншама мәселе тұр.

Б)  Ресей инвесторлары өздерінің бағалы қағаздарын Қазақстанға емес  Қытайдың немесе тағы басқа елдердің тегеурінді қор нарығына салуды ойласа, онда біздегі жағдай қиындай түседі. Ресейдің қаржы институттары бұл жерде өзінен өзі жетілмеген Қазақстанның қор биржасын таңдамайтыны белгілі. Сондықтан бұл жерде сақтану керек және өзіндік позициямызды ұстанып отырғанымыз абзал.

Міне, сарапшылар Ресей қор нарығындағы құлдыраудың арты осындай қауіп-қатерге апаратынын жоққа шығармайды. «Абзалында, Ресейге инвестиция азаяр болса, бізге бейқам отыруға болмайды» деседі мамандар.  Бұл ретет экономист-ғалым Атамұрат Шәменов:

«Ресейдегі ахуалдың елімізге сөзсіз әсері болатынын біз бұған дейін де бірнеше мәрте айттық. Мұның бізге әсері болады. Бірақ бізге инвестиция салу тоқтауға тиісті емес. Биылғы жылдың өзінде Ресейден 150 млрд. доллар капитал сыртқа қашады деп отырмыз. Егер Ресейдегі ахуал әсер етіп инвесторлар Қазақстаннан да басын алып қашар болса, бұл біз тәрізді дамушы елге кері ықпал етпей қоймайды. Қазірде біз осыны ескергендіктен инвесторларға біршама жеңілдіктер жасап отырмыз. Жалпы, Ресейден кетіп жатқан инвестицияның бізден де кері қашпауы үшін мемлекетік тұрғыда қорғану, сақтану шаралар атқарылуы тиіс. Тіпті біз сол Ресейден кетіп жатқан инвестицияның айналып келіп Қазақстан экономикасына құйылуына жағдай жасағанымыз абзал. Егер сәтті пайдаланып Ресейден қашып жатқан инвестицияны өз елімізге әкеле алсақ, бұл оңды шешім болар еді. Әрине ол үшін инвесторларға жайлы орта қалыптастыратын салмақты, сауатты тәсілдерді үйрену, зерттеу керек»,-дейді.

Қарлығаш Сайлаубаева