Наймандардың үлкен қателігі неде?

Осыдан біраз  жыл  бұрын орыс ғалымдары Ұлы ғұн қолбасшысы  Еділ  батыр  (Аттила)   Еділ (Волга) өзенің табынына  жерленген  деген  болжамдар айтты. Ал батыс  ғалымдары Еділ  батырды Дунайдың  табынында жатыр  деседі.   Кім білсін? Біздің  дәуірімізге  дейінгі кезеңде  өмір сүрген,  тұтас  Еуропа  тарихына  өзгеріс жасаған  ұлы қолбасшының  мүрдесінің  қайда  қалғанын  ешкім  білмейді. «Ана  жер,  мына  жер»  дегенің  бәрі  болжам  ғана. Қалай  десек  те, ұлы  тұлғалардың  өмірі  мен  өлімі  жөнінде  қашанда аңыз  еріп  жүрері  белгілі.   Мәселен қазақтың  білігілі  жазушысы   марқұм  Қалихан Ысқақ  газетке  берген  бір сұхбатында: «Шыңғысханның  жерленген  жері   жөнінде  сан-саққа  жүгіртетін  әңгіме  көп. Әрине оған нүкте қою  мүмкін емес. Өйткені Ұлы  Қағанның  мүрдесін  тауып,  «мынау  Шыңғысханның    моласы»  деп   ешкім айта  алған  жоқ. Айта алмайды  да. Тек болжам,  суәегейлік  көп. Ал  менің топшылауымша   Шыңғысхан  Алтайда  бәлкім Қара  Ертістің   табынында   жерленуі  мүмкін. Қолымнан келгенше Ұлы  қаған  өмірін  біраз  зерттеген адаммын.  Алтай  иісі түркілердің отаны. Біздің жыл санауымыздың 61 жылы бүкіл түркілер Отыкен өлкесіне жиналған. Яғни, Төр Алтайға. 551 жылға дейін сол жерде жатып, Тұран империясын жариялап барып жылжыған. Аты-шулы Аттила да содан аттанған. Көтенханның екі баласы Ашбөріхан мен Ботпай да содан аттанған. Шыңғысхан да сол жерден аттанған. Алтай, бүкіл түркілердің атамекені. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Тарихи құжаттар бойынша бір кезде бұл жер Отыкен атанған. Шыңғысхан  ең алдымен түркі тайпаларының басын біріктірді. Себебі, кешегі құлап қалған Тұран империясын қайтадан қалпына келтіремін деді. Қауіптің бәрі Қытайдан болғандықтан алдымен соны шапты. Хорезмді шабуының себебі ол жақта парсылар кеулеп ішке кіріп келе жатты. Оны тоқтату керек болды. Арабтық шовинизмді тоқтату керек болды. Көрдіңіз бе, күні бұрын ол төрт жерден тосқауыл қойды. Оның арманы екі мұхиттың арасын түркілерге толтырсам деген ой-тұғын. Бірақ ол қолынан келмесе де, ұрпақтары біраз жерге жетті. Өлерде оның айтқаны бар; «мен тарихта түк бітірімегенің өзінде, түркілердің қауіпсіздігін үш жүз жылға қамтамасыз етіп кеттім» дейді. Әулиелігі сол, тура үш жүз жыл өткенде, Қытай мен Ресейдің қыспағында қалдық. Тұран империясын қайтадан қалпына келтірем деп шыққан Шыңғысхан әуелі ағайыншылық үгітке көнбегеннен кейін, қылыш суырып, біраз ру-тайпалармен қырқысуға барды. Мұндағы мақсат бір шаңырақтың астында болу еді.

Наймандар Шыңғысханды жиырма жыл ұстап қалды. Бұл наймандардың үлкен қателігі. Нағыз от боп жанып тұрған кезінде Шыңғысхан сол империяны тұрғызып үлгерер ме еді… Егер де Шыңғысхан наймандардың кесірінен жиырма жыл Алтайда бөгеліп қалмағанда бүгінгі тарих қалай болар еді… Бәлкім, тарих доңғалағы басқаша дөңгелер ме еді?

Жалпы  мен Қағанның  денесі  моңғол  жерінде емес, ата-бабасы өсіп-өркендеген Алтайда жатыр  деп есептеймін»  деген  үлкен жазушы.  Бәлкім Қалихан  ағаның  айтқанында  бір  шындық  жатуыда  мүмкін.  Кім  қалай  айтсада,  не  деседе, Әлем  тарихында  Шыңғысханның  орны  бөлек. Арада  800  жылдан астам  уақыт  өтсе  де  Шыңғыс  Қағаннан  артық туған  тұлға  дүниеге келген  жоқ. «Әлем  тарихын  өзгертуші  құдірет  иесі», «700   елді  жаулап алушы»  һәм «Жапон  теңізінен   Каспийге  дейінгі алып  аймақта ірі  империя  құрған баһадұр» деп өзге  жұрт  тамсана айтқан әңгіме  қалды  артында. Оған атақ-даңқ,  жаулап алған  жер  жағынан  жаһанға  аты  мәлім Александр  Македонский де, Мысыр  перғауындары  да, Парсының  аты  шулы жаһангер  патшалары да, Батыстың белгілі  қолбасшылары  да   тең келе  алмайды. Азия  арыстандары  хұн  Мөде мен Еділ  батыр (Аттила), түркі  Күлтегін  мен  Ақсақ  Темір де   одан  төмен  тұр. Уақыт  өткен  сайын Шыңғыс қағанның  қанішер  басқыншылығынан  гөрі,  оның көрегендігі, ерлігі,  данышпан  қолбасшылығы, даналығы  жөнінде әлем  әдебиетінде көбірек айтылып,  жазылуда. Деректі  һәм көркем  фильмдер түсірілуде. Шыңғысхан  мәңгілік  тақырып,  зерттеушілер  үшін  мәңгілік  азық. 2003  жылы  жүргізілген  зерттеуде 16 миллион еркектің ағзасынан мың жыл бұрын өмір сүрген еркекке тиесілі болған Y-хромосома табылған екен. Осыны алға тартқан зерттеушілердің көпшілігі ол ДНК Шыңғыс ханға тиесілі болуы әбден мүмкін деп есептейді. Қай  билеуші артына осындай  ұрпақ қалдырды?..

Жарайды бұл – басқа  әңгіме.

Ал  сол ұлы  қағанның өлімі  де,  мүрдесінің  қайда  жатқаны да  белгісіз… Осы белгісіздік оған деген қызығушылықты  одан  ары артыруда. Әсіресе  өткен  ғасырдың  тоқсаныншы  жылдарынан  бері   Моңғол  жеріне  ат  арытып  барып,  Ұлы  Қағанның жатқан  жерін іздестірген жапон,  американ, неміс, француз,  қытай,  ресей,  ағылшын  экспедициялары әзірге  түк  таппады. Дегенмен  белгілі  бір  нәтижеге  қол  жеткіздік  дегендер  де  бар.  Мәселен, осыдан  біраз  жыл  бұрын моңғол  және америка  ғалымдарының   бірлесе  жүргізген  зерттеуінен  тұщымды бір  деңе  шыққан сияқты.

Олар Моңғолияның  солтүстік  батыс  өңірінен  13-14  ғасырларда  жерленген патшалар алқабын   тапқан.  «Бәлкім ұлы  қаған  сонда  жатқан  болар» дейді  олар. Бұған  дейін  туған  дауларға    назар аударсақ,  Шыңғысханның мүрдесі  бірде  ана  жерде,  бірде  мына  өлкеде жерленген деген әңгіме көп. Бірі – Бұрхан  Қалдұн  тауында, екіншісі  – қытай  мен  моңғол  шекарасындағы Алтай тауының  етегінде,   үшіншісі  – бүгінгі қазақ  жеріндегі  Шыңғыстаудың  маңы,  Тарбағатайдың  бір  жотасы  дегенді    алға  тартады… Жорамал  көп,  бірақ   бұлтартпас айғақ  жоқ. Әсіресе  қытайлар «Шыңғыс  қаған  таңғұттардың  Си  Ся    мемлекетін  шабуға  барған  сапарында   дүниеден  өтті»  деседі.

Рас, таңғұт  мемлекеті    мекен еткен  жер  бүгінгі  Қытайдың  солтүстік  аймағында   орналасқан. Содан болар,  қытайлар  «Ұлы  қағанның    сүйегі  біздің  жерде  жатыр»  дегенді жиі  айтады. Тіпті  үлкен   мұражай ашып,   Шыңғысханның  денесі  жатады  деп  табыт та  жасап қойған…

Енді  әлемдік  тарихта  орны  ерекше тұлғаны  кім де  болса  өз  жағына  тартқысы  келері  хақ… Орыстар «хан Тува  жерінде»  дейді… Өйткені  ұлы  қолбасшының тарихи отаны сол  өңір – қазіргі  тувалықтардың  ата-тегі ұранхайлар өмір  сүрген    Саян-Алтай тауының етегі. Тувалықтардың  ескі  аңызына  назар аударсақ, ұлы  хан  өлген  соң  оның сүйегі   таудың бір   сайына  бүкіл  байлығымен көмілген  екен. Ұранхайлардан  құралған  мыңдаған  салт атты  жауынгерлер   талай  жыл   сол  маңды  күзетіпті…

Десек  те, ұлы  Қағанның  бір  даналығы,  бәлкім көрегенділігі  болар,  өзі  өлген  соң сүйегін ашып  қорлауға  жол  бермеу  үшін,  ешкім  білмейтін   ай  далаға жерлетуі. Көмілген соң,  мыңдаған  жылқыны  жүргізіп, қабірді жермен бірдей  етіп  тегістеп  жіберуі, оны  көмуге  барған  адамдардың бірін  қалдырмай  қырып тастау адам жаны  түршігерлік  оқиға  секілді  көрігенмен, бір жағынан дұрыс па  деп те  ойлайсын. Өйткені    екі-үш   мың  жыл  бұрын  қайтыс  болған  перғауындардың  табытын ашып,  мәйіттерін  зерттеп, сүйектерін    бірде  анда,  бірде  мында   тасып  қорлап  жүрген жүрген  ғалымдар  бүгінде  көп.

Көреген Қаған соны  сезіп, сүйегін қорлатпауды  ойласа  керек-ті.

Ұлы  қаған  қайда  жатыр? Белгісіз. Белгісіз  болған  сайын  оған  деген қығушылық уақыт  өткен сайын артуда.