Нәубет

«Мың өліп, мың тірілген қазақ». Осы сөзде өзекті тіліп жіберерлік ащы шындық жатқаны белгілі. «Сақалына сары шіркей ұялап, қазақтың басы қайда қалмаған?!» (Ақтамберді), бұл да ақиқат дүние. Қазақ қазақ болып шаңырақ көтергелі , сүйегі қайда шашылып қалмады?!

Хандық дәуірдің алғашқы кезеңіндегі елді сақтап қалу, жерді кеңейту  һәм жарағын сайлап келген сыртқы басқыншыларға төтеп беру үшін жүз мыңдаған боздақ жер жастанды. Алаш  баласы  «Қара қазан, сары баланың» қамы үшін жан берді, жан алысты. Қырылды, қырды. Бірақ «керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш» деп атойлап жүріп, елдігін сақтап қалды. «Жүз жылдық шайқас» деген тарихи атауға дөп келетін Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезінде қазақтың үштен екісі опат болды. Одан бергі ат үстінде атойлап өткен заман, 1916 жылғы топалаң,1918-1920  жылдардағы  азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, үркіншілік жылдар, 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын -сүргін – осының бәрі иісі қазақты баудай түсірді. Мәйегін отап кетті. Бүгінгі тарихшылар мен саясаттанушылардың есебінше, 1930 жылдың жаз айынан, 1933 жылдың жазына дейін 3 миллион 379 500 қазақ ашаршылық құрбаны болған. Бұның 1 миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Демек, 2 миллион 200 мың адам аштан қырылған. Бұған 1921-22 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1 жарым миллион адам шейіт болды. 1937-38 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын -сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық алаштың арда ұлдары еді.

Бірақ қанша зұлмат болса да тағдырдың қыл көпірінен аман өткен қазақ түп-тұқиянымен қырылып кетпеді. Уақыт өте келе, етек-жеңін жиды, іргелі де бостан ел атанды. Бірақ қилы кезеңдер, тар жол тайғақ кешулер қазақтың жадында ақтаңдақ болып мәңгі қалды. 1997 жылды Елбасы   Нұрсұлтан  Назарбаев  «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» ретінде жариялады. Содан бері 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын» еске алу азалы күні болып саналып келеді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Жөн-ақ. Бірақ біз сол бір қасіретті жылдарды қалай еске алып келеміз. Анау өткенін әспеттеп, жас ұрпақтың жадына құйып жатқан жебірейлер мен украиндардан сабақ ала алдық па? 1931-32 жылдардағы қазақтың басына төнген нәубет Кеңестік елдің құрамында отырған украиндарды да айналып өтпеді. Ол елдің тарихшыларының есебі бойынша  6-11 миллионның көлеміндегі адам аштықтан шейіт болды. Холокост қырғынында фашистердің қолынан 6 миллионға тарта жебірей жойылды. Екі ел де әлемге жар салды. Ұлттың басынан кешкен нәубетке тарихи баға беруін сұрады. Олары орындалды да. Ұлтын ойсыратып кеткен зұлматты еске түсіретіндей етіп жебірейлер «Яд ва Шем» атты үлкен ескерткіш кешен тұрғызды. Украиндар да олардан кейін қалған жоқ. Ел астанасының ортасынан ойып тұрып, аштық құрбандарына арнап іргелі ескерткіш орнатты. Өткенге құрмет деген – осы. Бұл аз десеңіз, поляктар 1940 жылы НКВД-ның қолымен атылып кеткен 21 мың поляк әскерилерін еске алу үшін Ресейдің Смоленск шаһарының түбіндегі Катынь елдімекенінде ескерткіш соғып, жыл сайын азалы күнді еске алу үшін, алыстан ат арытып келіп, мінәжат етіп жатады.                                                                                                          Біз ше?  Неге 1931-32 жылдардағы  аштықты   геноцид  деп  атауға  қорқамыз. Өз  құқымыз  өз  қолымыздағы  тәуелсіз мемлекет емеспіз бе? Кім бөгет?  Ел  парламенті осы  мәселені  көтеріп, ашаршылық кезеңді  ел басына  төнген  нәубет  ретінде танып, арнайы  заң шығарып, оны  БҰҰ жолдауы керек еді. Сүйтіп қызыл  империяның қазақ халқына  қарсы жасаған қылмысын әлемге әшкерелеу  керек-ті. Алайда әлі күнге  үнсіз.  Тіпті  мемлекет тарапынан тарихи  бағада  берілген  жоқ.  Өкінішті.

Тағы бір  басын ашып алатын дүние, ол – 31 мамырдың атауы. Бұл күн «саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп аталады.Шынтуайтына келсек,  1921-22 ж. және 1931-32 жылдардағы ашарлық пен 1937-38 жылдардағы саяси қуғын -сүргін екеуі екі бөлек дүние емес пе?! Екеуін біріктіргенде ұтарымыз не? Жалпы, «31 мамыр» деген қайдан шыққан? Ол күні не болып еді? Ешкім білмейді, аштық пен қуғын-сүргінді зерттеп жүрген тарихшылар да тап басып айтып бере алмайды. Белгілі алаштанушы  ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Бұл кезең туралы біз жеке-жеке баға беруіміз керек. Осы уақытқа дейін жалпылама айдар тағумен, ортақ баға берумен келдік. Ал қазақ тарихын шын білгіміз келсе, әр оқиғаға жеке-жеке баға беріліп, анықталып, айқындалып тұру керек. Егер де бүгін анықталмаса, келер ұрпақ одан мүлде хабарсыз қалады. Сайып келгенде, 1921-22 жыл және 1931-32 жылдардағы ашаршылық бұл мүлде жеке баға алуға тиісті. Өйткені мұнда қасірет шеккендер тек қана қазақ ұлты. Егерде ашаршылық тұтастай Қазақстанда орнайтын болса, онда сол кезде не бір украин, не бір орыс, не бір еуропалық ұлт аштан неге өлмеді? Неге? Неге нәубет тек қазақ ұлтының басына төнді? Себептері қандай? Біз ұлтты осы тұрғыдан жоқтауымыз керек» десе, тарихшы-ғалым Талас Омарбеков ойын былай өрбітті: «Не үшін 31 мамыр алынды, білмедім. Ол күні ашаршылық не болмаса саяси- қуғаны сүргін көргендерге байланысты ешқандай қаулы шыққан жоқ. Ол күні ешкім атылған да жоқ. Бір белгілі жайт, алғашында «саяси қуғын -сүргін құрбандары» күні деп емес, «ашаршылық құрбандары күні» деп жариялаған. Бұл қисынға келетін еді. Артынан бұл атауды өзгертіп «саяси қуғын -сүргін құрбандары» деп атап кетті. Шын мәнінде екі түрлі нәрсені шатастырған. «Саяси қуғын -сүргін құрбандары күні» деп ақпан айын алу керек еді. Сол айда он сегіз «нарком» атылған болатын. Шын мәнінде ашаршылық құрбандары кеңес үкіметінің әлеуметтік-агарлық реформасының салдарынан қырылған. Ал қуғын-сүргін құрбандары деген кімдер, олар 58 баппен, 111-баппен, 102-баппен атылған адамдар. Ал оларды ашаршылық құрбандарымен шатастыруға болмайды. Сондықтан екеуіне екі күн белгіленген жөн».

Қалай айтсақ та, 1921-22 және 1931-32 жылдардағы ашаршылық және 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңдері иісі қазақтың жадынан шыға қоймасы хақ. Ешуақытта ұмтылмайтыныда  белгілі.   Бәлкім «Ашаршылық   пен қуғын сүргін құрбандарының  тізімі»  деп аталатын  қасірет кітабын даярлайтында күн жеткен сияқты. Онда аштықпен   куғын сүргінге ұшырап,  шейіт болғандардың есім сойлары  жазылса  құба-құп  болар еді.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ