Облыстардың атауларын тарихи негізге қарап өзгерткен жөн

«Облыс» деген сөзді «аймақ» деп ауыстыратын мезгіл әлдеқашан жетті. «Аймақ» деп өзгертсек, Қазақстанды қазақ халқының еншісіне толық алып бергендігіміз. Сондай-ақ, кей облыстардың атауларын тарихи негізге, жер-суға қарап өзгерткен де жөн.

Мысалы, Түркістан аймағы (Түркістан облысы), Сырдария аймағы (Қызылорда облысын Сырдария өзені жарып өтетін болғандықтан), Жетісу аймағы (Алматы облысы), Сарыарқа аймағы (Қарағанды облысы), Ақжайық аймағы (Батыс Қазақстан облысы), Көкшетау аймағы (Ақмола облысы), Алтын Алтай аймағы (ШығысҚазақстан облысы), Атырау аймағы (Атырау облысы), Ертіс аймағы (Павлодар облысы), Қызылжар аймағы (Солтүстік Қазақстан облысы) деп көрсеткен дұрыс болар еді. Осы облыстардың орталық қалалары сол атауларында тұра берсін.

Осылай етпесек, қайсыбір облыс орталығы саналатын қалалардың атын тұтас аймаққа «көрпе» секілді керіп тастағанбыз. Шындығында сол аймақтардың халық ауызындағы көнеден келе жатқан атаулары – жарасымды, туған елімізге соншалық жақын.

Бұл атаулардың ел-жұрт үшін баға жетпес мақтанышқа айналары анық. Өскемен қаласын мүмкіндік болса Ертіс немесе Алтай деп өзгертсе, славян жұрты ештеңе демес еді. Неге десеңіз, Ертіс өзені Ресейді де кесіп өтеді. «Ертіс» түркі-қыпшақ сөзі болғанымен олар бұл сөзге ертеден дағдыланған. Сондықтан, қоңсы ел осы атауға ештеңе дей қоймас. Мемлекетті айналамыздағы жұрттар секілді (Өзбекстан, Түркменстан, Грузия) ұлттық реңге келтіретін уақыт жетті деп ойлаймын.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі