Олар батырлар еді…

1986 жылдың ақ қарлы, көк мұзды 16-17 желтоқсанын, сол күндері  Орталық  алаңда  болғандардың  ешқайысы  ұмыта  қоймас. Бізде  ұмытқан  жоқпыз. Көңіліміздің  бір  түкпірінде  әлі  күнге қоламтадай  жылтырап жатқаны анық. Сол жылы біздер КазГУ-дің  (қазіргі ӘлФараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика  факультетінің бірінші  курс  студенті  атанған едік. Курстағылардың алды 21-22, арты 18  дегегі уыз  жастар. Студенттік  өмірдің  алғашқы  жылы  бөлек әңгіме. Қызығы  мен  шыжығы  ерек  бір кез ғой. Сол бір алаңсыз  күндерге желтоқсан оқиғасы селкеу түсірді.

Курстың  түгелге  жуығы  сабақты тастап, алаңға  барды. Алайда, алаңға  барып,  ұрандаудың  орнына сабаққа  қатысып, жақсы атануды  мансұқ  көргендерде  болды. Екі-үш  күнге   созылған  дүрбелең  курстағы жігіт-қыздардың кімнің  кім екенін  танытып кетті. Сын  сағатта  алаңнан  табылып, иісі  қазақтың  намысын  қорғаған желтоқсаншылардың  бәрі  батыр. Бәріне  тағызым. Дегенмен біздің  курстың  өз  батырлары  болды. Олар: сол  кезде  он  сегізге  енді  ғана  толған Гүлмира Сұлтанәлиева, жасы  он  сегізге  толмаған Ормаш Мырзағалиев және  Ғазиз Тастаев,  Нұрымжан  Мауытовтар. Бұлар бүкіл  курсқа  түскен ауыртпалықты  көтеріп алды. «Алаңға  біз  бастап бардық»  деді. Оқудан  шығудан  да,  түрмеге отырудан  да  қорықпады. Илікпеді,  иілмеді. Үкімді тік тұрып  қабылдады. Алды  он күн,  арты  жеті күнге қамалды. Сол  түрмеге  отырғандардың  ішінде  осы  жолдардың  авторыда бар. Өздерінің  қарақан  бастарын  қуғын-сүргіннен  аман алып  қалу  үшін, «алаңға барғандардың  бірі осы»  деп  мені  сатып кеткен  курстасым  һәм жатақхананың  бір  бөлмесінде бірге  жататын екі  жігіт еді. Не  дейміз? Уақыт  өте келе  оларды іштей кешіргенбіз. Тірісіне амандық,  бақилық  болғанына жаны жанатта  болсын  дейміз  де. Жамандық  тілеуден адамыз.   Содан  бері  зуылдап  32  жыл  өте шығыпты.

Төменде  сол  желтоқсан  бұлғағы кезіндегі журналистика факультетінің 1 курс студенттері  өмірінен  жазған, курстың  желтоқсаншы  қаһарманы Нұрымжан  Мауытовтың  «Шуба»  деген  әңгімесін  ұсынып отырмыз.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

ШУБА

 

Алматы, 1986 жылдың желтоқсаны.

 

Биылғы қыс қаһарына ерте мінді.

Және өзі жылдағыдан өзгешелеу ме, қалай?!

«Барыс жылы барыңды шаш, таба алмасаң тарыңды шаш» деген бабаларымыздың баламасын биыл оқуға түсіп, алғаш студент атан-ғанда басқаша сезінген секілді едік?!

Желді тоқсанның үскірігіне үстімдегі былғары күртеше шыдас берер емес. Ішінен қанша қалың кисем де бүрсеңдетіп барады. Қалыңырақ бірдеңе алуға қалта жұқа. Ол кезде ауылға салмақ салу – ардың ісі. Менсіз де үйде шиеттей бала-шаға. Жалақы алатын жалғыз Әкем ғана. Шешейдің денсаулығы жоқ. Үйде үлкен әжем бар. Бір қызығы әжем зейнетақы алмайды. Өзінің ұлы, яғни менің Әкем Керей мен бауырына басқан жетім қайнысы Сәдуақас әжеміздің жасы келгенде зейнетақы тағайындатпапты. Екі бірдей қызметкер ұлы бар кемпірге үкіметтен ақша алып отыр деген «масқара атаққа» қалуға арланған. Әйтпесе, «Ойылдың Отамалысы» деген менің оймақтай ғана ой түйген мақаламның басты кейіпкері Құжаты марқұм – ұжымшар малын ақ бораннан аман алып қаламын деп арпалысып жан берген Азамат! Ойылдың Ақшатауында қабірі қалған атамның есімі ескерткіш-тақтаға да жазылған.

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, аласапыран 2-дүниежүзілік соғыстан оқ жұлып кеткен кеңірдегін мыспен ауыстырып тірі келген атам, ұжымшар малы мен қасындағы көмекші шопан, жас баланы аман алып қаламын деп жан берген. Міне, осы шалдан қалған жалғыз тұяқ – менің Әкем. Менен кейінгі қызды босанған кезде жапсырған аурудан соң жиырма жыл ауруханадан шықпаған анамызға дейін бағып-қағып, ақсақ, бүкір Анасы екеуі жеті «жетімді» жеткізді.

Өз қолым өз аузыма жетіп, енді көмектесер сәтте Әкемнің айтқаны: «Ештеңеге алаңдама, балам, тек оқы!».

Сонымен, Алматыға жол тарттым. Жолым болды. ҚазМУ-ға оқуға түстім.

Енді кері қайтуға болмайды!

 

«Саяхат» автобекеті.

 

Кешқұрым.

ГРЭС-ке қатынайтын №300-автобусты күтіп бүрсеңдеп тұрмын. Автобусқа міне сала артына қарай жүгіремін. Львовтің дарылдақ автобустарының моторы артында болғандықтан, артқы орындықтар ыссы, рахат. Аралық біраз жер болса да, тез жеттік. Осында күзет бөлімінде қызмет ететін үлкен ағам Ержан жатақханада тұрады. «Питактан» ары қарай да тағы біраз жер жаяулатып келіп, есік қақтым. Есік ашқан әдеміше келген ұйғыр қызы менімен орысша амандасып, ішке өткізіп жатып: Ержан жұмыста, қазір келіп қалады деп бәйек болып жатыр.

Мен бұйығып жатып, ұйықтап кетіппін. Олар мені тамаққа бір-ақ оятты. Ет асыпты. Тамақ үстінде үшеуміз әңгімелесіп ұзақ отырып қалыппыз.

– Таңертең 6-да тұрып кетуің керек, әйтпесе сабаққа кешігесің. Жат енді, – деп жеңешем, өздерінің кереуеттеріне маған төсек салып берді.

Ұйғыр жеңешем таңатпай тұрып шайымды қойып, тойып ал деп әлек боп жүр. Шай үстінде ағам: «Үстің жұқа ғой», – деді. Мен бірдеңе деп міңгірледім. Кетуге жиналған кезімде әскери бушлатын алды да, маған өзінің биыл ғана сатып алған қымбат шубасын кигізіп, жеңгем екеуі мені автобусқа дейін шығарып салды. Автобус күтіп әңгімелесіп тұрмыз. Тоңып тұрғаным жоқ. Үстімде қалың шуба. Тек қазір қайтадан шешетінім есіме түссе тоңып кеткендей боламын. Сол сәтте автобус та келе қалды. Ағам қалтасынан 10 сом алып маған ұсынды. Болмашы ғана қарсылық танытқандай болғаныммен лып еткізіп қалтаға салып алдым.

– Болды, отыр автобусыңа! – дегенде шубаны шеше беріп едім, ағам: «Шешпе, оны сен кие бер, менің бушлатым бар ғой, сосын тағы көрерміз», – деді. Көзімнен ыршып кеткен жасты көрсетпес үшін автобустың артына қарай тұра жүгірдім. Кеудемді біртүрлі қуаныш билеп барады. Үстімде қымбат шуба. Қалтамда қызыл ондық. Түсім болмаса екен деп қоямын, өзіме-өзім. Әншейінде отыра сала бұйығып ұйықтап кететін ыстық орында бұл жолы көз ілмедім. Ол кезде қазіргідей көлік кептелісі деген жоқ, лезде-ақ «Саяхат» автобекетіне келіп жеттік.

«Саяхаттан» ҚазМУ қалашығына апаратын №32-автобусқа ауысып отырдым.

Көңілім алып-ұшып келеді. Бойымды мақтаныш сезімі билегендей ме, қалай? Өз-өзіме бажайлап қарай бастағаным сол еді, енді байқадым, шубамның екі жеңі сәл қысқалау екен. Не болса да екі қолымды қалтамнан көп шығармауға бекіндім де, папкамды қолтыққа қысқан күйде аудиторияға кіріп келдім. Байқаймын, бәрінің көздері менде сияқты. Аудиториядағы самаладай жарыққа шағылысқан менің жаңа шубам құндыз шубадай мың құбылып көздің жауын алғандай. Білдірмей ғана шубамды шешіп жатып, курстас қыз Ұлбаланың сөмкесіне көзім түсе кетпесі бар ма?! Тура менің шубамның түсі. Болды. Мәселе шешілді!

Жатақханаға дейін қолымды қалтамнан шығармай бардым да, Ұлекеңнің сөмкесін жарып жіберіп, қоңыр былғарыдан жең жалғап ала қойдық. Тура «үкіметский» болып шыға келді. Енді екі қолды қалтаға тыға бермесе де болады.

Уақыт осылай өтіп жатты.

Студенттік өмірдің қызығы басталып та кекен. Қатал қыстың да мәселесін шешіп қойғандай болатынбыз. Тек, сол кезде алдымызда атышулы 16 Желтоқсан күтіп тұрғанын ешкім ойлаған да жоқ-тын…

 

«Саяхат» сағаты.

 

16-Желтоқсан.

Күн сейсенбі.

Сенбі күні Ақшиге үйіме барғаннан сырқаттанып, дүйсенбіде сабаққа келе алмадым да, келесі күні таңғы автобуспен 1-лекцияға кешікпес үшін ертелетіп жолға шыққанмын. Ол кезде «Саяхат» автобекеті жанында орналасқан мұнаралы сағат бар еді. Таңертең дәл осы сағаттың астында достарыммен асығыс қоштасып, №32-автобусқа қарай жүгіре жөнелдім.

Бұл сағат ол кезде біздер үшін Кремль куранттарынан да қымбат болатын. Өйткені біз «Кездесетін орнымызды» ешқашан өзгертуге болмайтынын» білетінбіз. Сол сағаттың түбінде талай табысып, талай қимай ажырасатынбыз. Бірақ сол жерде тағы бір кездесетінімізге еш шүбә келтірмейтінбіз…

Жә, бұл бір тақырыбы ауқымды, бөлек әңгіме…

Оған қайтып оралуға сөз беремін!..

 

«ҚазМУ» қалашығы».

 

Байқаймын, автобуста да күбір-күбір әңгіме. «Жексенбіліктердің» жеккөрінішті назарын желкеммен сезіп келемін. Жолшыбай ҚазМУ-дың жанындағы дүңгіршектен 1-2 газетті ала сала аудиторияға келіп кірдім. Гу-гу әңгіме өрби бастады. Басты тақырып: «Қонаевты орнынан алған он тоғыз минуттық Пленум».

Бәрі жасырын, бәрі құпия заманда Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, т.б. ата-ағаларымыз туралы, саясат туралы даурығып дискуссия құру журфактықтар үшін үйреншікті дүние секілді көрінетін. Ал мына тақырыптың аясы үлкейіп бара жатты.

Газет бетіндегі Колбин суретінің көзін ойып, маңдайына: «Кет!» деген жазуларды ешкімнің ықтиярынсыз-ақ аудиториядағы студенттердің өздері жаза бастады.

Міне, осы кезде: «Жаңа алаңға» халық жиналып жатыр екен деген хабар да жетті. Жалындаған жастар өре түрегелді. Бәрі емес, әрине.

Қамқорлықпен: «Айналайындар-ау, арандап қаласыңдар ғой, ол жерде ешкімді де аямайды, тыңдасаңдаршы», – деген жалынышты үнінің өзіне қарсы дау айтып, жолдан итеріп тастап кетсек те бізді сатпаған ағайымыз да болды. Кейіннен біздің ит терімізді басымызға қаптаған, кеңесті жақтаған ағайсымақтарымыз да болды. Ұстап бергендер, сатып кеткендер… Бәрі болды!..

Әп-сәтте әлемтапырық болып, дүние өзгеріп шыға келді…

Міне, дүниені дүр сілкіндірген 3 күндік Желтоқсан көтерілісі осылай басталған болатын. Біз сол көтерілістің бастан-аяқ жуан ортасынан табылдық.

 

Намыс.

 

Ер сыналар күн туды.

Үлкен лекция залы.

Үлкен комсомол жиналысы.

Әншейінде самаладай жарқырап тұратын фое шамдары да бүгін білте шамның түбіне түспейтін жарығындай өлеусірей қалғандай. Әлде, әдейі жартысын жақпай қойды ма екен, кім білсін?! Біз кезегімізді күтіп таңертеңнен бері сыртта тұрмыз. Іштен естілген айқай және жазаланғандар мен оқудан шығарылғандардың жандауыстары, жылағандары үрей бұлтын қоюлата түсуде. Байқаймыз, ешкімді ешкім аяп жатқан жоқ.

Курстас қыз Тұрсынова Гүлжан мен Ұлбала жатақханаға жүгіріп кетті де талғажау етерлік бірдеңелермен қоса менің іште ұмыт қалған тұмарымды алып келіп: Тағып ала қойшы, – деп қиылды.

Сол жерде тұрып қарбытып-қарбытып бірдеңелерді жегендей болғаным есімде. Бірақ не жегенімді білмеймін…

Кешке таман кезек біздің курсқа келді. Ішке кірдік. Қысылып, талып қалып жатқан қыздар да бар. Комсомолдан шығарамыз деп қорқытуда. Ол кезде комсомолдан шықтың деген сөз – бәрі бітті деген сөз!

Осының алдында ғана: «Егерде біреумізді комсомолдан шығаратын болсаңыз, онда бәрімізді түгел шығарыңыз» – деп  50 шақты комсомол билетін жинап апарып үстеліне қойып, қыр көрсетіп жүрген қызбалардың бастары салбырап кеткен. Мұны бастаған өзім едім. Бірақ бәрі дерлік қостаған!

– Кім бастағанын көрсетсеңдер соны ғана жазалаймыз! Болмаса екі курстың комсоргі мен старосталары, т.б. бәрің кетесіңдер! – деді «большой комсомол» үстелді жұдырықтап.

Бірақ, бұл жерде ешкім ешкімді сатпады!

Керісінше, Құстүтінова Гауһар деген қызымыз:

– Ағай, біз бала емеспіз ғой, біреу жетектеп апаратын, әркім өз еркімізбен, өз аяғымызбен бардық! – деп жылап жіберді.

Тұс-тұстан қолдаушылар да табылып жатыр…

Өз кезегінде сөз алып, орыс тілінде: «Бұлар бар-жоғы 1-курстың студенттері, көбі әлі 18-де толған жоқ, балалық жасаған», – деп, екі группаны қорғай сөйлеген Иманғазинов Мұратбекті, Баяндаров: «Сен болашақ коммунистсің, кімдерді қорғап отырғаныңды білесің бе, абайла!.. – деп доқ көрсетіп тиып тастады.

Төмен қарап тұқырып отырған 50 студенттің ортасынан 18-ге әлі толмаған Ормаш (марқұм) орнынан тұрып: «Мен бастадым, мені жазалаңыз!» – деді.

Одан ары шыдап отыру мүмкін емес болатын.

– Ол емес, бәрін мен бастап апардым, – деп орнымнан тұрдым…

Сол кездегі Үлкен комсомолдың төрағасы Баяндаров маған қарай саусағын шошайтып:

– Мынадан шығады ол, мен білемін! – деді.

Оның олай айтатын да жөні бар. Екеуміз ескі таныстармыз. Дайындық курсынан келген мені ол өткен жаздан бері қалалық студенттік отрядтан жақсы танитын. Екеуміз неше мәрте сөзге де келген болатынбыз.

Бір қызығы, сол кезеңде командааралық үш мәрте сайыс болды. Бірі – «Политплакат» («Саяси плакат») деген сурет салудан, екіншісі – «Кірпіш қалаудан» (студенттердің құрылыс отряды болғандықтан) және көркем-өнерпаздар жарысы. Осы үшеуінде де еріксіз қолымды қысып тұрып, 1-орынды маған өзі тапсырған болатын. Бірақ, көпшіліктің көзінше тілін алмай талай жерге қаратып едім (комсомол ғой), ұмытпапты. Оның үстіне алдында ғана комсомол билеттерін алдына апарып: «Егер біреумізді комсомолдан шығаратын болсаңыз, онда бәрімізді шығар», – деп көрсетіп кеткен қырым бар.

Сонымен, өз кінәмді мойындағаным үшін комсомолдық есеп кәртішкеме қатаң ескерту жаздырып, әзірге аман шықтық.

Курс мәз.

Жатақханада жайылған дастарханның басында даурығып жатырмыз. Жаңа ғана неше мәрте өзі ескерту алса да, жиналыста шыр-пыры шығып бізді қорғаған факультет комсомол ұйымының жетекшісі Қосанов Әміржан келіп бізбен бірге отырып: «Жарайсыңдар! Бір-біріңді солай қорғай алсаңдар сендерді ешкім жеңе алмайды», – деп ағалық ақылын айтып, тағы бір марқайтып тастады.

Біз бұл кезде алдымызда абақты күтіп тұрғанын сезген жоқпыз…

Иә, «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих,

Оқулығы жұп-жұқа, бірақ-тағы!» – деп Қадыр ағамыз жырлағандай, бұл да бір қалың тарих, тек…

Олай болса, өткен-кеткеннің бәрін жіпке тізгендей теріп отырмайын. Бұл туралы әлі толық жазыла жатар. Тек, сол Азамат сыналар тар кезеңде Арымды сақтап қалғаныма қуанамын. Керісінше, талайларға қамқор бола алдым деп ойлаймын. Араша түстім. Менмін дей алдым! Қамалсам да, таяқ жесем де ешкімді сатпадым.

Сол кездегі Журналистика факультеті деканының орынбасары, қазірде 90-ға жақындаған ардақты ақсақалымыз Ыдырысов Әбіл-файыз ағаның (абақтыда отырып келгеннен кейін, мені оқудан шығармақ болған кезде Әбекеңнің әкелік мейіріммен арқамнан сипап тұрып: «Мен тірі тұрғанда сені ешкім де оқудан шығармайды» дегенін мен ешқашан ұмытпаймын), журналистика факультетінің комсомол хатшысы Қосанов Әміржанның және көбісі 18-ге енді ғана толған, өрімдей курстас достарым алдында бас иемін!

 

Шуба

 

Сонымен, басы 15 аяғы 7 күнді арқалап, абақтыға кете бардық: Мен, Ұлықбеков Сейсен, Тастаев Ғазиз және марқұм, Мырзағалиев Ормаш пен ортамызда он сегізге енді толған жалғыз гүліміз Гүлмира Сұлтанәлиева.

Абақтының аузынан жасы 18-ге толмаған деп кері қайтарылған Ормашымыз жігіттерден мені бөлмеңіз деп, конвоирға жалынып жүр.

– Мен бәрібір кері кетпеймін, – деп қояды, жарықтық!

Сонымен, 10–12 адамға арналған тар қапаста 40 шақты «декабрист» отырдық. Камера іші тар. Барлық камерадағы жағдай осындай. Абақты аузы-мұрнынан шыға лық толды. Сасық. Түнге қарай конвойдағы қазақ жігіттерге жалынып, камераның есігін аштырып қоямыз. Түнде жатарда абақтыны басымызға көтеріп, қазіргі гимнді шырқаймыз. Есімде қалғаны: бәріміз осы әнді шырқағанда ескі абақтының есігі емес, керегесі дірілдейтін. Кейде кезекші жігіттер жүгіріп келіп жалынатын: – Қазір іште комиссия жүр, ең болмаса солар кеткенше айтпай қоя тұрыңдаршы, – деп.

Күндіз конвоймен әдейі біраз жер жаяу айдап, «Поршень» зауытына апарып жұмысқа салатын. Ол зауытта да бірі жасырын, бірі ашық көмектескен азаматтар көп болды. Сырттай болса да жанашырлық танытқан қаракөздерге де ықыласымыз ерекше.

Сол абақтыда ағаш нардың үстінде астыма төсеуге қанша аясам да, амал жоқ, жамбасыма жаман тақтай батқасын еріксіз төсей салғаннан мыж-мыжы шыққан шубамды абақтыдан соң Ұлбала қарға көміп, қағып-сілкіп қайта кигізгенде баяғыдай жылтырап тұрмаса да, жылуы бойында екенін сезінгем.

Содан бері арада қанша уақыт өтті. Одан кейін де қанша шуба көрдім, тіпті құндыз ішікті де. Бірақ мен ондай шубаны енді кезіктірмесімді ұқтым…

 

Жан құрбы.

 

Жас жиырмаға келгенше, жігіт болғасын бірді-екілі камераның «дәмін татып» көргендіктен, бұл абақтыдағы ахуалдың өзгешелігін өзгелерден бұрынырақ ұққаным да рас.

Бұл жерде де өмір бар… Қарын қатты аша қойған жоқ…

Оның үстіне сөмкесінен жең жасап беретін Жанқұрбым қысқы демалысқа кетпей қалып, жатақханада жалғыздан-жалғыз жатып, өзі ішерге тамағы жоқ болса да тиын жинап, бізге неше күн тамақ тасумен болды.

Қазір де жанымда қалғаны – жалғыз сол Жан құрбым.

Қалғандары жадымда!

Және де мен ешкімді ұмытпаймын!

Әсіресе, гүлдері мен шампандарын құшақтап қос таксимен шуылдап абақтыдан шығарып алуға келген курстас құрбыларымның шовинист менттердің ашу-ызасын туғызғаны, ол да өз алдына бөлек әңгіме.

Осындай қиын-қыстау сәттерде бір-біріне пана болған, бірін-бірі қорғай алған, азаматтық ар-намыстарын сақтай білген барлық адамдарға және ҚазМУ-дың журналистика факультетінің 101–102 группасының қаһарман студенттерінің алдында басымды ие отырып, қастерлі де қасіретті мерекелерімен құттықтаймын!

Ел аман болсын, достар!

Бәріміз де аман болайық!

 

Нұрымжан Мауытов