Оның аты – GGG

Қай заман.. Түбіт мұрты енді тебіндеген сары баланы алғаш көргеніміз.. Әлде Алматы, әлде Қарағанды.. Алматы шығар. Гена болатын. Кәдімгі Гена. Ұяң екен. Қолдары қарулы. Соққылары діттеген жерден табылады. Қандай әдет екенін түсінбеймін, талантты бала көрсек қолдарының бұлшық етін қысып, байқаймыз. Гена да сол сынаққа тап болды. «Жақсы екен», – дестік. Шынында да жақсы бала. Көздері жайнап тұр. Рас, жасық сияқтанды. Әлде мықтылардың арасында жүрген соң ептеп қысылады. Чемпиондардың да мысы басады ғой, енді.

Сосын тағы көрдік, сәл бертінде. Енді ересектер арасындағы ел чемпионаты. Ұруды үйреніпті. Жұдырық ала жүгірмейді, ойланып барып қимылдайды. Қарсыластарын баудай түсіргісі келеді. Бірақ,әлі толық бабына келмеген. «АПА» атанған Апачинский жонына таспа тілердей төнеді. Кеңес береді, соққысын байқап көреді. «Соққысы тегеурінді», – деді сақа маманның бірі. Геналықтан Геннадийлыққа дейін өскен. Геннадий Головкин. Сарыарқаның саңлақ жігіттерінің бірімен кейін кездесеміз. Осы Геннадийдың тағдырына алаңдайтын, біршама қол ұшын беретін. Оған дейін талай уақыт бар еді..

Құрама команданың бапкерлерімен жиі әңгімелесеміз онда.  Күлкісі сыртына төгіліп Нұрғали ағам жүреді. Сафиуллин. Шәкірттеріне ғана емес. Біз секілді сұрағы бітпейтіндерге де кез келген мәселені тәпіштеп түсіндіреді. Жаттығу арасында және бір пысықтап кетеді. Өзі талай боксшыға қамқор. Тұрсын бапкердің тұсында жаттығуды көруге жиі барамыз. Бір бұрышта Геннадий да жүреді. Қара терге малшынып. Ерінбейді. Жалықпайды. Қарулы екен. Қолының талғанын байқамадық. Мамандардың бірі  айтады, «қарашы, мынау қалай жұмыс істейді. Тістеніп алады. Болашағы бар. Ертең ұлттық құраманың бірінші нөміріне айналады. Соққыларын көрдім. Дыз еткізеді, тиген жерін. Қарсыластары кәдімгідей қайтып қалады. Әттең, шеберлік. Бірақ, шеберлік жетіледі ғой».

Екімыңыншы жылдардың басында Геннадий толық бабына келді. Жарыс біткенде қарсыластарын бет қаратпайтын дәрежеге жетті. Шынын айту керек, жекелеген азаматтар да, мемлекет те қолдау көрсетті. Материалдық тұрғыда. Еуропада өткен турнирлерде,  Азия құрлығындағы жарыстарда жүлдеге ілінді. Жылы жымиятын. Жүрегіңді езеді, елгезек қой. Жүгіріп келіп, қол береді.

Алда Афины олимпиадасы.  Жүз жылдың шоқтығы биік жарысы.  Ойға шомамыз. Геннадий топ жаратындай боп тұрады. Өзгелері де осал емес еді. Бірақ біздің құрамадағы шаппай бәйге сұрайтын сол Головкин. Өйткені кез келгенді ұзынан түсіретін қарымы болды.  Қарсы келгендерін тұқыртып жіберетін жігерін көрдік. Грек жеріндегі алғашқы жекпе-жектері әлгі ойларға қазық еді. Үмітке азық болды. Алайда, финалдағы апай-топай бәрімізге башпай санатып қойды. Жаттықтырушылар жердің үстімен барып, астымен келе жаздады. Айналайын Артаев болмағанда. Әркім кінәні өзінен іздеген шығар.. біз секілді. Тап бір қылмыс жасағандай қысылатын болдық. Боксты өрге сүйреген ағаларды көргенде. Талай шаш ағарды. Оларда.

Қабағы түскендерді көрдік. 2004 жылдың еншісіндегі ойындардан кейін. Геннадийға салқын қарады олар. Себебі болған шығар. Өзі де қипақтап қалатын. Әуесқой ринг айналасында көп ештеңе қалмағынан түсінді ау деймін. Анау немістер демұнымен сөйлесуге құмар болып алды. Қысқасы, Головкин кәсіпқой боксқа ауысты. Шай самасына қарамастан болжамның боз жорғасын желдіретіндерді тыңдадық. Жақсы айтады, ол жайында. Спорттық жолы және шама –шарқы жайында. Іш сезетін. Жанкешті еңбек, кешкен бейнеттің түбі зейнетке айналатыны шындық қой. Головкин кез келген рингте қарсыласын екі шайнап, бір жұтуға дайын болатын. Бала кезінен, Гена шағынан биікке ұмтылып қана қоймай, соған шығаратын баспалдақтарды да тап басып жүрді. Алғашқы жекпе-жектері, алғашқы жеңістері.. Қисынды еді. Қисыны келіп тұр. Енді қаржы жіп көлемін қысқартып, күрмеуге келтірмеді. Туған жерден телефон ешкім шала қоймады. Шала бүлінетіндей жөні жоқ. Уақыт өз әмірін солай жүргізіп тұр. Мүмкін ол қоңырауды өзі де аса күтпеген шығар…

Арада жылдар өтіпті.  Келді, қоңырау. Шіркін елдің бейілі-ай.. Беймаза еткен күндерді  белден  басып, көмескі нөмір қайта терілді. Қисыны солай келген болар.

Тағы да күндер өтті, айлар ауысты. Жылдар жылнамаға сүңгіп жатты. Ол қазір – GGG. Баруға уақыт таппадық па. Әлдене де ұстап қалған шығар.Елде өткен баспасөз маслихатына Қанатты жібердік. Әріптесті. Оған да төрт жыл-ау, шамасы…Таспаға тартып әкелген материалын көріп отырмыз..

Ол өсіпті. Кісілігі де. Кішілігі де бар. Мектеп көргені байқалады. Мәдениет мектебін оқыған. Сөйлеу мәнерін шыңдаған. Осы бағытта да тер төккен, әбден еңбектенген. Сұрақ қойған тілшілерден өресі биікті тұрды. Кейбір әріптестер баланың сұрағын қойыпты. Шамданбайды. Бір күліп алып, жауап береді. Баяғы бала күлкісі. Соның ізі көрінеді. Жауаптары тастай. Бокстағы өзі секілді.. ойланып барып жауап береді. Есте қалғандарынан екі- үш өрім:

– Туған жеруге келу керек қой. Келдік. Астана қаласының әкіміне сәлем бердік. Ертеңнен әңгіме шерткен болдық. Келесі бәсекеге дайындық дейсіз бе? Бокстан алыспын мен қазір. Қарағанды, бет алысым. Туыстарға барамын, Арқаны кеңге салып, аяқты созып тастап демаламын қазір. Таныстың жайын білемін, достың сырына қанығам. Адамша бір демаламын. Бокс дейсіз ғой. Қайдағы бокс, елімде бір тыныстаймын. Жаттығу дегенді қайтарда қайта тауып аламын ғой..

– Астана бір жекпе жек өткізсе. Арманның жоспарға айналуы ма немесе жоспардың арманға айналуы ма, көреміз енді, мүмкіндік бар. Ниет те. Уақыт көрсетеді. Қисыны келер..

– «Анаумен шығасың ба, мынаумен шығасың ба», – дейсіздер. Шыға салу оңай. Реті қалай келеді. Одан маған не пайда? Мәселе осында ғой. Анау да мықты, мынау да осал емес. Енді айта алмаймын ғой. Шығамын да сабаймын деп. Қанатқа қатысты айтарым, ол мүмкін емес. Екеуміз екі салмақтамыз. Қалай қисыны келеді. Бокс қолғабын байланғанның бәрі мықты.. Бокс қолғабын байланғандардың бәрін де ұтуға болады.

Жауаптар осы тұстас, осы сарындас… Кәнігі кәсіпқой спортшы. Шоуды үйренген, шуға төселген… Қалтасы қалың, ортайса салып беретін елі бар. Жалпы табан тірейтін елдің болатыны қандай жақсы! Екі айтқызбайтын, сұрағанын беретін…

Өскен, өсіпті өресі. Адамершілік жайында әңгіме қозғау қисынсыз. Ол әркімнің өз табиғаты. Көргенімізді айттық. Армандадық. Қазақ баласы да сөйлеп үйренсе. Сөз біздің бабалардан қалып еді ғой. Әнші мен әкімнен, саясаткер мен саңлақтардан сол сөз түсіну мен сөйлей алу мәдениетін аз кездестіреміз. Өкініш те осы жерде қуып жетеді..

Ол – дегеніне жетті. Мақсаты орындалды. Асуын алды. GGG. Биігін бағындырған – GGG. Тіпті бірде Трамп күтіп тұрды ау, жаттығу бөлмесінің алдында…

Амангелді  Сейітхан