Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Жанжалдан кейінгі Масанчи ауылы

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жанжал болды. Жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Полиция “Бұзақылық” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады. 

8 ақпанға қараған түні полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеді.

Таңертең Масанчи ауылына зорға жеткен Азаттық тілшілері ауылда өртенген үйлердің көп екенін көрді: дәмхана, дүкен, көлік жуатын орын. Кейбір ғимараттың төбесі де жоқ.

Масанчи ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.
Масанчи ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.

Тұрғындардың айтуынша, орталық жақта өртенген үйлер мұнан да көп. Ауыл ішінде түтінге қақаласың.

Масанчи ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.
Масанчи ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.

Мұнда полиция қызметкерлері, төтенше жағдай департамент мамандары, өрт сөндірушілер жүрді.

Біреудің көлігі өртенген, біреулер көліктерін жоғалтып алған.

Өртенген үйлердің бірінің жанында бірнеше газ баллоны көрінді.

Тұрғындардың айтуынша, Масанчиден бөлек Қаракемер ауылында да өрт болған.

Жамбыл облысы полиция департаменті жанжал шығарғандар мен төбелескендерді анықтап жатқанын хабарлады. Қанша адамның зардап шеккені белгісіз.

Азаттық тілшілерінің айтуынша, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автобанынан Қордайға бұрылғаннан кейін ауылға апаратын жолда таңғы 4 шамасында 40-50-ге жуық адам жиналып, Масанчи ауылына өтпек болды. Олардың басым бөлігі жастар, араларында ересектер де болған. Олардың ашулы екені байқалды. Бірақ оларды арнайы жасақ жібермеді. Кейіннен олар үйлеріне қайтты. Қарасу кеденінен өткеннен кейін Азаттық тілшілері жанжал болған ауылға апаратын жолды бетперде киген, қалқандары бар омон жауып тастағанын да көрді.

WhatsАpp мессенжерінде “Қордайда түсірілген видеолар” деп тараған кадрларда өртенген ғимарат, жарығы сынған көліктер, полиция көліктері байқалады.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жұртты “тек ресми ақпаратқа сенуге, желіде тараған ақпараттарға сенбеуге шақырып, жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын” ескертті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған тұрғындар арасындағы жанжалға қатысты Twitter желісінде пікір білдіріп, “төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған” деді. Бірақ Тоқаев жанжалды нақты кімдер пайдаланбақ болғанын ашып жазбады.

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Дереккөз:  Азаттық  радиосы