Орысқа қазақ емес, қазақтың жері керек болды…

Кейде жұрт аузынан «қазақ елі Ресейге өз еркімен қосылмағанда ұлт болудан қалар едік. Бәлкім, Қытайдың жемсауына түсіп кетер ме едік. Орыстар бізге жол салды, қала салды, білім берді, көзімізді ашты деген секілді әңгімелер айтылып қалады.

Қайдам?

Ресейге қосылу, соның айдауында жүру, қазақтың бағы болды ма, соры болды ма, бүгін оның нәтижесін көріп отырмыз.

Ал тарихшы Ахмет Тоқтабай мынадай ой қозғайды:

– Соңғы кездері Қазақстанды Ресейдің отарлауы жұмсақ болды, болмаса, гуманист болды деген пікірлер жиі айтылып жүр. Жазылып та жатыр. Негізінде, Ресейдің отарлауы дүниежүзіндегі барлық отарлаудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы болған орыс империясының аса зұлымдығы мен жүзеге асырылды деп айтамыз. Оған бір ғана мысал, К.Маркс пен Ф.Энегельстің бүкіл еңбектері орыс тілінде аударылды. 55 том болып шықты. Оны біз студеттік кезден білеміз.

Соның ішінде бір аударылмаған нәрсе бар. Маркстың «Тайная дипломатия» деген еңбегі бар. Ол К.Маркс пен Ф.Энгельстің Берлинде шыққан толық шығармалар жинағының он бесінші томында бар. Сонда бүкіл империализміне, орыс саясатына, керек десеңіз, орыс халқына мінездеме береді. Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды қалай жаулап алғаны айтылады. Қандай қулық-сұмдықпен, қандай алдап-арбаумен жасалғанын айтып отырып: «Орыстың шовинизмі шегіне жеткенде, ол садизмге айналады», – дейді.

Біз осындай орыстың отарлауын айтып келеміз де, орыс отарлауын гуманистік деп, теміржол салды деп айтамыз.

Осындай сөздерге әуеспіз. Соңғы кездері, біздер этногрофтар, Қазақстан тәулсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтарды зерттеу басталды. Бірінші, бес-алты жыл Монғолия қазақтарын зерттедік. Одан кейін Қытай, Өзбекстан қазақтарын. Қазақтарды зерттей жүріп, көз жеткізген бір нәрсе, қазақтар қаншама дүниесінен айырылған.

Жұрдай болған екенбіз. Әуелі орыстың отарлауы келді, одан кейін коммунистердің отарлауы. Көрші Монғолиядағы қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, салты, бүкіл қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрі бар.  қазақ тарихындағы ең қанды жер – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі 1929-31 жылғы аштық. Әдейі қолдан ұйымдастырылған аштық.

Большевиктерге қазақ халқы керек болған жоқ. Оларға жер қажет болды. Бос Қазақстан қажет болды. Бос Сарыарқа керек болды.

Содан кейін 1956 жылы тың игеруді желеу етіп, екі миллион адамды қазақ қырылған жерге орналастырды. Қытайдағы қазақтарды зерттедік.Олар талай жағдайларды бастан кешті. Бірақ соған қарамастан, Қытайдағы қазақтар тап біздегідей емес екен. Біздегідей этномәдениетінен, біздегідей тарихынан, біздегідей ұлттық құндылығынан айырылмаған екен. Мен соған таң қалдым.