Отқа оранған жылдар

Сонау өткен ғасырдың 1929 жылының  күзіне қарай жергілікті қазақтарды колхоздастыруға байланысты қолындағы малынан айырылған ел-жұрт ашыға бастады. Әке-шешем өзара кеңесе келе, Шұбартаудың Баршатасындағы үйін тастап, тоғыз жолдың торабы Аягөзге бет алыпты. Мен сол кезде алты жаста ғана екенмін. Бірақ, мында келгенде де ашығып, сеңдей соғысқан халықты көреді. Сол кездерде жеміс-жидегі мол, сулы, нулы өңір Үржарға әрең жетіп, осы елдің Көкөзек ауылына тоқтайды. Әкем Мұхаметжан осы ауылға ұста болып орналасып, жұмысқа кіріседі. Анам Орынбасар мені бағып әрі бақша салып жан сақтауға әрекет еткен екен. Дегенмен, анам келесі баласына жүкті болып жүріп, босанар кезінде көп қан кеткендіктен қайтыс болады. Әкем де іле-шала ауыр жұмыстан денсаулығын жоғалтып, көз жұмады. Сөйтіп мен тұл жетім қалыппын. Осы ауданның Қарамойыл елді мекенінде тұратын алыс ағайынымыз мені қолына алып, он жасқа дейін бағып- қағады. Кейіннен Жоғарғы Егінсу ауылындағы мектепті бітіріп, сол уақыттардағы бейнеті мол ауыр жұмыстарға жегілдім – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері тоқсанның жетеуінен асқан Алтынхан Өміржанов ақсақал әрең –әрең сөйлеп.  Дегенмен, көбіне қасында отырған қыздары ақсақалдың  сөзін  түзеп, ол кісінің жамылып отырған көрпесін қымтап, біздің анық-қанық жазуымызға көмектесіп жіберді.

Сөйтіп жүргенімде, 1940  жылдың күз айында мені әскери коммисариат  әскер қатарына  шақырып, атты полктың  құрамына алындым. Мен секілді соғысқа шақырылғандардың түгелін ат-арбаға отырғызып, бірнеше күн жүріп Аягөзге жеттік. Осы арадан біздерді вагондарға тиіп, Ресейдің Челябинск қаласына әкелді. Бұл қалада жан-жақтан келгендерді іріктеп, жетпіс жасөспірімді әскери мектепке қабылдады. Бізді алты ай оқытып және соғыс тәсілдеріне жаттықтырып, артынан сужаңа форма кигіздіріп, үздік шыққандарымызға әскери шен беріп, соғысқа аттандырды. Мен бұл мектептен аға сержант болып шықтым. Содан, 1942 жылы Дондағы Ростов қаласында қарамағымда 90 адамы бар взводқа командир болып, соғысқа кірістім. Майданның алдыңғы шебінде соғысқандықтан болар, нағыз жойқын қантөгіс арпалыстың арасында жүрдік. Әлі күнге дейін есімде, бір котелден тамақ ішіп отырған  досым Тұрысбек Турлин деген азаматты (Үржардың жігіті еді) ойда – жоқта неміс снайпері қағып түсірді. Орынымнан атып тұрған менің тура құлағымның тұсынан жаңағы неміс мергенінің оғы зың етіп өте шықты. Абырой болғанда тимеді. Кезекті ұрыстан кейін, қасымдағы жауынгерлермен бірге қабыр қазып, досымды жерледім. Әлі ойымда, жерлеген жеріміз үлкен теректің түбі болатын. Белгі ретінде үстіне темір есікті жаптым. Менде кезекті қоян-қолтық ұрыс кезінде жараланып қалдым. Қасыма жетіп келген немістің етжеңді, дәу жауынгері мені қылғындырып, іштігін бөксеме кіргізіп жіберді. Менде қарап қалмадым. Винтовкамның ұшындағы пышақты оның қарынына тығып жібердім. Әйтеуір ышқынып жүріп, әлгі немісті ақырғы күшіммен ұрып жықтым. Аққан қанымды көйлегімді жыртып, орап әрең тоқтаттым. Далалық госпитальда бір апта жатып, емделіп шықтым. Жарамды қараған орыс дәрігері «Ты везучий человек» – деп күлгені бар. Сөйтіп, қанды ұрыстан аман қалған бірен-саран солдаттарымды  жинап, қайтадан кезекті майданға дайындала бастадық. Осы  кездерде біздің дивизиямыз Сталинград түбінде тұрған болатын. Ауаны шыңылтыр аяз қысып тұр. Күндіз окопта от жағып жылынамыз. Түнде астымызға ағаш төсеп сол окопта жатамыз. Біраз күндер дайындықтан өткен соң, Сталинград қаласын жаудан азат етуге біздің дивизиямыз тікелей шабуылды бастады. Немістер бізге қарсы он екі дивизиясын ұрысқа  салды. Сол уақыттардағы адам сенбес сұрапыл соғыс басталып кетті. Бомбалар мен снарядтардың соққысынан Волга жағасындағы Сталин атындағы қаланың үйлері мен ғимараттары тып-типыл болды. Тек кейбір үйлердің моржалары ғана сорайып көрініп тұратын. Өліктерден аяқ алып жүре алмайсың. Ұрыс саябырсып, тамақ әкелсе соншалықты қуанатынбыз. Кейде үш-төрт күн ыстық  тамақ болмай, тек қана қара нанды кеміріп, құтыдағы суды ішіп жүретінбіз. Қаланы алу шайқасы алма кезек ұрыстармен көктемге дейін созылды. Әйтеуір, көп шығынмен Сталинград қаласын жаудан тартып алдық. Сөйтіп, фашисттерді  Волга және Дон өзені атырабынан ығыстыра бастадық. Келесі бір күні қызу шайқас кезінде басыма оқ тиіп, мұрттай ұштым. Тегі оқ алыстан келген сияқты. Себебі, касканы және оның ішіндегі құлақшынымды тесіп, құлағымның тура түбіне тірелген екен. Абұйыр болғанда, бастың ішіне кіріп кетпеген. Құлап түскенім есімде, айналып барып, аударыла шалқамнан құлаппын. Есім кіргенде бетім қар, басым мең-зең. Көзім бұлдырап, қарауытып тұрды. Жер айналып тұрғандай. Еңбектеп жүріп, құлақшыным мен каскамды жинап алдым. Желкем, самайым шылқыған қан. Мылтығым мен наганымды қолыма алып, орнымнан көтеріліп, қасымда тұрған үлкен терекке сүйеніп отырдым. Бағыма қарай, полк дәрігері қарды омбылап келіп, «Омиржанов ты ранен?» – деді. «Да» -деуге шамам әзер келді. Қасыма келіп, жарамды мықтап тартып, орап байлады. Сонан соң маған қарап, «Иди по тропинке, там госпиталь» – деді. Далалық госпитальға поездбен жеткізді. Жеткенше бетім күп болып  ісіп кетті. Онда емделіп екі ай жаттым.

Жылжып 1943 жыл келді. Украинаның астанасы Киев үшін қатты шайқас болды. Ұрыс кезінде маған жақын арада авия бомба жарылып, контузия алдым. Аспанға ұшқанымды және жерге қатты түскенімді білемін. Айналам тып-тыныш болып қалғандай. Қасымнан танктер дыбыссыз өтіп жатты.   Сорғалаған бомба алдымда едәуір жерде жүгіріп бара жатқан полк командирінің үстіне түсіп, түгі қалмапты. Мен одан көп артта келе жатқандықтан, ауа толқынының күшімен қатты  контузия алсамда, әйтеуір аман қалдым. Көрер жарығым бар екен. Сөйтіп, госпитальда екі жарым ай жаттым. Есту қабілетім мен сөйлеуім нашар болды. Тәуір болған соң, госпитальдан шығып , қайтадан жасақталып жатқан бөлімнің құрамына алындым. Киев қаласын жаудан қайтарып алған соң, біздің дивизия қатарын толықтырып Харьков қаласына бет алдық. Жолда келе жатып, жау ұшақтарының бомбылауына ұшырадық.  Дұшпанның бір ұшағы бомба  тастаса, екіншісі пулеметпен бізді атқылады. Қатарымыз бұзылып, жан-жаққа тым-тырақай қаштық. Жауыңгерлердің  көбі жақын арада  ағып жатқан өзеннің жарының  астына тығылды. Бірақ, сол жардың түбіне тығылған әскерлерден ешкім тірі қалмады. Бізді айналып ұшқан  ұшақтар тастайтын бомбалары мен  оқтары біткен соң, кері қайтып кетті. Аласапыраннан тірі қалғандарымыз қайтадан жиналдық. Дегенмен, тұтас дивизияның жартысынан көбі опат болған. Біраз солдаттар  ауыр жараланып, қайсыбірінің қол-аяғы ұшып кеткен, кейбірінің қарындары ақтарылып қалған. Қатты қиналғандары «Атып кет» – деп бізге жалынды. Менің взводымнан отыз адам ғана тірі қалған екен. Жараланғандарды жинап алып, ары қарай қозғалдық. Ұзақ жүріп, алдымыздан көрінген бір елді мекенге келіп тірелдік. Осы арада бөліміміз  толғанша кідіріп қалдық. Командир дивизияны «НКВД» – келіп, жіберген қателіктері үшін алып кетті. Кейіннен білгеніміз, дивизия белгіленген жерге дейін түнде жүруі керек екен. Осы ауылда  қатарымыз әбден толыққанша , бір ай күттік. Қалпымызға келген соң, Львов қаласын жаудан азат етуге бет алдық. Бірақ, қоршауға түсіп, орманда тағы бір апта жүрдік. Жейтін тамақтарымыз таусылған еді. Екі-үш күннен кейін, біздің ұшақ үстімізден қатқан нанның (сухарик) бір қабын парашютпен бізге тастады. Оның өзі биік ағаштардың жоғарғы жағына ілініп қалып, оқпен атып әрең түсірдік. Мұның өзі көбімізге жетпеді. Амалсыздан өзенге граната тастап, балық ауладық. Шикілеу піскен, тұзсыз тамақтан беттеріміз ісіп кетті. Орталықтан қоршауды өз беттеріңмен бұзып шығыңдар деген бұйрық алған соң, он- он бес адамнан бөлініп түнде өзенге түсіп, қалың қоғаның ішімен алға жүрдік. Күз айы болғандықтан ауа- райы суық  еді. Киімдерімізді орап, белбеумен түйіп, басымызға көтеріп алдық. Төрт күн дегенде жау қоршауынан  құтылдық. Сөйтіп  әрең дегенде  өз әскерлерімізді  кездестірдік.  Бірақ, олар «Диверсантсыңдар» – деп, бізді қамап тастады.  Өзіміздің ондай емес екендігімізді әрең дәлелдеп, босанып шықтық. Қатарымыздағы солдаттардың біразы суда жүзе алмай, батып кеткен екен. Осындай қиыншылықтарды кездестіре жүріп  Украинаны азат еттік. Кейін Кингсбергті  алу  кезінде  тағы да ауыр жараланып, госпитальға түстім. Оқ ортан жіліншікті бөліп жіберген екен. Еңбектеп ілгері жүрдім. Алдымнан санитарды кездестірдім.  Ол болса машина тауып, далалық госпитальға жіберді. Осы арада  аяғыма ота  жасап, кеудеме дейін гипске салып, тылдағы Баку қаласына жіберді. Тоғыз ай ем қабылдадым. Кейіннен тағы үш ай балдақпен жүріп жаттықтым. Сауығып шыққан соң, елге қайтарды.

Қазір сол бір зұлмат қиян-кескі соғыс жылдары есіме жиі түсіп, сол уақыттарда өзімнің қасымда жүрген көптеген азаматтардың жау оқтарынан қалай қаза тапқандығы , кейбірінің малтай алмай суға батып кеткендігі  және ауыр жараланып госпитальдарда қайтыс болғандығы  ойыма  оралады. Алдағы болашағымызда мұндай сұрапыл соғыстардың болмауын, еліміздің бейбітшілікте өмір сүруін іштей үнемі тілеп жүремін – деді жүзге таяп қалған қарт адам  күбірлей  сөйлеп. Біз соғыс ардагеріне  мықты денсаулық  тілеп,  берген сухбатына  рахметімізді айтып, алғысымызды білдірдік.

Бейсенғазы Ұлықбе

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі