Отыз жыл бұрынғы ойран

Ол күн әлі де жадымызда. Өзгеше болуы мүмкін емес. Донецкідегі жоғарғы әскери саяси училищенің оқу-жаттығумен қамтамасыз ететін батальонындағы телефон-телеграфты рота сапында едік. 1988 жылы желтоқсанның жетісіндегі жаңалықтарды білмекке «көк жәшік» алдына жиналдық. Әркім әртүрлі әңгіме өрбітіп, бөлмені қалжыңға толтырып, жайбарақат отырдық. Кенет жай түскендей              болды. Жоқ, алдымен жаңалық естідік. Ленинаканда жойқын жер сілкінісі болғанын. Оқыс оқиғаның елеулісі ретінде қабылдағанымыз анық. Алайда сәлден кейін бізге ауыр соққан жағдай орын алды. Жанымызда отырған Самвел сылқ ете қалды. Отырған орнында. Сосын жерге құлады. Жалма-жан соған ұмтылдық. Есін жинағандай болды. Бірақ, қайтадан талықсып кетті. Еске түсті. Спитактан еді ғой.

  Алла сақтасын! Самвкелдің жағдайын түсініп тұрмыз. Кезекші офицерге айттық. Бас білмейтін асауды ұстау оның жанында ойыншық. Самвел шапшып көкке шығады, енді жер бауырлап, өкіреді. Басу айтқан боламыз. Оны ели ме. Бізде де бір Спитак басталды. Курсант жерлестері бар еді. Соларды іздедік. Барғанымызды қайтейік, ол жақта да жер көшіп жатыр. Қазір жазғанға оңай болып отыр ғой… Сол заманда. Өзіміз де жындануға шақ қалдық. Курсант армяндар жиналып алған. Бір-бірін құшақтап, өгіздей өкіреді. Бірдеңе сұрау мүмкін емес. Шетіндегі біреуін жеңінен тартамыз. Қолды сілкіп тастайды. Сосын тобымен есікке ұмытлды. Спитакты бетке алғандары, шамасы. Жолдарын кес-кестедік. Жан алқымға келгенде бірімен тілдесудің сәті түсті-ау. Қайғы ортақ десек те тас түскен жерге ауыр екенін ептеп болсын түсінген секілді. Бұл әскери орта. Оның өзіндік тәртібі болатынын ұқты-ау дегенде Самвелдің жағдайын жеткіздік. Енді біреуі қайта айқай салды. Армянша бірдеңелерді айтады. Бізді құшақтап алды. Өкіргенін көрсеңіз… Самвел, Самвел дей береді. Самвелдің сорлап қалғанын түсіндік. Байланыс бөлімінде едік қой. Өз жігіттеріміз арқылы жер сілкінісі жайында біраз мағұлмат алып, үлгердік. Қала жермен-жексен болған, кісі шығын өте көп. Ата-ана, туыс-туғаны түгел Ленинакандағы Самвел Шахбазянның отбасы дін-аман деуге келмейді. Әскери байланыс арнасы арқылы Спитакқа қосылып көрмекпіз. Одан да түк шықпады. Рас, жекелеген лагерлермен сөйлестік. Олар не айтады? «Құрыды, құрыдық», – дегеннен аспайды.

  Екі армянды ертіп, ротаға қайттық. Самвел сұлық жатыр. Қасындағылардан сұрадық. Басын қабырғаға ұрып, жарған. Қан саулаған соң тоқтатуға ұмтылғандарды жанына жолатпай, сілесі қатқанда құлаған. Әйтеуір тыныс алуы дұрыс. Қан ұйып, қатып қалыпты. Екі жерлесі сәл аялдап, сосын курсант казармасына қайтты. Таңертең келетіндерін айтып. Самвелді күзетіп біз қалдық. Көп ұзаған жоқ. Қайта оянды. Есіне түсті ау деймін, жер тепкілеп жылады. Оны көру керек. Қылбұрауға түскен мал да бір, бұл да бір. Іші өртеніп барады енді. Түсінеміз. Бірақ, біздің қолдан не келеді. Сәлден кейін етігін киді. «Кеттім», – дейді. «Қайда?». «Үйге». Кеткені несі, кім мұны жібереді. Ауыздан арыға бара алмайды. Рұқсаты жоқ. Рота командиріне телефон соқтық. «Түсінемін, бірақ түн ішінде не істей аламын?», – дейді. Шынында да ештеңе істеу мүмкін емес –ау. Ғасырдан да ұзақ түн дейтін ба еді. Сол түндердің бірі шығар. Сағаттың тілі жабысып қалғандай. Сәл тыныштанса тыныстап қаламыз. Ол ұзаққа созылмайды. Қайта көтеріледі. Біраз уақыт басып, отыруға тура келді. Сөз әсер етпейді. Армянша бірдеңелерді айтады. Таңғы алтыға таман екі жерлесі келді. Енді үшеуі казарманы азан-қазан қылды. Командирлер де жинала бастады. Жоғарғы жаққа барып, келді. Жіберу жағы қиын соғатын секілді. Өзі баратын жағдайда емес. Жүгіріп жүріп, он күндік демалыс алып бердік. Екі жерлесі ертетін болды. Сөйтіп, шығарып салдық.

 Он күн өтті. Самвел жоқ. Жиырма күннен кейін де оны көрмедік. Енді жоғарыдағылар іздей бастады. Ертіп кеткен екеу баяғыда оралған. Шахбазян жоқ. Олардан естідік. Көптеген туысы қайтыс болған. Әкесі мен ағасы да. Шешесі ауыр халде. Қарындасы да ауруханада. «Біреуді біреу біліп болмайды, жұрттың бәрі қирандының маңында. Не іздеп жүргендерін өздері де аса аңғармайтын секілді», – деді барған курсанттың бірі. Самвел Спитакқа жеткен соң өз бетімен кеткен. Содан кезікпеген. Бұлар он күн мерзімі біткен соң Донецкіге қайтқан. Басқа ақпарат жоқ. Ай өткенде ме… Самвел оралды… Қалай келгені түсініксіз.

  Самвел келді. Мүлде басқа адам. Өлі жанар. Ондай адам көрмегем. Киіп кеткен киімі үстінен түспеген секілді. Тозып кеткен. Сөгіп тұрғанымыз жоқ. Мынау айдадала адасып қалған адам кейпі. Аш десе де болды. Екі жағы суалған. Етжеңді секілді еді. Қырып алар еті қалмаған. Ротаға келгенде біраз тәрбиеден өтіп алған ба деймін. Дір-дір етеді. Амандасқан бетте, өзі сөйледі. «Мені соттай ма?». «Сені? Неге?». «Соттаймыз деді ғой». Жоқ, ол әлгі сөзден шошыған жоқ. Қабылдайтын шамада да емес. Соңғы естіген сөзі болған соң айта салды. Шыпысы бітіп келген беті ғой, елден. Бірнеше күн аш жүрген кісі секілді. «Тамақ ішесің бе», – деп едік, басын изеді. Сосын асханаға апардық. Таза орынды тосырқап қалған ба, қасыққа қарап отыр. Шанышқыны қолға мүлде алмады. Осының бізді де танып отырғаны шамалы-ау. Сәлден кейін барып астан ауыз тиді. Көп жей алмады. Сосын ағыл-тегіл жылады. Басын үстелге қойып алып, асханадағылар аң-таң. Олар кім екенін көрсе де қайдан келгенін аңғармаған болар…

  Түнде ұйықтаған жоқ. Төсегінде отырды. Сыртқа шақырдық. Телевизор тұрған бөлмеге кірмейтінін айтты. Сосын каптерканы аштырдық. Тіс жармады. «Мүмкін, осында ұйықтарсың?». «Жоқ, мен ұйқыдан қорқамын. Көзім ілінсе бітті..». Ол тағы жылады. «Мен –жігітпін!», – деп айқайлады. Өзін жігерлендіргені ме. Рас, киімін ауыстырдық. Бірақ одан өңі оңалған жоқ. Содан біразға дейін өз өзіне келе алмады. Іс-шаруадан босатылған. Ешкіммен жақ ашып, сөйлеспейді. Саудың тамағын енді ішіп жүр.. Қылығы…

  Түн ішінде біреу оятады. Селк ете қалдық. Самвел. «Жүрші», – дейді. Дәлізге шықтық. Каптеркаға бастады. Бардық. Отырмыз. «Ертең қашып, кетуге тырысамын. Саған ескертейін деп едім. Маған кету керек». «Жынды болдың ба, қайда барасың?». «Елге». «Оны білемін, адымыңды аштырмайды. Әскер ойыншық деп па едің, соттайды да жібереді». «Ия, соттасын, оны білемін. Бірақ маған бару керек. Енді бес күннен кейін қарындасымды ауруханадан шығарады. Оны мен күтіп алуым керек. Біздің ошақта екеумізден басқа ешкім қалмады». Енді өкіретін шығар деп едік.. Ернін тістелеп отырып қалды… «Сен түсінеді деп айтып отырмын. Біз жындана жаздадық. Мүмкін жынданып кеткен шығармын.. табиғи апат. Мен оны түсінемін. Ешкім де кінәлі емес. Ешкім де. Бірақ, сен түсін. Қарындасым әлі білмейді. Екеуміз ғана қалғанымызды. Спитакта қазір оған көңіл аударатын ешкім жоқ. Бәрі қайғыда. Құшағына ешкім тартпайды.Мен ғана оны құтқара аламын. Мен бармасам… оны ойлаудың өзі.. Сен түсінген шығарсың. Өткенде адамша жіберді. Мен көп кешігіп келдім. Соттайтын шығар деп едім, аяған болар. Бірақ, мен қашып кетсем де баруым керек». Ойландық. Шынында да Самвелді қазір отпускіге жібермейді. Бәрімізге оңай соқпады. Ол жоқ болып кеткен күндер.. Біздер кепіл болған едік.. Қайтып келетініне.. Ол кешікті. Ең бастысы келді. Оған да шүкір. Ойланып отырмыз. Сосын айттық. «Самвел, бізде әлі екі күн бар екен.  Тағы бір әрекет жасап көрейік. Сен маған уақыт бер. Әзірше осында бол». Қол алыстық. Екі күн ешқайда кетпейтін болды. Таң атқан соң рота командиріне бардық. Самвел туралы айта бастап едік, қарғып тұрды. «Менің мына жерімде тұр. Жоғарғы жаққа айтпаймын да, саған да кеңес берер едім, бос әуре». Ең бастысы алдынан өттік. Әжептәуір бедел бар еді. Училище басшылығының алдында. Соны ойлап отырмыз. Енді алаңсыз соларға баруға болады. Түс қайта училище бастығының орынбасарларының бірінің алдында отырдық. Алдымен ол да шоршып түсті. «Болмайды», – деді. «Болмайды, менің басым екеу емес. Неге сүйеніп жіберемін? Рас, трагедия. Бәрін түсінемін, бірақ қай заңға сүйенемін? Ол қайта бізге рахмет айтсын. Соттап жіберуші едік, жағдайын түсінуге тырыстық». «Өзі де біліп отыр». «Білсе буынсыз жерге неге пышақ ұрады?». «Амалы жоқ қой». «Амалы жоқ дейсің, ә? Мен амалды қайдан аламын?». Алдында бір сағат отырдық. Оның қашып кету ниеті бар екенін айтқан жоқпыз. Қамап тастаса да, көзден таса етпейді ғой. Біз сатқын болып шыға келеміз. Өзіміздің басымыз қатты. Бұлар жібермеді, ол қашады. Сонда қайтеміз? Бізден сұрайды, сұрау бізден.

  Ұмыттық. Шығып бара жатқанда, бір жіптің шеті көрінгендей болды. Әңгіме қайта өрбіді. Бастықтың қабағы ашылды, осы тұста өтінішті тағы бір қайталап, ол өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін ескерттік. Жұмсарған кезі еді, қайта қатуланған жоқ. «Жарайды», – деді. «Жарайды. Бірақ басыңмен жауап бересің». Бас изедік. Рота командиріне келсек, мүмкін емес екенін айтады. «Оны ешкім жібермейді. Мүмкін емес». Мүмкін екен. Келесі күні таңертең бұйрық шықты. Рота командирі шақырады. «Мұның не? Ол келмейді, енді». «Келеді. Жігіт деп есептеймін». Самвел отпускіге кетті. Он күнге. Жолымен жарты айға. Сол жарты а             й жегеніміз желім…

  Тура он екі күн болғанда. Сақ-сақ күліп, Самвелім келді. Желтоқсанның жетісінен бері бірінші рет келуі. «Қазақ, қорықтың ба, ей, шыныңды айтшы, зәрең зәр түбіне кетті ғой, ә? Көңіліңде күдік тұрған шығар, ия? Мен – жігітпін. Сөзде тұратын. Адамгершілікке адамгершілікпен жауап беретін. Келемін дедім, келдім. Енді соттай беріңдер. Қарындасымды шығарып алдым, ауылдағы туыстардың біріне орналастырдым. Спитактың елі есейіп кетіпті. Қарындасым да кәдімгі үлкен кісі. Бәрін түсінеді. Бәрін біледі. Келгеніме қатты қуанды. Әскерден аман-есен оралуымды өтінді. Енді кез келген жұмысқа сала бер. Шамам келгенше атқарамын. Маған оралу керек. Әскери борыш өтелген соң. Елге баруым керек. Қарындасым күтіп отыр»….

Аман  Сейітхан